"Атадан ұл тумайды мендей сабаз..."

2624
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың аңыз-әңгімелерінде айтылатын, батырлар жыры мен хисса, дастандарында жырланатын небір батырлар бейнесін оқып өскен ұрпақ «шын мәнінде өмірде осындай батырлар болса ғой шіркін» деп аңсауы заңды нәрсе. Батырлар жырында ғажап ерлік көрсетіп, жалғыз өзі қаптаған қалың жауымен қайтпай шайқасатын батырларды әсірелеп жырлаған ақын-жыршылардың қиялының, олардың шығармашылық ізденісінің жемісі деп қарасақ та, елін, жерін жаудан қорғайтын батырларды барлық кезде ардақ тұтқаны мәлім. 

Балуан Шолақ Баймырзаұлы туралы ой толғайтын тұста, халық творчествосындағы балуандар мен батырлардың қиялдық бейнесінің нақты өмірде аналогының болған­ды­ғына көзіміз айқын жетеді. Тіпті халық әдебиетіндегі типтендірілген күш иелері мен жаужүрек батырлардың өзі көбіне бір қырынан ғана бейнеленіп отырса, ал шын өмірдегі балуанның бойындағы туабітті көп қырлы, алуан сапалы қасиеттері мен қырлары – халық ардақ тұтқан кейіпкерлер бойы­нан, іс-әрекеттерінен де асып кетеді.

Қазақта небір балуандар өткен, бірақ Балуан Шолақ олардың бір де біріне ұқсамайды екен, дүниеден баз кешкен небір әншілер өткен. Баймырзаұлы олардың да ешқайсысына ұқсамайды, сайын даламызда небір сазгерлер бұл дүниені әнге бөлеп өтіпті. Балуан Шолақ олардың да бір де біріне ұқсамайды, ұлы кең байтақ даламызда бойына мол өнер қонған өнерпаздар да өткен, Балуан олардың да ешқайсысына ұқсамайды.

Балуан Шолақ тарихымызда хатталған, хатқа түскен тари­хи тұлғалардың бір де біріне ұқсамайтындығымен, алайда сол талант­ты шоғырдың бойларында бар қа­сиеттер, сипаттар, рухтар тәңірдің қалауы­мен тұла бойына біткен ғажап дарынды тұлға. Баймырзаұлы – дауылпаз ақын, дүлдүл әнші, жауырыны жерге тимеген балуан, қайталанбас сазгер, сал-сері, цирк өнерінің негізін қалаушы өнерпаз, халықтың мұңын, жоғын жоқтаушы, әлеуметтік әділдік үшін арпалысқан нағыз күрескер.

Балуан Шолақ күш өнерін көр­сетуде теңдессіз балуан, жүргенде қара жерді теңселтіп жіберетіндей небір алып күш иелерінің жауырынын жерге тигізіп, «қабырғасын қа­қыратқан», тізесін дірілдетіп бүктір­ген жаратылысы бөлек жан. Егер ол кәсіби күрес өнерімен бірыңғай айналысқан болса, онда Ресей патшалығында, әрісі Еуропа, Америка, Азия, Африка құрлықтарында ешкімге де дес бермейтін, әлемге әйгілі балуандардың бірі болар еді. Ал кір тасын көтеруден де алдына жан салмас әлем чемпионының бірі бола­тынына күдік болмас, ал ат спорты саласында да, цирк өнерінде де ешбір елдің спортшысы жасай алмайтын, көзді арбайтын, көрген жан таңқалатын өнер көрсетіп, трюк жасайтын, қайталанбас цирк өнерінің майталманы атанар еді. Ол – ат спортын дамытушы, қазақ жерінде цирк өнерінің негізін қалаушы тұлға, ұлттық өнерімізді жаңа сапалық деңгейге көтеріп кеткен спортшы, дәстүрімізді, адамзаттық құндылықтарды жаңғыртқан жаңашыл тарихи қайраткер.

Сайын даламызда дәл Балуан Шолақтай күрестің шын мәнінде ірі өнер сайысы болып табылатынын ісімен көрсетіп, түкті кілем үстінде дәкелдік орнықтырған, оны танытқан ешкім жоқ

Сайын даламызда дәл Балуан Шолақтай күрестің шын мәнінде ірі өнер сайысы болып табылатынын ісімен көрсетіп, түкті кілем үстінде дәкелдік орнықтырған, оны танытқан ешкім жоқ.

Балуан Шолақ өскен ортасының қабілет-қарымын ашуға мүмкіндік бермегеніне қарамастан, сол отаршыл қоғамның әділетсіздігімен ашық, тайсалмай күрескен, наразылығын, қарсылығын ашық білдірген балуан. Отаршыл қоғам сол үшін де одан құтылғысы келді, қудалауға салды, балуан бәрібір алған бағытынан қайтпады.

Бетпе-бет келген жауы одан ықты, сыпсың өсек таратып, жалған арыз жазғандар балуаннан қорқып бойларын үрей биледі, ол әділеттілікті ту еткен қайтпас күрескер еді. Балуан Шолақтың бір өзі ғана орны тарихтағы жетіспеген, жетпей жатқан олқылықтарымыздың орнын толтырып кетті.

«Тұтқасын дүниенің үйіргендей» алып күш иесі ретінде танылып, аңыз етілді, көзі тірісінде-ақ аңыз адам­ға айналды. Ақын-жыршының шығар­ма­лары белгілі дәрежеде өзінің өміріне де қатысты, ақын Сырбай Мәуленов айт­қандай «өлеңім – менің өмірім».

Балуанның артында толық жинақ­тал­май қалған, бізге жеткен өлеңдері, әндері оның шын мәнінде өмірі, «тар жол, тайғақ кешудегі» тар кезеңдегі ғұмыры десе де болғандай.

Ән-жыры мен өлеңінде өз өмірі мейлінше шынайы бейнеленген ақын-композитор Балуан Шолақ деп айта аламыз. Өйткені Балуанның ән-жыры мен өлеңдері тақырыбы, сюжеті, әуезі, табиғаты жағынан қазақ ақындарының бір де бірінің шығармасына мүлде ұқсамайды, солай бола тұра сипаты жағынан дәстүрлік арнаны дамыта түскенін байқаймыз.

Жыраулар поэзиясында небір кес­кін­дер, батырлық қасиет, рух, ұлттық сипат күшті көрініс тапқан болса, XIX ғасырдағы ақындар шығармасында Балуанның шығармасындағыдай поэзияда адам күш-қуаты, күштің құдіреті, күштің қайнар көзі мен бұлағы арнайы жырланбайды. Ақындар бұл мәселеге тереңдеп бара бермейді, оны жырына арқау да ете бермейді. Адам күшінің табиғатын жырлап көрсетуде Балуанның өлеңдерінің бітімі де, болмысы да ала бөтен, бөлек дүние. Оқырман Балуан өлеңдерінен тасқындаған қуатты күштің арынын сезініп, ақынның күшін, екпінін оның өлең жолдары соншама дәлдікпен жеткізгенін түйсінеді.

Поэзияда ең көп жырланатын нәрсе – сезім. Өйткені адам жансыз туынды емес, таудың, төбенің, қыр мен жотаның, сай-саланың, өзен-көлдердің бейнесі, жинақтап айтқанда, табиғаттың, әсіресе, таудың бейнесі мейлінше мол жырланады. Бұл тақырыпты қозғамаған қаламгер де, суретші де жоқ. Ал адам күші бұл – көзбен көретін нәрсе емес, материалдық дүние де емес, абстрактілі дүние, бұл адам бойындағы қуат, іс-әрекетке көшкен жағдайда нақтылы нәтиже көз алдыңызда. Дүниені өзгертетін білек күші мен ақыл күші. Абай қара күштің екі жақты болатынын жазады, ол: қиратады да, жасайды да. Балуан өлеңдерінде сипатталатын күш бұл – жасампаз күш, әділеттілікке қарсы тұратын күш. Ондай күштің иесі – Балуанның өзі. Оның өзі:

Жазығым мықтылығым, күшім

басым,

Дұшпанның талқандадым талай

тасын, –

деп жырлайды. Күші басым болғандықтан іші тарлар оны көре алмаса, ал дұшпаны қорқып, үрей құшағында қалды. Немесе:

Мен өзім осы кезде тасып жүрмін,

Кеудесін дұшпандардың басып

жүрмін, –

дейді.

Болмаса:

Бұл күнде жиырмада менің жасым,

Қамалдың бұзар кезім тау мен

тасын, –

дейді.

Бұл күйреуік ақынның өлең жолдары емес, дауысы жер-көкте найзағайдай күркіреген ақынның, ғажап күш иесінің, сонымен қатар соншама жан дүниесі нәзік жанның кеудесінен төгіліп түскен алқа сынды жыр жолдары, жан дүниесі нәзік, бірақ рухы күшті ақынның ғана ой бұлағынан ағылған жырлар.

