Қазақтың әншілік өнерінде әншілігімен қоса, балуандығымен атағы кеңге жайылған Балуан Шолақтың орны ерекше. 1864 жылы туған Балуан қазіргі Жамбыл облысындағы Хан тауының етегін мекен еткен Ұлы жүз ішіндегі Дулаттан тарайтын Сәмбет руынан шыққан. Әкесі Баймырза Балуанның бала кезінде бір себептермен Арқа жеріне көшіп, сол жақта Көкшетау жерін мекендеп қалады. Оның азан шақырып қойған аты Нұрмағамбет еді. Кейін қолының басы күйіп (біреулер үсіп дейді) саусақсыз қалады.
Нұрмағамбет өзінің бір өлеңінде:
Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым олақ, — дейді, сөйтіп, Шолақ атанып кетеді. Ал «Балуан» деген сөз Шолақтың күшіне байланысты халықтың өзінің қосқаны.
Қайсыбір әнші-композиторлар тәрізді Балуанның да өмірінде махаббат тақырыбы үлкен орын алып, небір сұлу әндер тудырып, сезім толқыны шығармашылығына шабыт берген. Шолақтың өмірінде үлкен орын алған адамның бірі — Ғалия. Өйткені Шолақтың аты аталған жерде Ғалияның аты да тілге оралады. Тағдыр бұлардың арасын қалай шешсе де, тарихта Шолақ пен Ғалияның аты қоса аталады. Мәселенің олай болуына себеп те көп.
Ақмолада Тілеу атты дәулетті адам болған екен. Ол заманда жұрттың көзіне түсетін сегіз бөлмелі көк төбелі үй жалғыз Тілеуде бар еді. Ол Сұлтанай Қамза деген ноғай байының сенімді адамы болатын. Руы — Арғын, оның ішінде Аралбай, туып-өскен жері — Жаңа-арқа. Тілеудің үлкен әйелінен Ғалия, Мәрия деген екі қызы болады. Ғалия — сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнері төгілген шебер болған. Қазақ әдеті бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бой жеткен соң Ғалия ұзатылып барады. Бірақ көңілі сүймеген соң, Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан кейін Ғалия Қараөткелге қайта келеді. Әдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады.
Ақмолада Ғалия қымыз сататын әйелдің қасында жүреді. Өйткені ол заманда халықтың көп жиналатын жері сол ғана еді. Біреулердің айтуынша, өзі де қымызшы болған. Күндердің күнінде қымыз саудасы үстінде Ғалия Балуан Шолақпен кездеседі. Екеуі бір-бірін бірден ұнатып, есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады.
Бұлардың қосылуына кедергі — Тілеубайдың Біржаннан алып қойған қалыңмалы еді. Қалай дегенмен, мал төлеген адам күшті, Балуан Шолақ батыр болғанмен, жарлы, малсыз. Ғалияны алып кете алмайды. Сондықтан ол Көкшетауға барып, қырық жетісін алып келуге кетіп қалады. Азар болса, ағайыннан жиып алармын деген ойы болады. Ал Біржан болса, малын даулай, Ғалиядан күдер үзген соң, билердің сотына түседі. Сотта Ғалияның сөзі басым болып, әйелден бірінші рет дауға шыққан, әрі сұлу, әрі өткір Ғалия Біржанды еш уақытта сүймегенін айтып, оның өзін сабап қорлағанын бетіне басып, жеңіп шығып, басына бостандық алады. Біржан малдан да, әйелден де жұрдай болып қайтады.
…Көкшетау Балуан Шолақты жамандықпен қарсы алады. Балуанға жоғалған сексен өгіздің жаласы жабылып, өзі жоқ болған соң, оған тағы Семейде ұрланған бір топ жылқыны да тіркеп қояды. Сонымен, Шолақты түрмеге жабады. Шолақ кешігеді. Ғалия не істерін білмей, сасады. Оның үстіне, Біржанның адамдары Ғалияны Шолаққа қостырмау жағын қарастырады. «Шолақ бәлен жылға жер аударылыпты», «Балуанның елде тағы екі әйелі бар екен» деген сөздер таратады. Шолақ кешіккен соң, бұл әңгіменің бәрі Ғалияға рас болып көрінеді. Ол әрі-бері толқып, ойланып, әкесінің меңзеуі бойынша Есенжолдың Қанапиясы дегенге күйеуге шығады. Бірақ Балуан Шолақты өсектеген жұрт Ғалияны шатастырады. Қанапияның да әйелі бар болып шығады. Сөйтіп, Ғалия тоқалдыққа келген болады. Барып қалған соң, амалсыз біраз жүреді. Бірақ Қанапияға тоқал болып тұру Ғалия үшін үлкен азап болады.
Балуан болса, Ғалияны сағынады. Ғалияның хабарын біле алмай, Ғалияның атын әнге қосады. Оның үстіне, бұл кезде Балуанды Қараөткел түрмесіне ауыстырған болатын. «Ғалия дауысымды естіп, келер ме?» деген үмітпен, Балуан түрме әкімдерімен келісіп, қора ішіндегі бір аласа үйдің төбесіне шығып, домбыра тартып, ән айтуға ұлықсат алады. Шолақтың сондағы шырқаған әнін халық бірден қағып әкетіп, ол ән «Ғалия» деген атпен тарайды:
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім Ғалия дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Ойпырм-ай, жан сәулем,
Ғалия, көзіңнен.
Қосылып ем өзіңмен.
Бір көрінсең көзіме,
Айырылмас ем өзіңнен.
Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын,
Бүйте берсең діңкемді құрытарсың.
Хиуадан қосылған Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.
Шолақ неше түн ұйықтамай күтіп, күдерін үзбейді. Бірақ сонда да Ғалия бір келмейді. Ақырында түрме күзетшісі Балуанға суық хабар алып келеді. Ғалияның әлдеқашан алданып, тоқалдыққа кеткенін, барған жерінде жылап жүргенін айтады. Шолақ қатты күйзеліп, іштегі шерін Ғалияға арнаған тағы бірнеше әндерін шығарады. Көп ұзамай, түрмеден босап шығып, Тілеудің үйіне барып, Ғалияның жайына қанады. Ғалиямен біржола арасын үзіп, өзінің еліне, әйел, бала-шағасына қайтады. Ғалия болса, Қанапиядан кетіп, Қоянды базарына барып, қымыз сатады. Онда Семейден келген бір байдың баласы Ғалияға қызығып, қырық аттың пұлын қалтасына салып, Ғалиямен еріп Қараөткелге келеді. Арада бірнеше жыл өткен соң, Ғалия Қалиды ертіп Семейге келіп, оның бұрынғы әйелінен кешірім сұрап, өзінде бала болмаған соң, оның бір қызын сұрап алып, бойжеткен соң өз қолынан ұзатады. 1922 жылы Ғалия туберкулез ауруынан 35 жасында қайтыс болады.
Балуан Шолақ пен Ғалияның арасындағы оқиға осылай аяқталады. Оқиғаның бітісі қалай болғанда да, екеуінің сезімінің гимні іспеттес «Ғалия» әні қалады. Әннің алғашқы орындаушыларының бірі — Қайрат Байбосынов еді. Бұл күнде әншілер әннің екі нұсқасын орындайды. Әннің тарихы алғаш рет академик Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында жариялаған.
Бағлан БӘБІЖАН