«Әже» атансам деген арманым бар»

714

Айгүл ҚОСАНОВА, дәстүрлі әнші:

– Айгүл, ертең көптен күткен кешіңіз де өтейін деп отыр. Туған жердегі концертке ерекше дайындықпен келген боларсыз?
- Әрине. Елге есептік концертімді беру – көптен ойымда жүрген еді. «Кез-келген нәрсе – сәтімен» деп жатады ғой қазақ. Сәті осы күнге түсіп тұрған болуы керек, оның үстіне 14-наурызға әдейі қойып отырмыз. Бізде Батыста 14-наурыз амал мерекесін ерекше тойлайды, бір-бірімен көрісіп жатады. Менің ауылдан кеткеніме 20 жыл болыпты. Сондықтан, осы кешті амалға арнайы қойдық.Жалпы, 2007 жылы Алматыда «Айнамкөз» деген атпен кешім өткен. Ертеңгі концертті сол бастаудың жалғасы десек болады. Алматыны – үлкен өнер ордасы дейміз ғой. Сонда концерт бергеннен кейін көп әншілер іле-шала Астанада, облыстарда жалғастырып жатады. Бірақ, мен отбасылық жағдайыма, жұмыс бабына, Үкіметтік гастрольдер бар, Қазақстанның мәдени күндері деген сияқты себептерге байланысты ондай «сапар» жасай алмадым. Алайда, араға бір жыл салып, сол үзілісті туған жерімде жалғағалы отырмын. Концерт өткізу – қарапайым халық үшін бір-екі сағаттық оңай іс сияқты көрінуі мүмкін. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген концерттің үлкен жұмысы және бар. Оны бір адам ғана бітіре алмайды. Оның үстіне продюсерім болмағандықтан, барлық нәрсені өзім істеймін. Афиша шығару сияқты ұсақ-түйектің өзі көп уақыт алады. Қалай болса, солай бере салуға болмайды. Кез-келген іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын болғандықтан да, концертті іле-шала өткізе алмадым.
– «Ауылдан кеткеніме 20 жыл болды», – дейсіз, одан бері көп нәрсе өзгерді ғой… Танымал әнші ретінде елге жеке концерт беруіңіз алғаш рет пе?
– Иә.
– Онда, шынымен де «Амал» мерекесіне лайық кеш екен.
– Иә, сондықтан, араға 20 жыл салып келіп жатқасын кештің уақытын қатардағы күнге қойғым келмеді.
– Концерттік репертуарыңыз қалай? Эстрадалық әндерді көбірек орындайтын шығарсыз?
– Мен – дәстүрлі әншімін. Дәстүрлі әнші болып танылдым. «Журналистердің көпшілігі – эстрада әндерін айтып жүрсіз. Дәстүрлі әнді тастап кеттіңіз бе?» деп сұрайды. Мен – мұны орынсыз сұрақ деп ойлаймын. Мен домбырамды тастаған жоқпын, тастамақ ойымда да жоқ. Ол – менің жан серігім. Эстрада әншісі болып етене кіріп кеткен жоқпын. Кей концерттерде эстрадалық ән айтқанда әлі де қобалжимын. Өйткені қолымдағы микрофонмен жалғыз қалғандай боламын. Домбыраға әбден үйреніп қалғанмын, қасымда серігім жоқ сияқты өзім жалғызсырап тұрамын. Кез-келген нәрсе уақытпен келеді ғой. Сондықтан эстрада жанрына уақытпен келген кезде жақсы болып шығатын шығар, бірақ домбырамен өзімді сенімді, еркін сезінемін. Домбырамен шыққан кезде көп нәрседен қорықпаймын.
– Эстрадалық жанрды домбырамен қатар алып жүру қиын ба?
– Бұл – заманның талабы. Шындығын айту керек, дәстүрлі әннің тыңдарманы азайып барады. Орта буын мен аға буын жақсы тыңдауы мүмкін. Жас буынның көпшілігі дәстүрлі әнді тыңдамайды. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Ал, жалпы мен эстрадаға көштім деп айта алмаймын. Бірақ өзімді сынап көрдім. Эстрадамен айтқан ең алғашқы әнім – Саят Медеуовпен орындаған Нұрғиса Тілендиевтің «Келе жатыр құс қайтып» әні еді. «Ән мен әншінің» «Жұлдызды жұп» кешінде шықтық. Осыдан кейін жақсы пікірлерді естідім. Қолымнан келетін шығар деп әрі қарай көре бердім. Осы уақытқа дейін халық ішінен, журналистер тарапынан “сіз” тек домбыраны қойып кетпеңізші деген өтініш болмаса, «эстрадамен айтпаңызшы» дегенді естіген жоқпын.


– Ертеңгі кеш неше бөлімнен тұрады?
– Концерт, жалпы, үш бөлімнен құралды. Алғашқы бөлімі, әрине, дәстүрлі ән. Оның ішінде жеті қайқының әндері, Маңғыстаудың әндері, халық әндері бар. Оның үстіне Батыс Қазақстан әншілік мектебінің жүгін арқалап жүргендердің бірі болғандықтан, Мұхиттың әндерін айтпай кетуіме болмайды. ХХ ғасырда сол Мұхит бабамыздың, жалпы Батыс Қазақстанның әншілік мектебін бізге жақсы танытқан ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін де репертуарыма қоспауға болмайды. Ол мүмкін емес. Ол кісінің биыл 100 жылдық мерейтойы да тойланбақ. «2009 жыл – Ғарифолла Құрманғалиев жылы» деп аталмақшы. Ұлттық консерваторияда шамамыздың келгенінше, концерттерді бастап та кеттік. Астанада, Алматыда, Ғарекеңнің туған жері Оралда, Қаратөбеде, Маңғыстауда, Атырауда, Ақтөбеде өтеді деген жоспарлар бар.
Концерттің бірінші бөлімінде домбырамен айтылатын әндер. Мен домбырамен, эстрадамен ғана емес, фольклорлық ансамбльмен бірнеше ән жазғанмын. Сол бағыттағы әндер екінші бөлімде. Әнші тек қана дәстүрлі әнді айтып қана жүре бермеуі керек. Өзін жан-жақты сынап көруі керек. Сосын халыққа ұсынсын. Әншіні бар қылатын да, жоқ қылатын да халық. Сыншы да халық. Халықтың сынынан өтсең, халықтан жақсы баға алсаң ғана, сол жанрда ары қарай айтуға мүмкіншілігің бар сияқты көрінеді маған.
– Дәстүрлі әнді таңдауда жол сілтеп, кеңес беретін адам бар ма?

– Бұрыннан бала күнімнен аға болып, ақыл-кеңесін беріп отыратын Светқали Нұржанмен ақылдасамын. Осы концертке қатысты ол кісінің бірнеше ұсынысын қабыл еттім. Әсіресе, жеті қайқының әндері жоғалып кетпесін деп бірнеше әнді таңдауыма кеңес берді.

Өте жақсы таңдау болды. Жастар дәстүрлі әнді тыңдамайды дей бергеннен, тыңдамауы мүмкін. Сондықтан біз олардың жадында қалуы үшін Маңғыстауда жеті қайқы деген дүлдүл әншілердің өткенін тағы сол сияқты асыл мұраларды насихаттай беруіміз керек.
– Кеште Алматыдағы бағдарламадан бөлек, жаңа ән бар ма?
– Дәстүрлі әндердің ішінде аз. Шығарылмаған жеті қайқының әндері бар.
– Ал, эстрадалық жанрда жаңа ән бар ма?
– Екі-үш ән бар. Оның біреуі – Анар Шамшадинованың сөзіне жазылған «Ақынды аңсау» деген Мұқағалиға арналған жас композитор Гүлнар Беримованың әні. Екінші ән – Қарлыбек Жанмағамбетовтің әні «Аяулым, асыл Ақтауым».
– Дәстүрлі әнге клип түсіру ойыңызда бар ма?
– «Айнамкөзге» клип түсірмек болғам. Бірақ әннің аранжировкасы әлсіз. Басқа аранжировка жасау көп уақытты қажет етеді. Оны бір күнде жасай салуға болады. Бірақ менің ойымда басқа, сол бойынша бір аранжировщикке бердім. Ол кісі біраз уақыт созып алды да, қалып қойды. “Темірді ыстық кезінде соқ” демекші, әр нәрсе өзінің пісіп, тағаты жетіп тұрған кезде істемесең, сол күйі қалып қояды екен. Қазір бұл жоспар аяқсыз тұр. Бірақ негізі ойымда бар. Концерттерімді берген соң мүмкін кірісермін.
– Айгүл, жеке басыңызға қатысты сұрақ қойсам. Үйреншікті сұрақтардан аулақ болғым келіп отыр. «Не ұнайды, не ішесіз, не киесіз?» дегеннен гөрі оқырманның сіздің образыңызды жақынырақ тануына жол ашатындай қылып қойсам,.. Мәселен, сізді қатты шаршататын не?
– Түсіндім. Қатты шаршататын – күйбің тіршілік. Әйел адамның үйдегі шаруасы бітпейді ғой. Істегенің көрінбейді. Күнде-күнде бір нәрсе айналып келе береді. Ол енді біздің міндет. Жасауымыз керек қой. Оның үстіне балаларым – әлі жас. Кішкентай. Және концертке дайындалғаныма үш айдың ар жақ бер жағы болды. Ән жазу, жаңадан диск шығардық дегендей. Соның барлығы – көзге көрінбейтін жұмыс. Дайын тұрған кезінде жақсы. Дайындау барысы өте қиын. Оны білген адам ғана түсінеді.
– Әншілікті – өмірлік жолыңыз ретінде таңдадыңыз ғой.
– Иә. Оған ешқандай өкініш жоқ.
– Үлкен мақсатыңыз бар ма, жеткіңіз келетін?
– Өзімді өнер адамы деп есептеп, өнер жолында жүргеннен кейін халықтың жадында жақсы әндеріммен, өнегелі істеріммен, өнеріммен мәңгі қалсам деймін.
– Осы еңбегіңізбен де халықтың аузындасыз. «Қазақ радиосының» «Алтын қорында» атыңыз да, даусыңыз да қалады. Мақсатыңызға қолыңыз жетіп қойған сияқты емес пе?

– Армансыз адам болмайды. Мақсат деген өте көп. Жеке өмірімде, әйел адам ретінде мен балаларым аман болса екен, балаларымның азамат болғанын көрсем, ел үшін, қазақ үшін бір кірпіш болып қаланғанын көрсем деймін. Солардың баласын бағып, әже атансам деген арманым бар.

– Құдай сол арманыңызға жеткізсін!

-  Рахмет!


Сұқбаттасқан 
Алмас ҰҚАН

Пікірлер