Жоламан ҚҰЖЫМАНОВ, дәстүрлі әнші: Ән жүрекпен айтылса…

3346
Adyrna.kz Telegram

– Жастар тарапынан домбыраны заманға қарай икемдеп, жаңаша түрлендіруге қалай қарайсыз?

– Көпшілік «Декко» деген жанр деп жатады. Меніңше, бұл жанр емес, синтез, яғни ескі мен бүгінгінің қосындысы. «Ұлытау» секілді шығарманы бұзбай халыққа жеткізетін өнерпаздар болса, жаңашылдыққа қарсы емеспін.

–  Қазақ «ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» дейді…

– Жалпы өнер адамдарының жандүниелері ұқсас болып келеді. Жүрегінің қылын шертпеген әнді әнші халыққа жақсылап жеткізеді деп айта алмаймын. Нағыз әнші сазды жүрегімен қабылдап, жүрегімен халыққа жеткізу керек. Үлкен сезімталдық болмаса, шынайы өнер тумайды.

– Әрбір әншіні шырқау көкке көтеретін ән болады. Сіздің жүрек қылыңызды шерткен қандай шығарма?

– Өзімнің туған жерім – Семей облысына қарасты Ақсуат ауылы. Әкем жұмыс бабымен Қарағанды облысындағы Қарқаралыға көшіп барып, сонда дүниеге келдім. Марқұм Қали Байжанов секілді әншілердің айтқан әндерін, әңгімелерін бойымызға сіңіріп қалуға тырыстық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп халқымыз бекер айтқан ба? Сол кезде Мәдидің әндерін тебірене айтушы едім. Мысалы, «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара» әндері керемет емес пе?! Қасым Аманжоловтың әндерін шырқаудан жалыққан емеспін. Үлкен сахнада орындалған Абайдың «Қараңғы түнде тау қалқып» әні ел ықыласына бөленді. Қайта-қайта сұрап жатады. Сол әнмен байқауға қатысып, лауриат атандым. Жүрегіме жақын ән жақсы қонды. Одан кейін Үкілі Ыбырайдың «Толқын», «Шалқыма» әндерін жаныма серік еттім.

– Продюсерлердің қолдан әнші жасап шығару үрдісі белең алды. Дауысы түгіл, өзіндік талғамы да жоқ әншісымақтар қаптап кетті...     

– Мұндай келеңсіздік анда-санда кездессе, бірсәрі. Соңғы кезде тіпті көбейіп барады. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді ғой. Қазақ эстрадасы десе, үлкен кісілердің төбе шашы тік тұрады. «ДосМұқсанды» ел осы күнге дейін сағынышпен еске алады. Олар дәстүрлі әндерді де июін қандыра орындайтын. Қазіргі кейбір орындаушыларды естімек тұрмақ, теледидарды сөндіріп тастағын келіп кетеді.

– Сайтанды алдап соққан Алдар Көсе «Халәйлімім бітсе, Әләйләуім бар» демеуші ме еді. «Ойлай берме» деген сөзді 30-дан аса қайталайтын Ринат Гайсин секілді дүбәра әншілердің ұлттық нақышта өнер көрсететін сіздерден де дақпыртты, дабыралы болып жүргені жаныңызға бататын болар?..     

–  Батуын батады. Бірақ, халықтың сұранысымен бәрі қалпына келеді деп ойлаймын. Фонограммамен ән айту деген бар. Өзін білесін, әнді алдын ала жазып алып, сахнада әнші аузын құр жыбырлатып қана тұрады.  Егер фонограммаға тыйым салынса, өтірік әншілердің бәрі далада қалар еді.

– Ұлттық әннің өзі – тәрбие…

– Әлбетте! Тал бесіктен бастап…

– Қазақтың көңілді деген әндерінің өзінің астарында мұң бар секілді. Бұл қуаныштың өткіншілігін білдіретін дала философиясы деуге келе ме?

–  «Ақ көйлек» деген халық әні бар.    

Дүние өтіп барад шыр айналып,

Өтерін бұл дүниенің жүр ойланып.

Барында оралынның ойна да, күл

Келгенше кім бар, кім жоқ жыл айналып, ­- деп келетін өлең жолдары да сенің пікіріңді қуаттай түседі. Байқасаң, «Уақытында ойнап-күл, бірақ, ертеңгі күніңді де ұмытпа» деген ой тастайды. «Өмір қамшы сабындай шолақ» деген ғой. Қандай ойнақы, көңілді ән болса да, ешқашан тәлім-тәрбиелік маңызын жоғалтпайды.

– ­Белгілі тұлғалар елге ақыл айтуға құмар болғанымен, өз отбасына келгенде ақылы «ақсап» жатады. Сіз өз жанұяңызға қаншалықты тәрбие дәнін еге алдыңыз?   

– Балаларыма үнемі тамыры тереңге кеткен тарихымызды, бабаларымыздың ерлігін айтып, олардың бойына ұлттық рухымызды сіңіруге тырысамын.

– Естуімше, домбыра жасайтын шеберлігіңіз де бар екен.  

– Қиялымдағы әуенді домбыра дыбысынан тапсам деймін. Белгілі композитор Әбікен Хасеновтың әйгілі «Қоңыр» күйін радиодан естігеннен кейін «неге осындай үнді домбыра жасап алмасқа» деген ой келді. Ұсталық өнерге әуестігім осылай басталды. Қазақ жақсы көргенін «қоңырым», «қарғам», «қара торғайым» деп жатады. Бұдан халқымыздың «қоңыр» сөзіне айрықша мән бергенін аңғарамыз. Әкем атшана, ер-тұрман, асадал және тағы басқа тұрмысқа қажетті заттарды өзі жасай беретін ұста болатын.

– Жаныңызға серік еткен сүйікті домбыраңыз бар шығар…

– Көптен қимасыма айналған домбырам үйде тұр. Дегенмен, арман-аңсарым болған домбыра әуенін әлі күнге таба алмай келемін.

– Өнер адамдарында сабақтастық деген болады.  Шәкірттеріңіз кімдер?

– Шәкірттен бұрын ұстаздарымды айта кетейін. Мектепте оқып жүргенімде-ақ Қайрат Байбосыновқа еліктеп жүрдім. Ауылдағы ұстаздарым Найманғазы Сақпанбаев, Рахмет Ноғайбаев, әншілік жолға түбегейлі жолға түскеннен соң Келдембай Өлмесеков, Ахат Әшіров, Тұрсынғазы Рахимов, марқұм Мәдениет Ешекеев және тағы басқалардан тәлім алдым. Шәкірттерге келсек, Телман, Нұртай, Ерлан, Еламан, Ербол, Саят, Жасұлан деген соңымнан еріп, ізімді басқан бір шоғыр інілерім бар.

– Халық әндерінің адам психологиясына әсерін айтып берер ме екенсіз…

– Он бала бір шаңырақтан түлеп ұштық. Оның төртеуі қыз бала. Қысқасы, алты ағайындымыз. Үйдің еркесі болып өстім. Еркелікпен таңертең сабаққа барғым келмей, ұйқымды қимай жатамын. Сонда әкем асүйде отырып, біз оянсын деп әдейі домбыра шертеді. «Қарагөз» деген әнді айтқанда менің де әкеме қосылғым келіп тұрады. Әннен кейін әкемнің тарихтан шежіре тарқатып әңгіме айтатынын білемін. Сондықтан апыл-ғұпыл киініп дастархан басына асығамын. Тұрып алғаннан соң амалсыз сабаққа баруға тура келеді.

Мынадай әңгіме естідім. Шетелде өзінің қазақ екендігін білмейтін жігіт ойда-жоқта домбыраның үнін естиді. Естіген сайын ойға батып, бойын сағыныш билейді. Бір жаққа кетіп қалғысы келеді. Бірақ, Отанының қайда екенінен де хабары жоқ. Демек, домбыраның қоңыр үні қазақтың қанында бар. Әлгі жігітке домбыраның дыбысы қан арқылы ақпарат берген. Көрдің бе, ұлы өнердің құдіреті қандай?

Кеңес үкіметі тұсында біз қайрымдылық концерттер беріп отыратынбыз. Өктем ұлттың өкілдері мұқатқысы келген болар, біздің оркестрді жындыхана ішінде өнер көрсетуге тапсырма берді. Бардық. Психикалық клиниканың ауласында сапқа тұрған қаз-қатар тізіліп аурулар қарсы алды. Барлығының жанарында мұң, әлдебір ойлылық бар. Тіпті сап-сау адамға ұқсайды. Концерт барысында көпшілігі ботадай боздап жылады. Оларды көріп біздің де жанымыз түршікті.

– Домбыра шертіп отырған сәтіңізде жаныңызды қандай сезім баурайды?

– Бәрі де көңіл-күйіме байланысты. Кейде ойнақы әуендерге қалай барғанымды байқамай да қаламын. Шаршап немесе әлденеге ренжіп тұрғанымда Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйі секілді мұңлы ырғақтар ырықыз өзіне тартып әкетеді. Содан жеңілдейсін, өз-өзінді жігерлендіресін.

– Жұмекен Нәжімеденов ақын ғана емес, әрі ғажайып күйші болғаны мәлім. «Қос өнер екі жақтап жанын азапқа салуын ақын жүрегі көтере алмады» деген пікірмен келісесіз бе?

– Өнер адамы барлық нәрсені жүрегімен қабылдайды. Сөйтіп жаны ғана емес, тәнінің әрбір жасушасы астан-кестен күй кешеді. Бірінен кейін бірі ақындығы мен сазгерлігі кезек-кезек жандүниесін аласапыран етсе, шаршамай қайтсін?

– Күй тартасыз ба?

–  Күйші емеспін. Бірақ «Сазген сазы» ансамблінің құрамында күйші болып жұмыс істедім. Тәттімбеттің шертпе күйлерін жаным сүйеді.  Сүгірдің «Қаратау шертпесін» жақсы көремін. 


Әңгімелескен Арлан АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер