Биыл өнер өлкесінің екі алыбы — заманымыздың заңғар жазушысы — Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен халық композиторы, күйші — Сүгір Әлиевтің өмірден өткеніне тура елу жыл толды.
Осыған орай белгілі журналист, өнер зерттеушісі — Жаулыбай Иманәлиевтің естелігін ұсынып отырмыз. Бұдан екі жыл бұрын газетіміздің
(9 маусым, 2009 жыл) 102 (1283) санында «Мұхтарды тәнті еткен өнер» атты естелігін жариялаған едік. Мына естелігі соның жалғасы іспеттес...
Үйдің жанына бірінен соң бірі тізбектеліп келіп, кілең жеңіл көліктердің тоқтай қалғанын көріп, Сүгір қария сасып қалды. Көңілінде «Бұл не?» деген сауал тұрды.
- «Ассалаумағаллейкум, ақсақал!» деп кілең әдемі қалпақты азаматтардың өзіне жақындай бергенін сезген күйші ақсақалдың жүрегі ойнақшып, бір қуаныштың нышанын сездіргендей. Ә, дегенде танығаны — кеңшардың директоры Болатбай Әбдірамановтың жүзі болды. Басқаларының бәрі бұрын көрген адамдары емес.Күйші қарияның үйіне кіріп, жұмсақ көрпеге отырып, жайғасқан соң, танысу-білісу, амандық-саулық сұрасу болды. Сонау Алматыдан арнайы іздеп келіп отырған жазушы — Мұхтар Әуезов пен журналист Тәкен Әлімқұлов екен. Сүгірге Тәкеннің жүзі таныс сияқты. Басқалары өзіміздің созақтықтар болса керек. Көп ұзамай, дастарқан жайылып, ақ самаурын келді ызылдап...
«Негізі, пәк сезімді, терең ойды көркемдеп жеткізетін ән емес, күй екен-ау. Мен мұны бұрынырақ қалай аңғармағанмын. Күйге келгенде толғауы тоқсан қызыл тіл неге үнсіз қалып, ойға шомады десем, адамның санасы қиялға самғап, әдемі сарынның әсері өмірдің шынайы өрнектерін көз алдыңа әкеледі екен-ау. Ой, тоба».Сүгір ақсақал күйді бітіріп, бетінің терін орамалымен сүртіп отырғаны сол еді:
- Күйдің атын «Телқоңыр» дедіңіз бе? — деп сұрақ қойғаны бірінің. Жұрт тым-тырыс.Тәкен әлденені түртінектеп қойып, дәптеріне жазып отыр, жазып отыр.
- Иә, «Телқоңыр» деп, күйші ақсақал жауабын қысқа қайырды. Әлден соң барып:
- Әдемі екен, — деді Мұхтар аға.Жұрт лезде дабыр-дүбір қозғалып, жазушының күйшіге сүйсініп отырғанын сезініп, өздерінше мақтанып, төбелері көкке жеткендей, сірә.Сүгір ақсақал осы жайдан ыңғайсызданды ма, домбырасының құлағын қайта-қайта бұрап, қозғалақтап отырды да: «Менің мына бір күйіме құлақ түріңіздер» деді де, күйді бастай берді.
- Күйдің атын…
- Күйдің атын атап-атап тартыңыз, — деп қалысты бір-екеуі.Сүгір үнсіз күйді жорғалатып жалғастыра берді. Журналист Тәкен деген жігіт жазушыға бұрылып, мойнын созыңқырап «Ыңғайтөк» деді бәсеңдеу үнмен. Күйші ақсақал Тәкенге қарап басын бір изеп қойды. Онысы «Күйдің атын дұрыс таптың» дегендегісі болса керек.
Күй төгіліп отыр, төгіліп отыр. Күйшінің сол қолындағы көйлек жеңінің түймесі домбыраның бет қақпағына қайта-қайта тиіп, әдемі ырғаққа сән бергендей еді. Сүгір ақсақал көптен бері мұндай шешіліп, жұрттың алдында ағыл-тегіл күй тартпағалы қай заман?! Нағыз тыңдаушыларын тапқанына қуанып отыр ма, кім білсін, әйтеуір ерекше шабыттанып кетті.
- Ау, мына сарын маған таныс қой. Қайдан, қашан естіп едім? — деп, Мұхтар аға қабағын түйіңкіреп, шүйіліп отыр.
Асау жорға берісі төрт аяқтың тарсылын шұбыртып отыр, шұбыртып отыр. Асау жорға енді бірде басын оңды-солды шұлғып отыр, шұлғып отыр. Ауыздық пен жүгеннің күміс сылдыры құлаққа анық естілгендей болады.Таңды-таңға асырып ұзақ дастандардан жыр төгіп отырғандай сезінесің кейде өзіңді.
- Апырау, мынау жыраулардың сарыны емес пе? Е-е, бәсе мына шалдың қуын-ай! Бәсе-бәсе, құлағыма таныс, — деп Мұхтар аға күйдің сарынын енді танығандай. Көптен сағынысып көріспеген бауырымен құшақтасып кездескендей сезімде отыр.Сүгір ақсақал күйді байыппен баяулатып аяқтады.
- Оу, ақсақал мынауыңыз күй емес, ән ғой. Бұл ежелден келе жатқан жыраулардың сарыны емес пе? — дегені Мұхтар ағаның. Сүгір ақсақал езуін тартып күлді. Маңдайының терін сүртіп отырып:
- Күйшілер мен жыршылардың сарыны біздің Қаратау өңірінде ауыс-түйіс араласып келіп отыратыны бар. Мұны сіз жақсы аңғарып отырсыз, — деді күйші.
- Е-е, гәп қайда жатыр. Бәсе. Бұл өңірде жыраулар мен күйшілер көп болған-ау, сірә, — деп қалды жазушы. Басқалары үнсіз.
Сүгір осы отырыста неше күй тартқанын өзі де білмейді. Оны санаған ешкім жоқ. Тек журналист Тәкен ғана болмаса, манадан басын көтермей түртінектеп отырған.Әр күйдің атын, мазмұнын тәптіштеп айтып алады да, кішірек келген қызыл қалақша домбырасын сөйлетеді келіп, сөйлетеді. Сүгірдің қарапайым ғана қам кесектен соғылған үйі, күй күмбезіне айналды да кетті.
Үлкен басын кішірейтіп, ауылдың қарапайым шалына келіп, әдейі сәлем беріп, тартқан күйлеріне құлақ түріп айтқаны:
- Ақсақал-ау, тірі Тәттімбеттің өзі екенсіз ғой, — деген Мұхтар ағаның бірауыз сөзі болды. Сүгір күйшінің тартқан күйлері — сұлулықтың символы ғой, сен осыны байқадың ба?, — деді Мұхтар Тәкенге сыртқа шыққан соң.
- Иә, «Аққуы» қандай шіркін. «Кертолғауы» неткен сұлу еді?! — деп, журналист Тәкен де манадан әдемі сезімде тұр еді.
- «Бозінгені» неткен тамаша?! Мен бір сол кезде желмаяға мініп алып, бүкіл дүниені кезіп жүргендей сезіндім өзімді.., — деп езуін тартты жазушы. «Әдемілікті, сұлулықты адам негізі, сөзбен емес, үнсіз жүрегімен сезінеді екен-ау» деген ой жас қаламгерді шырмауына алып, толғандырып тұрған-ды.
Әлгінде ғана Сүгір ақсақалдың күй тартып отырған болмысынан, оның сүп-сүйір саусағы тәп-тәтті күйлердің тамшыларын сауып отырғанын көз алдына елестетіп, Мұхтар аға да, Тәкен де біразға дейін өз ойларымен болып, бір-біріне үн қатыспады.
Мұхтар ағаның көңілінде сұлулық дегенің, япыр-ай қарапайым ғана тұрмыстың ортасында жүріп, күйшінің саусағында, әншінің әдемі дауысында жасырынып жүре беретінін көзбен көріп, құлағымен тыңдағанына риза.
- Мына Созақтың түні қандай әдемі тұнық. Аспаны мөлдір көк, жұлдыздары жарқырап, ерекше көрінеді екен, — деп қалды Мұхтар аға. Темекісін бұрқыратып оңашалау тұрған Тәкен аспанға басын көтеріп бір қарады да, заңғар жазушының аңғарымпаздығына, оның әдемі сезімде тұрғанына риза болды. Тәкеннің көңілінде: «Біздің ауыл, біздің Созақ осындай» дегендей мақтаныш сезімі бойын билей бергенді.
- Ал құрметті қонақтарым, кеттік біздің үйге, — деді кеңшар директоры Балтабай Әбдіраманов.
Бәрі жеңіл көліктеріне отырып, жарыса шыққан жұмсақ мотор дауысы қонақтарды да шығарып салып тұрған. Сүгір күйшіні де «Сау болыңыздар, рақмет» дегізіп қала берді. Қас-қағым сәтте өтті де кетті әлгі қызықтың бәрі. Түс көргендей болып күйші Сүгір тұр. Оның көңіліне, «ауырып жүрген сияқты едім, әбүйір болғанда қолымның бір сүрінбей жүріп бергенін көрмеймісің» деген ой келді.
Бұл оқиға 1960 жылдың әдемі жазында болған жай-тын. Келесі жылдың, 1961 жылдың ақпан айының аяғында Сүгір күйші қайтыс болды. Ал дәл осы жылдың шілдесінде жазушы Мұхтар Әуезов Мәскеу қаласындағы емханада жатып дүниеден өтті. Мұхтар Әуезов пен күйші Сүгір Әлиевтің тағдырлары осылай ма еді, оны кім білген? Әйтеуір халыққа аттары аңыз болып тараған өнер өлкесінің екі алыбы осылай кездесіп, қоштасқаны анық.
Қазақ деген халықтың ұсақ ұлыстардан, рулардан бірігіп, үлкен ұлт болып қалыптасқан, тарихтан, көне шежірелерден белгілі. Ешқандай сөзге дес бермеген, ымыраға көнбеген батырлар мен ел арасындағы тентектерді тоқтатқан ол күйдің құдіреті.
«Ақсақ құлан» күйінің аңызында, Жошы хан өзінің баласының бір пәлеге ұшырағанын сезе тұрып: «Кімде-кім балам жайлы қаралы хабар жеткізсе, соның көмейіне қорғасын балқытып құямын» деген емес пе еді? Сонда амалы таусылған ел-жұрт бір күйшіге бұл істі тапсырады.
Күйші оның баласының аң аулап жүріп, киелі құланның тепкісінен өлгенін бірауыз сөз айтпай-ақ, болған оқиғаны күйдің сазымен жеткізген.
Бұл дәстүрді қазақ ерте заманнан-ақ пайдаланған. Күйді түсінбейтін, күйге нанбайтын қазақ жоқ.
Халқымыздың үлкен елге, ұлтқа айналып, бір тудың астына бірігіп, мемлекет болып қалыптасуына күйдің қосқан үлесі зор.
Жаулыбай ИМАНӘЛИЕВ,
өнер зерттеуші, журналист