«Алтын адам» ән салып жүр…

2824
Adyrna.kz Telegram

Шындығында, «Алтын адам» ән салып жүр. «Мүмкін емес, қай жерде?..» — деп таңдануыңыз ғажап емес. Басқа емес, ол ұлы Абай мен Шәкәрім, ұлы Мұхтар туған ежелгі Семей қаласында көне сақтардың көмекей әуенімен жыр айтып жүр. «Алтын адамның» аты-жөні — Серәлі Мұхамедсадықов…

Бір ғажабы, жоғары білімді құқық саласы бойынша меңгерген Серәлі жастайынан қазақтың тарихына, халқымыздың ежелгі, дәлірек айтсақ, о бастан сақтардың көне өнеріне өлердей ғашық болыпты. Міне, сол ұлттық тарихқа, өнерге деген ғашықтық жас жігітті ақыры сақтың көмекей әуенін жан-тәнімен меңгеруге жетелепті.

- Әсілінде, көмекеймен ән салу дәстүрі ежелгі сақтарға, яғни біздің ата-бабаларымызға тән. Бұл өнерді Алтайда қарқыра деп атаса, біздің халқымызда көмекей әуенін қарақыр деп атайды. Бұл негізінен сақтардың әскери әні саналады. Мұны осы өнердің қыр-сырына қаныға жүріп анықтадым. Жалпы, қарақыр әуені көп жағдайда Шығыс Қазақстан облысында пайда болған.

Ал осы өнердің «қонуына» келсем, менің ең үлкен, түп атам Байжұма бақсы деген танымал адам болған. Ол кісі көршілес Қытайда бақсылығымен танылып ғана қоймай, осы қарақыр әуенімен ауруларды емдеп, сырқатты қайтара білген. Тіпті сол Байжұма атам өзінен көмек сұрап келген адамның болашағын көмекей дыбыстары арқылы дөп басып, болжай білген де көрінеді. Сондай-ақ үлкен нағашы атам Арқарбай бақсы да қылқобызды тарта отырып, осы қарақыр әуенімен ән салған екен. Демек, маған осы ұлттық өнер арғы аталарымнан жұққан болуы мүмкін деп ойлаймын, — дейді бізбен әңгіме барысында Серәлі Мұхамедсадықов.

20 жылдан астам уақыттан бері көмеймен көсілте ән салып, арғысы Алтай, бергісі Тарбағатай өңірінің тұрғындарын таңдай қақтырып, таңғалдырып келе жатқан Серәлі бүгінде тәуелсіз қазақ елінің басты брендіне айналған ежелгі сақ жауынгері — «Алтын адамның» салмағы 30 келілік киімін өзіне сахналық киім ретінде таңдап алыпты. Оның мұндағы мақсаты да, арманы да айқын.

- Мен әрбір елдің ұлттық бренді болуы қажет деп ойлаймын. Мысалы, әлемдегі қай елді болмасын, кез келген көлденең көк атты оларды бір кішкентай дүниесі арқылы ғана таниды. Ал біз тәуелсіздік алғанымызға 20 жылға жуықтаса да, дәл осы бренд мәселесіне назар аудармай келеміз. Сондықтан мен сақ жауынгерінің «Алтын адам» киімін дәлірек айтсам, сақ патшасы Тарғытайдың киімін өзіме сахналық киім ретінде әдейі таңдап алдым. Өйткені Тарғытай патшадан қалған мұра «Алтын адам» киімі тәуелсіз Қазақстанның басты бренді болуға сұранып-ақ тұр. Ал басты мақсатым — біріншіден, «Алтын адам» екіншіден, ежелгі сақтардың әскери әні — көмекей әуені, қарақыр арқылы қазақ елінің ежелден мәдениетті әрі өркениетті мемлекет болғанын әлем елдеріне мойындатып, таныту! Өз басым мұны туған халқым алдындағы азаматтық борышым деп түсінемін, — дейді бізге Серәлі Мұхамедсадықов.

Бір қуантарлығы, Алтай елінің өнерлі өрендері қарақыр (көмекей) әуенімен бар болғаны төрт — төрт жарым сағат ән айтуға ғана шыдаса, семейлік Серәлі Мұхамедсадықов бір отырғанда көмекеймен 8 сағат тоқтамастан жыр айтып, Алтай және Тыва елдері тұрғындарын таң-тамаша қалдырыпты. Болашақта ол 12 сағат үзіліссіз жыр айтып, бұйыртса, қазақ елін Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына жазуды армандап жүр.

Халықаралық «Шабыт» және «Жас қанат» байқауларының жеңімпазы, Алтай өңірінде өткен көмекеймен ән салушылардың халықаралық додасында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан Серәлі Мұхамедсадықов шындығында, ежелгі сақ өнері арқылы тәуелсіз һәм кең байтақ қазақ елін дүниенің төрт бұрышына таныстырмақ. Олай болса, «іске сәт, Серәлі!», — дейміз біз, оған!


Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер