Астана қаласындағы «Абайтану» орталығы (директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы) ұйытқы болып, «Алтын қыран» Халықаралық қайырымдылық қорының (президенті Исламбек Салжанов) демеушілігімен отыз шақты адам «Ұлылар мекеніне саяхат» бағдарламасы аясында Абай еліне сапар жасадық. Көзің түскен әр ғимарат, табаның тиген әр қыр, көңілің жеткен әр адыр, тарихқа айналған мекеннің әсері де бөлек болды. Ұйымдастырушы мен демеушілерге зор алғыс айтып, көрген, көңілге түйген дүниелерді хатқа түсірмек ниетіміз еді.
Семей жатаған қала екен. Ертістің бір жағы ескі, бір жағы жаңа Семей болып бөлінетінінен бәрі хабардар. Жүсіпбекше айтқанда «Ертістің оң қабағында Семей, солында Алаш қаласы». Үш жүз мыңдай тұрғыны бар қаланың тіршілігі баяу жүріп жатқандай. Алматыдағыдай асыққан, сапырылысқан халық жоқ. Жайбарақат тірлік. Қаланың өзін де бір көңілсіздік жайлаған сияқты әсер қалдырады. Жүріп жатқан бірде-бір құрылыс жоқ. Көше жиегіндегі цементтер мүжілген. Көгалдары қырқылмаған. Қараусыз қалған қала сияқты. Халықтың әлеуметтік жағдайы да төмен. Бұны көбі облыс орталығы Өскемен қаласына көшкендіктен дейді. Абай, Мұхтар мекен еткен, Алаш зиялыларының ордасы болғандығы үшін де көңіл бөлінуі тиіс қала ғой…
Алғашында Ертістің «Жаңа Семей» аталатын жағына тоқтағанмын. Ертесі күн бұлттанып, қорғасындай қайнаған бұлттар жөңкіп, Ескі Семейге жаңбыр қатты жауып өтті. Бергі жағалауға жауынның шеті ғана тиді. Абай музейін өз бетіммен араламақ болып барып, қарапайым қызметкерімен жөн сұрасып қалдым. Жаңбырдың өзеннің бір жағына жауып, бір жағына жаумай кеткенін айтып ем: «Бұлт шала, жер ала» деген сол да» деді. Бұндай құбылыс біздің ауылда да болып тұрады. Бірақ дәл мұндай мәтелді бұрын естімеген екенмін. Қазақы сөздің дәлдігі. Және соны қарапайым ғана, күндегі әдетінше айта салған жігіт ағасына да таңғалдым. Мақалдап сөйлеген және сонысы өз болмысы екені аңғарылып тұратын қазақты қаладан көрмегелі қашан…
Семей тарихи қала ретінде жақсы әсер еткенімен, бүгінгі хәлі керісінше көңіліңді түсіреді. Әлде Семей туралы ой межесін тым биіктен алып қойдық па екен?! Кез келген дәмханасына кіріп, тамақтануға дәтің шыдамайды. …Күмәнің де басым болады. Таза, қазақы асханаларды жаңа Семейден іздеп табу қиын. Тамақтану үшін Ертістің арғы бетіне өтесің.
Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» деген естелігінде мынандай жолдар бар еді: «…Қалада жатқанда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеуші еді. Бір жолы қалада сойған жылқысының терісін сатқызса, сатып алған алып-сатар Матайбай Мәмбет баласы мақтанамын деп айтыпты: «Сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пайда қылдым» деп, сонда менің әкем айтып еді деп, өзі айтып келуші еді: «Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» деп». Тегінде Абай еліне келген адамның бәрі өзінен-өзі турашыл, тәртіпті болуға ынтық келетін сияқты. Әйтпесе Алматыда кез келген дәмханаға бас сұғып жүрген біз, Семейде не үшін секемшіл бола қалдық екен? Бәрі Абай топырағына келдім ғой деген ішкі түйсіктің хабары ма деп ойлаймын.
«Ақбілек» романында Жүсіпбек Аймауытов: «…Семей бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей бір губерния елдің тірегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді…» деп жазбаушы ма еді?! Қазір күллі Алаш даласы бүлкілдесе де, Семей бүлкілдемейтін сияқты. Семейдің бар кінәсі облыс орталығы болмағандығы болса, бар қасиеті, қадірі Абай, Мұхтар топырағы болғандығы. Алаш зиялыларының табаны тиіп, мәжіліс құрған қаласы. Жер аударылғандарға пана болған аяулы мекен. Қашқарға кетіп бара жатқанында Шоқан тоқтаған үй Достоевскийдің жалдап тұрған пәтері. Сол пәтерге өз заманында Анияр Молдабаев деген бай кісі иелік етіпті. Семейге келген сайын Абай сол үйге түседі екен. Өзгелерін айтпағанда бір ғана Абай үшін құрметке бөленіп тұрған қаланың сәні де, салтанаты да асып тұрса деп ойлайсың…
Негізгі бағытымыз – Жидебай. Жол-жөнекей тарихи орындардың бәріне тоқтамақшымыз. Бұл өңірде тарихи мәні жоқ бел бар ма екен, тәйірі?! Көзіңе шалынған әр қыр қасиетті, аяулы. Әсіресе, Жидебайға барар жолдағы бұлақтар, жайлау мен қыстаулар. Себебі, сол маңмен Абай жүрген.
Семейден Жидебайға қарай шығар жолда Шаған бекеті бар. Жолсерігіміздің айтуынша, қалаға келушілер ертеде бірінші сол бекетке тоқтаған. Әміре Қашаубаев бала кезінде сол маңда қой бағады екен. «Бала Әміре ән айтқанда даусы қалаға естілетін» деген сөз осы маңға келгенде айтылды.
Арқалық тауы Сарыарқаның шығыстағы ең соңғы нүктесі екен. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі оқиға осы таудың бауырында болған. Шығармасында Әуезов бұл тауды былай сипаттайтын: «С. Қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында көлденең созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанмен, енсіз кереге сықылды, жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, кыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ, азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз».
Мұхаң осылай суреттейді. Қазір етегінде бір-екі малшының қонысы бар екен. Жидебайға бара жатқанда жолдың оң жағында, бізбен сапарлас болған Асан Омаровтың айтуынша, Ғазиза мен кәрі әжесі мекен еткен қыстаудың орны бар. Оны көрдік. Сонда «Қорғансыздың күніндегі Ғазиза» деп қара тас қойылған екен.
Бір жағы Ғазизаның басы деп қастерлейсің. Бір жағы Ақандай адамның қылмысы болған жер деп жиіркенесің. Бәрібір Ғазиза жатқаны үшін де ол жер құрметтеуге лайық деп іштей түйесің. Жерге лағынет айтар ма?!
Шығыстағы ағайының тоқтамай өтпейтін бір жері Күшікбай батыр кезеңі. Жиырма бір жасында шешек ауруынан бақилық болған батырдың басында «Уақ батыры Күшікбай» деген қара тас қойылған.
Күшікбай бұлағының суы мөлдір, тастай. Ішсең шөліңді қандыратын бұлақ суын жұрт қасиетті деп есептейді. Көбі ыдыстарына құйып алып кетіп жатады. Бұл кезең де «Қорғансыздың күнінде» жақсы суреттеледі.
«…Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйілген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбайдікі. Кезең де сол себепті, Күшікбай атымен аталады» (М.Әуезов). Батырдың әруағына дұға жасадық.
Семей даласында көбіне қараған, изен, тобылғы өседі екен. Жусан бар болғанымен, жайқалып, оңтүстіктегідей қалың болып өспейді. Сирек, жұтаң. Көзбен қарағанда онша сұлу емес.
Абайдің кіндік қаны тамған Сыртқасқабұлақтың өзіне жете алмадық. Жолдан көз салғанда қарайып тұрған белгіні «сол жер» деп нұсқаған жолсеріктің сөзіне сеніп, телміріп ұзақ қарадық. Бүгінде қайсымыз болса да, әділет іздеп жүгінетініміз хәкім болғаннан кейін бе, әлде шынымен артық туған басының қадірін сезінгендіктен бе, сол маң өте қадірлі көрінді. Алғашқы пьеса қойылған Әйгерімнің Ойқұдық жайлауына да бұл сапарда жол түспеді. Иесіз, малсыз жатқан иен даланың жалғыз ғана жұбанышы осы ескерткіштер сияқты. Адамдар осыларды іздеп келгенде ғана пенде табаны тиеді. Асылында, үнемі жұрт мекен еткен аймақ өзін бақытты сезінетін шығар. Қуаң, елсіз даланы көргенде осыны ойладық. Бір замандарда Құнанбай ауылы деп аталатын іргелі ел осы жерлерде сауық-сайран құрып, қойын қотандап, биесін байлап, шұрқырасып отырды дегенге сенгің-ақ келеді.
