Мейірхан АДАМБЕКОВ: Ғарифолланы түзеп, Жүсіпбек пен Жәнібекті жөндеудің қажеті жоқ

3526
Adyrna.kz Telegram

- Сіз әнші-жазушы, дәстүрлі өнердің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовтің ең алғашқы шәкіртісіз. Ұлағатты ұстазыңыздың жолын Алматыда неге жалғастырмадыңыз?

- Марқұм Жәнібек Кәр­ме­нов­тің мектебінде оқып, да­на­лығын көкірегімізге тоқыған, көзін көрген, ілімін үйренген, тәр­биесін алған ең бірінші шә­кірті екенім рас. Ол кісі маған үнемі «Сенің маңдайыңа өмір бойы сахнада жүруді жазбаған. Сенің ыңғайың, жобаң бала тәр­биелеуге келіп тұр. Мен бай­қай­мын, сен түбі оқытушылық жолға түсесің-ау» дейтін. Айт­қаны айдай келді, көріпкел кісі ғой.
Студент кезімде тұңғыш рет Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер бай­қа­уына қатысып, жүлдегер атан­дым. Сол кездегі министр Өз­бекәлі Жәнібеков даусымды ес­тіп қалып, «Сазген сазы» ан­сам­бліне жұмысқа қабыл­дат­тырған. Бірақ сол тұста ауылда шешем қайтыс болып, ұста­зым­ның рұқсатымен әкемнің жа­нына, ағайын-туыстың арасына барайын деп шештім. Сөйтіп, Қа­рағанды облыстық филармо­ния­сына жұмысқа орналас­қан­мын. Бірақ өнердің қасиеті мен қасіреті бірге жүреді ғой. Он жылдай сахнадан кетіп қалған уақытым болды. Қазір елде ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрмін.
- Сахнадан сырт қалуға қандай жағдай әсер етті?
- Елдің алдында жарқылдап жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Түсінген адамға ән өнері — құдіретті өнер. Оны жеткізе білу керек. Тыңдайтын құлақ, ұғатын жүрек, түйіп ала­тын зерде, саралайтын сана бо­луы тиіс. Сол кездегі өнердің, еңбектің бағалануы көңілімнен шықпады. Оның үстіне, біздің уақытымызда гастрольдік са­пар­лар өте көп болатын. Үнемі дала кезіп, үйдің бетін көрмеу де маған ауыр тиді. Үлкен қы­зым дүниеге келген уақытта Қы­зылорда өңіріне гастрольге кеткенмін. Сол кеткеннен мол кетіп, отбасыма төрт айдан ке­йін әзер жеттім. Мұндай са­пар­ларда ел алдында жарқырап жүргеніңмен, газет-журнал оқу­ға қолың тие бермейді. Жа­ңалықтан жұтап, рухани қа­райып қайтасың. Сондықтан отымның басында, бала-ша­ғам­ның қасында отырайын деп, баспасөз саласына ауыстым. Кейін тоқсаныншы жылдары өнерге қайтып келдім. Тәттімбет атындағы өнер колледжінде са­бақ беремін. Жүсіпбек Еле­бе­ковтің 90 жылдығына орай колледж қабырғасынан шағын класс ашылған еді. Бүгінде қа­натын кеңге жайып, дәстүрлі әндер бөліміне айналды. Осы саланы басқарамын. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкерімін. Бұдан бөлек, қазір екі жыл болды облыстық филармонияға әнші болып орналастым.
- Бізге айтып беріңізші, Жәнібек Кәрменов қандай кісі еді?
