Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.
Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген – жануар. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғарғы құрметінің белгісі. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқынының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы сірә жоқ. Жер бетінде жаратылысынан табаны жер иіскемеген бекзат бір халық болса, сол қазақ болу керек. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көк шолағы» болған. Қойшысы қой торысын мінді. Осы ат – көліктің арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті.
Қазақ жылқы малының болмысындағы басқа түліктерде болмайтын барша қасиетін жақсы танып, терең зердерлеп білген. Соның нәтижесінде өзінің өмір сүру қалпы мен болмысына қатысты көптеген тұрақты сөз тіркестерін жылқы түлігіне қатысты қалыптастырған. Енді, соның бір нешеуін еске түсірсем, дегдар жұртым өзгесін өзі жетелеп әкетеді. Мәселен, жұмылған жұдырықтай жиын жүретін, саяғы аз, айрандай ұйып, бірлік-берекесі артқан әулетті торы айғырдың үйіріндей деп әспеттеді. «Күш-қайратың қайнап, әл-қуатың тасып тұрған жастық шағыңда ел-жер аралап, қыр-сырына қанық, көпті көріп көзінді аш» деген ұғымды атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп деп мақалдады. Ал адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасыретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балады.
Көшпенділер мен жылқы баласынының бірге өсіп, біте қайнасқаны сондай олардың тұрмыс-салтына, мәдениеті мен өнерінде өз ара қатысты айтылатын афоризмдер толып жатыр. Мысалы, жаңа туған нәресте ұл бала болса ат ұстар, егер ол қыз бала болса ат байлар деп бейнелеп айтады. Ал баласы ер жетіп, есейіп, өссе ат жалын тартып мінді деп қуанады. Немесе түтеген қалың қою тұман, көзге түртсе көргісіз тас қараңғыны ат құлағы көрінбейді деп бейнелеп жеткізген. Сонымен қатар бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты ат құйрығын кесті деп білдірсе, араздасып барып татуласқан жандарды ат тізесін қосты деп табысқанын айтады. Ал кедей-кепшік, тумысында бір жарымаған адамды ауы атқа, аузы аққа жарымаған деп қағытып өтеді.
Туған баласын түліктің төліне теңеу де көшпенділердін, әсіресе, қазаққа тән қасиет. Ата-ана баласын құлыным, құлыншағым деп құлпырта мекіреніп, оның томпаң қағып, зыр жүгірген жүрісін құлындай құлдыраңдады деп бейнеледі. Ал қазақ баласы болса құлын болып кісінеп, тай-құнан боп тулап, асау болып алысып, ат болып жарысып ойнап, тарпаң болып ер жетеді.
Қазақ баласының қолына түскен қу шыбықтан бастап, атасының таяғы, тіпті апасының сабауына дейін ат болып кетеді. Қу ағашқа жан бітеді.
Қазақ философиясында жылқы айырықша орын алады. Жаратылыстың сан қырлы құпиясын танып білуде, өмір, өлім арасын байланыстырарда үнемі жылқы кірісіп отырады. Дария тіршіліктің ұлы ағысы тоқтаусыз. «Ұрпақ алмасады, өмір жалғасады», «бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп жағада тұрған» дүние жалғанды жалғап, артқы толқын келеді. Мұны қазақ ат тұяғын тай басар деген айшықты тіркеспен жеткізеді.
Баласының кісі қатарына қосылып азамат болуы ат жалын тартып мінуі мен сәйкессе, ауыл-аймағын аузына қаратып, артынан ел-жұртын ертіп елге бас болған азамат атқамінер атанады.
Қазақ үшін лауазым-шеннің, мансап-биліктің де биік шыңы – аттың үсті. Өмір бойы өнегелі ісімен үлгі болып, шау тартса да шалдықпаған, халқының қамын жеген ел ағасын ат үстінен түспеген жан дейді.
Қазақ әлде кімнің басына түскен қайғы-мұңына ортақтасып, көңіл жұбатып тоқтау айтқанда да бейнелеп қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ деп, ал бүгінгі қайғының ертең орны толатынын арғымақтың тұяғы тасты басса кетілер, сазды басса жетілер деп жеткізеді.
Атақ сөзінің түп төркінінің өзін ат, жылқы сөзінен жасаған басқа жұртты білмейміз. Жауға шапса Аттан! деп, бір іске, бір бағытқа жаппай, жұмыла қозғалса атқа қонды дейтін де бізбіз.
Ежелден қалған ескі сөз – ер қанаты – ат. Тақымы атқа тиген алаш баласы әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанады.
Қазақ халқының тарлан тарихының тереңіне үздіге үңілгенде де тәнті болатынымыз – бабаларымыздың елін, жерін қорғап, ата жауымен алысқандығы қанды көйлек жолдасы, арқа-жарқа болып, алқа-қотан көшіп, ақ түйенің қарны жарылып саят-салтанат құрғандағы қызығы, сәнінің көркі күмбірлеген күліктер екенін көреміз. Даңқын аспандатқан кемеңгер қолбасшы Күлтегіннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы жадымызда жатталып қалды. Көк Түріктердің көне мекені Хан Тауының (Хэнтий) қойнауынан көтеріліп жер жаһанның жартысын иеленіп, тенізге келіп тіреліп, «бұдан әрі барар жер жоқ» деп ат басын кері бұрған Шыңғыс ханға және оның ұрпақтарының ұлы жорықтарының туының жығылмауы да аттың күші еді.
Көшпенділердің бес қаруы сайма-сай салт атты шеріктері садақ ату, шоқпар сілтеу, найза салу, қылыштасу, ат үстінен аударып түсіру сынды әскери сайысқа ат үстінде машықтанып, ат құлағында ойнады.
Ат бәйге, көкпар, аударспақ, теңге ілу, жамбы ату, шеген, қыз қуу сынды ұлттық ойындарымызды талай аламан додаға түсіп әбден машықтанған сәйгүліктерсіз елестету мүмкін де емес. Дамыта алмай отырғанымыз болмаса ат спорты ойындарының ең көп таралған ортасы қазақтар іші.
Көшпенділердің аңыз-ертегі, ақиық жыр, айтулы дастан, батырлық эпостарының басты кейіпкерінің бірі болып жылқы жырланып отырады. Ол елін, жерін жасанған жаудан қорғаған батырлардың астындағы аты ғана емес, сенімді серігі ретінде суреттеледі.
Жылқының тас қараңғы түнде жарты тарыны көретін жанарының өткірлігі сынды жаратылыс ерекшеліктерінің өзі бір төбе.
Қазақтың сән-салтанатының көркі де – жылқы. Әбзелінің әшекейі аппақ сүттей ай нұрына жарқырап, күмбір-күмбір күмбірлеген күліктер жегілген күймелі қазақы арбаларда аққу мойын, алма төс қазақ арулары кетіп бара жатты. Алайда, ат десе ішкен асын жерге қойған қазақтан бұл күнде ат десе селт етпейтін қазақты да табуға болады. Оның еш әбестігі де жоқ. Заман солай болған, қоғам ыңғайына қарай солай тәрбиеленеміз. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақтың келешегі кемел, туған елін жан-тәнімен сүйетін, жады мықты, жанары отты, рухы биік азамат болып ер жетуі үшін ұлттық тәлім-тәрбие беруде жеткіншектеріміздің жылқы түлігі туралы таным-түсінігін байыту бүгінгі күннің талабына сәйкеседі деп білеміз.
Өткен ғасырдың басында «Қара қыпшақ Қобыланды» жыры жеке кітап болып басылып шығады. Осы кітапқа Алаштың асқар азаматы Әлихан Бөкейханұлы сын жазады. Ә.Бөкейханұлы шүу дегенде кітаптағы аттың суретін сынға алады. Ол былай дейді: «кітаптағы ат орыстың тяжеловоз дейтін жүк атты; шабандығы өгіздің сәл-ақ алдында; жал-құйрығы құшақ айғыр. Жырдағы шын Тайбурыл – азбан. Кітапта суреті салынған боз айғырдың бірде-бір мүшесі, жылқылығынан басқа, Тайбурылға ұқсамайды.Суретке қараңыз, осы боз айғыр қалайша сымдай созылмақ?» дейді.
Осы жолдарды оқығаннан кейін еріксіз ойланып қаламыз. Егер, Әлихан Бөкейханұлы біздің тәуелсіздік жылдарымызда тұрғызған тұғырдағы «Тайбурылдарымызды» көрсе не дер еді? Бәлкім, «қой мінезді құлындарым-ау, ұятқа қалмай мыналарыңды құлатыңдар» дер ме еді үзілді-кесілді.
Олай бола қалған күнде, біз де ұялмай-қызармай дау айтатынымыз кәдік. Өйткені біздің өреміздің жеткен жері осы, өнердің шыңына шырқап шығып алған, ат құлағында ойнамаған біз, сонау жүз жыл бұрынғы кәрі шалдың сөзіне құлақ ассақ, өркениетті ғасырға шегеріп тастамаймыз ба? Заманына сай адамы. Сондықтан, ұялмаймыз. Ұялмайтындығымыз, ұлттық рухани, мәдени танымнан мүлдемге қара үзіп қалғанымыз, миымызға мың айтсаңыз да кіріп шықпайды. Ондай сынсымақты қабылдай алатын бейсауат қабілет жоқ. Бізді намыссыз, жігерсіз, жырынсыз деп буынсыз жерге пышақ салатын шығар. Салса сала берсін, бізде де намыс, бізде де рух бар. Енді-енді бойымызға, тәнімізге жан бітіп келе жатқаны және рас. Жоғалтқанымызды іздеп шарқ ұрып, жұмыр жерді шыр айналып шапқылап, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр, бағзы замандағы бабаларымыздың терлігі елі-жері үшін қан майдан, сұрапыл шайқаста ерісе, біздің пішпегіміз солардын рухын іздеумен еруде. Ат сабылтып Санкт-Петербург бардық, ежелгі Өтүкен қойнауынан Күлтегеннің көктасын көтеріп келдік. Міне, атышулы аталарымызға бір-бір ескерткіш қойдық тағысын тағылар.
Оқыдық, тоқыдық. Бірақ, тоқығанмен түсінбесе ол да пайдаға аспай жататын жағы тағы бар. Біз осылай ойлаған сайын, көкейімізге Елбасының мына бір сөзі орала береді.
«Еуропацентристердің және олардың сойылын соққан кеңестік насихат пен ғылымның көшпелілер тарихын саналы түрде кемсітуі, көшпелілерді бейғам, жалқау, ынта-жігерсіз, жартылай жабайы тірлік құрушы халық етіп көрсетуі қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп-құлату роль атқарады».
Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол – намыс, ол – ұлттық сана-сезім, ол – тектілік рухы еді. Қазақ үшін бұл тіпті де қажет. Осыны жақсы зерттеген ақ, қызыл түсті отаршылдар қазақты жылқыдан ажыратпай, оның бойындағы «жылқы мінезге» әлі жетпесін білді. Сөйтіп, олар бірден қазақтың жылқысына ауыз салды. Мұндай жадыңды жоюға бағытталған саясатқа қарсылық Х1Х ғасырдың басқы ширегінен басталғанды. Қызыл империя алдымен алаштың атын алды, артынан елдің басын алды. Қазақтың табанын тас, жанарын жас тілді. Жылқы мінезі жүндей түтілді. Ұланғайыр даланы ұлан асыр күйге бөлеген төрт түліктің төресі, ардақты жануарлардың сарқыны қаша-қораға қамалды. Қайдағы бір жабылармен жамалды. «Үстінен су төгілмес майда қоңырлардың» орнына дүңкілдек, мінсең іші-бауырыңды түсірер «дончоктар» дайда болды. Ал осындай құйтырқы, жымысқы сайтани әрекеттерге елдің азат ойлы азаматтары қарсылық көрсетпей қалған жоқ. Мәселен, қазан төңкерісінен кейін малға, соның ішінде жылқыға қыр кеткенін Мәшүр-Жүсіп Көпейұлының 1925 жылы жазған «Малсыз дала» өлеңінен анық байқауға болады.
Жылқы жоқ бұрынғыдай қостан шығар,
Күн қайда жонға барып қыстап шығар.
Бұл түрімен төмендеп кете берсе,
Әркім-ақ өзінікін ұстап шығар,– дейді.
Осы зар ары қарай қазақ ақындарының өлең-жыр, толғауларымен жалғасып, С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасына ұласады. Жылқы түлігінің тоз-тозын шығарып, атқанын атып, сатқанын сатып, жұртты жаппай жаяу қалдырғанын, ақын ашына астарлап жазды. Ат пен ақын мұңдасады. Ат адамға шағынады, өкпе-назын айтады:
Білемісің, жүйрік сұлу қара айғырды?
Білемісің, әлгі жалбыр сары айғырды?
Сұр жорға ат, сүтті мама боз биені,
Соларды зиян кестер қалай қылды?..
Солардың бірі жауыр, бірі қатпа,
Сұржорға ат қазір тулақ, ол енді ат па?– дейді.
Омырауына жасы моншақтап, кешегі сұлуының бүгінгі қалін көріп, көкірегі қарыс айырылады. Арына теңеп, аймалап құшып өбеді. Сәкен үшін, яғни қазақ үшін жылқы – әйел. Бұл – Сәкен Сейфуллиннің жылқы түлігіне қырғидай тиген ақыры «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген нәубат, қансыратқан аштыққа әкелген тұстағы саясатқа білдірген жан айқайы, наразылығы еді. Ал Бейімбет Майлин болса қабырғасы қарыс айырыла отырып,
Кереге басы құр ноқта,
Құлынсыз қаңырап тұр ноқта.
Сән- салтанат баяғы,
Қалды әдіре бір жақта,– деп шырылдады.
Қызыл империяның қырғыны үдеген үстіне үдей түсті. Енді қаламды қолына Іляс Жансүгіров алады. Қапияда мерт болған Құлагердей сәйгүліктің қан жоса басын құшып отырып, адамзат баласында бұрын соңды болмаған құбылыс – Ақан Серінінің азалы зарын арқау ете отырып, дүлдүл ақын Іляс «Құлагердей» зарлы поэмасын өмірге әкелді.
Құлагер қош-қош атым, жолдасым-ай,
Мен білдім, түнесемде тұрмасыңдай.
Тигізбей топыраққа жоғары іліп,
Сақтармын өле-өлгенше қу басыңдй-ай!
Ақан Сері – Іляс. Ал Құлагер сол дәуірдегі қазақтың атқа мінер қасқаларының образы деп көруге әпден болады. Бұл заман трагедиясы еді. Осыдан елу жыл өткеннен кейін Қабдеш Жұмаділов «Сәйгүліктер» повестісін жазды. Қазақы жылқының қалай «асылданып» бара жатқанына араша іздеген жазушының жан айқайы еді бұл да.
Біз енді Бөкейханұлынша ойлай алмаймыз. Өйткені, біз үшін, бүгінгі заман ұрпақтары үшін «ер қанаты – ат» емес тәйірі, ұшақ не болмаса машина. Сондықтан да біз атқа, жылқыға, қала берді қаныңа техника көзімен қараймыз. Сонда бізде қайдан ұлтық рухани түйсік болады. Біздің түйсік те модернизацияланған. Сол Әлихан Бөкейханұлы айтқандай «еуропа жолында» болуымыз әпден мүмкін. Мұндай екі ұдай пікірде қалуымыздың бір ұшы мысқалдай болса да бойында дәстүрлік түйсіктің түйірі қанда қалу-қалмауына келіп тіреледі.
Жүйрік аттың сауырын сипап, ұмасын уқалап, жылқының кермек иісін алақанына сіңіріп, ащы терін татпаған, оқыранып келіп шапқан айғырдың тегеуіріне тамыр-тамырынан исініп, тылсым қуаты тұтанабаған кісінің ат пен айғырды ажыратуы айтып-айтпай қиын болар. Одан «ер мұрынды, ат еренді» келетін қазақи түйсікті талап ету артық та шығар.
Алайда ақыл ойдың түбін түсіретін кемеңгерлеріміздің ұлтық түйсіктен анағұрлым оқшауланып, қол үзді деуге қалай батылың барады. Сонау Петрборда төртбұрыш үйдің терезесінен сығырайып отырып, Алтай тауын мекен еткен қазақтардың етіне түскен жарақаттың тез жазылып, түлейтіндігін «өмір сүргіш (выживание) қабылеттілігінен» іздеп қаңғыратын Л.Н.Гумилевтің «көрегендігімен» сыбайлас нәрсе. Сана қанша жүйрік болғанымен кейде тұрмыстың илеуіне түсіп кететінінің бұл айқын көрінісі. Біздің алғырлығымыздың да шатқаяқтайтын тұсы осы. Туа біткен күш-қайрат текті жауын көргенде терісіне сыймай тасып, таласқанын талқанғып, беттескенін бұзып-жармай толас таппайтын, қас жауын қанжағасына байламай қаһары қайтпайтын, ата қонысын апай төсімен қорғаған, нар тұлғасы мен айбары айдаһарды жасытқан, ажарынан сарабдал ақыл-ой аңқыған нұрсипатын, атын естігенде аруақтанып, намысымыз нұрланатын батыр, ерлер қайда?
Біздің жас ұрпақтарымыздың рух алар дүниесі Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің қасындағы салпаң құлақ, мәңгірген есек-құлындар сыңайлы болғаны ма? Олардың «жуасыған» жылқы тінін түртпе. Мөңкітіп аласың дейміз бе? «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме, жас ұрпақ жұлынып тұрған құлынды көргенше, жығылғалы тұрған жабыны көріп өссін дейміз бе? Алайда, көптің , қалың бұқараның талабы бұл емес!
Заманымыздың ілгергі У1-У111 ғасырларына, түркі текті халықтардың түпкі төркіні болып келетін Көк түріктер дәуіріне мойын бұратын болсақ, ең әуелі әлемге әйгілі Орхон ешкеркіштеріндегі Тоныкөк, Күлтегін құлпы тастарынан көшірілген ойма жазуларға тоқтаймыз. Бар жоғы 42 жыл өмір сүрген Күлтегін бабамыз 16 жасынан бастап, қару-жарақ асынып, қолбастап, қағанатын қорғап бүкіл өмірін аттың жалында, жорық сапарда өткізеді. Сол бір кезеңдердегі қан майдан, сұрапыл соғыстарда теңдесі жоқ Күлтегін қолбасшының астына мінген сайгүліктері талай қырғынға Күлтегінмен бірге кіріп, жеңіске ортақ болған атақты Алып Шалшы мен Азман ақтардан «алты айлық жерді алты аттаған, бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, жүрісте – көлік, жауда – серік өзіміздің әйгілі Тайбурыл, Байшұбарларды көргендей боламыз»(Күлтегін. Көне түркі жазба ескерткіші.-Алматы: Жалын, 1986,-14-бет).
Анау Алтайдан ауған қырғыз халқының Ұлы Манас жырында Көкетай ханның астынан арқыраған шағырдай боз атты көреміз.(Манас.Киргизский героический эпос.М, Наука,1990г). Иә, жұмыр жердің жартысын жаулаған Шыңғыс қағанның қос қызылы эпостық жырдың арқауына айналған. Сол ұлы қаған өмірінің соңында 1226 ит жылы Таңғытқа жорыққа аттанады. Сонда қаған теңбіл шұбарын мініп жүрді деп жазлған шежіреде.(Монғолдың құпия шежіресі. Өлгий,1978,- 196 бет).
Мұның бәрі неге мехнаты көп тасқа ойып жазылды. Ол жылқы болмысындағы адамға күш-қуат беретін аса құпия тылсым қасиетіне деген ерекше ілтипаттың көрнісі деп білеміз. Егер жылқыда рух шақырар, арқа қоздырар құдырет болмаса, онда ол жайбір басқа түліктермен бірдей белгіленбей, елеусіз қала берер еді.
Қазақ тумысынан жылқымен жағаласып, жылқымен жарысып өскен. Жер жүзінде жылқының жасын, мінез-құлқын, түр-түсін, қадыр-қаиетін, түп тұқиянын өзгеден артық білетін бір жұрт болса, ол – қазақ. Соның үшін де қазақ тілінде жылқыға байланысты, соның ішінде тек атқа байланысты «ер қанаты- ат; атың барда ел таны желіп жүріп; жылқының үсті – жел, сүті – ем; атты тағаласаң есек аяғын көтереді; тигізбейді қазанат қамшы, азамат жоғын білгізбейді; ат айналып қазығын табар; ат тұяғын тай басар; ат аунаған жерде түк қалар… т.б. толып жатқан мақал-мәтелдер туса, «ат төбеліндей; ат бауырына түсіп; ат құлағында ойнау; атқа мінер; аттың жалында…қатарлы фазеологиялық тіркестер қалыптасты. Ат ән мен күйге арқау болды. «Маңмаңкер», «Ақ бақай», «Сал торы», «Қара жорға» сынды әндер, «Құлжагер», «Тел қоңыр», «Қос күрең», «Көк дөнен» сияқты күйлер өмірге келді.
