Алматы облысы Көксу ауданында қант қызылшасының  әр гектарынан 700 гентнерге дейін өнім алынды

3575
Adyrna.kz Telegram

Көксу ауданында 2100 гектарға қант қызылшасы себілген, қазіргі кезде соның 1800 гектары толығымен жиналды. Орташа өнімділігі 370-380 центрнерден айналуда. Аудандағы «Айдын» сияқты жекелеген шаруа қожалықтарында бұл көрсеткіш тіпті 700 гентнерге дейін жеткен. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың Көксу ауданында болған сапары барысында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Шалқыбеков айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыс басшысы А. Баталов алдымен Көксу ауданындағы «Айдын» шаруа қожалығының алқабында болды. Мұнда облыс бойынша қант қызылшасының агротехнологиясы жөніндегі сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов қант қызылшасының жаңа тұқымдарының мүмкіндіктері, өнімділігінің генетикалық потенциалы және оны қолданудағы жетістіктер туралы қысқаша баяндап берді. Мәселен, Франция, Германия, Даниядан әкелінген тұқымдардың өнімінің қанттылығы 17 %-ке дейін жеткен. 

«Айдын» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Дүйсенбиновтің айтуынша, қазір қожалықтың соңғы алқабының өнімі жиналып жатыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен алынған заманауи комбайндар қызылшаны трактор тіркемесіне масақ қалдырмай, топырақсыз, тассыз, бірден таза күйінде тиейді. Бұл жұмыс тиімділігін бұрынғыдан да арттыра түсуде. 

Аралау барысындағы келесі нысан Көксу қант зауыты болды. Облыс әкімі кәсіпорынның цехтарына кіріп, өндіріс процестерін көрді. Зауыт директоры Алтынбек Абатов мұнда Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қаласының қызылша өсірушілері өз өнімдерін жеткізіп жатқанын айтты. Қазір зауыт алаңында 206 мың тоннадай өнім жинақталған. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна шикізат өңдеуде. Бүгінге дейін 10,8 мың тонна қант шығарып үлгерген. Бұған дейін зауыт мазутты қолданып келсе, ауданға табиғи газ келгелі отынның осы түрін пайдалануға көшкен. Біріншіден, көгілдір отынның мазутқа қарағанда жылу шығару қуаттылығы жоғары болса, екіншіден, төлемі де арзан, соған сәйкес шығын азайып, өндірістің тиімділігі артқан.

Сол сияқты осы сапарында Амандық Баталов аудан орталығы Балпық би ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан 50 пәтерлік жалгерлік үйдің құрылысымен де танысты. Құны 456,9 млн. теңге болатын көпқабатты үйді «Стройсервис ИНК» ЖШС салуда. Баспана биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Әзірге тиісті құрылыс жұмыстарының 87 % аяқталған. Аудан әкімі Алмас Әділдің айтуынша, кезектегі көп балалы отбасыларға осы пәтерлерден үй берілетін болады. 

Көксудағы бірқатар жұмыстармен танысқан облыс әкімі аралау соңында журналистерге сұхбат берді. 

- Биылғы жылы облыс бойынша 14 мың гектарға қант қызылшасын септік. Содан шамамен 500-520 мың тонна қант қызылшасын аламыз, одан 50-52 мың тонна қант шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Қызылша алқаптарындағы жиын-терін жұмыстары 10-15 күнде аяқталады. Көксу, Ақсу қант зауыттарын модернизациядан өткіздік. Ресейден, Қытайдан, Чехиядан, басқа да елдерден құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Жалпы қызылша өңдегенде одан 80 % жом, яғни сығынды шығады. Ол - мал семірту үшін таптырмайтын азық. Сондықтан шыққан жомды мал бордақылау алаңдарының жұмысына тиімді пайдалану үшін, осы екі зауытқа жомды кептіріп, арнайы қаптайтын құрал әкеліп орнатып жатырмыз. Қапталған күйінде оны екі жыл сақталауға болады. Жлапы қант зауыттары негізінде тек маусымдық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін Бразилиядан шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз. Осылайша Алматы облысы жылына 300 мың тонна қант өндіруге қол жеткізе алады. Республикадағы қанттың 480 мың тонналық өндірістік және тұрмыстық қажеттілігінің басым бөлігін жауып отырсақ, бұл үлкен жетістік болар еді, - деп А. Баталов алдағы жоспарлары жайлы да айтып өтті. 

Сонымен бірге еңбек өнімділігін арттыруға қатысты да талаптың зор екенін тілге тиек етті: 

- Алғашында біз шаруа қожалықтарын қант қызылшасын өсіруге жаппай тартып, барлығын бірдей ынталандырдық. Қызылша өсірушілерге жыл сайын субсидия беріледі, жанар-жағармай жеңілдікпен беріледі, соңғы жылдары тек қана қант қызылшасын өсіруге бағытталған 120 заманауи техника сатып алынды, Франция, Германия, Даниядан тұқым сатып алып бердік. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан кейбір қожалықтар әлі күнге қызылшаның шығымын 200 центнерден асыра алмай отыр. Қант қызылшасы тынбай еңбектенуді, үздіксіз баптауды қажет ететін еңбек. Сондықтан ендігі жерде кімнің еңбек өнімділігі жоғары, кім жақсы жұмыс істейді, соларға қолдау көрсетіледі. Яғни табиғи сұрыптау жасауымыз керек, - деді А. Баталов. 

 

 

Пікірлер