Бір жағы осы сапарымызда тарихи орындарды түгел аралап кетпегеніміз дұрыс та болды. Айналып соғуға себеп бар…
Ералы бабаның мазары орналасқан жер – Ералы жазығы деп аталады екен. «Менің да атым тарихта қалсын» деп осы жазықты өзі сұрап алған екен деседі. Ералының әкесі Кеңгірбай тобықтының биі болған, сөз қонған адам. Өзінен кейін билікті Абайдың атасы Өскенбайға берген екен. Кеңгірбайға байланысты бір аңыз көп айтылады. Құнанбай дүниеге келерде Өскенбайдың төрде алтын сақа иіріп отырғаны туралы түсті жақсы білуші едік. Бұл Құнанбайдың жәй перзент емес екендігін айқындайтын. Мына аңыз да сол жобада. Құнанбай ес біліп қалған уақытта анасы Зере Кеңгірбай биден бата сұрай келіпті. Алдында бір-екі рет келгенде бата бермей кері қайырып жүрген көрінеді. Бұл жолы би: «Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын» деп теріс бата беріпті дейді. Келіні Зере, жас Құнанбайды ертіп, жасын етегіне төгіп кетіп бара жатады. Кеңгірбайдың бәйбішесі бұл қылығын түсінбей: «Бұның не?» дегенде: «Сыртқа шығып, артына қарашы» депті. Бәйбішесі сыртқа шықса, Зере мен Құнанбайға ілесіп екі ит кетіп бара жатыр екен. Соны Кеңгірбайға айтқанда: «Ол ит емес. Қасқыр. Менің үш көк қасқырым бар еді. Теріс бата бергенімнің өзінде екеуі Құнанбаймен кетті. Менің де ұрпағыма бір нәрсе қалуы керек» қой депті. Сол ұрпағына қалған дүние сөз де емес, іс те емес, осы жазық болса керек. Тобықты ішінде: «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз жиі айтылған екен.
«Абай жолының» алғашқы тарауында: «…Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдырмаса, жаман» деп баланы шошытпақ болған жорға Жұмабайдың өзі сескенетін жер Есембай жырасын да көрдік. Жүйрік ат мінген екі үлкен кісі мен бір жас баланың бейнесі көз алдымызда көлбеңдейді. Әркім өз қиялынша «Мынау Абай басқан жер» дегенде-ақ көз алдына сурет келтіруге тырысатындай. Әуезовше айтқанда, «көруге аса көңілсіз» дала Абай арқылы көркейіпті. Көруге аса ынтызар болдық.
Есембай жырасында қазір ұры жатпаса да, «Абай жолы» арқылы санасы қалыптасқан адамға сол жырадан салт аттылар атып шығатындай. Бір замандарда ұрының мекені болған маң да жетімсіреп қалған. Ұры да болса иесі ғой дейсің… Көлігіміз бұл маңдарға аялдамады. Тек көңіл көзімізбен барып, қиялымызбен шарлап қайтқан сайын далада үнемі жел тұрады. Бір ыңылдап, бір ызыңдап тұрған дала күйі Құнанбай, Абай заманынан қисса айтып тұрған шығар, кім біледі?!
Ақшоқыда Құнанбай әулетінің көбі жатыр. Кей бейіттердің тасы сынған. Кім жатқаны белгісіз. Жолда Абай туралы, Құнанбай әулеті туралы көп әңгіме айтылмағанымен, Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек бір жүрегі» мен Қасым Аманжолұлы түсірген «Анық Абай» деректі фильмі арқылы алған дерегіміздің пайдасы көп тиді. Абайды, Абай балаларын шығармаларынан танығаның бөлек те, естелік оқиғалар арқылы танығаның басқаша. Онда Абай да, ұрпақтары да зорая түседі. Өзіміз көңілімізге жақын санаған Абай баласы – Мағауия.
Жұрт керегін Абайдың өзінен сұрауға батпай, Мағаш арқылы сұратады екен. Үш күн көрмесе, әкесі: «Менен туғаны рас болса, бүгін келеді» деп, баласы: «Абай ағам іздеп қалды» деп қауышуға асығады екен. Бір-бірін жарты ауыз сөзбен-ақ ұққан әке мен бала арасындағы осы зор түсінісушілік асып туғандық емей, немене?! Жұрттан басы артық туғандар…
Мағаш қайтыс болғанда, есінен танып барып, маңдайын керегеге соғып, көз жасын көлдете отырып: «Аузымды кісіден босатқан қарағым, Мағашым, алдымды кісіден босатқан қарағым, Мағашым, арқамды жүктен босатқан қарағым, Мағашым! Қош, Мағаш! Қош!» деген әке қасіретін бір сәт сезіне алар емеспіз. Мағаштың асыл сүйегін зиратқа апара жатқан мүбарак арбаның жолын тастан тазартып отырған хәкім әкенің қайғысына ортақтасқан сол тастар да мен үшін қымбат. Бұл сөзім пафос болар. Бірақ жалған емес.
Күллі әулет жатқан зираттың дүниемен ісі жоқ. Айдалада иесіз қалған, Құнанбайсыз, Абайсыз қалған мекеннің қарағаны мен изені қосылып ұзақ уілдейді. Бір адыр келесі адырды менсінбейтін сияқты. Олардың бәрі асыл, бәрі аяулы сияқты. Өйткені, бірінің көңілінде «маған Құнанбай табаны тиген» деген емеурін жатса, бірінде Абай, бірінде Әбіш, бірінде Мағаштың ізі қалған. Бәрі асқақ, бәрі қадірлі. Бірақ бұрынғыдай қойны-қонышына толған ел жоқ. Біз Мағаштардан алыспыз. Мағаштардың болмысынан, табиғатынан тым алшақтамыз. Бірақ жақсы адам болғымыз келетіні қалай? Олардың қанында бар жомарттық, мәрттік, зеректік бізде жоқ қой…
Мағаш суретін көргенде көзімізге үйірілген жасты жұрттың көзі қарап тұр деген ақылымызбен тоқтаттық. Күні кеше дүниеден озған Ишан Жағыпарқызы да сол Ақшоқыға жерленген.
Жидебай ауылының басынан бізді ел ағалары күтіп алды. Қой сойылған. Абайдың жиені болып келетін Балтабек Ерсәлімұлы деген ақсақал күтушілердің басы болды. Құсайын деген кісі Қарауылдың әкімі екен. Өзі Тәңірбердінің Әзімбайынан тарайды. Жұрт «үлкен аталарынан бері аттан түспей келе жатыр» деп қалжыңдап жатты. Сол жерден түскі тамағымызды ішіп, Жидебайға тарттық.
Жидебай шұрайлы, малға жайлы өлке екен. Бұрынғы заман болса, шынымен тек байлардың қонысы болатындай-ақ жер. Жидебай Абайдың қыстауы. Бұл үйде Абайдың қолының табы қалған әр зат қастерлі. Есік алдында ескі арба, пәуеске сақталған. Кіре берісінде Оспанның басына Абай өзі қойған қара тас тұр. Ол тастағы жазудың соңында хәкім: «өтіп бара жатқан мұсылман дұға қылсын» деп өтініш айтқан. Абай жатқан төсек, ойнаған дойбы, тоғызқұмалақ, протез тістері, шоты, самаурыны соншалықты бағалы, құнды жәдігерге айналған. Бұлардың бәрі Абайдың қолы тигендігі үшін құнды. Әйтпесе дүниеде қаншама дойбы, шот, самаурын бар.
Ділдә анамыздың жасауы, Әйгерімнің қолынан шыққан сырмақ та қадірлі. Ескірмеген. Өз заманында барлық үйден артық болған десе, сенетіндей. Голланд пеші қойылған үйдің бөлмелері кең. Абай үйдің Шыңғыстауға қарайтын терезесін жақсы көрген екен. Абай Жидебайдан жайлауына жиырма күн көшкен. Шыңғыстаудан ары жүз он шақырым жердегі жайлауы туралы бізді хәкім үйімен таныстырып жүрген Гүлсара Сұлтанқызы айтқанда, көзбен көргендей күй кешесің. Пердені түріп жіберіп, «Абай жолының» сөйлемдерімен Шыңғыстауды суреттегенде қайран қаласыз. Еркежан жатқан бөлме, Пәкизаттың бас киімі, бәрі-бәрі ыстық. Бір ғасырдан астам уақыт өткенде Абайдың бар қазақтың әкесіне айналғанын көресің. Бәрі сондай ыстық ықыласпен әр затпен танысып, шын пейілмен тамсанып келеді.
