Мысқал, батпан және дирхем…

3780
Adyrna.kz Telegram

ҚАЗАҚ, ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ ӨЛШЕМДІК АТАУЛАР

 

Халық тіршілігінде өлшем бірліктерінің алатын маңызы ерекше. Қарап тұрсақ, өлшем бірліктері шаруашылық істерінде, кәсіпте, сауда-саттық түрлерінде кеңінен қолданыс тапқан. Бұл ретте, қазақ пен түрік халықтарының өлшем бірліктеріндегі өзара ұқсастықтардың, ортақ нұсқалардың бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, арпа, шымшым, мысқал, қадақ, батпан, т.б. өлшем түрлерін бауырлас халықтардың сөздік қорларынан көптеп кездестіруге болады. Енді осы тақырыпты кеңінен тарқатсақ, түркі халықтарының көбінде ең кіші салмақ өлшеміне арпаның дәні алынған.

 

Түркі жазба Мысқал, батпан  және дирхем...әдебиеттерінде және соңғы жылдардағы зерттеу­лер бойынша, «арпа» дәні алтын мен асыл тастардың салмағын бағалауға арналған қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Зергерлік өлшем бірлігі ретінде орташа үлкендікте қабықсыз, екі ұшы кесілген, салмағы 0,045 гр. болатын бір арпа дәні қолданылған болса, түрік халқында арпа дәні бұрыннан 2,16 мм. ұзындық өлшемі болып есептелген.

 

Мысқал, батпан  және дирхем...Өлшем бірліктерін зерттеген түрік ғалымы Тайлан Татлының еңбегіне назар аударсақ, онда былай делінеді: «Бүкіл ислам өлшем жүйесінің негізін гректердің драхмасына тірелетін дирхем, Рим мен Византия өлшемі солидустың негізінде мысқал құралған. Шариғатқа сай мысқалдың дирхемге арақатынасы 7/10 болса, ал қолданыста 2/3-тен аспады. Яғни мысқал 100 арпа салмағына теңестіріліп, 4,5 гр. тең болды, ал салмақтың дирхем Осман стандарты бойынша 2,97 гр. құрады».

Алтын Орда заманында Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар арасында мысқалдың бірнеше нұсқалары кездеседі. Мәселен, Хорезмде – 4,55 гр., XIV ғасыр қыпшақтарында – 4,41 гр., Самарқанда – 4,46 гр. алынған. Ерте кездің өзінде-ақ мысқалдың дәл мәнін өзгеріссіз ұстау үшін оның баламасы болып табылатын шыны сауыттар жасалған. Бертініректе б.з.б. 780 жылға жататын осындай шыны сауыттар табылды. Қазіргі зерттеулердің нәтижесі олар миллиграмның үштен біріне дейінгі дәлдікпен жасалғанын көрсетіп отыр. Сол сауыттардың салмағы бойынша бағаласақ, мысқал 43 граммға тең болады.

Мысқал – негізінен, бағалы заттар (алтын, күміс, т.б.) мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған. Ал мысқалды салмағы үлкен өлшем бірлігі – қантармен ­(56,443 г) салыстырып, оның кішкентай, жеңіл немесе аздығы туралы қашқынның өмірі тұтқынның тіршілігінен гөрі бір мысқал тәуір ғой (Қ.Жұмаділов, Тағдыр) сияқты сөйлемдер әдебиеттерде және батпандап кіріп, мысқалдап шығу сияқты мақалдар екі халықтың тілінде көптеп кездеседі. Мысалы, бұл мақал түрік халқының тілінде hastalık batmanla girer, miskalle çıkar деп қолданылса, қазақтарда дерт батпандап кіріп, мысқалдап шығады дейді немесе hastalık kantarla girer, miskalle çıkar/дерт қантарлап кіріп, мысқалдап шығады деп те айтады. Бұлардан басқа тағы, аlışveriş miskalle, dostluk batmanla/сауда-саттық мысқалмен, достық батпанмен; dostluk kantarla, alışveriş miskalle/достық қантармен, сауда-саттық мысқалмен деген мақал-мәтелдер екі халықтың тілінде астарлы оймен айтылады.

