Бала жалғыз қалмасын 

4924
Adyrna.kz Telegram

 70-жылдардың аяғы болса керек, қолымызға «Алтын кітап», «Күміс кітап» атты асыл дүниелер түсті. Кітап десе құныға кірісетін мен сықылдылар бұл қазынаға бірнеше күн нәр татпаған аш қасқырдай тап беріп, шайнамай жұтып қылғыттық десек те болады.  Апыл-ғұпыл, шала-шарпы оқып шығамыз да, қайта үңілеміз. Содан кейін асығыс-үсігіс тағы оқимыз. Себебі өте тәтті еді, шіркін! Бұл кітаптарды қанша рет қайталап оқығаным есімде жоқ, бәлки он рет оқыған шығармын, ішіндегі ең аяулыларын, бәлки, жүз рет оқыған шығармын... Бұл ертегілерді жатқа білемін, - деп жалған сөйлемейін, әйтсе де балалық шақтың бал татыған бір әдемі әерлерінің бірі болып жадымда мәңгіге қалып қойғаны рас. Есімде қалған ертегінің біреуінің басын баяндайын – Бір ерлі-зайыпты ұрпақ көре алмай зарығып жүргенде «Жақында ұлды боласың және одан айрылып қалмаудың шарты бар – бала жеті жасқа жеткенше көзден таса болмауы тиіс, қасында міндетті түрде бір адам болуы керек», - деген аян алады. Шынында да көп ұзамай келіншектің бойына шикі ет бітіп, дүниеге балпанақтай ұл келеді. Құдай берген ұлды құлай сүйген ата-ана сәбиінің жанынан шықпай, өздері сәл ұзай қалса, қасына арнайы жалдаған күтушіні қалдырып,  шартты мүлтіксіз орындап жүреді. Әйтсе де бір күні күтушіні қара басады - әлденеге сәл алаңдап, бала бір сәтке жалғыз қалады. Содан жан ұшырып, жан-жағына қараса - бала жоқ!!! Шым-шытырық ертегі осылай басталады ...

         Күні-кешеге дейін неге тап осы ертегі қатты әсер етіп, есімде қалғанын  түсіне алмай жүрдім. Сөйтсе, бәленің бәрі баланың жалғыз қараусыз қалуынан, етжақындарынан тым ерте ажырауынан/алыстауынан басталады екен ғой. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалай еді – бала қабырғасы қатып, буыны бекігенше көзден таса болмайтын, қалай болғанда да етжақындарының біреуі жанынан табылатын:  дүниеге келіп емшектен шыққанша анасынан бір сәт дерлік ажырамайтын. Дәстүрлі қазақ отбасында балаға деген қамқорлық, ол бойға біткен сәттен басталатынына - қазақтың «құрсақ той» дәстүрі куә. Келінінің күй-жайынан хабардар болған ене - абысын-ажыны жинап, дастархан барысында ақжолтай жаңалықпен бөлісе отырып, болашақ ананы ауыр, зиянды тірлікке, түз жұмысына араластырмауды тапсырады. Бұндай  қамқорлық бала дүниеге келген соң тіптен күшейіп, ана баланы алаңсыз күтімге алуға, ылғи дерлік жанында болуға мүмкіндік алады.  

         Советтік перзентханадағы баланы анасынан бөліп, өзге бөлмеде ұстау, тек емізетін мезгілде ғана әкелу - бірнеше сағат/ күн бұрын бір ет - біртұтас ағза болғандарды бір-бірінен бөліп тастау - қып-қызыл қылмыс! Ана үшін – азап, жарық дүниенің есігін жаңа ашқан нәресте үшін – сұмдық үрей, естен танарлық қасырет! Салдары өмір бойы кетпейтін бұл сұмдықтың салмағын бағалайтын шкала әлі ойлап табылмаған шығар. Қазір, Құдайға шүкір бұл үрдіс өзгергенге ұқсайды – нәресте анасымен үнемі бірге болу мүмкіндігіне ие, - деп естиміз. Советтік жүйеден безіп, ана мен нәресте бір-бірінен, әсіресе өмірінің алғашқы сәттерінде ажырамайтын  қазақы дәстүрге оралғаны үшін сансыз шүкір айтамыз.

