Көк туымызда қыранның бейнесі бекер тұрған жоқ

2836
Adyrna.kz Telegram

Бағдад МҮПТЕКЕҚЫЗЫ, «Қыран» федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ғұрыптары­мызды ортамызға қайта оралтқан — толайым Тәуелсіздік. Тәуелсіздік жемістері алуан түрлі. Бұл күндері сан қатпарлы тіршіліктің барлық саласынан мәу­е­сі менмұн­далап тұр. Оның бір ғана мысалын сіздің қордың жұ­мысынан да кел­тіруге болатын се­кілді. Шағын ғана құсбегілер мек­тебі ұлғайып, феде­рация, одан қау­ым­дастық құрамына еніп, қанатын кеңге сермеп отырған жайы бар. Басталған істің аяқсыз қалмай, нәтижелі шешім тапқаны тәуелсіздіктiң арқасында десек, еш қателеспейтініміз анық қой?
- Иә, ұлттық спорт түрлерінің де, ұлттық дәстүрлеріміздің де қайта жандануына дем берген тәуелсіздік екені баршаға аян. Әйтпесе кеңестік кезеңде ең әуе­лі ұлттың ұлт ретінде өзіндік ерек­шелігін айқындайтын дүниелердің біртіндеп ұмытыла бастағаны еш­кімге жасырын емес. «Жалайыр Шора» мектебінің негізінде «Қы­ран» федерациясы қоғамдық қоры құрылды, оның төрағасы есімі елге кеңінен танымал, халық қалаулысы Нұрлан Өнербай. Біздің федерация Ұлттық спорт түрлері қауымдас­тығының құрамына кіреді. Ал қауымдастық төрағасы ұлттық құн­дылықтарды көздің қарашы­ғындай аялап, қамқор болып жүр­ген азамат Қайрат Сатыбалды. Қауым­дастықтың құрамында он­нан астам федерация бар. Істі бас­тау бар да, оны әрі қарай жалғас­тыру бар. «Бітер істің басына, жақ­сы келер қасына» демекші, егер Қайрат, Нұрлан сынды жана­шыр азаматтар білек сыбанып кіріспегенде, біздің бастамамыз­дың жарты жолда қалып қоюы әбден мүмкін еді.
Бұл күндері тәуелсіз мемлеке­тіміздің көк туында қыран бейнесі бекер тұрған жоқ. Оның терең символикалық мәні бар. Қыран құспен біздің қазақ халқының бітім болмысы ұқсас көрінеді маған. Қыран өте биіктен қарайды, Қыран секілді қазақтың да рухы биік, алыстан ойлап, кез келген мәселе төңірегінде асықпай тұжы­рым жасайды. Қазақтың бар бол­мысы қыран құс, құмай тазы, жүй­рік атына тоқайласқандай.
Күнге қарап тіке ұшатын қы­ран­ның ешбір басқа құста кездес­пейтін қасиетін қазақтың қайтпас қайсарлығына ұқсатамын өз ба­сым.
- Өзге емес, ең әуелі өзіміз үшін де экзотикалық сипат алып бара жатқан құсбегілік өнердің жанда­нуына алғаш атсалысқан жанның бірісіз. Негізінен, ер-азаматтарға тән өнерге қызығушылық неден бастау алды?
- Үлкен атамыз заманында екі жүздей қыран ұстаған, еліне сый­лы, бақуатты кісі болған екен. Ол кісінің ауласында бұлбұл да сайраған көрінеді. Ал әкем де жас кезінде қаршыға ұстағанын айтып отыратын, кішкентайымнан әкем­нің інісі Бәйтекенің, сондай-ақ Тоқтасын, Молдажан аталарымның оны қалай күтіп, баптағанын көріп өстім емес пе, соған қарағанда бұл менің қанымда бар, текпен бірге сүйекке сіңген қасиет пе деп ой­лаймын. 1961 жылы бабала­ры­мыз Қытайдан елге өткен кезде «бүр­кі­тімді өткізбесе, собетіңе бармай­мын» деп қиғылық салған Тоқта­сын атамыздың бастан өткерген машақатын біздің әулеттің үрім-бұтақтары тегіс біледі. Содан атамыз жарықтық бүркітін нәресте ретінде тіркетіп, шекарадан тас­тамай алып өткен ғой.
Құсбегілік — ата-бабамыздың асыл мұраларының бірі. 1980 жылы КазГу-дің журналистика факуль­тетін бітірісімен Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» бас редакциясына қызметке орналастым. Редакция­ның атының өзі айтып тұрғандай, жылдың төрт мезгілі ай сайын кемінде екі рет республикамыздың түкпір-түкпіріне іссапарға шыға­тын едім. Жүрген жерімде ұлттық дәстүрлерімізге қатысты кез келген елең еткізер жаңалықты назардан тыс қалдырмауға тырысатынмын. Әсіресе, мені қатты қызықтыра­тыны — құсбегілік өнер болды. Бүр­кіт ұстаған жан көрсем, міндет­ті түрде жазып алып, хабар дайын­дау бұлжымыс әдетіме айналған-ды. Кезінде мен сұхбаттасқан ондаған бүркітшіден бұл күндері қалғаны 4-5 кісі ғана.
- Дегенмен кез келген істің басында әйтеуір бір шынайы жана­шыры, сол саланы бес саусақтай бі­летін азамат тұрмаса, одан әрі дамуы неғайбiл. Бұл ретте еліміздегі құсбегілік өнерінің алғашқы жана­шырлары кімдер болған еді?
- Өткен ғасырдың 80-жыл­дарының аяғында «Жалайыр Шо­ра» атындағы құсбегілер мектебі құрылды. Оның негізін қалаған белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы, бүркітшілер: Шәкен Ошанбайұлы, Жапар Сатылғанұлы, Байжүніс Көдекұлы, Тоқтасын, Молдажан Мәметұлдары болатын. Жағда ағамыз бүркітшілер жайлы әңгіме бола қалса «Орта жүзде Тіней деген құсбегі болды, Ұлы жүзде Шора деген, «аспанда құсша ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деп айтатын еді үнемі. Дегерестен 2 гектар жер алып, бүкіл осы ұлттық спорт түрлері — көкпар, тоғызқұмалақ, бәйге, саятшылар мен атбегілердің басын біріктіретін этнографиялық ауыл ашуды жос­парлапты кезінде. Ол кісілердің бас болуымен 1989 жылы Алма­тының Орталық стадио­нында тұң­ғыш рет көршілес қырғыз, түрiкмендер қатысқан, Тәуел­сіздіктің бастапқы жылдары, яки 1991 жылы Наурыз мейрамы ая­сында Алматы ипподромында бүркітшілердің республикалық сайысы да өтті. Бұл өнер енді өркен жая ма деген жоспарларына нарықтың алғашқы жылдарындағы қиындық қатты әсер еткен секілді. Ол кезеңнің ешкімге оңай тимегені рас, сол жылдары көптеген игі бастама тек қиял түрінде қалықтап қалды емес пе?! Ел еңсесін жия бастаған тұс, 1997 жылы Жағда Бабалықұлы өзінің орта жолда қалған арманын маған табыстап, «Жалайыр Шора» атындағы құс­бегілер мектебінің шаңырағын қайта көтеруді қайта-қайта айта берді. «Жассың ғой, жарты жолда тастап кетпей, ұлттық дәстүрлер­дің қайта жаңғыруына үлесіңді қос» деп аманаттаған соң, жур­на­лист Сүлеймен Мәмет ағайымның қол­дауымен екеуміз барып, атақты құсбегілер әулетінің бірі Сейітжан Көдековпен бірге баяғы мектепті енді орталық ретінде құрдық. Со­дан бері осынау киелі өнердің өр­кендеуіне шамам жеткенше атса­лысып келе жатқан жайым бар.
- Құсбегілерді табу да оңайға түспеген болар?
