Алаш арыстарының жәдидшілдік реформасы VIII

4995
Adyrna.kz Telegram

Билікқұмарлық

Дінбасылардың бірден-бір мақсаты – хұқық саласын өздеріне меншіктеп алу. Діни заңдар шығару – солардың құзыретінде. «Қасиетті білім бізге берілген» деген желеумен олар дін иелері корпорациясын қоғам үшін заң шығару құралына айналдырып алған. Бұл да ештеңе емес. Дінбасылар мен пірлер қоғамның бүгіні мен болашағына ықпал етіп жатыр.

Осылайша жеке адам мен Құдайдың арасында бөгет пайда болды. Ол бөгет – діни –саяси дәстүр, яғни Құдайдан бөлек жүйе. Ал жай адамдар осы жүйенің бір бөлшегі ретінде Имансыздыққа қатысып отыр. Құдайдан бөлек заңдар жүйесін Құранда «Тагут» деп атайды. Тагут дегеніміз – мәжбүрлеу, әділетсіздік. Бұл жүйе Хақ дінге балама ретінде шығады. Және өзінің заң шығарушы ретіндегі сипатын алға тартады.4:60 

Тагут жүйесі – қолдан жасалған және ойдан шығарылған халифаттық-монархиялық жүйе. Сенбейтін адамдар Құдай жолы мен монархиялық халифатты бір деп біледі. Осылайша олар өздерінің исламофобияға байланысты көзқарасын ақтап алуға тырысады.

16:35 ,16:36 

Ата-бабадан қалған реакционды дәстүр деген не? Ол – дін ұстаудың қолдан жасалған бір түрін тұтынуға адам баласын күштеп көндіру. Баланың өз ақылымен таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ. Құранға, хақ дінге еш қатысы жоқ әдет-ғұрып, ұғымдар шыр етіп дүниеге келген сәттен-ақ сәбидің санасына сіңіріле бастайды. Орыс – православ; қазақ, араб, түрік – мұсылман; еврей – иудей; қытай – даосист, буддист, конфуцийшіл... Мұндағы «православ діні», «мұсылманшылық», «иудаизм», «буддизм» дегендердің барлығы – саяси-діни дәстүр, адамды ата-бабасы кім болса, сондай болуға мәжбүрлейтін иррациональды сана.

Ал Құдай не дейді? Ол саяси дәстүрлі дінге негізделген монархиялық халифат пен Құдайға сенімнің бір-біріне қарама-қайшы, тіпті дұшпан екенін айтады.

ҚҰРАН ЖӘНЕ БИЛІК

Ойдан шығарылған діннің иелері үкім мәселесін де өз пайдалары үшін қолданған. Өздерінің жеке көзқарастарын үкім қайнары қылғысы келгендер, Алланың аты мен дінді пайдаланып адамзатты басқарғысы келген.Мысалы Құран бойынша әйел адам елбасы да, басшылықта тиімді орында да отыра  алады. Құранда бұл мәселеге байланысты ешқандай тыйым болмаса да, дәстүрлі исламшылар Құранда жоқ тыйымды әкеліп, адамзаттың жартысы болып табылатын әйел затын бұл лауазымдардан құр қалдырған. Сондай-ақ “басшылар Құрайыштан” деген ойдан шығарылған хадис арқылы адамдарды билеу құқының жалғыз бір руға берілуі де дәстүрлі исламшылардың жалған сандырақтары. Кейініректе  Османлы патшалары да шейх уль-исламдарға қалаған пәтуәларын шығартқан, Құранға қайшы, ойдан шығарылған діни негіздерді ұстанған, мыңдаған тариқаттар өздерінің тақтарын сақтап қалу үшін неше түрлі айлы-шараларды қолданған. Османлы дәуіріндегі азғындауды ұғынуымыз үшін Османлы патшаларының “Алланың көлеңкесі халифа мырзамыз” деп аталғанын еске түсіруіміз жеткілікті деп ойлаймын. Адам баласы Алланың көлеңкесі деп аталған жерде қандай қайыр-береке болатын еді! Өкінішке орай араб-парсы  биліктері һәм олардың қосымша басқармалары Ислам дінінің атын жамылған қанаулар мен қисынсыздықтарды адамдар санасына әбден сіңіруге тырысқан.