         Советтік жүйені әңгіме қылдық екен, әрі қарай өрбітейік: бұл кезеңде әйелді еңбекке тарту – совет-коммунистік системаның үлкен жетістігі болып саналды.  Халық шаруашылығында жұмыс істеуден бас тартқандар үшін кодексте арнайы бап қарастырылған Совет Одағында «әйелдер теңдігі» деген ұранмен әйел затын араластырмаған тірлік қалмады – еркектің өзін ерте қартайтып, күнінен бұрын ауру қылатын тракторға да отырғызды.  Сөйте жүріп, ана болу бақытын иеленгендер қысқа декреттік демалыстан соң, жұмысына қайта жегілетін - кеудесін кернеген сүті мазасын алып, анасын аңсаған сәбиінің шырқыраған дауысы құлағынан кетпей, күн кешетін...

         Дәстүрлі қазақ қоғамында бала емшектен шыққан соң, жас ананың үй-түздің жұмысына біртіндеп белсене араласуына дәстүрлі ата-әже институты керемет жағдай жасайтын еді – Немересін әке-шешесінен артық болмаса, кем жақсы көрмейтіната-әжелер – балаға құр бас-көз болумен шектелмей, тәрбие орталығы да болды.  Қазақтан шыққан небір асыл тұлғалардың артында олардың алтын-әжелері тұр. Сөзіміз дәлелді болу үшін, «ұлы қазақ» десе әуелгі болып аузымызға ілінетін хәкім Абай Құнанбайұлының қалыптасуына Зере әжесінің өзіндік үлес қосқанын айта кетейік. 

         Ал советтік дәуірде басталған қазіргі жүйеде ата-әжелер институты (немере-жиен бағу мағынасында ) мүлде жойылмағанымен - ясли-балабақшамен салыстыруға келмейтін деңгейде. Үлкендерге аса білінбейтін шығар, 2-3 жасар бала үшін  балабақшаға бару – трагедия! Бет-ауызы көгергенше жыласа да алдап-сулап не зорлап апарылған бала - «жетім қозы тас бауыр – маңырар да отығар» дегендей көндігеді. Бірақ санасында өшпейтін өкпе қалады; риясыз сүйетін, шүбәсіз сенетін махаббатына алғашқы қаяу түседі. 

         Өзім алты жыл мекен қылған Қарағандыда – 5 тәуліктік (күндік емес) балабақша деген де болды.  Дүйсенбі күні таңмен апарылған баланы ата-анасы жұма күні кешке ғана алып кетеді. Енді бұл жерде бала бастан кешетін стресс сынды уақ-түйек  әңгімені айтпақ-ақ қояйын, бұндай бақшада болған бала – «біздің бала» деуге жатпайтын, «жат бала», «бөтен бала»... Жеткіншектер/жастар бұзақылығы, қылмыс жөнінен атағы күллі Одаққа жайылған, (СПИД сынды жаманаты өз алдына) Қарағанды түйткілдерін, өз басым, осы балаға көңіл бөле алмаған шахтерлер қаласының қарбаластығымен  (бес тәуліктік бақша – соның жемісі/кесірі) байланыстырамын. Әке-шешенің махабатын сезіне алмаған, күні бойы болмаса да, күніне бір мезгіл бірге бола алмаған балалардан, осы балалардан құралатын қоғамнан қандай сорақылықты да күтуге болады. Және олар – қылмыскер ме, құрбан ба, бұл – бір ұзақ әңгіме. 