Одан әрі:

Кешегі сентябрьдің базарында

Көтердім елу бір пұт кірдің

тасын, –

деп ақын көтеріңкі көңіл күйін паш ететіні бар. Бұл жай өлең жолдары сияқты көрінгенімен, бұл шын мәнінде бұрын-соңды қазақ даласында болмаған, адам баласы өз көзімен көріп, құлағымен естімеген ғажап рекордтық көрсеткіш! Бүгіндері ауыр атлетикадан олимпиада чемпиондары көтере қоймаған көрсеткіш, теңдессіз ерлік, ғажайып жаңалық! 816 килограмм салмақ екен! Балуан 1 тоннадан астам тасты да көтерген. Спорт саласында қазіргі таңда қайталана қоймаған ұлы жаңалықтар. Әлемдік рекордқа саналатын оқиға. Жан дүниесі қарапайым Балуан мұндай жағдайға жай кәдуілгі істей қараған ғой. Қажымұқан балуан үстіне тақтай төсетіп, 1,5 т. «полуторканы» өткізген. Бұл да бұрын-соңды болмаған жаңалық. Ал ауыр затты көтеру жағынан Балуан Шолақты ешкім де қайталай алмапты. «Алып – анадан, күш – атадан» деген осы.

Бауыржан Момышұлы қорқы­ныш­тың өзін бейнелеп, «генералдық» шенге ие, «генерал қорқыныш» су жүрек қолбасшының алқымынан алады деп жазады. Ал Балуан Шолақ жырлаған өз бойындағы тәңір берген күш, оны да бейнелеп айтсақ, әділдік жолында арпалыс үстіндегі жасампаз күш бейнесі ретінде қабылданар еді. Алып күштің бейнесін өз өлеңі арқылы жырлаған жалғыз дара ақын Балуан Шолақ Баймырзаұлы ғана! Күштің символдық бейнесі басқа ақындарда Балуан өлеңдеріндей көрініс таппаған. Адам бойындағы күшті сипаттауға келгенде ақын алдына жан салдырмайтын шебер де шешен, көсіле түйдек-түйдек, кесек-кесек ой толғайтын айбоз сынды.

«Атадан ұл тумайды мендей сабаз» деген сюжеттік өлеңінде абақтыда отырғанына қарамастан қажымайды, жасымайды, тауаны да шағылмайды, ақын күні бұрын қандай шешім шығаратынын да біліп отырады.

Атадан ұл тумайды мендей сабаз,

Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.

Алты күн-ақ түрмеде қамалған соң,

Түсірді меруайдай маған қағаз, –

деп мұңаймай, қайта екпін түсірер қайрат бере жырлайды. Расында, ақын қоғамдағы өзінің орнын, замандастары арасындағы дәрежесі мен салмағын жақсы білген, күшінің басым түсіп отыратынын, ақыл-парасатының да бір басына жетерлігін айқын сезінеді, алайда дұшпандарының қырсығына, аяқтан шалуына тап бола береді. Патшаның уезд бастығы да, болыстар да Балуанның тұрпатынан, оның бұқараның жоқшысы болуынан, кедей-кепшіктердің мүддесін қорғауынан сескенеді. Балуанның қудаланып, абақтыға түсуіне патша үкіметінің жергілікті жерлердегі жандайшаптарының арыз-шағымы себеп болып отырады.

Меруайдан дегені сол кездегі қылмыстық істі қарайтын мировой судья. Жеті жылға каторгага, итжеккенде айдауға үкім шығарғанына қарамай, дұшпанына кеудесін бастырмайды, жасымайды, себебі рухы биік. Ол әділетсіз шешімге қарсы тұрады, өз-өзіне қайрат-жігер береді. Абақтыға алғаш түскен балу­ан, абақты бөлмелерін байқап, көріп тексеріп шығады. Сегіз қатар етіп темір қағылған, есіктері де мықты, кісі қашып кете алмайтындай етіп бекітілген. Ақын түрме жайын одан әрі былай суреттейді:

Бойыма күш біткенге еттім шүкір,

Қажысам абақтыға бетке түкір.

Есігін екі итеріп тартқанымда

Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.

Бойына алапат күш біткен балуан мына әділетсіздікке төзбейді де, түрме есігін жүлып алады, босағасы бірге суы­рылып, кірпіштері күтір-күтір ете жерге құлайды. Алапат күштің құдіреті, балуан қиналмай-ақ бойдағы күштің арқасында аяқ-қолдағы бұғауды, шынжырды жіпше пырт-пырт үзеді. Қазақ поэзиясында мұндай күш иесі болмаған, сондықтан Балуанның жыры қай жағынан алса да қазақ ақындары жырларынан ерекшеленіп тұратын қырлары көп-ақ. Балуан өз бойындағы күшке мақтанбайды, әділеттілік жолындағы іс-қимылға, дұшпанға қарсы әрекетке көшеді. Түрменің есігін талқан етіп бұзып, шығып кетуі бойда қайнап жатқан күшке байланысты. «Білекпен – бірді, ақылмен – мыңды жығасың» деген мәтелдегі тұжырым Балуанның бойындағы күшті біржақты ғана бейнелей алса керек.

Қазақ поэзиясында күшті, мықты балуанның бейнесін, Балуан өзінің іс-әрекеттерін, қайратын жұмсаған оқиғаларды бейнелеу арқылы шебер сипаттайды. Ақынның жырындағы өз бейнесінің өзгеге ұқсамауының өзі қайтпас, қайсар, тау көтерер Толағайдай ғажап жаратылысына байланысты. Балуанның бізге жеткен жырларының өзінен алып күш иесінің кесек қимылы, ірілігі, сом тұлғасы айқын да әдемі өріліп кестеленген. Оның жаратылыс табиғаты жайдары, мақпалдай жұмсақ мінезі, әншілік, сазгерлік талант-дарыны ән мәтіндерінен де, өлеңдерінен де айшықталып көрінеді. Мұндай поэзия жауынгерлік рухты, азаматтық лепті, адамның ішкі әлемінің серпіле жанартаудай атқылауын, адам жанының атомдай жарылуын сипаттайды, жыр өзегінен алапат тасқынды жалындаған күшті, кең тынысты сезінесің. «Атадан мұндай сабаз» туа бермейтініне көз жетеді. Балуан Шолақ жыры азаматтық әуені басым, еркіндік, азаттық үшін арпалысқан жанның поэзиялық өрнегі. Оның жырының табиғатынан Балуанның батырлық, балуандық кескін-келбетін, іс-әрекеттерінің кесектігін, ірілік сипатын, мінез-құлқын, сергек таным-түйсігін, ең бастысы, гуманистік кісілік болмысын айқын аңғарасың.

Атақты балуанның сипаты, бейнесі, кескін-келбеті, тұлғасы, бойы, бітімі, жүріс-тұрысы, дене пішіні қандай болды екен деген сауал туады. Асқан күш иесінің жаратылысы басқалардан бөлек пе деген ой да болары айқын. Осы орайда балуанның сипатына да қысқаша тоқталып кетейік. «Балуан 48-49 жастағы, шоқша сақалы бар, тоқпақ мұрт, мойны бұрылмайтын жуан қара кісі екен», – дейді Біртабан балуан. Ал Балтабек ақсақал: «Ол кісі (Балуан Шолақ — М.Қ) арт жағынан қарағанда еңкейіп отырған адам секілді де, алдынан қарасаң шалқая қарап отырғандай көрінеді екен. Тағы бір ерекшелігі, жерде тұрғанда айналасындағы адамдардан ерекшелене қоймайтын жан, ерге отырғанда биіктеп кеткендей көрінеді». Естеліктерде Балуанның омыртқасының үсті тұтас адам қолы батпайтын ет екен, денесі өте тығыз, шымыр болған. Аяғынан белі ұзын еді деп сипаттайды, бұлшық еттерінің тас түйіндей қаттылығынан адам тісі батпайды екен. Бойы орта бойлыдан биіктеу болған. Салмағына қатысты деректер айтыла бермейді.

Күш өнерінің асқан алыптарының біріншісі осы – Балуан Шолақ болса, екіншісі – Қажымұқан. Ол – 48 елден медаль алған балуан. Қажымұқан Балуан Шолақтан жиырма жастай кіші. Бойы биік болған кісі. Балуан Шолақ 816 кг. гирді, 1 тоннадан астам тасты да көтерген балуан. Қажымұқанға қатысты Ә.Қоңыратбаевтың мақаласынан мына бір үзіндіні келтіре кетейік. Мақала 1946 жылы жазып алынған екен.

