Ассамблеяға жүктелер міндет ауыр

4664
Adyrna.kz Telegram

Ел ішінде   Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты түрлі пікір айтылады.  Осыдан бірнеше жыл бұрын  Тұрсын Жұртбай «Ассамблея тарқатылмай, Қазақ елі толық тәуелсіз ел бола алмайды» деген болатын. Осы сарындағы пікірлер Қордайдағы жағдайдан соң «Ассамблеяны неге асқақтата береміз» деп батылырақ айтыла бастады. Олар  «Ассамблея әлі де өз міндетін дұрыс атқара алмай отыр. Шын мәнінде, Ассамблеяның ең басты жұмысы – халықтардың арасында болып, олардың достығы қандай» деген сұрақтарға жауап іздеу болатын.

«Қазақстандағы ұлттар арасында шешілмей жатқан мәселелерді қалай шешуге болады»деген сұрақтарға жауап іздеуі керек еді. Шындығында, ел ішінде елшілік қызмет атқарып, қазақ даласына бір кездері арып-ашып жетіп, адам қатарына қосылып, аман қалғандардың ұрпағына: «Шаңыраққа қарай жүріңдер, шырақтар», - деп отыратын осы ұйым» дейді.

Саясаттанушы Дос Көшім «Қазақстан халқы Ассамблеясы керек» деген пікірде.  «Ассамблеяны саяси жоба ретінде қолдаймын. Мемлекет түрлі диаспора өкілдерін бір идеяға бағыттап отыруы үшін Ассамблея керек. Бұл Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың қазақ ұлтымен интеграциялануы үшін керек» дейді Дос Көшім.

Дос Көшімнің пайымдауынша,   Ассамблеяны осы мақсатпен құрған билік оны кейін ұмытып,  естен шығарып алған сияқты.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Тіл комитетімен  жобаны бастадық. Аймақ –аймаққа шығып,  өзгеріп жатқан жер атаулары, қазақтың тілі мен тарихы туралы жұмыс жүргіздік. Кейін әбден орыстанып кеткен қазақ азаматтарының өздері «Осы күнге дейін қайда жүрдіңіздер? Мұндай жобалар ел арасына керек»      деген пікірлерін айтты. Ризашылықтарын білдірді» дейді Дос Көшім.

Дос Көшім Ассамбеляның міндеті тар шеңбермен шектеліп қалуына билік де жауапты екенін айтады.

Дос Көшімнің түсіндіруі бойынша, 2020 жылы бізді талай сынақ күтіп  тұр. Биыл халық санағы өтеді деген сөз бар.  Алдағы халық санағында еліміздің азаматтығын алған алғашқы «қытай диаспорасы» да тіркеледі. Қытайларды диаспора ретінде мойындап, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне тіркейтін болсақ, оларға біз өз қолымызбен еліміздің қытайлануына жол ашып беретін боламыз. «Сондықтан, мемлекеттік билік  алдағы уақытта қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын өзге ұлттар деген ұғымды Ассамблея өкілдерінің аузымен айтқызуы керек. Бұл мәселені кешіктіруге болмайды.  Себебі Қазақстан азаматтығын алған қытай ұлтының өкілдері ертең саны басым ұлт ретінде Парламенттен орын сұрайды. Бұл деген сөз «ашықтан ашық қорғалады» деген сөз. Сондықтан, мемлекет осындай түйіні  күрмеулі тұрған проблемаларды шешуге Ассамблеяны қолдану керек» дейді Дос Көшім.

Ел ішінде Ассамблея деген бізде ғана бар дегендер қателеседі. Германияда немесе Чехияда аз ұлттардың мәселесімен айналысатын министрліктер бар. Олар бұл мәселені біздің Ассамблея тәрізді қоғамдық ұйым емес, мемлекеттік ұйым ретінде шешеді.

«Мүмкін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз де бұл ұйымды министрлік деңгейінде құрған кезде олардың миссиясы қазіргідей өзге ұлттардың салт –дәстүрін ғана несихаттаумен шектеліп қалмайтын еді. Себебі өркенниетті елдерде аз ұлттар мәселесімен айналысатын ұйымдар өзге ұлттардың мемлекет атауын алып отырған ұлтпен интеграциялануы, басқаша айтқанда бір ұлт – бір мемлектеке айналуы үшін жұмыс  істейді. Бізге де Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын соған бағыттау керек. Бұл Қазақстанның Жапония немесе Германиядағыдай моно ұлтты мемлекетке айналуы жолында көпір болуы керек. Сондай күнге жеткен кезде біз оның жұмысын керек етпейтін боламыз»  дейді Дос Көшім.

Қоғам және мемлекет қайраткері Дәулет Сембаев та осы пікірді қолдайды. «Әуел баста Нұрсұлтан Әбішұлының Ассамблея  туралы идеясын қоладамағанмын. Бірақ оның қажеттігіне кейін көзім жетті. Көп ұлттылық біздің тағдырымыз. Ел іші болған соң ұлттар арасында тұрмыстық деңгейдегі жанжал болып тұрады. Сол кезде жекелеген ұлттардың қателігі қазақтың емес, сол ұлт өкілінің сөзімен мойындалуы  керек. Сол ұлттың  өкілі қандастарын сабырға шақыруы керек. Бұл жағынан алғанда Ассамблея өз міндетін орындап жүр. Бірақ бұл ұйымға жүктелер міндет ауыр. Оның бәрі мемлекеттік саясаттың желісімен реттелуі керек. Егер, Ассамблея өзге ұлтттардың  қазақ ұлтымен интеграциялануы үшін жұмыс істесе, әу бастағы миссиядан ауытқымайды. Сол себепті қазақ үкіметі Қазақстан халқы Ассамбеясы жұмысын осы бағытқа қарай үйлестіруі керек.» дейді.

Рауан Ілиясов,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер