Түрмедегі соңғы күн: Қайрат Рысқұлбековтің өліміне кім кінәлі?

838

Желтоқсан оқиғасының құрбандарының бірі, "Халық қаһарманы" Қайрат Рысқұлбековтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Биыл КСРО-ның ыдырауын жеделдеткен Желтоқсан оқиғасына 33 жыл толып отыр. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыдағы бұрынғы Брежнев алаңына мыңдаған жас жиналып, "қазақты қазақ басқарсын" деп, Колбиннің орнынан кетуін талап еткен болатын. Кеңес билігі жастарды алаңнан күшпен қуып, асқан қатігездікпен басып-жаныштады. Ұлтының азаттығы мен теңдігі жолында шыбын жанын құрбан еткен атпал азаматтың бірі Қайрат Рысқұлбеков болатын.

Бала Қайрат қандай еді?

Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік деген шағын ауылда дүниеге келді. 1973-1981 жылдары Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта білім алған. Бала кезінде күреспен шұғылданған.

Бауырмал, шындықты бетке тура айтатын тік мінезді, көпшіл, шыншыл еді. Сабақтан қолы босай қалса, кітапханаға асығып, кітап оқитын. Сөзге шешен болатын.

"Оның тағы бір қасиеті – қолында барын бөліп беретін жомарттығы мен ақ көңілдігі. Бір жағынан, Қайрат адам баласына, әсіресе жапа шеккен, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкентайымнан әкемнің туған апайының қолында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уақыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интернаттың басшылары бір күні оқушыларға киім үлестіре бастағанда, маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп беріп отырған шығар деп, көңілім әбден құлазып, мұңайып қалдым. Бұл 6-сыныпта болатын. Сол кезде Қайрат менің қасыма келіп: "Сәлима, сен бұған ренжіме, бұл киімдерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ретінде беріп отыр ғой", деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес", - деген еді бір естелігінде Қайраттың сыныптас құрбысы Сәлима Исаева.

Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева сауыншы, ал әкесі Ноғайбай бақташылық жұмыстармен айналысты.

"Қайраттың мінезінің қаңдай екенін туған анасы мен тұрмақ, жора-жолдастары және ұстаздармен қатар бүкіл ауылымыздың халқы бес саусақтай біледі. Басқа ұл-қыздарымнан ерекшелігі: ол ақ жарқын да ақ пейілді, ешкімнің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді. Оның үстіне өз замандастарының арасыңда үлгілі де қадірлі болатын", - деген еді Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева.

Қайрат мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, үздік бітірді. Осыдан кейін 1981 – 83 жылы Бірлік ауылындағы орта мектепке келді. Он жылдықты тәмамдаған соң, бір жыл Көктерек совхозында мал бақты. Ал 1984 жылы әскер қатарына шақырылады.  Әскери борышын екі жыл Амур өлкесіндегі Белогор қаласында өтеді.

1986 жылы мамырда әскерден ауылына оралады. Сол жылдың тамызында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түсті.

Соққыға жығылған қазақ қыздарына араша түсті

1986 жылдың 18 желтоқсаны, сағат таңғы сегіз жарым. Қайрат Рысқұлбеков екі мыңға жуық студентпен алаңға келді. 15 минуттан кейін полиция жасағы жастарға шабуыл жасайды. Жиналғандар жан-жаққа бытырап қашқан.  Қайрат Рысқұлбеков бастаған топ Байсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты көтеріп алады. Қолына таяқ ұстаған Қайратты бәзбіреулер суретке түсіріп алған.

Арада бірнеше уақыт өткеннен кейін, Қайрат аграрлық университеттің жатақханасында тұратын туысына барып, тамақтанып алмақ болады. Қайрат жатақхана алдына келгенде, сағат түскі он бірден асқан. Дәл сол кезде бір полицей қазақ қызын соққының астына алғанын көреді. Қайрат достарымен құтқаруға жүгіргенде, ол қашып кетіпті.18 желтоқсан, Абай-Ленин даңғылдарының қиылысы, сағат 12.00.

Қайрат пен Ертай (Желтоқсан оқиғасына қатысқан) сағат он екіде бірге жүрген достарынан адасып, Ленин даңғылымен солтүстікке қарай жүріп келе жатқан. Сол сәтте біреулерді аңдып тұрған полицейді көріп, бас салады. Оны бірінші Қайрат ұрады, артынан Ертай да тепкілеген. Таяқ жеген сақшы тек жеңіл жарақат алған. Қайраттың Желтоқсан көтерілісі кезінде жасаған бар қылмысы осы ғана еді.

Қайрат Рысқұлбековке қандай жала жабылды

1987 жылы 1 қаңтар күні түс кезінде полиция Қайратты нағашы ағасы Мәйдібек Асанбаевтың үйінен ұстап әкетеді. Куәгер ретінде сұралады деген желеумен оны сол күні Алматыға алып кеткен.

"Үйден шығып бара жатқанда, оразасын ашсын деп, айран бердім. Соның жартысын ішті де, шығып кетті", - деп еске алды нағашы жеңгесі Рәзкен Асанбаева.

1987 жылдың 25 мамырында Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Түгелбай Тәшенов пен Қайыркелді Күзембаевқа қатысты сот процесі басталды. 16 маусымда бір-ақ аяқталды.

Қайрат Рысқұлбеков отбасына жазған хатында бір милиционерді қазақ қызын жығып, шашынан сүйрегені үшін жабыла сабағандарын жазған. Бірақ, тергеушілер зымиян әрекеттерімен Рысқұлбековке неше түрлі айла-шарғы қолданып, оны адам өлтірді деп айыптайды.

18 желтоқсан күні түскі он бір жарым мен он екінің аралығында мемлекеттік телеорталықтың жас инженері Сергей Савицкий ауыр соққы алып, 19 желтоқсанда ауруханада көз жұмды. Куәгерлер бұған Қайратты кінәлаған.

Тергеушілердің айыптау қорытындысы бойынша Қайрат Рысқұлбеков 18 желтоқсан күні түскі он екілер шамасында Савицкий деген жасақшыны бір топ баламен тепкінің астына алып, аяусыз өлтірген. Бірақ Қайрат соңғы демі шыққанша өзінің ақтығын айтып, сөзінен танған емес.

1987 жылы 16 маусымда Алматыда сот шешімі шығады. Соттың шешімі бойынша Қайрат Рысқұлбеков 18 желтоқсан күні қалың топпен бірге 9 автокөлікті өртеп, 152 машинаны зақымдаған. Тағы 326 милиционер мен 196 солдатты жаралап, ауруханаға түсіруге қатысқан. Мемлекетке 302 мың 644 сом зиян келтірген.

Қайрат Рысқұлбеков өлім жазасына кесілді. Сотта соңғы сөз берілгенде:

"Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар

Алам десең, алыңдар.

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты құрбандық.

Атам десең атыңдар!" - деп сот үкімін қасқайып қарсы алған.

Артынша 1988 жылы 23 сәуірде ату жазасы өзгеріп, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Түрмедегі жұмбақ өлім

Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы 21 мамырда Семей түрмесінде көз жұмды.

Сот үкімінен кейін Қайрат Рысқұлбеков сол кездегі ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейтін Свердловскідегі түрмеге бет алады. Алайда белгісіз себептермен Семейдің түрмесіне жеткізілген. Қайраттың Семей түрмесінде қалай көз жұмғаны әлі күнге дейін құпия болып келеді.

Кеңес тергеушілері Қайрат үшін 20 жыл түрмеде отыру ату жазасымен пара-пар көрініп, ол өзімен камералас қылмыскердің жейдесіне асылып өлді деп сендірді. Бірақ кейбір саясаткерлер Қайрат өз-өзіне қол салды дегенге әлі күнге дейін күмәнмен қарайды.

"Камерада өліп жатқан баланы ең алғашқы көрген – милиционер. Камераның есігінде кішкентай терезеше болады. Сол терезешеден қарағанда Қайрат бүк түсіп жатыр екен. Ал адам асылатын болса ол қатып қалады, серейіп. Ал ол бала екі тізесін құшақтап, бүрісіп жатыр деген еді. Ал енді сол адам сол кездегі сөзінен айнып қалды", - деген еді сұқбаттарының бірінде Қайрат Рысқұлбековтың өмірі мен өлімін зерттеушілердің бірі Сейіткерім Қожаназар.

Қайрат Рысқұлбеков Семейде жерленген.

Желтоқсан көтерілісінің құрбаны еліміз егемендік алғаннан кейін 1992 жылы толығымен ақталды. Оған "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Қайрат Рысқұлбековтің хаты

"…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып "күл болмасаң, бүл бол" деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық "намыс" баршылық. Оның үстiне "қыздың жолы жiңiшке" деген. Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз, я болмаса тұяғын көтермейдi. Ал, бiз бәрiмiз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтерiп, қол жұмсауға тиiс емес, әуелi еш правосы жоқ. Мiне, қысқаша айтқанда, осындай түсiнiкпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бiр көмегiмдi бергенiм де рас. Ол үшiн әлi күнге дейiн еш өкiнбеймiн, керiсiнше, үлкен мақтаныш тұтамын.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

Бiрақ та, бiр Құдай өзi куә, адам баласын еш өлтiргенiм жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзi, сормаңдай менiң қолымнан келмейдi. Еш уақытта, ешқашан да… Ал, әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана".

https://sputniknews.kz/spravka/20191216/12312494/Qairat-Rysqulbekov-omirbayan.html

Пікірлер