Қазақстанда 5 жылда 30-дан аса әуе апаты болған

3686
Adyrna.kz Telegram

Ұшақ әлемде ең қауіпсіз көлік түрі саналғанмен, жер шарында күніне орташа есеппен оннан аса ірілі-ұсақты әуе көлігінің апаты тіркеледі екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – БҰҰ-ның мәліметі. Ал біздің елде 5 жылда 30-дан аса әуе апаты болған. 80-нен астам азаматымыз көз жұмған. Қайғылы оқиғаларға негізгі себеп не?

2013-тен бастайық. 2013-тің 29 қаңтарында дәл осы Алматы қаласының әуежайына шамамен 5 шақырым қалғанда «Көкшетау-Алматы» бағытында ұшқан «SCAT» әуе компаниясының «Challenger-200» ұшағы апатқа ұшырады. Мұқым халықтың қабырғасын қайыстырып, ол кезде 21 адам опат болып еді. Енді міне, тағы да сол Алматының маңында апат. Бірнеше адамнан көз жаздық. Мерт болғандардың саны әлі де өсуі мүмкін.

Бұл биылғы бірінші апат емес. Наурыз айының соңында Қызылорда облысында Ми-8 әскери тікұшағы апатқа ұшырады. «Тергеу қорытындысы бойынша комиссия тікұшақ күтпеген метеорологиялық факторлардың кесірінен апатқа ұшырады деген шешімге келді. Ол кезде 13 адам қаза болды. Олардың 12-сі Ақтау гарнизонының авиациялық бөлімшесінің әскерилері еді. Елді алаңдатқан жағдайға орай еліміздің қаһармандары пікір де білдірді.

Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның халық қаһарманы:

– Соңғы жылдардағы әуе апаттарынан қаншама асыл азаматымыздан айырылдық. Өкінішті жайт, ұзын-сонар тізім жүрегімді ауыртады. Әуе апатының көбеюінің басты себебі – ескірген ұшақ. Авиацияға қатысы жоқ менеджерлердің осы саланы басқаруы жарға жығады.

Мұхтар Алтынбаев, армия генералы:

– Қазақстандағы азматтық және мемлекеттік авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қазіргі жүйесі тиімсіз. Азаматтық авиациядағы сертификаттау, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалау функцияларының бір органның қарауында болуы қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етпейді. Статистикаға жүгінсек, 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстанда 30-дан астам әуе апаты болып, олардан 85-тен аса адам қаза тауыпты. Бұл сертификаттау мен қадағалау рәсімдерінің сапасы төмен екенін білдіреді.

Талғат Мұсабаев, Қазақстанның халық қаһарманы:

– Ұшу қауіпсіздігін бақылап, қадағалайтын және авиациялық оқиғаларды зерттеумен айналысатын жеке мемлекеттік орган құрған жөн. Ол орган азаматтық және басқа да авиация түрлерінде ұшу қауіпсіздігіне қатер келтіретін кез келген талап-әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ оған айыпты тұлғаларды жауапкершілікке тарту құқығы, құзыры мен мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

Енді әлемдегі жағдайды айталық. Биыл 11 ақпанда Мәскеудің Домодедово әуежайынан ұшып шыққан «Саратов авиалиниясы» компаниясының Ан-148 ұшағы Ор қаласына бет алған еді. Алайда екі минут өтер-өтпесте апатқа ұшырды. Борттағы 65 жолаушы мен алты экипаждың барлығы мерт болды. Наурызда тағы да апат. Бұл жолы Эфиопияда. Ethiopian Airlines әуекомпаниясының 737 MAX ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін бірнеше минут өткен соң апатқа ұшырады. Апат салдарынан 157 адам мерт болды. Апаттан кейін сарапшылар жаңа Boeing ұшағының борттық жүйелеріндегі проблемалардың болғандын айтты. Ұшқыштардың сәуір айында жарияланған соңғы сөздері бұл болжамды растады. Ал желтоқсаның жиырма бірінде, яғни бір апта бұрын Венесуэла астанасының әуежайына жақын маңда жекеменшік Beechcraft 100 King Air ұшағы апатқа ұшырап, тоғыз адам қайтыс болды. Дәл осы желтоқсанның бірінде АҚШ-та шағын ұшақ апатынан 9 адам қаза тапты. Жалпы БҰҰ санағы бойынша.

Қорған Төреқожа, тілші:

– БҰҰ-ның санағы бойынша, ұшақ апатының 50% пилот жіберген қателіктерден болады. 7% экипаждың өзге мүшелерінің себептерінен туындайды екен. Ал 22% жағдайда техникалық ақаулар, 12% жағдайда ауа райының қолайсыздығынан болады екен.

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. Сағат 07:22-де «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ мәліметі бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тапқан.

Ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында Дана Круглова есімді әріптесіміз де бар. Ол Informburo.kz ақпарттық порталында шығарушы редактор қызметін атқарды. Дана небәрі 35 жаста еді. Ол Жаңа жыл мерекесін елордадағы ата-анасымен қарсы алмақ болып жолға шыққан екен.

Сондай-ақ Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы да Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапты. Генерал-майор Рүстем Қайдаровтың қазасы туралы ақпаратты қоғамдық бірлестіктің мүшелері растады.

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Ұшақта 4 айлық бала да болған. Нәресте апаттан аман қалды. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметі де баспасөз мәслихатын өткізді. Орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты «Апаттан мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Көз жұмғандардың туған туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев.

Пікірлер