Әлу Имран сүресінің 159 аятында  пайғамбарымыздың да “шура”ны ұстануы керектігі  баяндалады. ШУРА (Кеңесу, ақылдасу): Шура дегеніміз билік жүргізу мәселелерінде көпшіліктің ақыл-кеңесін, ой-пікірін білу және көпшілік ұйғарымымен демократиялық шешім қабылдау механизмі,яғни парламенттік басқару тәсілі.

 Шура сүресі 38 

 Сондықтан ешкім өзін  “шура”дан жоғары көріп, адамдармен кеңеспей, өзінің нәпсісімен адамдарды басқара алатынын айта алмайды. Шураны бір жүйе ретінде бағалағанымызда Республика жүйесіне ұқсайтыныны көреміз. Шураны Құранның мәлімдемесіне қайшы болмау шартыменен демократия деп те атауға болады.

Құран билеу үшін қеңес, әділет, пікір еркіндігі, аманаттың иесіне берілуі сияқты негізгі принциптерді белгілеген, көптеген мәселелерді болса адамдардың ынсабына және санасына қалдырған. Мәселеге бұл нүктеден қарағанымызда жер бетіндегі корольдік, патшалық сынды құрылыстардың Құранмен ұйқаспайтынын және қайшы екенін көреміз. Себебі Құран аманатты иесіне берілуін қалайды, демек мемлекеттің билігі ең лайықты адамға яки адамдарға берілуі тиіс (әйел-еркек айырымын жасамай). Мысалы монархиялық-диктаторлық режимдерде патшалық, карольдік ,хан т,б билік ең лайықты адамға емес, пәленше монарх немесе патшаның мирасқорына беріледі. Мәселеге бұл нүктеден қарағанымызда АҚШ яки Батыс Европа мемлекеттері  билік құрылымы жағынан Құрандағы Ислам жүйесіне «мұсылман»мемлекеттері деп аталып жүрген елдерден өте жақынырақ немесе сай келеді. Алайда бұл жәйт мәселеге Құран терезесінен қарағандарға ғана көрінеді.

2:256 

Құран туралы

2:2 ,7:52 ,16:89 ,35:25 ,4:174 ,12:111 ,17:41 

Иә, Құран ең дұрыс жолмен жүргізеді, түсіндіреді және қара түнекке жарық түсіреді. Мұны жоғарыда келтірілген аяттар айтып тұр.

Құдай Құрандағы сөздерді жеке адамның ақылы мен ар-ұятына тигізе арнайды. Кітапты ешкімнің көмегін күтпей, өздігінен оқып-түсінуге, қорытынды жасауға шақырады.

Құран арқылы кез келген нәрсенің мәнін түсінуге болады. Ол жеке адам үшін Ақиқаттың түп негізі немесе Ақиқатқа жетудің шарты. Бұл Құранның өзінде анық айтылады. Алайда, саясиланған араб-парсы дәстүрі мұнымен келіспейді. Ол тіпті қарсы шығады. Аталмыш дәстүр «Құран – түсінуге ауыр, сәйкес білімі жоқ адамның ақылы жетпейтін кітап, оны түсіну үшін арнайы мамандар мен әдебиеттің көмегі керек» дейді. Саясиланған араб-парсы дәстүршілдігі «Құранды түсіндіретін тәпсірлер мен хадистер қажет» деп ашық айтады. Құран мен реакционды дәстүрдің осынша терең қайшылыққа түсуінің себебі неде? Бұл сұрақтың жауабы Кітаптың өзінде жазылған.

13:1 ,31:1 ,31:2 ,31.3 ,31.4 ,31:5 ,31:6 ,31:7 ,61:8 ,61:9 ,25:31

 Жоғарыда келтірілген аяттар нені көрсетеді? Олар Кітап түскен жұрттарда көпшілік Кітапқа қарсы шығатынын айтып отыр. Пірлер мен дінбасылардың ықпалына түскен көпшілік пайғамбарларды қабылдай қоймайды. Ал пірлер Хақ дінді мойындамайды. Мойындау түгілі, пайғамбарларға қарсы сан түрлі қастандық ұйымдастырумен болады.