         Қазіргі іскер/қарбалас қоғамда бірнеше кредитіне жегіліп, бірнеше жұмыста істейтін әке-шеше үйге келгеннен кейін де, бәрін бірдей «балаларымен бірге», - деп айта алмайсың. Жұмысын үйге алып келіп, компьютерге (аударма, мақала, жарнама ... ) шұқшиюы, сөйтіп аты – үйде, заты - далада болуы, .... – бұның бәрі мемлекетімізің әлі де әлеуметтік мемлекет (социально ориентированное государство) еместігінің  жемісі/кесірі. Егер ең кем деген жалақы қызметкер мен оның отбасының негізгі (!) қажеттіліктерін өтеуге жететін болса, әке мен шешенің бала шағасымен араласуға, тәрбие ісіне көңіл бөлуі артар еді. Бала-шағамен бірге болудың көзге көрінбейтін ұшан-теңіз берері мемлекетке/қоғамға сөзсіз рухани да матери де пайда болып қайтады. Сол пайданың бірнешеуін тізбелей кетейін. Ата-анасының күтім-назарында көбірек болған бала:

  • азырақ ауырады – медициналық мекемелерге салмақ аязаяды,  ауырған 

баланың күтіміне ақысы төленетін демалыс алу кемиді, отбасы бюджетінен ем-домға ақша аз шығады, т.с.с.

  • бәле-жалаға (травма, өрт, токқа соғылу, т.с.с) ұшырау ықтималдығы 

төмендейді;

  • жаман және зиянды әдеттерге (бұзақылық, алкоголь, табак, жеңіл 

жүріс, теріс дін, т.с.с) тартылу қаупі кемиді – бұл бонустардың  рухани/экономикалық берері шаш-етектен екеніне ешкім таласа қоймас. 

Менің бұл мақаладағы айтпағым - дәстүрлі қазақ қоғамында бала:

  • қазіргі ахуалмен салыстырғанда ең әуелі отбасының қамқорлығында, 

тәрбиесінде, жауапкершілігінде болғаны;

  • қазіргімен салыстырғанда сыртқы ортаның әсеріне жастайынан 

ұшырамағаны. 

         Қоғамда үлкен резонанс туындатқан,  саяси-әлеуметтік текетіреске әкеле жаздаған 2019 жылдың ақпанында астанада болған өрт оқиғасы ешкімнің жадынан шыға қоймаған шығар.  Кәмелетке толмаған бес шиттей баланың ата-анасы, ең болмаса, түнде бала-шағасының қасында болу мүмкіндігіне ие болса, қайғылы оқиға орын алар ма еді! 

         Қорыта айтқанда,  әлем алдында өзін әлеуметтік бағыт-бағдар ұстанатын мемлекет ретінде танытуға амал қылып жатқан Қазақстан Республикасының үкіметі дәстүрлі отбасы институтының өміршең құндылықтары мен ұстанымдарын  басшылыққа алып, реформалар жасауы керек. Қазіргі заманда анасы сәбиінен екі елі ажырмайтын дәстүрлі қазақ жүйесіне түбегейлі оралу қиын болар. Дегенмен, мысалы, балалы әйел - жарты күн/қысқартылған күн/қысқартылған жұмыс аптасы (4 күн) форматында жұмыс істейтін және ерлермен бірдей жалақы алатындай жүйе қалыптастырса, мемлекет, қоғам, ана-бала, бәрі ұтыста болар еді. 

         Мансап, кәсіби жетістігін отбасы құндылығынан жоғары қоятын; жалғызбасты болуға не бала таппауға саналы түрде бекінген адамдардың құқық-таңдауына ешкім қол сұқпайды, әрине. Бұл жерде әңгіме дәстүрлі құндылықтар туралы болып отыр. 

         Мен жоғарыда баяндап бастаған ертегі хэппи энд-пен бітеді. Ылғи, жақсылықтың салтанат құруымен аяқталатын бұл ертегілер біздің ұрпақты болашаққа сеніммен қарауға үйретті. Мен де біздің елде дәстүрлі қазақ қоғамындағыдай берік те бақуатты отбасы институты қалыптасатынына, соны мүмкін қылатындай заңнамалар шығатынына, қазақтың келешегіне сенемін!  

                                                                              Сәдір Нұрлан Қуанышұлы

Пікірлер