Бүгін елордамыздағы "Әлжан Ана" мешітінде садақа қабылдауға арналған QIWI электрондық терминалының тұсаукесері өтті. Адамдарды сауапты іске, ізгілікке шақыратын бұл іс-шараға ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз және мешіт имамдары арнайы келіп қатысты.
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз еліміздің барлық мешіттерінде осындай игі бастама көтеріліп жатқанына баса назар аударды. Бұл жұрттан садақа арқылы түсетін қаржылық ашықтықты қалыптастыру мақсатында орнатылып отырғанын айтты.
"Бүгін Діни басқармаға қарасты еліміздің барлық мешітінде өте керемет игі бастаманы көтеріп отырмыз. Ол біріншіден қаржылық ашықтықты қалыптастыру мақсатында. Екіншіден, бүгінгі қолма-қол қаржыдан арылып және өзіміздің есеп-қисапты жеңілдетіп жүргізу үшін жаңа заманауи садақа терминалдары орнатылуда. Жалпы әлемдегі көптеген мұсылман елінде де заман талабына сай осындай терминалдар қойылған. Бұл мешітке келушілердің мәдениетінің қалыптасуына зор үлесін қосады, - деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
Мұндай терминалдар болашақта еліміздің облыс орталықтары мен республиканың барлық ірі қаласындағы мешіттерінде орнатылатын болады. Қазір соған жұмыстар жүргізілуде.
Бұл игі бастама ҚМДБ-ның беделін арттырып, халықтың діни ұйымға деген сенімін нығайтады.
Министр мен Бас Мүфти "Әлжан Ана" мешітінде астаналық имамдарымен кездесіп, олардың ағартушылық қызметіне қатысты мәселелерді талқылады.
"Адырна" ұлттық порталы
Фото авторы inform.kz