- Ол кісі жайлы талай ағала­ры­­мыз айтып жүр, айтыла да, жа­зыла да береді. Мен үшін өмір­де де, өнерде де бағыт-бағдар бе­ріп кеткен қайталанбайтын жар­қын тұлға. Ұстазым жайлы таңға дейін айтсам, шаршамаспын. Әр­дайым сағынып еске аламын. Өзі үйретіп кеткен әндер ғұмыр бойы жаныма азық болып келе жатыр. Репертуарымды халық әндерімен толықтырғаным болмаса, әлі күн­ге сол туындыларды айтып жүр­мін. Ән үйреткенде орындап қана қоя салмайтын. Терең тарихынан сыр шертіп, бағзы заманнан баян­дап, жүрегіңе жеткізіп беретін. Қазақ халқының басынан кешкен сан қилы тағдырын сұмдық қор­қы­нышты, өте аянышты немесе ерекше қуанышты, көңілді қылып әңгімелейтін. Тыңдап отырған адамның денесі түршігеді. Санасы бар адамның бей-жай тыңдауы, өзінше ой қорытып, сезінбеуі, тебіренбеуі мүмкін емес. Сол әдісін қазір өзім де пайдаланып жүрмін.
- Бұл ұстаздық қыры, азаматтық ажарына, бекзаттық болмысына да тоқталсаңыз…
- Өздеріңіз білесіздер, Жәні­бек Кәрменов Абайдың бірден-бір ұрпағы. Ақынның 47 қара сө­зін жатқа айтатын. Біреуге рен­жігенде, күйінгенде «Сегіз аяқты» орындайтын. Өкпе-наласын әнмен басатын. Рухы биік адам еді. Міржақып Дулатовтың Абай­дың қайтқанына он жыл болғанда айтқан бір сөзі бар екен. «Абайдың қайтқан күні қаншалықты алыс­таса, оның рухы соншалықты жақындай береді» деген көрінеді. Мен үшін де қазір Жәнібек Кәр­меновтің қайтыс болған күні қаншалықты алыстағанымен, күн өткен сайын рухы жақындап келеді. Сабақ сайын қимыл-әрекеті, эмоциясы маған елес бе­ріп отырады. Әрбір өнегесі, ғи­бадаты таптырмайтын әдістемелік құрал сияқты. Сахнаға шыққан кездегі кербездігі, серілігі, дег­дар­лығы ұмытылмайтын сабақ. Жанымда жатталып қалған. Сол қимас, шуақты күндерден әлі үлгі алып келе жатырмын.
- Өнер иесі қайтыс болған уақытта қайда едіңіз? 
- 1992 жылы 22 маусымда қай­тыс болды. Сыртта жүргенмін. Сол жылы менің шаңырағымда үшінші ұлым дүниеге келді. Атын Жәнібек деп қойдым. Жалпы, төрт балам, екі немерем бар. Бар­лығы өнерден құр алақан емес. Бірақ менің жолымды жал­ғас­тыр­ған ешкім жоқ. Төртеуі де басқа са­лаға түсіп кетті. Үлкенім — са­лық комитетінде, одан кейінгі перзентім «Орталық Қазақстан» газетінде тілші. Тағы бір баламның өзінің жеке шаруасы бар, кәсіп­керлікпен айналысады. Жәнібегім — әзірге студент.
- Ал он жылдан кейін өнерге қалай оралдыңыз?
- Халыққа керектігімді сезін­дім. Қажеттілік, сұраныс көп бол­ды. «Әрі қарай жалғас­тыр­ға­ным қалай болар екен?» деп те ұзақ ойландым. Жалпы, өз басым қатты құлшына бермейтін адам­мын. Теледидардан көрініп қа­лайын, радиоға барып даусымды жаз­дырып қояйын немесе ба­сы­лымдарға сұхбат берейін, гас­троль­дерге шығып, ел көріп, жер көріп қалайын деп ұмтылып тұр­маймын. Одан да бойымдағы ба­рымды болашақ ұрпаққа бер­сем, білгенімді үйретсем, соның өзі үлкен олжа деп ойлаймын. Алдымыздағы ағаларымыздың сара жолын кейінгілерге ама­нат­тап кетсем деймін. «Ұстаздық ет­кен жалықпас, үйретуден ба­ла­ға» деп ұлы Абай айтып кеткендей, бұл жолда жалықпайтыным, ештеңеден аянбайтыным анық. Қандай істе де Ғарифолла Құр­манғалиев, Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Дәнеш Рақышев, Қайрат Байбосыновтың мектебіне сүйенемін.
- Шәкірттеріңіз сеніміңізді ақтай бастаған шығар?
- Әрине, алды біраз жерде кө­рініп, бірқатар республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынап, жұрт көзіне танылып жүр. Атап айтар болсам, кішкен­та­йынан көзге түскен халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Абзал Қуанышұлы, Сержан Мұсайынов, «Шабыттың» бас жүлдегері Гүлмира Тапай, Дәуренбек Әркенов, Сырым Қор­диндердің мен үйреткен әндермен дәстүрлі ән мектебін әрі қарай жалғастыратына, алып кететініне сенімім мол. Шәкірттерім өз қолымнан ұшқан балапандарым болса да, өнерде жүрген азамат­тарды «мынау менің оқушым, мынау менікі емес» деп бөле жармаймын. Жәнібектің немесе Қайраттың түлектері деп алалаған емеспін. Барлығына бірдей қа­раймын. Әрқайсысының өз орны, өз жөні бар. Барлығын «бір терінің пұшпағын илеп жүрген» бір өнер­дің азаматтары деп құрмет­тей­мін. Өткенде Алматыға бар­ған­да әріп­тес­терім, інілерім, шәкірттерім ке­ліп, бильярд ойнап, аз-кем әңгімелестік. Концерт кеш біт­кен­діктен, одан арғыға уақыт бол­мады. Бірақ сол аз ғана сәт маған үлкен қуаныш, естен кетпес әдемі кеш, шығармашылық ша­быт, бауырластық, қимастық кө­ңіл-күй сыйлады. Елге ерекше се­зіммен оралдым.
- Сіздің әуезді әніңізді, қайталанбайтын дауысыңызды естіген сайын маған Қарағандыда қор болып жүргендей боласыз…
- Алматыда, Астанада жұмыс іс­теуге, сонда тұруға талай ұсы­ныстар түсті. Кезінде Елбасы да Қарағандыда болған бір сапа­рын­да «Елордаға қоныс аудар. Тәуел­сіз ел мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық өнердің дәрежесін кө­теруге, дамытуға атсалыс» деп, Астанаға шақырып кеткен. Ол кісінің алдында 17-18 рет ән са­лыппын. Тағы бір келгенде «Мейірхан, сен Арқада әлі жүрсің бе?» деген. Менің Астанаға баруға ешқандай талпынысым, көңілім­нің хошы болмады. Сол әңгімені естіп қалған кісілер кейде Қа­ра­ғандының көшесінен көріп қалса «Астанада тұрып жатырсың ба?» деп сұрап қояды. Ал Алатау бөк­те­ріне орналасқан әсем қала, ар­ман қала, жастық шағымның куәсі болған Алматы — сүйікті қа­лаларымның бірі. Ұлттық ру­ха­ният ордасы ретінде санамнан кет­пейді. Адамдарының да та­би­ға­ты, мінезі бөлектеу. Өркениетке жақын дегендей.
Солай бола тұра, өнер ада­мы­ның қалада тұруы міндетті деп ойламаймын. Ең бастысы, ел-жұрттан, өнерден құр қалдым-ау деген өкінішім болған емес. Ша­мам келгенше әнімді айтып жүр­мін, азды-көпті ел таниды. Қал­ған­дарына «неге мені ­та­­­ны­­­­май­сың­дар?» дей алмаймын. Еш­­­кім­­ге «мені білу тиіссіздер де­­ген шарт қоймаймын.
- Өнер ордасында жүрсеңіз, бұдан да биіктерден көрінетін едіңіз ғой…
- Ғабит Мүсірепов «өзің — аспанда, ойың төменде жүргенше, өзің төменде, ойың аспанда жүр­сін. Биік деген немене, төмен де­ген немене — сонда түсінерсің» де­ген екен. Өзіңнің деңгейің кө­ңіліңнен шығып жатса, биіктік деген сол. Әркімнің пешенесіне жазылған бағындыратын өз биігі бар. Елден асып түсуге жанта­лас­паймын. Одан да бар зейінімді ұрпақ тәрбиесіне арнасам, өнерге адал қызмет етсем деймін.

Бос уақытымда қосымша ештеңемен айналыспаймын. Өзіме көп жұ­мыс жүктегім келмейді. Кон­церттерге қатысып, сабағымды беріп, ел аралап, еркін жүргенді дұрыс көремін. Ал өз міндетіме үл­кен жауапкершілікпен қарай­мын. Өзіме қатаң талап қоямын. Талап болмаған жерде, алға ұм­тылу болмайды. Өзіме қоятын талабым — адам болу, адал болу. Қасиетті өнерді тұғырынан түсір­меу, биігінен аласартпау. Ата-баба мұрасына қиянат жасамау. Саф қалпында боямасыз жеткізу. Эстрадамен былғамау. Жастардан талап ететінім де — осы.

Бұрын­ғымен салыстырғанда қазіргі жас­тар эстрадаға мүлдем ауып бара жатқан сияқты. Дәстүрлі өнер­ді ауырлау қабылдайды. Жә­нібек Кәрменов көзінің тірісінде «Эстрадалық әндер таңертең туып, кешке қайтыс болады» деп отыратын. Жастар осындай жеңіл әндерге көп назар аударатыны байқалады. Жүсіпбек Елекбеков, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов десең, елең ете қой­майды. Біз олардың дәстүрлі әнді қалай болса, солай өңдеуіне, бұр­малауына жол бермеуіміз керек. Тосқауыл қойғанымыз дұрыс. Алдыңғы толқын халық сана­сы­нан өше бастаған әндерді жаң­ғыр­тып, түрлендіріп, қаймағы бұзыл­маған күйде бізге жеткізді. Меніңше, кейінгі толқынға Ға­рифолланы түзеп, жүз жылда бір туатын Жүсіпбек пен Жәнібекті жөндеудің қажеті жоқ. Сол деңгейде орындай алса да жаман болмайды.
- Халықаралық, республикалық байқауларда жиі қазылық етесіз. Дәстүрлі әншілер додасы қаншалықты әділетті өтеді?
- Жаяу Мұса, Майра Уәли­қызы, Естай Беркімбайұлы, Мәди Бәпиұлы, Жүсіпбек Елебеков атын­дағы байқауларда төрелік етіп, әділқазылар алқасының төрағасы да болып жүрмін. Мен отырған жерде әділетсіздікке жол берілген емес. Таланты бар бала сонадайдан көрініп тұрады. Ақ пен қара, жақсы мен жаман сияқ­ты. Аламан бәйгеде де бес-алты айналымнан кейін жүйріктердің аяқ алысы мен шабысы белгілі бола бастайды ғой. Сол секілді ән байқауларында да кімнің-кім екені алғашқы күні-ақ танылып, айқындалады.
- Өзіңіз аламанға түссеңіз, кеш батқаннан түннің қай уағына дейін ән айтар едіңіз…
- Балуанға оң, солы бір емес пе?! Жақсы тыңдаушым болса, таңға дейін шырқауға шамам жетеді. Дегенмен кез келген той-томалаққа бара қоймаймын. «Біз мына әнді жақсы көруші едік, басқа әнді айтып бер» дейтіндердің көңілінен шығуға тырыспаймын. Менің әнімді белетін, менің репер­туарымнан хабары бар, мені тыңдап жүрген ағайын-туыс, дос-жарандардың ғана ортасында ән салғанды дұрыс деп білемін. Кез­дей­соқ аламанға түскім келмейді. Ала­ман де­мекші, өзім жылқыны жақсы көремін. Малсақ адаммын. Әкем отыз жыл қой баққан. Шешем он бала өмірге әкелген ардақты ана. Қалада тұрсам да көз алдымнан мал, жайлау, қасқа құлын кетпейді. Атпен серуен­де­генді ұнатамын. Қазақ өзін «жыл­қы мінезді халықпыз» деп жатады ғой. Тектілігіміз, тарпаң мі­незі­міз, асқақ жігеріміз бір-бірінен алыс емес. Қаланың шетінде кішкене шаруашылығымыз бар. Ірілі-ұсақты мал ұстаймыз. Ба­лалар ауыл өмірінен, қа­зақылықтан ажырамасын деген ниет қой.
- Құдайдың берген «жылқы» мінезі қандай?
- Жылдам ашулана қоймай­мын, бірақ ашулансам қайтуым қиын. Біраз уақытқа дейін со­зылып кететін жағдайлар болады. Кекшіл емеспін, бауырмалмын. Кешірімдімін. Бірақ өнердегі әділетсіздіктер, ұлттық мәсе­ле­лерге көз жұмып қарай ал­май­мын. Төзбеймін. Өте ұлтшылмын. Отанымды, елімді, жерімді, тілімді сүйемін. Мені ұрпақтың болашағы, елдің ертеңі қатты ойландырады. Рухани мүгедек жастар көп. Түріне қарасаң, көңіл тояды. Бірақ арғы жағында дым жоқ. Өз байқауымша, менің балаларым қалада өссе де орыс­шаға жүйрік емес. Оны ешқандай намыс көрмеймін. Жарымның ұстаздық қызмет атқарғанына 35 жылға жуықтады. Немерелеріміз бар. Үлкен немерем Ғалия «Ата, сіз сахнада ән айтайын деп тұр­ғанда бізді ойлаңыз. Сонда жақ­сы айтасыз» деп бал тілімен қуан­тып қояды. Бұның барлығы отбасындағы тәрбиеден деп білемін. Балаларым да, неме­ре­лерім де өзінің салт-дәстүрін, мәдениетін жетік біледі, әде­биетімен жақсы таныс.
- Сіз шығарған бір керемет әнді естіп едім. Бірақ әрі қарай жалғастырмаған көрінесіз? Бір ән шыққан жерден, басқа да ән шықпағаны қалай?
- Ән шығарумен түбегейлі айнылысқан емеспін. Тоқса­нын­шы жылдарда бір ән шығарғаным бар. Ақиық ақын Мұқағалидың:
- Жүргенде жаным жүдеп шақта мынау,
Көңілімді бір көтеріп тастадың-ау.
Махаббат мені айналып өтіп еді,
Керемет күндерге өзің бастадың-ау, — де­ген өлең жолдары әсер еткен бо­луы керек. Сазгерлікті тү­бегейлі серік ету ойымда болған жоқ.


Әңгiмелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА

 

Пікірлер