Ержан Қосбармақов: Әріптестеріме жаным ашиды

4237
Adyrna.kz Telegram

– Ержан аға, кезінде қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында халық әні кафедрасы алғаш ашылғанда соның тұңғыш түлектері болып Бекболат Тілеухан екеуіңіз ғана тәлім алған екенсіздер. Ол кезбен салыстыр­ғанда қазір шүкір деу керек шығар: жылына қаншама әншілер мен күйшілер түлеп ұшып жатыр. Алайда сол төл өнеріміздің, қазақтың ұлттық коды дерлік қоңыр домбы­раның үнін өшірмей, бүгінге жалғап жүрген дәстүрлі өнер иелері қоғамнан өзіне лайық құрметке бөленіп жүр деп айта аласыз ба?

– Біржан сал, Ақан сері бабаларымызды айтпағанда, одан бергі біздің заманымыз­дағы Әміренің шәкірті – Жүсіпбек  Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтардан бастап, Кенен Әзірбаев, Дә­неш Рақышевтардың көрегендігінің арқасында дәстүрлі өнердің мектептері сақталып, бүгінге жетіп отыр. Кезінде ол кісілер сол ұшан-теңіз еңбектерінің қаншалықты бағасын алғанын мен айта алмаймын, бірақ біз үшін баға жетпес байлық қалдырды. Алғаш консерватория қабырғасында халық әні кафедрасы ашыл­ғанда небәрі бес адам қабылдандық: мен, Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіпов тағы екі қыз бала. Бірақ оқу барысында түрлі жағдайларға байланысты тек Бекболат екеуміз бітіріп шықтық. Нендей нәрсе бол­сын жаңадан құрылған сәтте түрлі қиын­дықтармен ұшырасуы – заңды құбылыс. Бір жағы ол елімізде саяси формация ауысып, кеңестік жүйенің Тәуелсіздікке жол беріп жатқан кезбен тұстас келген еді. Со­ған қарамастан, Рахманқұл Бердібай, Мардан Байділдаев, Алмас Алматов, Өзбекәлі Жәнібековтердің, сол кездегі консерватория­ның жаңадан ректоры болып келген Дүйсен Қасейіновтің араласуымен іске асқан дүние. Алмас Алматов кафедраға басшы болып келді де, жанына Жәнібек Кәрменов, Жақсылық Сәрсенғалиев, Қайрат Байбосы­новтар сынды дүлдүл әнші, ұлтжанды тұл­ғаларды жинады. Міне, осындай ағалары­мыздың жанкешті еңбектерінің арқасында ашылған халық әні кафедрасының тұңғыш түлектері ретінде тарихта қалғанымыз шындық. Өнердегі әріптесім Бекболаттың халқына қалай қызмет атқарып, өнерге қалай еңбек сіңіріп жүргеніне, мен айтпай-ақ өздеріңіз куәсіздер, жырмен, қобызбен ескі заманның талай дүниелерін жаңғыртты. Бір сөзбен айтқанда, бір кездегімен салыстырғанда, ұлттық өнеріміз біршама тірілді, жаңғырды, жаңарды. Сол кездегі консерва­тория ректоры Дүйсен Қораба­й­ұлының бастан кешірген қиындығын мен араға сан жылдар салып, өзім де өнердің тұтқасын ұстаған сәтте терең, шын түсіндім десем болғандай. Тәубе, сол қайраткерліктің арқасында қазір дәстүрлі ән-күйімізді үйрену үшін жас дарындар ауылдан жыл сайын лек-легімен келіп жатыр. Осы халық әні кафедрасын ашқанның нәтижесінде қаншама дүниеміз тірілді, бірақ «бұл қай жерден негіз алды?»  деген сұрақ туады ғой тағы. Түп-тамыры сонау – Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев ағаларымыз бен Гүлжаһан Ғалиева апамыздың мұрындық болуымен ашылған эстрада-цирк студиясы, қазіргі Жүсекеңнің атындағы колледж, соған барып тіреледі, содан бастау алады. Ол – сонау 1965 жылы жүзеге асқан іс. Бәрі­міз консерваторияны көрмес бұрын, алғаш сол студиядан тәлім алдық. Онда тіпті қазіргідей диплом  дегенді  білмейтін­біз, қолымызға «эстрада-цирк студиясын бітір­ді, әнші» деген куәлік беретін, есесіне соған қалай қуанушы ек, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпейтін еді ғой. Басқа саланы айтпағанда, қасиетті қара домбыраны серік етіп, қазағының үнін әуелетуші Қайрат Байбо­сынов ағамыз да, марқұм, теңдессіз әнші Жәнібек Кәрменов ағамыз да, Қапаш Құ­лы­шева апамыз да, мына мен де сол қасиетті шаңырақтан түлеп ұштық. Жалғыз ән ғана емес, кейін келе оның цирк те, би де, актерлік өнер де оқытылатын республи­калық дәрежедегі оқу орнына айналғанын өздеріңіз білесіздер. Тағдыр дегенді қойсаңызшы, кейін тіпті сол оқу орнын басқарамын деген ой үш ұйықтасам басыма кіріп көрмепті, бірақ бақандай 12 жыл басқардым. Тіпті кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қабырға­сында да ректоры, өзіміз мұрындық бо­лып, Арыстанбек Мұхамедиұлының қол­дауымен халық әні кафедрасын жаң­ғырт­­тық. Ол жерде қазір Жетісу мектебі және Алтай-Тарбағатай мектебі бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

– Дәл қазіргі кезде дәстүрдің алдын жалт-жұлт еткен шоу орағытып кетіп жатыр ғой. Тек сол шоуға ілесе алған дүние ғана өтімді болғандықтан ба, тіпті кейбір дәстүрлі өнердің тізгінін ұстағандар да еріксіз осы жаққа ойыса бастады. Кінәлай да алмаймыз, күн көру де керек, алайда осылай жалғаса берсе, саф өнеріміздің қаймағынан айырылып қалмаймыз ба?

– Тек дәстүрлі өнердің ғана емес, қо­ғам­ның түгел дерлігін жайлады ғой қиын­дық. Тіпті дүкен сөрелерінде сатып алуға да зат қалмаған кездерді көрдік. Материалдық жоқшылықтың рухани әлемге де әсері болмай тұрмайды. «Тойға неге барасыз, сахнаның адамы емессіз бе? Кезінде ұлы өнерпаздарымыз тойға шықпай-ақ дәстүр­ді сақтап қалды емес пе?» деген сұраққа бүгінде бәріміз заманды айтып құтылғымыз келеді. Олай деушілер тірі ақшаға қызмет етіп, өз өнерлерін сатылатын тауарға айнал­дырғандар деуші едім. Егер ол, айта­лық, мәселен, «Қазақконцертте» жұмыс істейтін болса, сол жердің жалақысының аздығын алға тартады. Өзінің ел қатарлы көлік мініп, жақсы баспаналы болғысы келетінін жасырмайды. Дегенмен мен ай­тар едім, кезінде Ғарекеңдер мен Жүсекең­дердің, Ермек аға, Бибігүл апалардың жақсы өмір сүргісі келмеді дейсіз бе? Бірақ олар нағыз өнер үшін сондай қажеттіліктерін құрбан ете білді ғой. Сол сияқты қазір де аядай ғана бөлмеде қоңырқай тіршілік кешіп, шоу қумай-ақ өнерін өлтірмей жүргендер бар. Тойға шығып, шоуға арала­са алған­дардан солардың беделі төмендеп, халық­қа керек болмай қалған жоқ. Яғни жанта­ласа берудің қажеті жоқ, жетпейтін дүние бәрібір жетпейді, ал бақ қонам десе, бір-ақ сәтте. Керісінше, кейбір әртістеріміз­дің қадірі қаша бастағандай: тойға барса­ңыз, сүттің кезегінде тұрғандай, асабаның айна­ласында кезекте тұрған әншілерді көруге болады. Қолдарында – бір-бір мини-диск. Бұл да қол жайып, қайыр сұраудың басқа бір түрі ме деп қаламын кейде. Сөйтемін де, әріптестеріме жаным ашиды. Мен де сол әншілердің бірімін ғой, мен де сол клип шығарып, керемет шоу жасамасам да, сахна­да жүрмін, құдайға шүкір, халық­тың арасында өзіме тиесілі беделім бар. Сон­дық­тан айтарым, Алла өзі беретін дүниесін шектеп те береді, керісінше, сіз екеу жасай­мын деген дүниеңізді ортайта да алады.

– Дәстүрлі өнердің салалы төрт мектебін білеміз, соның ішінде сіз батыс мектебінен бастаған екенсіз, алайда бүгінде Жетісу мектебіне ойыстыңыз. Бұл, яғни әркім бәрібір өзінің жұтқан ауасы мен ішкен суына қарай, бәрібір өз туған өлкесінің әніне жақын деген ой ма, әлде екеуін де қатар алып жүре аласыз ба?

– Мен оқуға қабылданарда комиссия құрамында отырғандардың көбі «Жетісудың баласы екен, Ғареке, оны не қыласыз, өзінің бойы аласа, қап-қара» дегені өтірік емес. Сонда Ғарекең менің ішімде бір нәрсе жатқанын көрді ме, ештеңеге қарамай қабыл­дады ғой. Әуелі батыс мектебінен бастадым, алайда ұстазым Ғарекеңнің өзі маған біртіндеп Кенен әндерін үйрете бастады. Өзім де іштей «Жетісудың өз мек­тебі болмағаны ма, ол жақта өнер тоқтап қалған екен ғой» деп ойлайтынмын іштей. Кейін менің ол ойымды сейілтіп, мектептің тірілуіне мұрындық болған – Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз, сонан соң – Елбасымыз. Сол кісілердің ықпалымен Жетісу мектебін ашқанымды мақтанышпен айта аламын. Ол кезде Алматы облысының орталығы – Алматы тұсында, Мәдениет басқармасының бастығы Күлімхан Жайшыбекқызымен тығыз байланысып, әуелі істі осы өлкедегі ән қорын жинақтаудан бастадық. Екі-үш жыл көлемінде жастар арасында «Жетісу әуендері» деген байқау ұйымдастырдық. Әндерді түгел таспаға бастық, қайталау көп, бірақ бірдеңенің шеті шықты. Сонан соң зейнет жасындағы ақсақал, ақ шашты әжелеріміздің арасында байқау өткізіп көрейік дедік. Байқау Шелек ауданында өтті. Сонда мен сізге бір қызық айтайын, жасы сексеннен асқан бір әжемізді екі келіні екі жақ қолтығынан демеп, сахнаға шығарды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей, жас күнінде ажар­лы болғаны көрініп тұр. Мінезді де болған секілді, сондай бір өзіне жарасымды тәкап­парлықпен кеудесін, арқасын тік ұстаған күйі орындықта отырды да, екі бүйірін екі жаққа таянды. Сөйтті те, ой бір керемет әуелете әнге басты. Қазылар құрамында Жамбыл атамыздың немересі Әлімқұл атамыз отырған, әлгі әжеміз бір қайырып тастаған кезінде Әлімқұл атамыздың делебесі қозып шыға келсін. Әннің құдіреті қандай десеңші, жас күні есіне түсті ме, салған жерден «домбыра беріңдерші, мен де бір шырқап жіберейін» деді. Бәріміз ақсақалдың аяқасты бұл қылығына аң-таңбыз. Әжеміздің аппақ, тап-таза кимеше­гінің астындағы жүзіне әжім түссе де, жүрегіне әжім түсірмей, әйелге тән сұлулы­ғын сақтағаны, үнін сақтағаны өзінің заман­дасы Әлімқұл атаға бірден әсер етіп отыр ғой сонда. Ана кісі ән салып бола бергенде атамыз сахнаға шықты да, сол жердегі біреудің домбырасын ала салып, «әлгінде қыздардың ән салғаны маған ерекше әсер етті де, тәтемнің бір әнін есіме түсірді» деді. Сөйтіп, сол жерде Жамбылдың ел естімеген «Қыздар-ай» әнін шырқай жөнелді.

Ол бала күнінде тыңдап, құла­ғында қалған әні екен, әннің, сұлулықтың құдіреті сол көңіл түкпірінде ұйықтап қалған дүниені оятқан ғой.

Міне, жаңалық! Осындай жаңалықтар көп болды да, Жетісу мектебі дүниеге келді. Оның негізін осы байқауда жинаған Жамбыл, Кенен, Сәдіқо­жа, Дәнеш, Пішан аталарымыздың әндері құрады. Бір кездері Рамазан інімізбен бір сыныпта оқыған, ауылдасы Ғалымжан Серікбаев деген жігіт болатын. Оқуды біті­ріп, дипломын алып, оңтүстікте демалып жүрген кезінде аяқастынан жазымға ұшы­рап, суға кетіп қалды. Райымбек ауданынан шыққан ірі ғалым, репрессия құрбаны болған Қапез Байғабылұлының әндерін жарыққа шығарушы сол ініміз еді, марқұм. Қазір соның жолын Рамазан Стамғазиев жалғап, Қапез әндерін ұдайы орындап жүр. Ашаршылық шағында қасірет шеккен елдің аузында талай зарлы ән қалыпты, біз соны алғаш сол байқауға қатысушы қария­лардан естідік. Ондағы сөз, зар естігенде сай-сүйегіңді сырқыратады тура.

– Шынында, өшкенді жағып, өлгенді тірілткендей келелі іс болыпты. Алайда сол таспаға басылып, жарыққа шыққан дүние қағазға қатталды ма? Жалпы, өзіңіз жай әнші емес, өнер саласында басшы болып, оқу орындарын басқарған да адамсыз, олай болса өнер мен ғылымның байланысы бүгінде қаншалықты екендігіне тоқталсақ…

– Соңғы жылдары халық әні кафедра­сында болсын, басқа да өнер иелерін тәрбиелейтін оқу орындарында болсын бұған үлкен бетбұрыс болды. Өзімнің шәкірттерімнің бірі Ақан Әбдуәлі – А.Жұ­ба­нов мектебінің директоры, Өнер ака­демиясында ашылған дәстүрлі ән кафед­расының меңгерушісі де болып отыр. Менің ізімді әрі қарай жалғастырып отырған шәкірттерімнің бірі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алды. Өзі кішкентайында айтыс ақыны болып баста­ған­дықтан, осы ініміз бүгінде жетісулық ақындардың мақамын жинақтап, үлкен жинақ етіп шығарды. Сонан соң Кенен Әзір­баев ата­мыз­дың 125 жылдығына арнап, «Алатау алабында» атты атамыздың өзі орындаған әндерін нотаға түсіріп, жинағын шығарды. Оған Мұрат Әбуғазы, Халықберген атты інілеріміз де көмектесті. Базарәлі Мүпте­кеев, Сағатбек Медеубекұлы секілді аза­мат­тарымыз да осы ұлттық мұрамыздың ғылыми тұрғыда зерттелуіне зор үлестерін қосып, «Жетісу әуендері» атты екі томдық еңбек шығарды. Бұдан да бөлек ірілі-ұсақты дүниелер көп. Ғылыми іргесі қала­ну­да деп айтуға болады.

– Жәнібек ағамыз кезінде әнді жай орындай салмай, алдымен оның тарихын, мән-мағынасын майын тамызып тұрып айтып алып, халықты соны тыңдауға ынтықты­рып, содан соң шырқаушы еді ғой. Бүгін болса тіпті әннің қалай ата­лып, кімдікі екендігі де айтылмай­тын кездері аз емес. Қазір өзі теоре­тик ғалымдардан тыс дәстүрлі орындаушылардың арасында әнді зерттеушілер бар ма?

– Өзінің үні де ерек, болашағынан көп үміт күттіретін әнші әрі ән жолында ерінбей еңбек етіп жүрген бірден-бір азамат деп әнші Ерлан Рысқали бауырымды айтар едім. Өсіп келе жатқан жастардың ішіндегі өте ізденімпазы. Ойлау қабілеті де бөлек. Лекция-концерттерге көбірек ден қойып жүрген – сол ініміз. Өзіне талап қойғанды­ғының арқасында ғой. Жалпы, біз тәубе деуге тиіспіз, бір кездері жоғалтқанымыз қайта келіп жатыр. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Жақсылық Сәрсенға­лиев ағаларымыз «домбыраны концертке қоспайтын, дәстүрлі әншілерді адам құрлы көрмейтін заманды көрдік» деп жататын. Қазір ешкім алдымызды кес-кестеп жатқан жоқ. Тәуелсіздікпен бірге өнерге де үлкен тәуелсіздіктің келгенін мойындауымыз керек. Бір ғана мысал, бұрнағы жылы 1000 күйіміз шықса, өткен жылы 1000 әніміз жинақ болып шықты. Соның өзі үлкен жетістік емес пе? Ал бұрын өнер зерттеушісі не ғалымдардың қайсысы болсын өзінің жазған дүниесін мойындату үшін Мәскеуге баруға тиіс болатын. Ал ол тұста Мәскеуге қазақ өнері керек болғанына өз басым сенбес едім, Затаевич секілділер өте аз ғой.

– Бұрын болған «Құлан сазы» атты фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблін қайта құрып, бү­гін­де соған басшылық жасап оты­р­сыз, сол жайлы айта отырса­ңыз…

– Ол, негізі, бұрын болған, бірақ кейінгі кездері тек аты ғана болмаса, заты қалмай, тозуға шақ қалған ансамбль болатын. Елба­сымыздың «Мәдени мұра» бағдарла­масы, «Дипломмен – ауылға!» жобасы бар, сондай-сондайдың барлығына иек арта отырып, құжаттарын, сметасын жасап, ақыры, «Құлан сазын» тірілттік. Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ағамыздың өнерге деген жанашырлығының арқасында ол қолдау тауып, бюджеттен 48 миллион теңге бөлінді. Соны Алматыда да ұстап отыруға болар еді, бірақ ғимарат жалдау құны т.б. қымбаттығын ескеріп, облыс орталығы Талдықорғанда отыруды дұрыс деп таптық. Былтыр ақпанның 2-сінде бастадық, маусымның 5-інде ансамбльдің ашылуын жасадық, міне, бес айда қол жеткізген жетістігіміз. Құрамында 48 адам бар, бүгінде жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Бәрін кәдімгі конкурс арқылы қабылдадым. Өзбекәлі, Ғарекең, Жәнібек ағаларымыздың принципі бойынша, яғни орындаушылық шеберлігі өз алдына, одан сырт келбеттің келістілігіне де мән бердік, себебі әртіске оның барлығы да қажет. Болмаса екі қазақ болса, соның бірі – әнші, үш қазақтың бірі – биші, төрт қазақтың бірі күйші болып шыға келеміз. Алайда, ұлы Абай айтпақшы, «солардың бар таңдамасы». Сонан соң жерге, елге бөлу деген жаман әдетіміз бар, мен дәл осы әдеттен ада болуды алдыма принцип етіп қойдым. Дұрыс таңдағаныма күн өте келе көзім жетіп келеді, қарап отырып сүйсінемін, бәрі өз балаларым се­кіл­ді. Жастары да 17 мен 24-тің аралығын­да. Біздің бір мақтана алатынымыз – Елбасымыз Алматы облысына келген сапа­­рында ол кісінің алдында концерт бердік. Біз сол кезде өзіміздің бағамызды алғандай сезіндік. Елбасымыздың көреген­дегі ғой, әр өнерпаздан жеке-жеке: «Сонда осылай болды ма, шынында, солай құрал­дың­дар ма?» – деп жай-жапсарды сұрады ғой. «Өте керемет жақсы екен», – деп облы­сы­мыздың әкіміне, өз қарамағын­дағыларға қарап, «Осы қуанышты мен Астананың халқымен бөліскім келеді», – деді. Солайша біз қазанның 7-сі күні Астана­ның Конгресс холында концерт беріп қайттық. Ол концертте де өңкей зиялыла­рымыз, үлкен ақын-жазушы аға-апалары­мыз болды. Солардың арасынан Фариза Оңғарсынова тіпті сол жерде облыс әкімі Серік Әбікенұ­лының ұялы телефонына қоңырау шалып, «Осы жасқа келіп мен бірінші рет арқа-жарқа боп отырып концерт көрдім, рақмет» депті. Міне, бұл – о баста елге, жерге бөлін­бей, тұтас қазақтың өнерін сахнаға алып шыққанның жемісі. Осы жерде тағы бір мар­қайып қалдық. Өнер адамы үшін шек­пен кигізгеннен гөрі өнеріне шын көңіл­ден бір ауыз жылы лебіз айтқаны – әлде­қайда зор қуаныш. Сонан соң Оңтүстік Кореяға жүздің үстіндегі ада­мнан құралған делега­ция барды, құра­мында біз де бол­дық. Біз өнерпаздары­мыздың киімдеріне де аса үлкен мән бер­дік, ал бұл жағынан мен Өзбе­кә­лі Жәні­беков ағамнан көп нәрсені үйрендім. Алды­мен – Астананың филармо­ния­сы, содан кейінгі орында осы біз тұрмыз ба деп қалдым. Жағдай мен жалақы жағы­нан…

– Құпия болмаса, әр өнерпаздың жалақысы қанша?

– Кеше оқу бітіріп барған бала 40 мың теңгенің үстінде жалақы алып, баспаналы болып жатыр. Бұл – тіпті адамның түсіне де кірмейтін дүние. Өнердегі Ғарекең, Өз­бекәлі сынды ұстаз, ағаларымнан алған тәлім-тәр­биемнің арқасында мен сонау жас күнім­нің өзінде филармонияға жұмыс­қа келместен 18 күн бұрын үй алған қазақ­пын. Компартия­ның қылышынан қан тамып тұрған шақта Өзбекәлідей ағамыз өнерге осындай жағдай жасай алды. Міне, өнерді бағалау деген қан­дай! Мен де балаларыма соны тілеп жүре­тінмін. Шынында, осы «Құлан сазы­ның» құрылғанының арқасын­да өнерлері­мен көзге түскен 11 адамға Алма­ты облысы Жамбыл ауданынан пәтер берілді. Балала­рым: «Аға, сіздің айтқаныңыз келді, біз де, міне, жұмысқа қабылдана сала үй алдық», – деп ризалығын білдіреді.

Алашқа айтар датым…

Бұрын біз, өнер адамдары, халықтың арасында жүретін болсақ, бүгінде арамыз алшақтап кетті, халық – өз орнында, бұл жерде кінә бізден. Біз қазір шенеуніктердің арасынан шықпай қалдық. Қазір өнерпаздар «аға, мен бәлен жерге барайын деп едім» дейді, ол «ағасы» бәрін дайындатып қояды. Барады да, әлгі әнші фонограммамен ән айтқан боп, қалтаға конверт салып қайтады. Сонда оның несі халыққа қызмет еткен? Өтірік қой «халық» деп жүргені, айналып келгенде, жеке бастың қамы үшін болып шықпай ма? Міне, менің осыған қарным ашады, осыған қынжы­ламын. Шоудың арты осыған айналып барады. Бұл да – қанаудың бір түрі.

Оқшау ой

Уақыт деген қадірін білгенге ол тіпті алтынға да айырбастамайтын құндылық қой. Біз, қазақтар, әсі­ре­­се осы уақытты бағалай алмай, босқа өткізуге құмар, ер­те­ңшіл халықпыз. Әсіресе  өнерде әр адам өз уақытын жүйелей білуі шарт. Басшысың ба, қызметкеріңнің уақытын жеме, сол арқылы, бірінші, оның жүйке­сіне, екінші, қалтасына кері әсер етесің. Екі сағат елді үйіріп алып, соңында «тәк, енді не істесем екен?» дейтін бастықсымақтарға таңғаламын.


Мәриям ӘБСАТТАР, «Алаш айнасы».

 

Пікірлер