- Біздің Алматы облысы Ең­бекшіқазақ ауданындағы «Нұра» деген бір ғана ауылдың өзінде 20 шақты құсбегі бар. Кезінде Қытай­дан қыран құстарын бірге алып келген Мәметов пен Көдековтар әулеті. Олар кеңестік кезеңде ұмы­тыла бастаған құсбегілік өнердің 70-80 жылдан кейін елімізде қайта түлеуіне ықпал етіп, өз үлестерін қосқан, оның әрі қарай дамуына жол салған азаматтар.
- «Қызыл кітапқа» енгізілген қыран тобына жататын құстарды қалай болса солай алып жүруге болмайды емес пе?! Жыл сайын «Сонар» өткізуді дәстүрге айналдыр­ған сіздер үшін бұл тұрғыда арнайы жеңілдіктер қарастырылған ба?
- Қайдағы жеңілдік? Құсбе­гілікті ұлттық спорт түрлеріне ен­гіздік. Дегенмен мұның әлі толық­қанды жасалынған түрлі көліктерде тасымалдаудың ережесі жоқ, заң­дылықтары бекітілмеген. Жылда облыстарға жарысқа барар кезде әбден қиналамыз. Адамдармен бір­ге отырғызу қолайсыз, жүк қоя­тын жерлерге өткізу қауіпті. Торға сыймайды. Қырандар қанатын жайған кезде көлемі 3 метрге дейін созылады. Бір қанатының өзі — 1,5 метр. Алатау, Алтайдың қыран­дары­ның салмағы 10 келiге дейін барады, оны қашанғы қолыңа ұстап отырмақсың, ол мүмкін де емес қой. Біз үнемі ұшаққа да, пойызға да құстар үшін кәмелетке толмаған бала­лардың билетін алып, тасып жүрген жайы­мыз бар, оның өзінде біздің Алма­ты облысы әкімдігінің кезінде жаса­ған батыл әрекетінің нәти­же­сінде, Спорт басқарма­сы­ның рұқ­са­ты бар. Кейбір облыс­тардан кел­ген құсбегілер жүк қоятын жерге орналастырып алып келгенімен жол бойы күтімсіз, шаршаған құс­тар аң алмақ тұрмақ, жөндеп ұша алмай да қалады, жол азабын кө­тере алмаған кейбірі тіпті өліп те қалады.
Осы ретте ұлттық спорт түрлеріне қатысты арнайы заң керек секілді. Кез келген дамыған мемлекетте ең әуелі ұлттық спорт түрлерін жандандыруға аса мән беріледі екен. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің көрші Ресей бюджетінен спортқа бөлінетін қаржының тең жарымын ұлттық спорт түрлеріне, қалған жартысын олимпиадалық ойындарға бөлетін көрінеді.
Еуропа мемлекеттерінде қа­был­дан­ған чип бізде әлі бірізділікке түскен жоқ. Оның да проблемасы жетеді. Құстың кеудесіне нөмірі бар арнайы қондырғы орнатады да қай жерде ұшып жүргенін ком­пьютер арқылы бақылап отырады. Бәлкім, бұл территориясы Қазақ­станның бір облыс емес, бір ауда­нының көлемінен аспайтын Еуро­па мемлекеттеріне тиімді шығар, ал біздің Алтай мен Атыраудың арасын көзден таса етпейміз деген бос әурешілік, есесіне құсбегі­леріміз қиналуда. «Кеудесін тесіп, чип қондырған құстарымызға за­ла­лын тигізеді, босқа өлтіріп ала­мыз» деп үркіп, кезінде кел­гендерден жасырып қалған ақ­­­са­­­қал­­дары­мыздың алды «қызыл кітапқа» енгізілген құсты заңсыз ұстап отырғаны үшін сотталып та жатыр.
Құсбегілік мектептері де ашы­луда. Мектепте 20-30 баладай оқи­ды, оларға құстарды нақты көр­сетпей қалай үйретпек, осынау өнерге қалай баулымақ?! «Қызыл кітап» деген сылтаумен қыран ұс­тау­ға еш рұқсат жоқ, сонда бола­шақ құсбегілерді қалай дайындап шық­пақ, немен оқытпақ, осының бәрі­нің басын тоғыстыратын, ара­жігін айқын ашып көрсететін бұл сала­ның толыққанды ережесі жоқ. Қарама-қайшылықтары көп-ақ. Бірін-бірі түсінбей жүрген жұрт.
- Құсбегілік мектептерде ма­мандар жеткілікті ме?
- Құсбегілік өнерді жастайынан жанына серік еткен азаматтар осы­нау өнерге икемі бар-ау деген ба­ла­ларды оның қыр-сырын мең­геруге шама-шарқынша баулып жат­қан жайы бар. Спорт және ту­ризм академиясында жүйелі түрде ұлттық спорт түрлері үшін арнайы мамандар, төрешілер даярлау жа­ғын қарастырса құба- құп. Алайда қазіргі таңда бір проблемадан екіншісі туындап, сол қиындықтар мен кедергілерді азайтамыз деп шабылумен әлекпіз.
Алматы облысындағы Нұра ауы­лы ұлы Жібек жолының бо­йында. Табиғаты да қыран баптауға өте ыңғайлы. Соны этнографиялық ауыл етеміз бе деген ойымызды іске асыру жағы қиындау болып тұр. Нұрлан Өнербаев тиісті орын­дарға депутаттық сауал да жолдады. Әзірге қанағаттандырарлық жауап жоқ.
Қуанатынымыз — ұлттық дәстүрімізді жалғастырар ұрпақ бары, енді ұмытылмайды, бұл сала қайта түлеу үстінде. Оған дәлел Райымбек, Жамбыл аудандарында өткен соңғы жылдардағы «Сонар­ға» 40-тан астам бүркітші, он қар­шыға баптаушылар келді, дені жас­тар. Оншақтысы ғана ескікөз­дер. Ең кішкентай Тұрнияз Ешмет алты жаста, Жамбыл облысында тұрады.
Өкініштісі — кезінде академик, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Құсбегілік — қазақтың ұлы мә­дени мұрасының ашылмай қалған парақтарының бірі, өзінің зерт­теуін күтіп жатқан ұлттық өнер» деп аса зор баға берген ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас тармағы осынау өнердің «Мәдени мұраға» кірмей қалғаны.
- Бүркітшілер сайысын негізі­нен бір-екі облыста ғана өткізумен шектеліп келесіздер. Басқа өңір­лерге шығу ойларыңызда жоқ па?
- «Сонар» Алматыда, «Қансо­нар» Көкшетауда, «Салбурын» Қа­рағанды облысында өткізіп жүрміз. Атырауда, Қостанайда бір реттен өтті, Қарағандыда кейде өтеді, кей­де жоқ, ол енді облыс басшы­ларының көңіл күйіне байланысты. Алматы мен Ақмола облыстарында тұрақты түрде өтіп келеді.
Бір жылдары «Сонар» Қоста­най­да өтті, енді ат басын Жамбыл облысына қарай бұрсақ па деген ойдамыз.
Сал-серілер ізімен бүркітшілер дейсіз бе, атбегілер дейсіз бе, бәй­ге, көкпар дейсіз бе барлық ұлттық спорт түріне кірер ойындардың басын біріктіріп, ұлттық ойындар­дың фестивалін ұйымдастыруды көптен ойлап жүрген едік, соның шеті көріне бастады. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесінің құрметіне Елбасының кіндік қаны тамған Үшқоңырдың баурайында үстіміздегі жылдың қараша айында Республикалық Спорт комитеті, Ұлттық спорт түрлері қауымдас­тығы, «Қыран» федерациясы Ал­ма­ты облысы әкімдігінің қолдауы­мен тұңғыш рет Құсбегілердің халықаралық фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда дайындық қызу жүргізілуде.


Сұхбаттасқан
Ұлбосын АЙТӨЛЕН,

«Айқын».

 

Пікірлер