Халқымыздың жылқы малына деген сүйіспеншілігі еш төмендеген емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дамып, жетіліп, кемелденіп отырды. Сол заман, дәуіріне сай тіршілік-тұрмысын жылқымен байланыстырған жаңа қанатты сөздер туындап отырды. Аса талапты, таланты тас жарып тұрған адамға теңеу іздегенде де жылқыға келіп тірелеміз. «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің» Абай сөзі осыған дәлел. Және дарынды мен дарынсызды, жақсы мен жаманды шенестіргенде айтылатын «тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,оған да үкі тұмар тағылса да» деген де Абайдан қалған қанатты сөз. Албаты кетіп, арам тер болған дарақылықты «Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық» (Шалкиіз жырау) деп түйреді. Қалжырағанды қатайтып, шаршағанды шыңап, босағанды беркінтіп ерлікке шақыратын жігерлі сөздер Маханбет аузынан түйдек – түйдегімен түсіп жатады. «Ереуіл атқа ер салмай, ерлердің ісі бітер ме?»… Халқымыздың жылқыға деген ерен құрметінің белгісі оны мәңгіліктеу – еркерткіш мүсіндерін орнату болады. Талдықорған қаласында жығылып жатқан арғымақтың – Құлакердің аянышты халін бейнелейтін ескерткіш бар. Ақан Серінің Алашқа әйгілі болған Құлагерінің күңіренген тағдырын көз алдыңызға елестетіп, бас имей өтпейсіз бұл арадан. Жылқыға деген мұндай құрмет көшпенді басқа жұрттарда да кездеседі. Моңғолияда «Арвай хэр» (Бидай кер) деген атағы шыққан аттың атында қала бой көтеріп, «Арвай хэрге» алып ескерткіш орнатқан. Ал батыс елдері әпсаналарында адам кеуделі, арғымақ кейпінде бейнеленген көшпенділер әулеті Азия төрінен аттанып, бүкіл әлемге атақ даңқы жайылса осы аттың арқасы. Атты әскерлердің алмаған қамалы, жетпеген жері болмады. Аралық қашықтықтар «күндік жер», «айшылық жер» деп аттың жүрісімен есептелді.
Көшпенділердің басына төнген зұлматтар ат пен адам арасын алшақтанқан дәуірлерді бастан кешірдік. Алайда дүние кезек деген бар емес пе, қаның да бар нәрсе қалайда күндердің бір күнінде айналып бір тіріліп, түлейтіні болады екен. Қоғам күрт өзгеріп еді, болмысымыздағы бордай болып үгіліп тұрған тектілік түйіршіктері түнде гүлдеп, қас қаққанша шиыршық атып, ширығып шыға келді. Арғы тамырынан тамтұмдап болса да тарамыстай тырмысып ажырай қоймаған ауыл адамдарын былай қойғанда астынан жеңіл автокөлігі түспеген, айшылық жерге ұшақпен баратын шенеуніктердің шекпенінде туып, шинелінде өскен, сырмақтан түспеген ығай мен сығайларымыз, жақсы мен жайсаңдарымыз, әсіресе қалтасы қалың байларымыздың да ат-жылқы баласына аңсарының аууы тіпті модаға айналып, ең таңдаулы асыл тұқымды сәгүліктерді үйір-үйірімен ұстап жатса неге қуанбасқа. Өйткені жылқыны білу, жылқыға үйір болу, шамасы келгенінше жылқыны танып өсу – ұлтық сана-сезімімізді сергітер, жасыған жадымызды серпілтер, тектілігімізбен табыстырар тағылым-танымдықтың ең қуатты құралының бірі болса керек. Өмірі футбол ойынын көрмей өскен балаңызды бір рет стадионға ертіп барыңыз, сайыстың соңына әзер шыдап, шаршап қайтады. Өмірі жылқы баласын көрмеген нәсіліңізге бір рет аламан бәгі көрсетсеңіз, мың күнге рухани күш алады. Желдей есіп ана аттың үстіне мініп кеткісі келіп, елегізіп тұрады. Бұл біздің ұлттық менталитетіміздің туатүп негізінің ерекшелігіне байланысты.
Бақытбек БӘМІШҰЛЫ