Абай үйінің тошаласы да бүкіл физикалық құбылыстарды ескере отырып жасалған. Етті ыстағанда, түтіні шығатын түндік, тас қабырға, едені қара топырақ бір қалыпты ауаны ұстап тұрады екен. Осы жағдайдың бәрін ескерген қазақ малдың соңында неге соншалықты ұзақ жүрді екен деп ойлайсың…
Жидебайдағы үйдің маңында Құнанбай құдығы бар. О да тарихи жәдігер ретінде аса құнды. Қыстаудың маңындағы зиратта Зере, Ұлжан, Құдайберді, Ғабитхан және Құнанбай әулетіне ұзақ уақыт қызмет еткен Шәукімбай жатыр. Сол Шәукімбай Абайдың бетіне тура қарап, сөз айта алған адам екен. Бір күні түс уақытында құдық басына мал жиналып қалыпты. Абай: «Шәукімбай, мына малды суармайсың ба?» десе, «құдықтан еңкейіп су алып берсең, ішіңде балаң тіреп тұр ма?!» дейтін көрінеді. Абай үндемей су алған екен деседі. Тағы бірде, Абайға келіндері: «Сізден өтіп, аталарыңызды боқтап жатыр» деп жүгіріп келіпті. Абай сыртқа шықса, Шәукімбай отын жарып жатыр екен. «Сен не істейсің? Күні бойы үйде жатасың? Мына балтаны қайрап қойсаң болмай ма?» деп айтыпты. Абай бұл жолы да үндемепті дейді. Абай сөйлеймін десе де, істеймін десе де қолында билігі бар, болыс болмаса да, бүкіл аймаққа сөзі жүріп тұрған адам еді. Абай ол жалшының ызасына түсіністікпен қарайды. Түсінеді. Кешіреді. Барлық жұмысты өзі атқарып жүрген адамның жүйкесі расымен жұқа келетінін Абай сезеді.
Абай жасы ұлғайған кезінде кеңіпті. Бір жолы балаларымен жайлауда бірге отырмақ болып, Есіркеп деген кісіден түйе сұратса, бермеген көрінеді. Сонда: «Құдайға бергеніңе тәубә, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, Тәкежан осы менше түйе сұратып жіберсе, түйем жоқ деп түйесін бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді деп менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалыпты». Жоғарыдағы жағдай да Абай атамыздың кеңіген кезі шығар…
Ғабитхан Абайды, Абай балаларын оқытқан, Құнанбай әулетіне сыйлы адам болғандықтан осы зиратқа жерленген екен. Зере, Ұлжан, Құдайбердінің қатар жатқаны да қазақы даналықтың үлгісі. Марқұм Зере әжеміз Құдайберді бақилық болғанда: «Менің алғашқы сүйген немерем. Барып тұруыма жеңіл болсын» деп, сүйегін қыстауға жақын жерге қойдырады. Кейін өзі дүние саларда: «Құдайберді жас кетті. Оны жұрт тез ұмытады. Мені Құдайбердінің жанына қойыңдар. Маған келген адамдар Құдайбердіні де еске алсын» деп айтыпты. Кейіннен Ұлжан анамыз дәмі таусыларда: «Келін ененің топырағынан, енемнің жанына жерлеңдер» деп өсиет қалдырыпты дейді. Осындай қазақы жолмен қатар жатқан бейіттердің иесі өмірде болған, біз кітаптан оқып-білген кейіпкерлер екеніне сенгің келмейді. «Мен Зере ананың басында отырмын» ғой деген дауыс жәй ертегі сияқты. Әр зиратқа барып, құран бағыштап жүргенімізбен, шын бағасын білгенімізбен, өне бойда сезіне алмадық. Тура сол сәтте. Кейін Семейге келгенде ерекше әсер болды.
«Абай жолында» Абай оқудан қайтып келгенде алдымен, шешесіне жүгіретін еді. Сонда: «Әй, шырағым, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер» дейтін еді ғой. Содан кейін әкесінің рұқсатымен шешелеріне амандасатын. Біздің жолымыздың жөні де солай болды. Алдымен Құнанбай жатқан зиратта болдық. Одан кейін шешелердің басына бардық. Ең соңынан Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахаттың кесенесіне бұрылдық.
