Шеберлік сағатында шертілген сырлар

3852
Adyrna.kz Telegram

Инстаграмм желісінен кездейсоқ "armanmedia.kz" парақшасын көріп қалдым. Қарасам, «Армандарды жүзеге асырамыз!»  деген ұранына көзім түсті. Байқап қарасам, өзім таңдаған журналист мамандығына арналған курс екен. Бұл бір маған арналған бақ секілді көрінді. Жазулы тұрған телефонға хабарластым. Телефон тұтқасын Әл Фараби атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ журналистика факультетінің дәріскері Жидегүл Әбдіжәділқызы көтерді. Бірден курсқа қатысатыным туралы өтініш білдірдім. Міне, курсқа баратын уақыт та келіп жетті. қазан айының 28 мен 1 қараша аралығында  күзгі демалыс уақытында курсқа бардым. Сол кезде біздер үшін керемет оқиғаға айналған айтулы шеберлік сағаттары өтті...

      Уақыт қалай зымырап өтіп жатыр?! Кеше бала едік,  ал бүгінде мектеп бітіріп талапкер атануға аяқ бастық. .  Болашақта өзіміз түсетін университетті де таңдап, ұлттық біріңғай тестілеуге дайындалу үстіндеміз... Жоғарыда айтып кеткендей Әл Фараби атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ бардым. Жидегүл Әбдіжәділқызы апай күтіп алды. Сол күннен бастап менің журналистикаға деген құлшынысым күннен -күнге ұштала түсті. Бірінші  біз университет қалашығына экскурсия жасадық. Әл Фараби ақылды қалашығының сондай керемет екенін бұрын елестете де алмаған екенмін. Өте үлкен көз тартарлық әсем ғимараттар мен бауға толы алаңдары көздің жауын алып тұр. Айналаға елеңдей қарап келер оқу жылында осында студент болуды аңсадым, өн бойымды өте керемет қуаныш сезімі биледі.  Арманына жетуге асыққан талапкер қандай тапсырмаларды болсын орындауға даяр еді. Менде алдағы уақытта осы оқу орнына қалайда түсемін деген мақсатымды айқындай түстім. Тележурналистика курсының 1 күні қалашықты аралап, алған әсерімізді достарымызға айтып, мәз -мейрам болып жүрдік. Бірақ , бұл бірінші күннің кіріспесі ғана болып шықты. Журналистика факультетіндегі «Қазақстан» ұлттық арнасының шеберханасында (208ауд.) өткен  «Телешежіре» фестивалінің ашылу салтанатының куәгері болдық. Факультет түлегі - «Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі Амангелді Сейітхан қасиетті қара домбыраны қолына алып, туған факультетінің мерейтойына жырдан шашу шашты. Факультет түлегі - «Алматы» арнасының журналисі Үмбетәлі Меймеш өзіне дәріс берген ұстаздарына гүл шоқтарын тарту етті. Толассыз құттықтаулар дәл қазіргі таңда осынау қара шаңырақта білім алып жатқан шәкірттердің  «журналистика» жайлы тақырыптық шараларына ұласты. Олар «Тікелей эфирдегі шеберлік» пәнінен алған тәлімдері бойынша жиналғандар алдында автор сөзін мүдірмей айтудан өнер көрсетті.

        «Телешежіре» фестивалінің екінші күнінен бастап бізге Қазақстандық танымал телеарналардың білікті тележурналистері шеберлік сағаттарын өткізіп,  ең құнды білуге тиіс мәліметтерді баяндап берген еді. Ең алғашқы шеберлік сағатын сол оқу орнының журналистика факультетінің дәріскері елге танымал тележурналистерді  тәрбиелеген, "Тікелей эфир табиғаты ", «Тележурналистика» кітаптарының авторы Жидегүл Әбдіжәділқызы өткізді. "Тележурналистикатану" атты бұл шеберлік сағатында тележурналистика жанрларының іргетасы – тележаңалықтың, яғни, телесюжеттің құрылымдық элементтерімен таныстық.  Сол жерде жасыл фонда қолма-қол кадрдегі журналистің сөзін камера алдында сөйлеп түсірдік. Камера алдындағы тірлік – мүлде бөлек дүние. Бейнебір екінші өміріміз басталғандай күй кештік. Тележурналистиканың негізгі ережелері мен кәсіби принциптеріне жасалған шолудан өте пайдалы ақпараттар алып,  берілген тапсырманы орындай білдік. Бұл - мен үшін ең үлкен бастама. Келесі күні 31 арнадағы "Айта берсін" бағдарламасының танымал журналисі Әріпжан Әли "Сөйлеу техникасы" тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатында қалай дұрыс сөйлеу керек?, қалай екпінді дұрыс қоя білу керек?, деген сан -сауалдың жауабын айқындап,  іс жүзінде көрсетті. Бұл шеберлік сағатынан тележурналистердің эфирде қалай сөйлейтінін түсіндім. Өзім де солай машықтана бастадым, дыбысты қалай қоя білу керек екенін, қалай сөйлеу керек екенін, дикция бойынша біршама мәліметтер алып, жаңа ақпараттармен таныстым. Барлығымыз да жеке- жеке жаттығып, сол кезден бастап тележурналист қызметін атқарып көргендей болдық.  Ізін ала сол арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметінің жүргізушісі, әрі тілшісі Жанар Жолтаева "Телесюжеттегі телерепортердің ролі" тақырыбында репортер білуі тиіс әдістер мен кәсіби дағдылар жайлы ой қозғады, сабақ соңында оқушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап беріп, тілек айтып қайтты. Бұл сабақтан қазіргі журналистиканың қалай дамып бара жатқанын, журналистердің негізгі міндеттерінің қандай болуы керек екенін түсініп, көптеген ақпараттармен таныстым. Келесі кезекте Әл Фараби атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ  журналистика факультетінің 4 курс студенті Тасболат Сағыныш "Бейнемонтаж" тақырыбында әңгіме өрбітті. Қажетті және қажтсіз бейнематериалдармен қалай жұмыс істеу керек екендігін көрсетті. Шеберлік сағатынан білген -түйген нәрселерімді нағыз журналистерше қолданып көрдім. Бұл сабақтың маған берер пайдасы орасан зор болды.

 Факультет түлегі фриланс- журналист, журналистика магистрі,  Эльмира Абзалқызы "Камера алдындағы жұмыс"туралы шеберлік сабағын өткізді.Ол кезде камера алдындағы жұмыс жасау техникалары,  уақытпен әрекет ету, камера алдындағы сенімсіздікті жою туралы тақырыптар сөз болды. Бұл сабақтан журналистикаға ең қажетті ақпараттарды алып,  шеберлік сағатын пайдалы жағынан қабылдай алдық. Шеберлік сағатындағы студенттер мен оқушылар алған әсерімізді бір- бірімізге жеткізіп, түйген ойларымызбен  бөлістік. Ең соңғы күні "Еуразия" бірінші арнасындағы "Қалаулым" реалити- шоуының бас редакторы Шах- Керім Кәрмен "Реалити шоу" тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ол шеберлік сағатында  токшоу мен реалити шоудың айырмашылығын, нағыз журналистердің кімдер екенін ұғындық. Нағыз журналист кім?, олар қандай ортада тәрбиеленуі керек? Реалити шоуды қалай ұйымдастырады? , деген көкейдегі сұрақтарыма осы шеберлік сағатында  нағыз түйінді жауапты алдым. 

       Осылайша бес күн бойы тек ізденісте жүріп,  шеберлік сағаттарынан мол тәжірибе жинақтадым.  Кәсіби журналистика әлеміндегі мен үшін қайталанбас қас-қағым сәттер-келешегім үшін керегіме пайдаланатын  керемет қазына.

    "Телезертхана.kz " YOU TUBE  арнасында "Талапкер күнделігі" деген талапкерлерге арналған  бағдарламамды ашып үлгердім. Аяулы менің замандастарым, осы бағдарлама аясында өздеріңізге қажетті ақпараттар мен маңызды  мәліметтерді ұсынбақшымын. Шеберлік сағаттарынан үйренген шырайлы мәліметтерді оқуға түсер кезде қолданып, өз өмірлік тәжірибемде жүзеге асыратын боламын.  

Қалиев Ердәулет 

Қызылорда облысы,  Шиелі ауданы 

Ортақшыл ауылының № 150 қазақ  орта мектебінің 

 11 сынып оқушысы

 Ғылыми- жетекшісі: Әбдіжәділқызы Жидегүл

Пікірлер