Көлемі жағынан ең төмен салмақты білдіретін өлшем түріне шымшымды жатқызуға болады. Бұл өлшем түрік тілінде fiske немесе çitmik деп қолданылады. Шымшым /fiske/ çitmik басбармақ пен сұқ саусақтың алатын мөлшердегі көлем өлшемі болып саналады. Екі тілдегі бұл өлшем бірлігі мағынасы жағынан бірдей болып келеді және бүгінгі күннің өзінде халық арасында, әсіресе ас үйлерде кеңінен қолданыс тапқан. Мысалы, бір шымшым тұз/ bir fiske tuz.

Уыс /avuç – жартылай жұмылғанда қолдың (алақанның) ала алатын мөлшері = 4 саусақ = 0,07 м, басқаша айтқанда, қолдың саусақтарын жымдастыра бүккендегі алақан аясының іші. Түріктерде де бұл өлшем бірлігі қолданылады, олар мұны avuç деп атайды. «Avuç» қазақша баламасы «уыс» деп аударылады. Бұл өлшем түрі бидай, күріш, т.б. дәнді дақыл­дарға қолданылады.

Екі алақанның қоса өлшенген салмақ­тың бірлігі – қос уыс деп айтылады. Қос уыс – уыстың екі есе артық салмағына тең өлшем бірлігі. Түрік тілінде қос уыс – çatal avuç деп аталады.

Өлшем бірліктерінің арасында ерекше назар аударарлығы бұл қадақ деп аталатын өлшем бірлігі.

Мысқал, батпан  және дирхем...Қадақ – ертедегі шығыс елдерінің көбінде, оның ішінде қазақ және түрік халықтарында да қолданылған салмақ бірлігі болып табылады. Бұл Еуропада көп тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді (Жанұзақов Т. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 774 б.).

Түрік зерттеушісі С.Орхан қадақ сөзіне былай деп түсініктеме береді: «Қадақ 409,5 грамм Самарқанд мысқалының 100 есе көп мөлшердегі салмақ өлшем бірлігі, бұл өлшем Қыпшақ даласы мен болгарларда кеңінен қолданылған. Жеке тайпалардың арасында ақшаның орнына қолданылған және жібек мата бөліктерін осы өлшемге сүйене отырып, қадақ атауын берген».

Түрік халқында сондай-ақ аrşın malı kadak ile satılmaz «қадақ тұратын нәрсе аршынмен сатылмас» мақалында терең ауыспалы мән бар. Бұл сөздің мәнісі граммен сатылатын нәрсені метрлеп сату мүмкін емес дегенді білдіреді.

Ерте замандардағы сауда-саттық, ке­руен жолдарында немесе әлдебір заттарды тасу орайында түркі халықта­рында жүк атауы пайда болып, қолда­нылғаны белгілі. Бұл сөз қазіргі кезде сөздік қорымызда сақталған.

Қазақтың жүк сөзі түрік тілінде yük деп айтылады. Сонымен қатар жүк түрік әдебиеттерінде himl (арабшадағы жүк сөзінің синонимі) түрінде де кездеседі. Himl сөзі арабша – жүк деген мағынаны білдіреді.

Шығыс елдерімен қатар, түркі халық­та­рының да ежелден қолданылған салмақ өлшемдерінің тағы бір түрі – батпан деп аталады.

Батпан сөзі қазақ және түрік халық­тарының тілдеріне сауда-саттық байла­ныстарының негізінде парсы тілінен енген сөз.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде және көне түркі өлшемінен қарағанда батпан 180-300 кг аралығындағы салмақ өлшемін білдіреді.

Сонымен қатар бұл атау батман – батпан, менн, манн нұсқаларында кездеседі. Мысалға, Ибн Бибидің бір еңбегінде Анадолы Селжүк мемлекетінде салмақ бірлігі болып кішкентай менн 833 гр салмақ өлшемі ретінде қолданылғаны айтылған.

Бұл атаудың төркініне барлау жасаған ғалымдардың көпшілігі батпан сөзінің ең алғашқы кездескені XI ғасырдағы жазба ескерткіштерінде екенін атап өтеді. Бірақ онда нақты қанша салмақ өлшемін білдіретіні санмен көрсетілмеген деп тұжырым жасайды.

XIV ғасырда қыпшақтарда салмақ өлшемі болып табылатын батпанның дәл салмағы көрсетілген мәліметтер кез­деседі, оның ішінде Алтын Орда астанасы болған Еділ өзенінің жағасында орналасқан Сарай қаласында 1 батпан 1,912 кг, ал Отырарда 1,88 кг болған деген мәлімет бар (Hintz W. İslamda ölçü sistemleri: türkçeye çeviren A. Sevim. – İstanbul: Edebyat Fakültesi Basımevi, 1990. – 82 s.).

«Büyük Lüğat ve Ansiklopedi» («Үлкен Лұғат және энциклопедия») сөздігінде батман салмағы 5,888 кг. деп анықталса, соңғы жылдардағы түрік ғалымдарының бірі Зеки Каймаз өз зерттеуінде батман мөлшері тартылатын заттың түріне қарай 8 кг шамасындағы салмақ өлшемі, 6 оккалық өлшемі (қантардың 1/30) және 9 оккаға (шамамен 11,5 кг) дейін өзгеріп тұратын ежелгі салмақ өлшемі деп көрсетеді.

Жалпы, батпанның нақты өлшеміне байланысты жасалатын болжамдар әртүрлі. Оның себебін түрік зерттеушісі Севал Орханның мына бір тұжырымынан да байқауға болады. Ол өз еңбегінде батпанның салмағын жеріне қарай 2 оккадан 6 оккаға дейін салмақ өлшеміне берілген атау дейді де, төмендегі мысалды беріп өтеді: «Батпан XV-XVII ғасырларда жазылған деректерде 266 дирхемге тең болса, Жаңа Түркияда сауда қатынасында қолданылған батпанның салмағы 6 оккаға тең болған. Ал Қырымда батпан салмағы 425 кг-ға тең келсе, Иранда 2,9 кг болған» деп жазады.

Ежелгі әдебиеттерде ет, мақта, ас­тық дақылдары және одан алынған өнім­дер батпанмен өлшенгенін көптеген еңбек­терден кездестіруімізге болады. Мы­салы, Ә.Дербісалиевтің кітабынан батпан өл­шеміне қатысты мынадай сөздерді кездес­тіреміз: «…әр аптаның дүйсенбі және жұма күндері екі батман бидай мен бір батман ет және соған лайық мөлшердегі тұз және оған қажетті отын жұмсалып, рухын ұлы Алла жарық еткір әулиелердің айбынды сұлтаны – Әзірет Сұлтан ғимаратындағы қасиетті қалам… Бұдан басқа күн сайын күн көрісі қиын жоғарыда айтылған кембағалдар мен пақырларға арнап нан пісіру үшін ұнға айналдырған жүз батмандай бидай шығын етілсін» (Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. – Алматы: Рауан, 1995. – 238 б.).

Ал бүгінгі түрік халықтарының кей­біреу­лерінде, батман дәнді дақылдар мен сұйық заттар үшін қолданылатынын бай­қау қиын емес. Салмақ өлшем бірлігі б олып саналатын батпан, алаң өлшемі ретінде егілген дәннің және алынған өнімнің алаң­ға байланыстылығы туралы, яғни бір батпан дәннің егілетін немесе бір батпан өнім беретін жердің көлемін анықтауға да пайдаланылып, орта есеппен 200 текше метр алынады. Қазақ тілінде кездесетін «бір батпан тұқым шашып, 15-20 батпан бидай алды» сөй­лем осыған дәлел болғандай.

Салмақ өлшемін білдіретін батпан атауының Шығыс елдердегі сауда-сат­тық қарым-қатынас пен салық төлеу жүйесінде кейінгі кезеңдерде кең көлемде қолданылған өлшем болғанын көптеген деректерде аталып өтілген. Қазақ халқы­ның этностық таным-түсінігінде салмақ өлшемін білдіретін батпан атауы сандық жүйемен алғанда нақты қанша килограмм көрсететінін дәл басып айтпаса да, оның басқа салмақ өлшемдерімен са­лыс­­тырғанда аса ауыр зат мөлшері ма­ғынасында кеңінен қолданылатын мәдени мазмұнды тілдік бірлік екенін осы атаумен байланысты қалыптасқан мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерден, фразеологиялық символдардың мазмұ­нынан байқауымызға болады. Мысалы: бұл не деген батпан құйрық, су түбінде жатқан құйрық; пұт болдым деп мақ­танба, одан да ауыр батпан бар; бала атадан батпан артық туады; alışveriş miskalle, dostluk batmanla/сауда-саттық мысқалмен, достық батпанмен деген батпанға байланысты мақал-мәтелдерден бұл атаудың аса ауыр салмақ өлшемі болуымен қатар, этностың өзіне тән ментальдық табиғатынан да хабардар етеді.

Түрік халқы салмақ өлшемі ретінде батманмен бірге, дирхемді де қолданғаны белгілі. Дирхем түріктерде ежелден қол­данылған салмақ өлшемдерінің бірі болып саналады. Дирхемнің негізгі салмағы 3,148 грамм болған. Бірақ түрлі аймақтарға қарай дирхемнің салмағы өзгеріп отырған. Мысалға, Стамбулда бір дирхем 3,207 грамм болып, окканың 1/400 саналған (Kürkman G. Anadolu ağırlık ve ölçüleri. – İstanbul, 2003. – 417 s.).

Осы мысалдағы окка атауы кейінгі жылдары дирхемнің орнына салмақ өлшемі ретінде қолданылған. Сондықтан да түрік тіліндегі әдеби жазбаларда көбінесе дирхем мен окканы бірдей пайдаланады.

Окканың салмағы ауылдар мен қала­ларға қарай өзгеріп отырған, бірақ негізгісі болып бір окка 400 дирхемге тең болған. Окка/okka халық арасында кыийе/kıyye деп те қолданылған. Сонымен қатар окка метафоралық ауыспалы мағына да беретін болған. Түркияның Ушак қаласында жетіліп, ақыл-ойы толысқан, кемел адамдарға дәл окка, төрт жүз дирхем адам/ Tam okka 400 dirhem adam деп айтылатын болған. Ал қазақ даласында дирхем салмақ ретінде емес, тек ақша бірлігі ретінде қолданылғанын тарихи деректерден көруімізге болады.

Дирхем мен оккалардың суреттері төменде 1-інші және 2-інші суреттерде көр­сетілген (төменде көрсетілген бүкіл сурет­тер Гаро Күркманның «Osmanlılarda Ölçü ve Tartılar» атты коллекциясынан алынған).

Көлем өлшемдеріне екі халықтың күн­делікті қарапайым тұрмыс-тіршіліктің іс-тәжірибесі негізінде этнос жадында қатталып, тілдік қолданыс аясына енген бір табақ ет/bir tabak et, бір қарын май/bir çuval tere yağı, бір кесе қымыран/bir kase ayran, бір топ жан/bir sürü insan, бір қауым ел, қалың ел/çok insanlı memleket, бір отар қой/bir sürü koyun, бір уыс топырақ/bir avuç toprak секілді көптеген мысалдарды жатқызуымызға болады. Бұл мысалдар екі халықтың шаруашылығынан, атқарған кәсіп түрлерінен хабардар етеді.

Қазақ және түрік халықтарының ұзын­дыққа, қашықтыққа, салмаққа, көлемге, т.б.қатысты өзге де өлшем бірліктері, атау­лар көптеп кездеседі. Оларды зерттеп, зер­делеу ісі кенжелеп қалмауы тиіс. Себебі өлшем сөздердің арасында қолданыстан шығып немесе ұмытылған, күні бүгінге дейін сақталып келе жатқандары бар. Бұл өлшемдік атауларды, ұғым-түсініктерді тану арқылы біз тарихи салт-санамызды тани түсуге мүмкіндік аламыз.


 
Гүлдана САРБАСОВА, 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

 

Пікірлер