Негізгі нысанымыз – Абай кесенесі. Абайды жұртқа таныстырып, сөз айтудың өзі әбестік болар еді. Абай заманында әділет іздеген жанның бәрі Абайға келеді екен. Тіпті, жаулары билік айтқызуға құмар, өзі де жауы болса да билігін тыңдайтын аса салиқалы адам болса керек. Абайдың ұстамдылығына, данышпандығына таңғаласың. Оның тура айтқан билігі туралы Салық Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» еңбегінде мысалдарымен жазған болатын.
«Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы-соңғы заманның қайсы болса да көрген жоқ деп айта аламын. Абайдың билігіне, Абайдың тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сондықтан Абай өмірінде айтылған биліктің көбі әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймын. Өзіміз көріп, өзіміз естіп-білген заманда жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болады деп білмейміз» деп жазады Көкбай шәкірті.
Өлеңдері мен қара сөздері арқылы таныған Абайдан, естеліктердегі Абай бір басқа сияқты. «Сыра ант ұрған жүректі айнытқыш келеді. Құсып таста» деген сөзі көп замандастарымызға жағып, «Абай осылай расымен айтқан ба екен?» деп елітіп қалады. Тіпті, сол арқылы Абайға деген қызығушылығы оянатындай. Ал кейбіреулері хәкімнің бұл сөзін айтқанды ұнатпайды.
Абайдың мінезін, болмысын біз қанша өзімізге үлгі санағанымызбен ондай бола алмақ емеспіз. Бір ағамыздың баласы айтыпты дейді: «Әке, сенің Абай ата болғың келеді. Бірақ күле бересің» деп. Сол айтпақшы, бәріміздің Абай болғымыз кеп, ақыл айтқанымызбен, ол өз ақылымыз болмай шығады. Тұрағұлдың естелігінде әкесін былай суреттейді: «Мен әкемнің 32 жасында жастықтың алғашқы арыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртанда, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жәй, салбырап шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілісте болып, ұзақ отыра алмаушы еді».
Абай–Шәкәрім кесенесіне бармай тұрып жасаған дайындығымыз. Абайдың шын портретін тану бізге өте қиын. Айтылған, жазылған естеліктермен танығандай болғанымызбен, оның анық Абай екеніне бәрібір тоқтам болмайды. Өйткені, әркім Абайды өзінше танып, өзінше түсіндіреді. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза. Қазақ ішінде Абай деп айтады. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ержеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ ішінде болғандықтан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хәкім, философ кісі еді» дейді.
Расы солай ма? Абайды сабаған да өз қазағы. «Абайға сілтеген қамшы, Абайға тигенше маған тисін» деп, денесімен ақынды жапқан да өз қазағы. Абайдың шын бағасына жеткен де, қадірін қашырған да өз ағайыны. Одан әрине, Абайдың қадірі қашқан жоқ. Өз қадірлері қашты. Бүгінде Абай есімі арқылы тарихта мәңгілік қалуға дәмелі адамдар сол кездерде де болған. Абайдың бір ғана жылқысын сойғаны үшін бүгін біз атын атап отырмыз…
Абай айналасы, Құнанбай әулеті Құдай бере салған хикмет. Бәрі әсершіл, бәрі ақылды, бәрі әнші. Абайдың байламына жүгінгіш. Абайдың көп әдеті тобықты ішінде салтқа айналған. Құс пен жүйрікті тез алмастырып, бірінікін бірімен сапырылыстырып ұстайтын әдет Абайдан басталыпты. Абай: «Мынау менің қойым, сиырым» деп мал араламаған. Тек жылқыға қызыққан. Сиырды «қыста жайыла алмайды, жазда үйдің айналасын былғайды» деп аз ұстайды екен. Сол кездегі тобықты байларының көбі осылай істепті. Абайдың жақтастары да, дұшпандары да мейілінше көп болған. Бірақ кейінгі ұрпақтардың бәрі абайшыл болып өседі. Абайдың тәрбиесі, Абайдың сөзі бәрінен бұрын мызғымас дәстүрге, қалың ел жүгінетін темірқазыққа айналады.
