Соңғы дүниежүзілік сұрапыл соғыста сұмдық зардап шеккен, сөйте тұра, сол соғыстағы жеңісі мен әскери қуатын жарнамалау арқылы әлемге жуан жұдырығын көрсеткен Кеңес одағы әлдеқашан ыдырап кетті! Солай бола тұра, зұлымдық империясынан қалған үрдіс жаңғырып жаңа сипатқа ие болды!
Егемен елдер санатына қосылғанымен, Ресейдің саяси идеологиялық ықпалында қалған Қазақстан әлі де әлгі үрдістен шыға алған жоқ. КСРО кезеңінде ешкімнің ойына келмеген «Мәңгілік полк» шеруін бертін Кремльдің саяси технологтары Жеңіс күні мерекесінде қолданысқа енгізіп еді, 2013 жылдан бастап біз де өткізе бастадық.
Өзге қалаларда қалай екенін білмеймін, Павлодарда жыл сайын ұйымдастырылатын 9 мамыр мерекесінде идеясы соғысты айыптаудан гөрі дәріптеуге ұқсайтын, мағынасы егемен елдікті ұлықтаудан гөрі қызыл империяны қастерлеуге келіңкірейтін іс-шаралар көрініс береді. Әдетте, «Мәңгілік полк» шеруіне негізінен студенттер, оқушылар тартылады. Оларға қызыл түсті картондарға жапсырылған майдангерлердің суреттері таратылып беріледі. Мұғалімдер шәкірттерінің белгіленген орынға жиналуына және орталық алаңнан таяқтардың ұшына бекітілген әлгі портреттерді жоғары көтеріп өтуіне жауапты болмақ. Бұл процесті қалалық білім беру бөлімі басшысының өзі қадағалап тұрғанын байқадық. Әр тұстан кеңестік қызыл жалаулар ұстаған ересектерді де көрдік. Шеруден соң қоқыс жәшіктерінің жанында жатқан портреттерді де көзіміз шалды.
Жасөспірімдер тарапынан жасалған мұндай әрекет Қытай мен Солтүстік Кореяда қылмыстық іс ретінде бағалануы мүмкін. Ал біздің демократиялық елде әншейін бейморольдық қылыққа жатқызылса керек...
Павлодар соғыс жылдарында майдан ортасында қалып, жаудан ерлікпен қорғанған қаһарман қалалардың санатында жоқ, бірақ сонда да әскерилер тобы алаңнан майдан байрақтарын желкілдете көтеріп өтеді.
Жұртшылық арасында қазақстандық көгілдір түсті жеңіс таспаларын кеуде тұсына таққандардың қатары қалыңдаған емес, өйткені сатылымымен кейбір дүкендер ғана айналысады. Керісінше, Қырым, Донбасс, Луганск өңірлерінде сепаратизмнің белгісіне айналған георгий ленталарын омырауына қадағандардың легі көшелерде сіресе көшкен сең сықылды жөңкіледі. Себебі, бұл белгілер әрбір бұрышта арзан бағаға сатылады, мереке күні тіпті тегін үлестіріледі!
Славян мәдени орталығының төрайымы Татьяна Кузина және Ассамблеяның кейбір мүшелері кеуделеріне қазақстандық жеңіс таспасы мен григорий ленталарын қатар тағатыны жыл сайын байқалады. Биыл да екі белгіні бірдей пайдаланатынына күман келтірмейміз.
Немістің фольксваген көлігін танкіге ұқсатып жабдықтап, сауырын георгий лентасының суреті мен «На Берлин», «Русские непобедимы» деген сөздермен безендірген жерлестерді де көргенбіз. Империяшыл «танкистерді» театрланған көрініске қосып жіберген ішкі саясаттағы шенеуніктер Олжас Сүлейменовтың: «Бұл соғыс фашизм мен интернационализмнің соғысы еді» деген аталы сөзін оқымаса керек. Оқыса да шовинизм я нигилизм дертіне шалдыққан ой-санасы ұлты орыс емес майдангерлерді санатқа қосқысы келмеген шығар.
Айтпақшы, мереке күні қарсаңында қаланың әр тұсынан автокөліктердің артқы әйнектеріне георгий лентасының суреттері мен «Спасибо деду, за Победу!» деген жазуды әдемілеп түсіріп беретін қызмет көрсетіледі. Кейбір балабақшада бір сағаттық мерекелік шараға бола ата-аналарды балаларына әскери форма тіккізуге міндеттепті.
Бұның бәрі соғысты дәріптеудің сұмдық көріністері екенін ұйымдастырушылар енді мойындауға тиісті. Соғысты дәріптеу жас ұрпақтың санасында соғысқұмарлық сезімін тудырып, зорлық-зомбылық әрекеттерге итермелейді. Онсыз да замандастарымыздың арасында бойындағы кеңестік кезеңнен қалған империялық менмендік сезімін тежей алмай, кеуделерін жұдырықтап тұрып: «Оқтан да, оттан да қаймықпай, кіммен болса да атысып, шабысуға дайынмын!» дейтіндер бар. Ал жүз миллионнан астам адамды құрбандыққа шалған, соншама мүгедектер, жесірлер, жетімдердің тағдырларын талқыға түсірген соғыс тақсыретін жан-тәнімен жете түсінетін бейбітсүйгіш азаматтар соғысқа қарғыс айтып, соғысқұмарларды айыптаушы еді ғой...
Енді қайтсек, өткен шақтардағы қателіктерден арыла аламыз? Менің пайымдауымша, жеңіс күні мерекесін жаңа көзқараспен зерделеуіміз керек. Мерекені өткізудің тың тұжырымын жасағанымыз жөн. Әрбір іс-шарадан соғыс қасіреті сезіліп тұруға тиісті. Мәдениет сарайларында, телеарналарда опат болған сарбаздар, аяқ-қолсыз домаланып қалған мүгедектер, концлагерлердегі тұтқындар, аштықтан өлген бейбіт тұрғындар туралы кинофильмдер, спектакльдер көрсетіліп, музейлерде мұрағаттық материалдар көрмелері ұйымдастырылса құба-құп.
Алаңдарда жұртшылықтың емін еркін қозғалуына кедергі келтіретін парадтар мен көріністер қойылымдарының уақыты мейлінше қысқа болғаны дұрыс. Бұл орайда, Ресей тарихшысы Вечяслав Красиковтың «Победы, которых не было» кітабындағы «С одной стороны, памятному событию исполняется 75 лет. И не отметить его нельзя. Но устраивать праздник с парадом? Ведь это же все равно, что плясать на костях» деген сөздеріндегі ащы ақиқатты жадымызға тоқығанымыз абзал.
Соғыс қаруларын жарнамалайтын көріністер қоюға тыйым салынсын. Керісінше, бейбіт өмірдің қадыр-қасиетін танытатын іс-шаралар өткізілсін.
Мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар мүшелері, студенттер мен оқушылар қазақстандық жеңіс таспаларымен қажетті мөлшерде қамтамасыз етілсін.
Мемлекеттік органдар «Мәңгілік полк» шеруін ұйымдастырудан бас тартуы керек! Морольдық тұрғыдан қарастырғанда, өлген адамдардың портреттерін табыну құралына айналдыру дұрыс емес. Ислам діні тұрғысынан байыптағанда да, мұсылманшылыққа жатпайды.
Қоғамдық ұйымдар өкілдері әдеттегідей Мәңгілік алау, Жеңіс обелискісі, батырлар ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алу арқылы рухтарына құрмет көрсетсін. Мешіттерде, шіркеулерде, ғибадатханаларда боздақтардың рухтарына бағышталып діни жоралғылар орындалсын.
Егер кеңес-ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық ұйымы немесе жекелеген азаматтар майдангерлердің портреттерін көтеріп, рухтарына құрмет көрсету шарасын өткізуге ниет етіп өтініш берсе, арнайы орындар белгіленіп рұқсат етілуі керек.
2019 жылы Ақтөбе, Түркістан қалаларының мемлекеттік органдары орталық алаңда «Мәңгілік полк» шеруін ұйымдастырмай-ақ соғыс баһадүрлерінің ерліктерін, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерін ұлықтай білді!
Мектепке дейінгі мекемелердегі бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына әскери форма кию міндеттелмесін, студенттер мен оқушылар орталық алаңдар мен көпшілік орындардағы мерекелік шараларға тартылмасын. Олар өздерінің білім беру мекемелерінде өнер көрсетуі керек.
Ең бастысы, соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, майдангерлердің жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек, қаржылай қолдау көрсетіліп, тұрмыстары мен денсаулықтарының жақсаруына оң ықпал ететін өзге де игілікті іс-шаралар жүзеге асырылсын.
...Осылайша, Керекуде жүріп егемен елдіктің күйін күйттеген біз секілді қоғам қайраткерлері көргені мен көңілге түйгенін көпшілікке айтып, ұсынысын да білдірер-ау. Әйтсе де шекараның арғы жағындағы Қызыл империяны көксеуші мотошерушілер мен «Ночные волки», «Черные ножи» сияқты байкерлер клубтарының ай қарап жатпайтыны анық. ТМД елдерінің егемендігіне түкіргісі келетін олар сол мемлекеттердің аумағында Ресей Федерациясы мен Кеңес одағы туларын желбіретіп шеру өткізуді жоспарлаған шығар. Бәлкім, біздің әкімдіктерге де өтініш түсірген болар...
Енді ақ жағалы ұлықтарымыз жеңістің 75 жылдығына орай аталы сөз айтып, мерекелік іс-шаралар бағдарламаларына біздің ұсыныстарымызды енгізсе игі еді.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.