Зерттеуші ғалым В.В. Радловты «Алты жасар баладан алпыстағы ақсақалға дейін өлең айтпайтын, домбыра тартпайтын қазақты көрмедім… Қазақ – өнерлі, әнші, ақын халық» — дегізіп таңқалдырған қазақтың дәстүрлі өнерінің бүгінгі жай-күйі жайында ҚР мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының аға оқытушысы Ардақ Исатаевамен әңгімелескен едік.
– Қазіргі таңда дәстүрлі әндердің дәріптелуі қай деңгейде?
– Дәстүрлі әннің тұғыры қашан да биік болуы керек! Ол – мазмұнымен де, берер нәрімен де, сәнімен де әлдеқайда жоғары, құнды дүние. Қазақтың қазақ екенін танытатын да осы дәстүрлі өнері – дәстүрлі әні, күйі, жыры. Шет елдерде эстрада әнімен сенің қазақ екеніңді ешкім тани алмайды, онымен таңқалдыра алмайсың. Ал дәстүрлі ән алдымен ұлтыңды, ұлттық болмысыңды көрсетеді, әйгілейді. Шетелдіктер осыған қызығады. Әннің құдіреті осында. Сол үшін де екінің біріне бұйыра бермейтін бұл өнерді балаңды аялағандай аялап, қамқор болып, құрметпен қарау керек. Ал қазірде оның деңгейі жоғары деп айта алмаймын, орташа. Әрине, өкінішті! Үкіметтік концерттер мен шет елдерге шыққанда ғана дәстүрлі ән орындаушылары еске түседі, оның өзінде де ары кетсе екі-үш әншіні шақыртады. Халық та «Мына жерде дәстүрлі ән орындалып жатыр екен-ау! Біздің – қазақтың өнері ғой» деп іздемейді. Бұл насихатталуының нашар болғанынан, жарнаманың жоқтығы мен үкімет тарапынан қолдаудың болмауынан. Қарап отырсам, ұйғыр театры бар екен, кәріс, орыс, неміс театрлары бар екен. Сонда олар өз дәстүрімен сусындап отыр. Ал қазақта Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры бар, бірақ онда қазақ операсы орындалмайды екен, тіпті алып тастады деп айтуға да болады. Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қали Байжанов, Манарбек Ержановтар «Айман-Шолпа», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Ертарғында» қазіргідей еуропа тұрғыда, дауысын соған салып орындаған жоқ, олар қазақ операсын кәдімгі қазақи дауыстарымен айтты, тыңдаушысы болды. Қазір сол қазақ операсына да, дәстүрлі әннің концертіне де халық жиналмайды. Дәстүрімізді өзіміз тани алмай отырғанда өзгеге оны қалай таныта аламыз?! Сондықтан да дәстүрлі өнердің бір ошағы болу керек деп ойлаймын. Құдайға шүкір, консерваторияда ондай Халық әні бөлімі бар, бірақ бізге үлкен зал керек, ел ондай орталықтың бар екенінен хабардар болуы қажет. Сонда ғана халық: «Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүргендердің – әнші, күйші, жыршы, бишілердің ошағы ғой. Барып күйдің күмбірін, әннің дүлдүлін тыңдап келейік» деп іздеп келіп, ұлттық өнерімізбен сусындап жүрер еді. Сонда ғана дәстүрлі өнер өз тұғырына жайғасып, туын желбірете алады. Қазір Қазақстан телеарнасында беріліп жүрген «Сегіз қырлы» дәстүрлі әнімізді біраз танытып келеді, оған тәубе. Бірақ жалғыз бағдарламамен оны өз биігіне көтере алмаймыз. Елімізде қанша арна болса – мейлі телеарна, мейлі радио онда міндетті түрде қазақтың әні мен күйі жырланатын, соны дәріптейтін кем дегенде бір бағдарлама болуы шарт деп есептеймін. Мысалы, Қазақстан арнасына кәрістің де, неміс, ұйғырдың да бағдарламасын кіргізіп қойған. Сол сияқты, тіпті одан жоғары етіп қазақтың өнерін насихаттасын. Осындай нақты бағдарлама қолға алынбай, ешқашан дәстүрлі өнер өз дәрежесінде бола алмайды. «Орындаушылар жоқ» деп арыз айтады. Орындаушылар бар! Жетеді! Тек оларға қолдау қажет!
– Консерваторияның дәстүрлі ән бөлімін тәмамдаған жастар жұмысқа қайда барады?
– «Қазақ концерт» болсын, «Гүлдер» ансамблі, филармония, басқасы болсын – бәрінің де құрамы толық, өздерінің екі-үш әншісі бар, басқа адам алмайды. Бітірген жастар қайда барарларын да білмейді. Сондықтан, бәрі демеймін, кейбіреуі эстрадаға бір-екі әнін жазып алады да той «қуалайды». Олардың да қарны тоқ, көйлегі көк болу керек қой. Ал жұмысқа орналасатын ауылдарда клубтарды атымен таппайсыз.
Мысалы, бүкіл Еуропа жұртын таңқалдырған атақты Әміре атамыз, данышпан Абай атамыз шыққан Семейде болып қайттым жақында. Сондағы саз колледжінде халық әні бөлімі биыл ғана ашылып отыр. Бұл – не деген сұмдық?! Осы жылы консерваторияны тәмамдаған мамандарды сол жаққа жібердік.
Таразда халық әні кафедрасы атымен жоқ. Бұл – үкімет тарапынан еш қолдаудың жоқ екенінің бір айғағы. Егер әніміз-жырымыз құритын болса, тіліміз-дініміз кететін болса, біз дүбәрә халыққа айналамыз. Сондықтан да эстрадаға қалай көңіл бөлініп жатса, дәстүрлі әнге де солай көңіл бөлінуі керек. Біз өз елімізде жетімнің күйін кешпеуіміз керек. Бір өкініштісі, қазір халық екі топқа бөлінген. Бірі – зиялы қауым, бірі – қара халық. Қара халыққа тек тамаша мен тойдың секіріп билейтін әні болса болғаны. Олар өнерге қызықпайды. Ал өнерге жақын адамдар, құдайға шүкір, іздеп жүріп тыңдайды.
– Дәстүрлі әнге жастардың қызығушылығы қаншалықты?
– Өкінішке қарай, жоғары деп айта алмаймын.
– Гастрольдік сапарларға жиі шығасыз, шет елдерде қазақтың дәстүрлі өнеріне қалай қарайды екен, қабылдауы қалай?
– Қызығушылығы өте жоғары деңгейде. Көбіне лекция-концерттер береміз, мастер-кластар өткіземіз. Сонда неше түрлі сұрақтарын қойып, қызығушылық танытып жатады. Концерттерге 4-5 ай бұрын билеттерін сатып алып, алдын-ала шығарылған дисктерден әніңмен танысып алады, одан бөлек сахнаға шығар алдында Қазақстан туралы, орындағалы тұрған шығармаң туралы 5-10 минут мағлұмат беріледі. Сонда айтқан әніңді ерекше ынтамен тыңдайды, қабылдауы да жоғары. Бұл енді өзіміздің берген концерттерде, ал үкіметтікте ондай кереметке қол жеткізе алмайсың. Үкіметтік концерттерде тек шет елде емес, осы Қазақстанда да біздің блогқа бар болғаны он-ақ минуттай ғана бөлінеді. Ал ол уақытта бір әнді бастан-аяқ дұрыстап орындай алмайсың. Енді беріліп айта бергенде уақыт та бітіп қалады, бір шумақ пен қайырмасын қайырып, шығып кетесің. Жылт етіп шығып, жылт етіп жоқ боласың. Не айтып, не қойғаныңды халық та, өзің де түсінбей қаласың. Бұл өнерді тұншықтырудың, құртудың айласы ма сонда?! Қарап отырсам, бар болғаны екі жарым ән орындалады екен. Сол жерге бес адамды шақырып, жарты әннен айтқызғанша, екеуін ғана шақыртып, екі әнді бастан-аяқ айызын қандыра орындатпай ма екен?! Осыған қаның қараяды.
– «Сегіз қырлы» бағдарламасында қазылар алқасының бір мүшесісіз…
– Иә, қазылар алқасында бастапқыда Арқа мектебі бойынша Қайрат Байбосынов ағамыз отырды. Ол кісі Астанаға ауысып кеткеннен соң, «Сен де Арқа ән мектебінің бір ұшын ұстап жүрген адамсың ғой. Енді қазылар алқасының құрамына Қайрат ағаңның орнына сен кел», – деп Сағатбек Қалиев ағамыз қолқа салғаннан кейін, міне, қазылар алқасының құрамында отырмын.
– Бағдарлама қатысушыларының орындаушылық шебері туралы не айта аласыз?
– Ол біраз сыннан өтіп, сұрыпталып, таңдалып шығып жатқан балалар ғой. Сондықтан, әрине, шеберліктері де жоқ емес. Дегенмен өз мектебінен басқа мектептердің әндерін орындағанда кішкене кібіртіктеп қалып жататындары да бар. Кейде, керісінше, басқа мектептің әндерін өзінікінен де жоғары орындап жататын балалар болады. Жалпы алғанда, балалардың қарымы жаман емес. Қаншама ел тыңдап жатқан соң, «Дәстүрлі әніңнің сыйқы осы ма?» дегізбеу үшін балалар бар жанын салып орындап жатыр деп айта аламын.
– Дәстүрлі ән орындаушылары тойға қаншалықты жиі шақырылады?
– «Дәстүрлі ән орындаушылары тойға да шақырылмайды» десем, артық айтқандық емес. Өз басым тойға қашан барғаным есімде жоқ. 60-70 жасқа толып жатқан таныстар мерейтойларына шақырып жататын. Онда да барасың, бір әніңді айтасың, сұраса, екіншісін айтасың, сосын қайтасың! Эстрада әншілері барып 5-6 әнін орындап, елдің бәрін арқа-жарқа қылып билетіп кетеді. Тиісінше ақшасын да солай алады, ал дәстүрлі әнді орындап жүрген қазақи балалар кішкене тартыншақтау келетін сияқты, «маған бәленше бер» деп те айта алмайды. Бергеніне қанағаттанып, кете барады. Ал шын мәнінде, менің ойымша, нағыз еңбек осы дәстүрлі әншілерлердікі. Эстрада әншілерінікі еңбек емес демеймін, дегенмен, шыны керек, олар бір жазып алған әндерін бере береді. Дәстүрлі әншілердің орындаған дүниесі әр тойда әр түрлі шырқалады. Егер сенің бар жағдайың жақсы болса, бәрі қолпаштап, сондай жақсы күй тудырып тұрса, ән шын көңілден шығады. Әншінің күйі болмаса, әні қайдан жақсы шықсын?! Қарап отырсам, қазір әншілердің көбі үйсіз-күйсіз қаңғып жүр. Осыған орай айтып жүрген әндері де мәз емес.
Сұхбаттасқан
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