Ахат Шәкәрімұлы: «Әкей Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері адам елге, не біреуге пайдасын тигізу керек. Пайдасын тигізе алмаса залалы тимесін. Онан соң қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық. «Адал болыңдар. Адалдың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Егер бұны істемесеңдер ырза емеспін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан. Алалай көрмеңдер» дейтін» деп жазады. Бұның бәрі Абай үлгісі еді.
«Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар» деген сөзден артық қандай өсиет керек.
Абайдың жанында жатқан інісі Оспан туралы да аңыз көп. Ел ішінде айтылатын «Құдайдан сұрағанша Оспаннан сұра» деген сөз қаншалықты Жаратқанға тіл тигізе қояйын деп айтылды дейсің. Соның бәрі Оспанның жомарттығын сипаттау үшін айтылған қате сөз да. Көңілі түскен адамға көл болатын Оспанның балуандығы туралы да аз айтылмайды. Оспан көтерген қара тас әлі бар екен. Оны қазір адам көтеруі мүмкін емес.
Абай мен Оспанның кесенесімен қатар тұрған ақ күмбездің ішінде Шәкәрім қажы мен ұлы Ахат жатыр. Шәкәрімді атқан Қарасартов емес, Халидов екені де сол кезде айтылды. Оның өзі тарихы ұзақ әңгіме. Әйтеуір қажы атылғанда бір күн сүйегі далада жатқан екен. Барып, сүйегін алуға ешкімнің батылы жетпепті. Жақындаса болды, «халық жауы» деген ат бірге жабысады. Бәрінің қорыққаны сол. Сол үрей қазір басылды ма екен…
Ахат Шәкәрімұлы да түрмеде ұзақ жатқан адам. Әкесінің мұрасын зерттеуге көп еңбек сіңірген перзент әке құшағында жатыр. Күллі Құнанбай әулетінің біз барған соңғы зираты осы жер. Бәрінің атына бағышталып Құран оқылды…
Семейге қайтып келе жатып, Бөріліге бұрылдық. Ұлы Мұхаңның кіндік қаны тамған жер. Бұл жердің Бөрілі атануы аты айтып тұрғандай, ит-құс көп жүреді екен. Тарқатсаң бұл жер де бөлек хикая…
Жидебай сапарынан алған әсеріміздің қысқаша баяны осындай. Ертесі Семейдегі Абай музейін аралап, шағын «Дөңгелек үстелге» қатыстық. Семейдегі Абай төңірегін зерттеп жүрген адамдардың бойынан байқаған қасиетіміз – бір-бірін онша менсіне бермейді екен. «Мен білетін деректі ол білмейді. Тіпті, Мұхаң жаза алмай кеткен деректер менің кітабымда бар. Сатып алсаңшы» деген сөздерді шын абайтанушы айта ма?! Тура осы сөзді айтпағанда, әлгі абайтанушымын деп өзін таныстырған ғалымның кітабын сатып алар едім.
Жұрттың бәрі құнанбайшыл, абайшыл. Естелік айтуға бейім. Кейбіреулері Құнанбай, Абай атын шынымен малданатын сияқты. Жөні түзу сөз айтпайды.
Тек құр мақтан. Кейбірі расымен біліп, түйсініп айтады.
Абайдың дүниеден қайтқанына бір ғасырдан артық уақыт өткенде атаны емес, ата рухын іздеп қасиетті Жидебайға жол түсіпті. Жасыратыны жоқ, Абай өмірін, шығармашылығын жақсы білмесек те, ақынның ізі қалған белдерді, қолының табы қалған заттарды көріп, өзімізше әсерлене алдық. Абай музейіне кіргенде, ішкі толқынысымызды жасыра алмай, «Абайдың музейіне келгенде осылай толқыдық. Пайғамбар ізі қалған далаға барсақ аспанға ұшып кететін шығармыз» деген ой келді. Біз айтпасақ та, біз тамсанбасақ та Абай ұлы. Құнанбай әулеті ұлы.
Жидебаймен қоштасарда өзіңше Абайға ұқсап ұстамды болғың келеді. Қайта айналып соғатын сапар туатын шығар деп Құдайдан үміт қыласың. Сыртқасқабұлақ, Ойқұдық! Сендерді әлі көрген жоқпын…
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
Алматы–Семей–Жидебай–Бөрілі–Семей–Астана–Алматы,
«Қазақ әдебиеті».