«Қажекеңнің салмағы – 174 кг, басқаша 11 пұт, шалбарының өзіне 3 метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен. Бойы – 185 см. Төбеден белге дейін –  77 см, белінен аяғына дейін –  113 см. Кеудесінің ені 146 см, белінің ені –  173 см, жуан санының қалыңдығы –  71 см, сан жілігінің ұзындығы (тізеге дейін) –  65 см, балтыр ені –  49 см, ұзындығы –  58 см, табаны –  35 см, аяқ киімі 45 размер. Шалбарының белі –  220 см, белбеулігі – 170 см, жалпақ жауырыны –  60 см, қолтық еттің жуандығы –50 см, қар еті — 47 см, екі иықтың ені – 56 см, мойынның жуандығы – 56 см, жатқанда – 60 см, басының айналасы – 65 см, білек ұзындығы (саусақ басынан) 25 см, ортан қолдың ұзындығы – 14 см, жуандығы – 10 см, үстіңгі ерні – 10 см, асты да осындай, төбесінің 55 см жерінде шаш жоқ, шашының ағы 65 проценттей, сақал-мұрты ақ. Әрбір қылы инедей жуан», – деп нақтылап сипаттапты. Күш атасы ретінде танылған тұлғаның бітімін осыған қарап-ақ көзге елестете беріңіз. Оның үстіне Қажымұқанның суреті сақталынып қалған. Ал Балуанның суреті бізге жетпеді. Балуан Шолақ Баймыр­заұлының өмірі қазақ халқының Ресей патшалығының отарына айналып, тәуелсіздігінен мүлдем айырылған кезеңде өтті. Оның заманы бөлек болды, оған қарамастан ол барлық қиындықтарды жеңіп шықты. Дұшпанын күшімен де, талантымен де мойындатты. Ал Қажымұқан болса бүкіл ғұмырын күреске арнады, оның да атақ-даңқы бүкіл әлемге жайылды. Біз үшін қос алып тұлғаның өмір жолдары өнеге болмақ.

Ал Балуан әр алуан өнерді игерген талант болғандықтан, әрине, оның осы өнер салаларындағы орны бөлек болып тұрады.

Балуанның әншілік өнеріне қыс­қа тоқталсақ, зерттеушілер 50-ге жуық әндерінің жинақталғанын айтады. Сол өнерінің ішінде Ғалияға арналған әні ерекше деу керек. Балуан суырып салма ақын болғандықтан ән мәтінін де, әуенін де өзі шығарып, өзі орындап отырған. Ол ән мәтінінің авторы, ақын, ән шығаратын композитор, әнді орындайтын әнші. Бір бойында үш бірдей өнер адамының қасиеті жинақталып қонған талант.

Балуан әйел жанын өте нәзік түсінетін, ақын-композитор. «Ғалия» әнінің 6 түрлі нұсқасы бар. Бұл әндер Ғалияға деген ғашықтық сезімнен, шынайы сүйіспеншіліктен, жүрек түкпірінің көрігінен қызып шыққан ғажайып, қайталанбас әндер. Ғалияға арнаған әндерінің өзінен композитордың адал махаббатын сезінеміз. Ән екпіні де, әуезі де бөлек, онда екпін, алапат күш сезіліп тұрады. Балуанның болмыс-бітімі әндерінен де көрініп отыратынын айқын байқаймыз.

Ақын ретінде ол өз сезімін ешқа­шан жасырып қалмаған, қайта бар дау­сымен асқақтата жырлаған.

Балуанның Ғалиядан 23 жас үлкендігі бар екен, ғашық болуына жас ерекшелігі бөгет болмаған. Ғалия сұрлау келген, атжақты сұңғақ бойлы, бетінде шешек дағы бар сұлу мүсінді, сымбатты, қылықты келіншек. Ол алып адамның жүрегін баурап алады. Өзі ғажайып әндердің жанды кейіпкеріне айналады. Бұл ақынның шығармашылық ғұмырындағы аса ірі тағылымды жайт. «Ғалия» әні Балуанның сазгерлік талантын биікке көтерді. Жалпақ жұртқа тез таралды, жасампаз өміршең туынды болды, шырқалды, шырқалып келеді де. Әрине, Балуанға Ғалия кездеспесе, Ғалияға арналған әндер де болмасы анық. «Ғалия» әні адам баласының әйелге деген махаббатының белгісіндей қабылданады. Әйелді сүюдің, қадірлеп әлпештеудің, әспеттеудің айқын үлгісі осы «Ғалия» әні десе де болғандай.

Балуан әйелді жар, ана, отба­сы­ның құты, өмірлік серік ретінде аса бір сүйіспеншілікпен жырлап, ән арнаған санаулы сазгерлердің бірі болып қала береді. Ән – көңілдің күйі, жүректің – гүлі ғой.

Балуан Шолақтың әндерінде оның ақындық, сазгерлік, әншілік бітімі, өр тұлғасы айқын бедерленіп, бейнеленген.


Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

Жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші

"Түркістан" газеті

 

Пікірлер