Мемлекет басшысы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жаңа әліпбиді жетілдіруге қатысты тапсырма берді деп хабарлайды Sputnik.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы twitter-дегі парақшасында жазды.
"Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек", - дейді президент.
Тоқаев осыған байланысты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тиісті тапсырма бергенін атап өтті.
"Алдымызда ауқымды жұмыс тұр", - деп жазды ол.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың ақпанында сол кездегі мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіткен болатын. Жарлықпен мына жерде танысуға болады.