Лондон қаласындағы Гайд-парктiң солтүстiк-шығыс бөлiгiнде бiр дәуiрдiң еркесi Шыңғыс ханның қоладан құйылған аттылы мүсiнi қоныс теуiптi.
Бұл тұманды Альбиондағы былтыр өткен жазғы Олимпиада ойындарына жанкүйер болып барған жеке кәсiпкер Әбдiмәжит Сыздықбековтiң кәрi құрлық сапарындағы көрген-бiлгендерiнен естiгенiмiз болатын. Ағамыздың фотоаппаратындағы суретiнен көшпендiлер әлемiнiң қағанатын басқарып, Азия түгiл, Еуропаны «дiрiлдеткен» қаһарлы қағанның мүсiнi iшкi қуатын сыртқа сезiндiруiмен ерекшеленiп тұрғандай әсер бередi. Тұлпарының үстiнде шiренген Темучиндi Еуропа неге төрiне шығарып, «қонақ» еттi? «Көктен түскен күйi адамзатқа қайырымдылық пен даналық сепкен тұлғаны көрсетуге тырыстым» деген ресейлiк сәулетшi Даши Намдаковтың сөзiнiң астарында ақиқат жатқандай.
Әрине, жаһандық ресурстардың тапшылығына байланысты өзара қырғи-қабақтан арылуға, адамзатты рухани бiрлiкке үгiттеуге, өткен тарихтан сабақ алуға бұл ғажап бейненiң айтары көп секiлдi. Келiстi мүсiн суық қаруын сайлап отырған алпауыттарды «сабырға» шақырып тұрғандай. Шыңғыс ханның мүсiнiн ағылшындар Лондонның қақ ортасына «төрлетiп» жатқанда, бек ұлдарын құл болудан, пәк қыздарын күң болудан сақтаған Абылай рухына дұрыстап құрмет көрсете алмай жүрмiз бе деп ойланып қаламыз.
Мархабат БАЙҒҰТ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерi, жазушы:
– Әлi есiмiзде, Шымкенттегі ең үлкен орталықтағы Коммунистiк даңғылын басқаша атау керектiгi туралы мәселе қозғалды. Абылай хан деп қояйық деушiлер көбейдi. Бiз-дағы солардың қатарында едiк. Сол кездегi қала басшыларының бiрi, тiлiнiң де, қаламының да құнары бар Қуаныш Төлеметов: «Абылай хан аты бiрталай жерге қойылды, Алматыдағы Коммунистiк даңғылына да берiлдi. Бiз басқашалау жасайық, Абылай ханның бабасы, қазақтың ұлы хандарының бiрегейi Тәуке хан есiмiн лайық көрiп отырмыз» деді.Шымкенттегi небiр iрi көшелер басқашалау аталып кеттi. Ерекшелеу көшелердiң бiрiн ауыстыруға немесе жаңа даңғылға Абылай хан есімін беру әбден үйлесiп-ақ тұр.Айтар болсақ, биыл «Қазақ-жоңғар» шапқыншылығында көзге түскен даланың дара тұлғасы Абылай ханның туғанына — 300 жыл. Алты Алашқа аңыз болған Шыңғыс тұқымының үш ғасырлығы елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде аталып өтiледi деп күтiлуде. Ал оның Оңтүстiк өңiрде атап өтiлуiнiң өзiндiк өзгеше мәнi бар. Бұқар жыраудың:
«Ей, Абылай, Абылай,
Мен сенi алғаш көргенде,
Тұрымтайдай ұл едiң,
Түркiстанда жүр едiң,
Үйсiн Төле билердiң,
Түйесiн баққан құл едiң»,— деп келетiн өлең жолдарынан-ақ оның балалық шағының қазыналы Оңтүстiк өңiрiнде өткенi белгiлi. Шыңғыстан тараған әулеттiң қазақ даласына ғасырлар бойы хандық құрғанын айтпай тұра алмаймыз. Әрине, ұланғайыр даланың территориялық тұтастығын сақтап, қиын күндерде Алаш баласының басына төнген екi жақты қауiп-қатерден аман алып шыққан бiр хан бар. Ол осы хан Абылай едi. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» дегендi осындайда айтса керек. Ел қорғаны болған хан бабамыздың атына Шымқаладан бiр көше бұйырмапты. Түркiстан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы кесенеде жерленген Абылай хан рухына бiз лайықты құрмет көрсетуiмiз керек-ақ.
Шойбек ОРЫНБАЙ, жазушы, «Құрмет» орденiнiң иегерi:
– Оңтүстiкте айбарлы Абылай ханның басқан iзi сайрап жатыр. Ол осы өңiрде туылып, қиын да қатерлi кезде балалығын өткiздi. Тәрбиелендi. Арыс өзенiнiң маңайында жалған дүниемен қоштасты. Қазақ хандығын нығайтуға өлшеусiз үлес қосқан тарихи ерен тұлғаның есiмiн Шымкенттiң бiр көшесiне беру туралы мәселенi қалалық ономастикалық комиссияның басқосуларында бұдан екi-үш жыл бұрын көтергенбiз. «Оның атына лайықты көше әзiрге жоқ, сабыр ете тұрайық» дескен комиссия мүшелерi. Шынында, үлкен даңғылдар мен көрнектi көшелердiң бәрiнің атауы бар болып шықты. Соның бiразы облысымызға танымал болғанымен, тарихи тұлғаға айнала қоймаған азаматтар екенi де рас. Ол кiсiлердiң де халыққа сiңiрген еңбегiн жоққа шығарудан аулақпыз. Дегенмен жалпы атауы бар көшелердiң бiрiне әлгi жергiлiктi қайраткерлерiмiздiң есiмiн ауыстырып, оның орнына Абылай ханның есiмiн беруге болатын едi ғой. Ұлы ханды көбiрек дәрiптеп, ұрпақ алдында оны ұлықтауымыз керек-ақ. Абылай хандай дара тұлғаларымыздың саусақпен санарлық екенiн ұмытпайық.Сондықтан «Шымшаһардың үлкен көшесiнiң бiрiне Абылай хан есiмi берiлуi керек», — деген ел ағаларының тiлегi орынды. Тиiстi басшылардың осыны ескерiп, үш ғасырлық торқалы тойы қарсаңында бабалар аманатына адалдық танытса деген тiлектемiз. Шымкент қаласының бiр көшесiне Абылай хан есiмiн берсек деген ой бiздiкi.
Балқия КӨМЕКБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық тiлдердi дамыту басқармасының бастығы:
– Абылай – қазақ мемлекетiнiң тарихындағы аса көрнектi мемлекет қайраткерi, оның есiмiнiң Шымкент қаласындағы үлкен көшелердiң бiрiне берiлуiн қолдаймын. 2013 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы ономастика саласындағы қарым-қатынастарды одан әрi жетiлдiруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ономастика мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң үш айдан соң қолданысқа енедi. Жаңа Заң талаптарына сәйкес, бұл ұсынысты халық қолдап жатса, қарсы емеспiн.
Р.S.
Тарихты дұрыс, әділ қорытудың жолы тарихи тұлғаларымызға деген құрметпен үндесіп жатса керек. Себебі ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін ұлт болып ұйысқан шақтағы ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін қадірлеуіміз керек. Абылай ханға құрметтің өткен тарихқа құрмет екендігін естен шығармаған абзал-ақ…