Бұл дұшпандыққа итермелейтін нәрсе не? Ол – сол заманғы саяси, экономикалық және әлеуметтік тәртіпті сақтауға ұмтылу және иррациональды дәстүр арқылы сол тәртіпті адамдардың санасына одан әрі сіңіру.

3:14 ,7:51 ,7:52 ,6:70 

Мұхаммед пайғамбарға қарсылықты Меккедегі құрайыш тайпасының ақсүйектері бастады. Олар бір ғана Құдайға сенуге шақырған елшімен

бастапқыда енжарлау күресті, бірақ кейіннен бұл күрес дұшпандыққа ұласты.

Ол кезде дәстүр мен ата-баба дінінің беделі күшті, санаға мықты орныққан еді. Мұхаммедпен жауласудың себебі, осы саяси, және әлеуметтік-экономикалық тәртіпті сақтауға жанталасу болатын. Ол қоғамда көп мәселе мұрагерлік жолымен шешілетін, билік әкеден балаға берілді. Шындық ақыл-ойдың ізденісі және Құдай Кітабына жүгіну арқылы ашылмайтын. Ақсақал-пірлер не айтса, сол шындық болып қабылданатын. Дәстүрдің шеңберінен шықпаған адам «ақиқат жағындамын» деп сене алатын.

Алайда, Мұхаммед дәстүрдің жолы ақиқаттан, ақсақал-пірлердің даналықтан алыс екенін дәлелдей бастады. Ескі тәртіпті сақтап, соның жемісін жеп отырғандар істің насырға шаба бастағанын сезді. Елшінің өздеріне қандай қатер әкеле жатқанын түсінді. Сөйтті де, пайғамбар мен оның жақтастарына шабуылға көшті.

Бұл күрес Құдайға сенгендердің жеңісімен аяқталды. Алайда, Мұхаммед дүниеден өте салып, ескі элитадан қалған сарқыншақтар Сенімге қарсы күресті қайта бастады. Сатқындық құрайыш тайпасынан шыққан Әбу-Суфьянның ұрпақтарынан келді. Кейін бұлар Умейядтар әулеті деп аталды. Пайғамбар өлгеннен кейін билікті иеленіп алған Умейядтар Хақ дінді араб мәдени-дәстүріне ауыстырды. Анығын айтқанда, бұрынғы пұтқа табыну заманындағы тәртіпті қайта орнатты. Құдай жолынан таюдың ең алғашқы қадамы билікті әке балаға бергенде жасалды. Умайядтар әулетінің бірінші халифы Муавийя тақты өзінің ұлы Язидқа берді. Және оны билеуші етіп тануға халықты күшпен мәжбүр етті. Осылайша рулық-трайбалистік дәстүр Құранда айтылған биліктің мәжіліс және сайлау тәртібін жоқ қылды.

Пұтқатабынушылық өстіп саяси контрреволюциядан басталды. Ал уақыт өте келе ол Ислам атты ақылдың дінін мүлдем жұтып қойды. Бір Құдайға ғана бас июді талап ететін Хақ дін қайда кетті? Ол ақылды қажет етпейтін діни әдет-ғұрыптар мен ата-баба салтын шаң жуытпай сақтайтын «мұсылмандық» араб-парсы дәстүріне айналды.

Бір айта кететін нәрсе, сүннизмге қарсы шиизм дәстүріндегі пұтқатабынушылықтың да бәлендей айырмасы жоқ. Екеуінде де билік мұрагерлік жолымен беріледі. Екеуінде де ақыл догмаға бағындырылған.

«Хадистер» мен «Сүннет»

Хижраның екінші ғасырында «Хадистер» деп аталатын кітаптың алғашқы жинағы дайындалды. «Хадис» қазақша «айтылған сөз» деген мағына береді. Ол сөзсіз бүгінде мұсылмандар өз дінін түсінуден қалды. «Хадистен» келіп «Сүннет» шығады. «Сүннет» – Мұхаммед солай жасаған екен деген іс-әрекет үлгісі. Оны мұсылмандар Құраннан кейінгі және Құранды толықтыратын ақиқат бастауы деп қабылдап кетті.

Бүгінгі мұсылман «Хадис» пен «сүннетті» ұстану – міндет, онсыз Ислам – Ислам емес» деп ойлайды. Оның себебі, «Мұхаммед пайғамбарға екі аян түскен, бірі – Құран, екіншісі – Сүннет» деген түсінікте жатыр. «Сүнниттердің» сенімі бойынша, Құран – Құдайдың заңы болса, Сүннет – Мұхаммедтің заңы. Яғни, бұл екі заңды бір-бірінен бөліп алуға болмайды. Сүннет Құранды толықтыратын, түсіндіретін, тіпті кей жағдайда теріске шығаратын кітап болып та кетеді.

 «Сүнниттер» Мұхаммед пайғамбар былай айтыпты деп сенеді: «Ақиқатында, маған Кітап және соған ұқсас бір нәрсе берілді. Ақиқатында, маған Құран және соған ұқсас бір нәрсе берілді». – («Муснад», имам Ахмадтың хадистер жинағы 4/130).

Ал Құранның өзі бұл туралы не дейді? Ол Құранға ұқсас бір нәрсеге сену Құранға күмән келтіру екенін айтады. Мұхаммедке Құран сияқты бір нәрсе беріліпті дегенге сенетіндер – Құдайға сенбейтіндер. Бұл да Қасиетті кітапта айтылған. 

2:23 ,2:24 ,17:88  , 17:89 

«Хадис» жинау ісі хижраның төртінші ғасырының басына дейін жалғасты. Ең танымал жинақтар болып «Алты кітап» саналады. Олар – Бұхари, Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Насаи және ибн Маджаның жинақтары. Ал бұл алтаудың ішіндегі ең беделді, ең сенімді дегендер – Бұхари және Муслим жиған «хадистер».

«Шииттік» топтың да «хабар» деп аталатын өз «хадистері» бар. Олар негізінен әл-Кулайни, ибн Бабуйя және Тусидің жинақтарын рас көреді.

«Хадистерді» діни заңдардың көзі ретінде алғаш рет пайдалануға тырысқан адам – Малик ибн Анас. Ол хижраның екінші ғасырының соңында «Әл-Муватта» («Мақұлданған») атты еңбек жазды.

Бұл кітабында имам Мәлік «сүнниттік» әдістің мынандай принциптерін бірінші болып қағазға түсірді: «Хадистердің» беделіне сүйену және хадистерге сүйенген дәстүрге сөзсіз бағыну.

«Әл-Муваттаның» авторы ақыл-оймен еркін ойлау әдісіне қарсы адам еді. Ол «Медина жұрты бірауыздан мақұлдаған» болып саналған, ауыздан ауызға жеткен «хадистерге» сүйеніп шешім шығарды. Осылайша Құдайдың Кітабы емес, халифаттың шетіндегі шағын қалашық тұрғындарының өмір салты діни идеал, діни үлгі болып кетті.

«Сүннет» ісін Мұхаммед ибн Идрис әл-Шафии атты Мәліктің бір шәкірті жалғастырды. Ол «Әл-Рисаля» («Жолдау») атты кітап шығарды. Сөйтіп діни хұқық көзінің мынадай төрт принципін жасады: Құран, Сүннет, «кияс» (мәтіндік үйлестік) және иджма (дін мамандарының келіскен пікірі ). Осылайша жеке ақыл-оймен еркін іздену әдісі діннен біржола аласталды. Оның орнын мазмұннан сырт пішінді жоғары қоятын буквализм, дәстүршілдік және пірлердің беделі басты. Имам Шафии өзінің ұстазы жазған еңбек туралы былай дейді: «Жер бетінде Құдайдың кітабынан кейінгі ең сенімді кітап – Мәліктің кітабы». Яғни, Мәліктің кітабын адамзаттың мұрасы ретінде танып, Құдайтың кітабымен салыстыруға лайық деп тану керек. Бүкіл дәстүршіл араби топтың позициясын Шафии осы бір ауыз сөйлемге сыйғызып айтты.

Осылайша, мұсылмандар санасында Құраннан тыс араб фольклорына түбегейлі орын берілуі Мәлік пен Шафии имамдардан басталды.

Жалғасы бар...

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер