«Кінәлі табылды»: Шамалғандағы пойыз апаты үшін кім сотталуда?

2624

Фотоколлаж

Алматы облысының Шамалған станциясында болған апатқа қатысты сот отырысы 5 айдан соң  басталды. Қаскелең қалалық сотында қаралатын шулы істе айыпты ретінде тек бір ғана адам қарастырылған, ол – сол күні кезекшілікте болған диспетчер Досбатыр Ахметжанов. Өмірінің жартысын темір жол өткелін күзетуге арнаған 60 жастағы Ахметжанов өзіне тағылған айыптармен мүлдем келіспейді.

Оқиғаға куәгер ретінде 80-нен астам адам тартылған. Тек 5 және 3 жастағы балаларымен бірге зардап шеккен Эльмира Жаныбекова ғана жәбірленуші ретінде танылып отыр.

«Ірі көлемде мүліктік шығын әкелді. Абайсызда бір адамның  өліміне әкеп соқты. Ауыр және орташа зиян келтіретін дене жарақаттарын тудырды. Досбатыр Ахметжанов өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамай, темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережелерін бұзған. Демек ол ҚР ҚК 344-бабының 2 бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған. Ахметжановқа қатысты айыптау актісін толығымен қолдаймын», - деді жарты сағат айыптау актісін оқыған Жетісу көлік прокуратурасының прокуроры Е.Сапаев.

Айыптау актісінде апат салдарынан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қарасты «Жүк тасымалы» компаниясы 6 миллион 744 мың теңгенің зиянын шеккені көрсетіліпті. Сондай-ақ, жүк пойыздары кідіріп, заңды тұлғаларға 1 миллион 95 мың теңгенің шығыны келген. Қаскелең автобус паркі де 2 миллион 431 мың теңге шығынды қарапайым диспечерден өндіріп алмақ. Досбатыр Ахметжановтың «әрекетінен» келген залалдың жалпы соммасы 10 миллион 316 мың 389 теңгені құрайды. Бұл миллиондарға моральдық шығындар әлі қосылмаған.

Куәгерлікке автобус ішіндегі жолаушылардан бөлек, кептелісте тұрған жүргізушілер де шақыртылыпты.

«Кептеліс болғанда біраз адам өткелге жетпей түсіп қалған. Мен де баламмен бірге автобустан шығып, басқа көлікке отырайын дедім де, таксиге тағы 100 теңге шығындап қайтем, отыра берейік деп ойладым. Алыстан пойыздың жарығы көрінгенде автобустағы адамдар есікке жүгіріп, айғайлай бастады. Апат алдында диспечердің келе жатқан пойыздың алдына қарай, сосын автобустың алды-артына жүгіріп жүргенін көрдім. Біраз уақыттан соң ғана есік ашылып, жолаушылардың бәрі басылып-жаншылып сыртқа ұмтылды. 12 жастағы ұлым болған қасымда. Елдің соңына қарай ұлымды автобустан шығарып үлгергенім сол еді, пойыз автобусты келіп соқты. Есіктен шығып бара жатқанда жүргізушінің рулге қатты жабысқан қалпында басын төмен салып отырып қалғанын көрдім», - деді куәгерлердің бірі Айгүл Алдабергенова.

Қос прокурор өткел кезекшісі дер кезінде машиниске жылдамдықты тежеу туралы хабарламаған, апатты жағдайдың туындағаны туралы дабыл көтермеген деп отыр. ҚР ҚК 344 бабының 2-бөлігі (Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет) бойынша сотқа тартылатын Ахметжановтың қылмысы дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Алайда, күдіктінің адвокаты тергеу амалдары біржақты жүргізілген деп санайды. Оның пікірінше, ұзақ жыл шешілмей келе жатқан түйткілді проблеманың ақыры апатқа әкелуін шенділер әлсізді айыпты қылу арқылы құтылмақ.

«Жүргізілген тергеу дұрыс емес. Айыптау тек біржақты жүргізіліп, біздің дәлелдерімізге көңіл аударған жоқ. Қылмыстық істі қысқарту керек еді. Ахметжановтың еш кінәсі жоқ. Біздегі құқық қорғау органдарының қатесі – біреуді кінәлі ғып шығару. 60 жастағы Досбатырдың өмірі осы темір жолда жұмыс істеумен өтті. Апатқа дейін тек жақсы қырынан танылған. Сараптама қортындысымен келіспейміз, тергеуге қайта жіберу керек», - деді Ахметжановтың  адвокаты Шамиян Жайылханов.

Алғашқы сот отырысына қос сәбиімен бірге апаттан ауыр жарақат алған жәбірленуші Эльмира Жаныбекова мен марқұмның (жүргізуші -авт.) жесірі Лейла Жарылғасова қатысқан жоқ..

Еске салайық, былтыр 15 қыркүйекте Шамалған станциясындағы темір жол өткелінде пойыз бен автобустың соқтығысып, салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болған еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

"Азаттық рухы"

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket