"Атамұрадан" мың кітап!

2809

2020 жылғы  9  қаңтарда  сағ. 11.00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР  Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында «Атамұра» корпорациясының Ұлттық кітапхана қорына аса бағалы әрі құнды 1000 кітабын сыйға тарту  рәсімі өтті.

Кітапханадағы төбелі төрдің тізгінін қолына алған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры, айтыскер ақын Серік Қалиев бүгінгі алқалы отырыстың мән-мағынасын айтып, шараның маңыздылығын түсіндіріп өтті. Ұлттық кітапхана қорына бағалы сыйлығын әкеліп отырған «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед корпорацияның болашақта да қазақ дүниетанымына қызмет ете беретінін атап өтті.

Отырыста сөз алған Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Мұрат Әуезов сынды зиялы қауым өкілдері бұл шараның болашақ үшін өте үлкен сый екенін айтты.

Ел тәуелсіздігінің көк туын желбіреткен жылы-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құрылған «Атамұра» баспа корпорациясы өзін тәуелсіздіктің құрдасы деп санайды. Ол шағын кәсіпорыннан бастап оқулықтармен қатар энциклопедиялық және балаларға арналған басылымдар, анықтамалық, ғылыми және ғылыми-танымдық әдебиеттер, сөздіктер, көркем проза мен поэзия, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері мен полиграфиялық өнімнің барлық түрлерін шығаратын үлкен корпорацияға дейінгі өсу жолынан өтті.

 

Бүгінге дейін «Атамұра» корпорациясы «Атырау», «Қарағанды», «Маңғыстау», «Ақмола», «Астана» сынды аймақтық энциклопедиялармен бірге белгілі қазақ ғалымдарының, және қоғам қайраткерлерінің еңбектерін сапалы шығаруы отандық кітап мәдениетінің ірі жетістігіне айналды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ және орыс тілдеріндегі «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптары, «Атамұра» кітапханасы» сериясымен 150-дан астам ақын-жазушылардың туындылары, сонымен қатар балалар әдебиетін қолдау, насихаттау мақсатында «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериясымен бүлдіршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітаптар, ертегілер, мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық кітапшалар басылып шықты.

Корпорация Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» дипломымен марапатталды. Парижде корпорацияға Өндіріске ықпал ету ассоциациясының (SРІ) алтын медалімен, Женевада Халықаралық Алтын жұлдызбен, Мальтада «Хрусталь рыцары» дипломымен, «Еліміздің үздік баспасы «Алтын жұлдызымен» марапатталды. Нью-Йорк (АҚШ) қаласында Халықаралық «Quality Summit» Платина сыйлығына ие болды. «Атамұра» корпорациясы ТМД елдері бойынша Мәскеу қаласында өткен кітап көрмелерінде бірнеше рет арнайы дипломдармен марапатталды.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket