Home » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Қазақтың келіндері-ай!..

Қазақтың келіндері-ай!..

«Қызым – келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп ұрпағынан жақсылық күтетін халықпыз. «Қыз бала – жатжұрттық» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған. Жас қыз ертең-ақ бойжетіп, балиғатқа толып, бір үйдің табалдырығын келін болып аттары сөзсіз. «Келіннің аяғынан…» деп барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз бала барған жеріне «судай сіңіп, тастай батып», ауыл-аймаққа қадірлі болып кетеді. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Мұны келін болатын болашақ қыздарымыз терең сезінулері қажет. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Оң жақтағы қыз баланы «ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта білу де оңай іс емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ ана, Зере мен Ұлжан аналарымыздың салып кеткен сара жолы.

Жаңа шаңырақтың табал­дырығын аттаған ке­ліндерін ата-бабалары­мыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұрпа­ғын өрбітіп-өркендетіп, кеңейтуші ырысы, құт-берекесі санаған. Егер жас келін өз басының тазалығы мен жарасымдылығын былай қойғанның өзінде ұстаған үйі, қазан-аяғына дейін мұнтаздай кіршіксіз болып, өзі он саусағынан өнері тамған ісмер, бармағынан бал тамған аспаз болса, нұр үстіне нұр. Ондай келіні бар үй көпке – үлгі, ауылға сыйлы болады. Үлкендер құрмет тұтып, жастарға үлгі етеді.

Келін – бір шаңырақтың шырағы. Ағайын-туманың ортасында берекесін асырып, жаманын жасырып, жақсылығын елге паш ететін де – бір өзі. Біз қанша жерден келін деп айтқанымызбен, ол да – бір әулеттің әлпештеп өсірген аяулы қызы. Өскен-өнген жері қандай болса, алған тәрбиесі, көрген өнегесі де сондай болмақ. Келіннің жаңа жерге келуі, сол ортаға үйренісуі, көп жағдайда, сол үйдің мүшелеріне де байланыс­ты. Келгеннен-ақ құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытып, білместігіне кешіріммен қарайтын болса, ол келіннің әулетке сіңіп кетуіне негіз болады. Өзінің өмірлік тәжірибесі, көрегенділігімен жас келінге үлгі болар ененің де үйретер тәлім-тәрбиесі мол болмақ. Ене мен келін арасы бір-біріне деген құрметпен өрілуі керек.

Келінді қызындай көріп, енесін анасындай көретін ұлағатты қарым-қатынасымыз ғасырлар бойы жалғасып, киелі босағаның берік болып, шаңырақтың шайқалмауына негіз болып келе жатыр. Бұл дәстүр атам қазақтың дүниетанымына, салт-санасына сай қалыптасқан болуы керек. Дәстүрлі тәрбие мектебі осылайша жалғаса бермек. Бұл – ғасырлар бойына қалыптасып келе жатқан жазылмаған заңдылық, өмір заңдылығы, тіршілік сабақтастығы.

Бүгінгі ата-аналар тәрбие мәсе­лесі­не келгенде «таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз, қолымыз тимейді» деген уәж айтады. Оларды да түсінуге болатын шығар. Алайда тәрбиеге салғырт қарап, қара бастың қамымен кете беру – біздің халыққа жараспайтын дүние. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, тәрбиенің бәрі баланың бесік кезінен басталады. Есейіп, ержетіп кеткенде берген тәрбие құмға сіңген судай болып, ізі де қалмайды. Баламыз ойдағыдай азамат болып шықпай жатса, кімнен көреміз? Құр бекерге сан соғып қаламыз ғой. Ол кезде небір жағдайды сылтау етіп, бала мәселесіне көңіл бөлмеген жүрдім-бардым әрекеттерімізге өкінішпен қарарымыз анық. Міне, осындай болмас үшін, ұрпақтың тәрбиесіне көңіл аудару керек. Тәрбие дегеніміз – минут, сағатпен өлшенбейтін атаның аялы алақаны, ананың мейірімі арқылы жүрекке құйылатын нұр. Егер ата-ана­ның оқып-тоқығаны көп, тәлім-тәрбиесі келіскен болса, ол өз ұрпағын әрқашанда дұрыс тәрбиелей алары даусыз. «Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» деп өзгелер сүйсініп, таңдана таңдай қағатындай келіндер көбейе берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мен мұны айтып отырғаным, біздің ауылда күні кеше ғана келін болып түсіп, бүгінде ардақты ана, аяулы жар болып отырған нәзік жанды қыз-келіншектеріміз аз емес. Осыған байланысты бір оқиғаны баяндай кетейін. Ауылымыздың шет жағындағы биік шатырлы үйде мұғалімдер отбасы тату-тәтті тұрды. Көздерінің қарашығындай болған жалғыз ұлдары Аман дегенде ішкен астарын жерге қоятын. Сол жалғыз ұл оқыды, әскерге барды, қызметке тұрды… Не керек әйтеуір үйленуге асықпады.

Сөйтіп жүргенде бір-ақ күнде ауылды дүр сілкіндіріп, көрші ауданнан келін алып келді. Қуанышқа жиналған жұрттың аузында тек жаңа түскен келін ғана болды. Тамсанғаны – тамсанып, көре алмағаны – қызғанып, сүйсінгені: «Қымбат деп кім қойды екен атын, шір­кін!..» – деумен болды. Талдырмаш, аққұба, шашы беліне оралған бота көз аруға бәрі де қызыға қарады. Ауыл-аймақ қателеспеді, атына заты сай, үлкен-кішіге үлгі болар жас келін бәріне де жақты. Таңертең ерте тұру, малды өріске айдау, самаурынға шай қою, ата-анаға ізет көрсетуді күлімдей жүріп атқарды. Келіннің әншілік өнерінің кө­рермендері, ең алдымен, көрші-қо­лаңның қарадомалақтары болды. Үйдің үлкендерін жұмысқа шығарып салғаннан кейін ауладағы жұмыстарды тыңдыра жүріп, неше түрлі әндерді сызылта орындайтын. Қолы бос кезінде үйдің төрінде қаңтарулы тұрған қара домбыраға да жан бітіретін.
Қазағым «келіннің аяғынан…» деп бекер айтпаған ғой, көпке үлгі отба­сының тасы өрге домалады. Үй отаға­сы қарапайым мұғалімнен мектеп директоры қызметіне көтерілді.
Шаңырақта іңгәлаған сәби үндері бірінен кейін бірі естілді… Арыстай үш ұл дүние есігін ашты. Серікжан, Берікжан, Ерікжан деп аттарын ата-әжесі қойды. Ынтымағы жарасқан, өнер ұялаған отбасында тәрбие көрген ұлдар да жақсы ержетті. Үшеуі қатар отыра қалып, домбырамен күмбірлетіп күй шертіп, асқақтата ән салғанда сүйсінбейтін жан қалмайтын.
Қымбат келіннің мейірімге толы жүрегі туған сіңлісі мен күйеу баласы жол апатынан бір-ақ күнде көз жұмып, арттарында шырқырап үш жетімі қалғанда тағы да шоқтығы биіктен көрінді. Ата-енесі, жан жолдасымен ақылдаса отырып осы көздері жәутеңдеп, бұғанасы қатпаған үш жетімекті тәрбиесіне алды. Жылдар сырғып өте берді… «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» алты баланы да ержеткізді. Бұған, әрине, үйдегі қайын ата, қайын ененің өмірлік тәжірибесі, үлгі-өнегесі, жарының қайырымдылығы да көп септігін тигізді. Қазір ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, өзі де құдағи, ене атанып отырған Қымбат ананың бүгінгі жас келіндерге айтар тағылымы, үйретер өнегесі баршылық. Қазағым­ның тәрбиесі, ең алдымен, ошақ басынан басталатыны баршаға аян. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл сөзді әр ата-ана жадыңда ұстаса, болашағымыз дұрыс бола ма» деген ой ғой менікі. Қымбат ананың өнегелі өмірі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, айналасына ашық қабақпен қарап, жадырап жүруі де бір ғанибет, барша аруларымызға үлгі боларлықтай. Қазақтың ару қыздарын өздерінің атына сай болуын әрдайым қалап келемін. Біздің аруларымыз, болашақ келіндеріміз жас кездерінен бастап бойларын таза ұстаса, жамандық атаулыдан, жат қылықтардан жырақ жүрсе, ұлттың көркейгені емес пе? Мені ойландыратыны – дәл бүгінгі таңда «біреудің ала жібін аттамайтын, қой аузынан шөп алмайтын», үлкен мен кішіге, ата мен анаға құрметпен қарайтын ұл-қыздарымыздың азайғандығы.
Соңғы кездерде ата-анасының бетіне алара қарап, тіл тигізетін жасөспірімдеріміз де көптеп кездесуде… Менің ойымша, осының бәрі – өз тілімізді ұмытып, Батыстың мәдениетіне еліктеп, соның неше түрлі әуездерін тыңдап, одан қалса, күнде теледидардан көрсетіліп жатқан түрлі сұмдық көріністерден пайда болған қасірет. Жастар еліктегіш келеді ғой. Өзгенің қаңсығы таңсық болып көрініп, өзіндегі барды бағалай алмай, байыбына бара алмай жататыны бар. Мұндай болмас үшін біз балаға бесіктен бастап ұлттық тәрбиені, әдет-ғұрыпты бойларына сіңіре бе­руіміз керек. Діңі берік, ділі мен тілі мықты ұрпақ жаһанда­ну­дың отына шарпылмай, ұлтына, еліне деген адалдығын, сыйластығын жоғалтпасы анық. Ежелден келе жатқан салтымыз бар, соны ұмытуға айналдық па? Қыз балаларымыз ұрпақ жалғастыратын болғандықтан, олардың тәрбиесіне жете көңіл бөлгені міз абзал. Хал­қымыз, ең алдымен, қыз балаларға ерекше қарап, оларды алақандарына салып мәпелеген. Ертеңгі ұрпақтың анасы, тәрбиешісі, ақылшысы деп білген. Сондықтан да «қызға қырық үйден тию» деген халық даналығына қайран қаласың. Сол қырық үйдің ең ірісі де, іргелісі де – ана мен мектеп. Өйткені ана – тәрбиенің тұтқасы, мектеп – тәрбиенің нұсқасы. Бірақ, өкінішке қарай, қазір өрімдей жап-жас қыздарымыздың теріс бағытқа бұрылып,шалыс басып жүргенін байқап, жүрегіміз сыздайтын кез­деріміз көп болады. Көшеде үлкен-кіші демей, ер кісінің бетіне сұқтана қарайтын, қарсы келгенді қағып, кесе-көлденең өткенді шалып, неше түрлі жаман сөз­дерге ауыздары толып, шеккен­дері – шылым, жүрген жерлері даңғаза айғай болған қыздарымыздың кейбірі 13-16 жас аралығында жүріп-ақ жүкті бо­лып, тастанды балалардың санын көбей­туде. Қанымызға жат мұндай әре­кет­терді көзімізбен көріп, құлағымызбен естігенде ана біткен кірерге жер таппаймыз. Жанымыз ашығандықтан, көрер көзге байқалып тұрған кемшілікті айта бастасаң, өздерін бейнебір кінәлап тұрғандай, дұшпанындай қарай бас­тайды. Үлкеннен ғибрат алу, сөзге тоқтау да адам баласына керек қасиет емес пе?! Ана болғаннан кейін, өзің де бала өсіріп, тәрбиелеп отырған соң, барлық жастарды өз балаңдай санап, бойларынан жат қылықтар көрсең, қынжыла бастайсың. «Шіркін, осы бір бала тәп-тәуір азамат болып өсуші еді, әттең, мына бір қылығын түзеп жіберсе» дейсің іштей. Ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан солқылдақ тұстарымызды нығайта түсуіміз қажет-ақ. Бұл қазіргі заманымыздың шындығына айналды.
Осы шындық бір өлең жолдарында:

Қайғырар да – ата-ана, қиналар да,
Қайда кетті ақыл-ой құйған арна?
Лыпасызды көресің киноларда
Білесіз бе, қызыңыз қайда болды?
Баласы бар балалар пайда болды! – деп бізге, яғни аналардың бетіне қара күйедей басылып айтылған жоқ па? Сол үшін енді ғана есейіп, он екіде бір гүлі ашылмаған ару қыздарымыз аналарының атына кір келтірмей, ар-ұяттан аттамаса екен деп ойлайсың. Біз – текті халықпыз. Соны еш уақытта естен шығармай, ата-бабамыздың аманатына қашанда адал болуымыз керек. Әр адамның бұл өмірдегі өсіп-өнуі айналасынан алған тәрбиесіне байланысты болып келеді. Абай атамыздың «кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі» деуінде үлкен мән жатыр-ау, сірә! Тәрбиенің дәнегі, негізі балалық шақтан басталады ғой. Балалық кездің бал уыз кезеңдері адамды небір қиялға, асқақ армандарға жетелейтіні белгілі.
Аруларымыз бен қыз-келін­шектеріміздің, өскелең ұрпағымыздың жақсы болып өсулері үшін қолдан келген кө­мекті аямай, білгенімізді айтып, ақыл­дарына ақыл қосып отырғанның еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Ата-бабамыздың бізге аманаттап кеткені – Жер-ана – Отанымыз, туған тіліміз, салт-санамыз, дініміз бен діліміз. Осыларды көздің қарашығындай сақтап, тәрбиенің құралына айналдыра білсек, ел аманатын ақтағанымыз, ар-намысымызды сақтағанымыз деп білемін.


Гүлсім Қыстаубаева,

Павлодар,

«Ана тілі».

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Шашыңды қима, бойжеткен, қырсық шалады!

Кісінің көркі болып саналатын шашта кие болатыны бағзыдан айтылатын болжам. Шашқа қатысты ырым, нанымдар да, ...