Тастан өрiлген мың баспалдақ… алғашқы iргетасты қалағанда сұлулыққа ынтыққан бас шебердiң көңiлiндегi сезiмдi ғажайып ғимараттың әрбiр қаланған қыш, айшықталған өрнегiмен жеткiзудi армандаған Хасан ұстаның тастан өрген баспалдағы мың бiрге жетпегенi несi?
Қара шал оюлы есiктен iшке ендi де қалт тұра қалды. Сосын күбiрлеген күйi ұзақ аялдады. Күбiр-күбiр әдемi әуен кiмдi де болса елiте түсетiндей. Әлден уақыттан кейiн қарсы алдындағы жоғарыға көтерiлер баспалдақтың ең алғашқы басқышына алақанын тигiзiп бiр сипалап өттi. Бұны бiзде қайталадық. Баспалдақтар қайда барады деген сауал көкейдi кернейдi.
Сұрауға дәтiм жетпедi. Қара шал осыны сездi ме, алақанымдағы аппақ шаңды қақпыштап жатқан маған зер сала қарады да, оң аяғымен жол бастаған. Iлесе берген ендiгi сәтте, «Жарықтық бұл баспалдақпен кiмдер жоғары көтерiлмедi дейсiң», — деп бiр қойды. Айналма баспалдақ аса ұқыптылықпен, тастарды кiрiктiре әдемi өрiлiп қаланған. Iсмер шебердiң кетiк қалдырмай, өнерiн төге қиюластырғанын аңғарасыз. Баспалдақтың әрбiр басқышына қадам басқан сайын көне тарих күмбiр-күмбiр үн қатқандай екен.
Бiзге Шауһар болып көнеден жеткен шаһар тарихы өзiне ынтықтыра түсер. Сұлу Сыр мен қарт Қаратаудың арасында жауһардай көз жауын алған қалалар бiрiнiң сән-салтанатын бiрi еңселендiре түстi. Шартарапты Шауһар деп тамсандырып таңдай қақтырған сәт те көңiлден көмескiлене бергенi Яссының керiм келбетiнiң әспеттi көркi ерiксiз өзiне тартып, сан жанардың қимас қарасын ырықсыз ұрлағаны шығар да. Бұл өңiрдiң киелi топырағында дүниеге келген ғұлама ұлдары да Яссының атын жер-жаһанға жария етсе керек.
Әзiрет Сұлтан… Шауһар мен Яссының атауын көңiлде жаттатып, тарихтың қалың қойнауынан бүгiнге жеткiзген осы ғажайып сағана болар. Сағананың салынуы жөнiнде Шереф ед-диннiң «Зафар-намесiнде» жазған дерегiн ғалымдар алдыңызға тартады. 1397 жылы Темiр өзiнiң болашақ жары, Шығыс түркiстандық Қызыр-қожа ханның қызы Тукелханыммен жүздесуге бара жатқанда Самарқаннан Шашқа бағыт алған жолда төтелей Яссыға бұрылады.
Ондағы ойы Ахмет Яссауидың мазарына зиярат ету болатын. Пайғамбар жасына жеткенде жер баспай, күн мен ай көрмей жер астындағы қылуетте он жыл ғұмыр кешiп, 1167 жылдар шамасында 73 жасқа келгенде дүниеден қайтқан Қожа Ахметтiң рухына тағзым жасап, қастерлеген Яссы тұрғындары оны бүкiл ел-жұрт қасиеттi қылуетiнiң жанына жерлеген болатын. Әмiр зияраттан кейiн сол маңда тұратын адамдарға сыйлық, садақасын берiп, бұл жерге — Қожа Ахметтiң сегiз қырлы қара тасты белгiсi бар мазары басына үлкен сағана салуға бұйрық бередi.
Дерек осыны айтады, ал, көрнектi жазушы Сәуiрбек Бақбергенов ел аузындағы аңызды былай жеткiзедi: «Темiрдiң туған шешесi Сақыпжамал осы баласына жүктi кезiнде түс көрiптi. Түсiнде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейiп, артынша сол кездегi Сырдария (бұл өзеннiң түрiкше атауы, ал македондықтар «Яксарт», арабтар «Сейхун» деп атаған) билеушiсi Тоқалақты жұтыпты. Бұл түсiн жүктi келiншек үйiне кездейсоқ қонақ болған жолаушы кемпiрге жорытыпты.
Кемпiр сатқындық жасап, бұл түстi Тоқалаққа айтып қойған. Қатал хан жүктi әйелдi алдыртып, өз қолымен iшiн жарып, мазардың iшiне көмусiз тастатқан. Сақыпжамалдың туған сiңлiсi Теккене жетi айлық, тiрi жатқан баланың кiндiгiн тiсiмен қиып, баланы алып кеткен. Әлi бетi ашылмаған, бейкүнә он алты жасар қыздың емшегiнен сүт шыққан. Баланы өсiрген. Ақсақ Темiр өмiр бақи шешем, анам Теккене деп кеттi. Бiрақ шын тарихын өскесiн естiген.
Демек, Яссы қаласында, Қожа Ахметтiң шикi кесектен тұрғызылған мазарының қасында Ақсақ Темiрдiң өз шешесiнiң сүйегi жатты, бұл жерге оның өзiнiң кiндiк қаны тамған едi. Шындығы аз, жай аңыз бола бермейдi. Демек Қожа Ахмет басына сағана-ғимарат салуды ойлағанда, ол бұл жайды да еске алды. Өзiнiң дүниеге келген, кiндiк қаны тамған жерге сағана-ғимарат орнатыпты дегеннен гөрi, қасиеттi Қожа Ахмет басына орнатыпты дегеннiң дәрежесi халыққа басқадан көбiрек ұнайтынын бiлмей қалған жоқ…»
Қара шал баспалдақпен жоғары көтерiлiп бара жатыр. Нешiншi айналмада екенi есiмде жоқ, ол кiсi оң тiзесiне қол тiрей сәл аялдады да соңындағы маған бұрыла қараған. Аздап тыныс алайын дедi ме, басқыштың бiрiне ыңғайлана жайғасты. Мен де аяқ жағына келiп тiзе бүккем.
Деректерге зер салсақ, Түркiстан шаһары XVII ғасырдың басынан қазақ хандығының астанасы болған.
Хиуадан арнайы үш рет келiп, мол дерек қалдырған Абылғазы ханның жазбаларында сол кезде билiк жүргiзген Есiм ханның ташкенттiк билеушi Тұрсынмен кек ұстасып, оны өлтiргенi баяндалды. Түркiстанды ел есiнде «Есiм салған ескi жол» болып жаңғырған Есiм ханнан соң Жәңгiр хан билiк жүргiзедi. Одан кейiн Батыр хан таққа отырады. Өз кезiнде «Жетi жарғы» аталған өте маңызды заңдарды қабылдаттырған Тәуке хан билiк құрды. Ал шаһарда астана ретiнде соңғы рет Алаш туын желбiреткен Абылай хан едi.
Мына қызықты қараңыз, Ташкенттен Уфаға барған саудагер Нұрмұхамед дегеннiң елiнен шыққанда атпен бiр жарым күндiк жерде Түркiстан атты шаһардың барын мәлiмдеген. Оған ерекше ынта аударған орыс зерттеушiлерiне, сонымен қатар, Сыр өзенiнiң жағасында Аққорған, Сауран, Сунақата, Созақ, Қарнақ, Ихан, Отырар, Қарашық сияқты шаһарлар қалмақ шапқыншылығы кезiнде көбiнiң қирап қалғанын баяндайды. Және де саудагердiң әңгiмесi бойынша олар сол Түркiстанның маңындағы Қаратаудың қойнауындағы Суындықта қазақтардың қорғасын қорытатыны жөнiндегi мәлiметтi қағазға түсiрiп алады.
Ол кезде бұл деректердi қағазға түсiрiп отырған ғалымдар бұдан бiр миллион жыл бұрынғы алғашқы аңшылар қауымы пайдаланған тас құралдардың Қаратаудан табылатынын, ал, 50-45 мың жыл iлгерi саналы адамды қалыптастырған жоғары палеолит аңшыларының тас құралдарын жасайтын мекен де сол маңдағы Ащысайдан кездесетiнiн, бiздiң заманымызға дейiнгi ХII-Х мен III мыңжылдықтардағы мезолит пен неолит дәуiрiнде жасалған садақ пен тасбалта, шот, келi және келсаптың Бүркiсттi, Үшбұлақ, Қараүңгiр деген жерлерден шығатынын бiлген жоқ едi.
Жылдар әлетiнде Түркiстан қолдан-қолға өттi. Жоңғар шапқыншылығы кезiнде ширек ғасыр жау қолында қалды. Әйтсе де аспан тепкен көк күмбездi кесене алыстан көз жауын алып, сағынышқа айналды. «Елiм-айлаған» елдi бiрлiкке, ынтымаққа үндегендей жұбатып, айбат берiп тұрды. Ол ол ма, 1864 жылы 22 мамырда Перовск қаласынан полковник Н. Веревкин бастаған Орынбор қарауындағы әскерден алған ауқымды жасақ Түркiстанды бағытқа алды. Жер қайыстырған бес рота жаяу әскер, екi жүз атты әскер және сүйреткен 10 зеңбiрегi, 5 мортирi, екi ракеталық станогi бар патша қосынындағы 44 офицер мен 1593 солдат келе жатты.
Оған қоса Сырдариямен кеме де iлесе шықты. Негiзгi бағыты Созақты алу едi, ондағы гарнизонның кетiп қалғанын бiлгеннен кейiн Түркiстанға тiкелей тартты. Мынадай басым күшке ешкiм де шыдас бермес едi. Барлық жағынан үш метрлiк дуалмен қоршалған шаһарды айрықша қауiп күтiп тұрды. Патша әскерiнiң зеңбiрек оқтары дуалдарды шұрқ тесiк еттi. Қаланың ортасын өрт жалмады. Веревкиннiң бұйрығымен атылған зеңбiрек оқтары кесенеге тура бағытталды. Сол оқтардан Қожа Ахмет Яссауи кесенесi де зақымдалды. Төтеннен келген соққыға тырс етпей шыдас бердi.
Жарықтық, бұл алып сағана-ғимараттың жобасын жасауға Ақсақ Темiрдiң өзi тiкелей қатысқан деген де дерек бар. Күмбездiң диаметрiн 41 кез, ал, айналасын 130 кез етiп алуды тапсырған дейдi. Бүгiнде 35 бөлменiң басын бiрiктiрiп, талайды тамсандырған ескерткiш кешеннiң енi 46,5 метр, ұзындығы 65,5 метр. Қабырғалары 18,2 метрден бiрдей етiп алынған қазандық бөлмесiнiң үстiн көмкерген ғажайып күмбездiң диаметрi 24 метр болуы оны нақтылай түссе керек.
Сонымен қатар, көне тарих қатпарынан сағананы салуда ерекше еңбегi бар ұсталар Үбайдулла Садыр, Хасан Әзиз, Шемс Әбдi-әл-Вахаб есiмдерiн алдымызға тартады. Оның сыртында күн астында маңдайы терге малшынған мыңдаған шеберлер мен құрылысшылардың аяусыз еңбегiн айтыңыз. Түркiстаннан отыз бес шақырым жердегi Саураннан қышқа топырақ алынғанын, күйдiрiлген қышты қаз-қатар тұрып Яссыға қолма-қол жеткiзген мың сан енбеккердi көз алдыңызға әкелiңiзшi. Сағананы әрлеуге пайдаланған сонау Қотырбұлақ құмы мен Түйетас топырағын қосыңыз. Қара шал бiр әңгiме бастады:
- Мына баспалдақтарды Қаратаудың жартастарынан түйемен тас алдырып, бас шебер Хасан Әзиздiң өзi қалаған деседi. Өйткенi, сағана құрылысының жай-күйiн ауық-ауық көрiп тұруға Ақсақ Темiрдiң төртiншi әйелi Таңшолпан ханшайым нөкерлерiмен келедi екен. Соған ыңғайлы болсын деп, әспеттей қалаған дейдi. Бұның растығын мына аңыз растайтындай.
Сағана бiтер сәтте бас шебер ең соңғы қышты қалау ұсталар ұстанған дәстүр екен. Сол дәстүрдi сақтаған шеберлер салтанатты кез жақындаған тұста кеу-кеулеп осы өңiрдегi ең алып ғимараттың бас ұстасы болып, әрбiр өрнек, нақышын алақанының табымен аялай бiлген Хасан Әзизге жол бередi. Бас шебер әспетi сән-салтанатымен көгiлдiр аспан астында күнге шағылыса көз қарықтырған сағананың ұшар басына жанарын бiр тастап, көңiлдегi арманның шындыққа айналатынына үлкен сенiммен марқайып, екi қышты қолына алады да мың баспалдаққа қарай жақындап жоғары өрлейдi.
Бүгiн бақытты күн болғалы тұр деп iштей күбiрлеген бас шебер көңiлiндегi шаттық қиялын шарықтата түседi. Шiркiн, қуанышты кездiң куәгерлерi қатарында Таңшолпан ханшайым көрсе ғой деген ой тербетедi. Құрылыстың iргетасына тас қалап жатқандағы қылаң берген ой, ендi әдемi қайырыммен тербетiп келедi. Бұл ойды Хасан Әзиз iргетастың алғашқы тасын нығырлай қойып жатқанда, ханшайымның жылт еткен жанарынан да оқығандай едi.
Күн-түн демей қайнаған еңбекпен өткен қанша жыл, әйтсе де өн бойын селт еткiзе терге малшындырған жалт еткен жанардың қарасы мен жұмбақ жымиыс осы мәурiттiң қуанышын сездiргендей болған. Шебер атаулының жанын сала кiрiскенi, олардың әрбiр iстi ыждағаттылықпен әрi жылдам атқаруға себiн тигiзгенi де содан шығар. Асқан сұлулықтың бiр сәттiк үзiк суретi бас шебердi толқыта, ерекше дем берген. Батылдықпен еркiн жоғары көтерiлген ол күмбез басындағы екi қыштың орнын асықпай тазалаған деседi.
Бәлкiм, төмендегi қуаныштан естерi шыға улап-шулаған нәпiр халықтың арасынан ханшайым көрiнбеген соң да асықпаған шығар. Қолына кос қышты алып, ендi қалай бергенде бағанадан құлақ етiн жеген у-шу су сепкендей басылады, бас шебер көз қырын салса, қақ жарылған елдiң ортасында ханшайымның көзiн көлегейлей қарап тұрғанын көредi.
Денесi дiр еткендей болған Хасан Әзиздiң қолындағы қыш жерге сусып түсiп кеткен екен дейдi. Сұлу ханшайымның көз алмай қараған жанарынан тайсалды ма, жоқ әлде қос қышты қолынан түсiрiп, сындырып алғанына намыстанды ма — сол күйi үлкен күмбездiң қос қышы қаланбай қалған деседi.Қара шал орнынан қозғалып, iлгерi жүрдi. Баспалдақпен биiктеп келемiз.
Тастан өрiлген мың баспалдақ… Баспалдақтар бiздi сағананың төбесiне көтердi. Көк күмбездi ғимараттың жайпақ төбесiнен айналаның бәрi алақандағыдай көрiнедi. Қаратау жақтан ескен самалға кеуде кере тыныстадық. Қара шал толқып тұр. Сосын, бас күмбезге қарай аяңдады.
- Сағананың құрылысы бiткенiне ризашылық бiлдiрген ханшайым бас шебердi бiрнеше көмекшiсiмен қонаққа шақырады. Қонақасы үстiнде Хасан ұстадан үй-жайын сұрайды. Адал да ақ көңiл ұста алыстағы елiнде жұбайының қалғанын жасырмайды. Артынша ханшайым дастарқанға екi жұмыртқа алдыртып, Хасан ұстаның алдына қояды. Бiрi боялған екен.
Екеуiнен де ауыз тиюiн өтiнедi. Екi жұмыртқаны асықпай аршып дәмiн көрген ұстаға «қалай екен?» — деп ханшайым сауал тастайды. Дәмiнiң бiрдей екенiн бiлдiрген сәтте, осы жауапты күткен ол, «көрдiңiз бе, өзiңiздiң сүйiктi жарыңыздан артық ешкiм жоқ», — дейдi. Астарлы әңгiменi бiрден ұққан хас шебер Ақсақ Темiрдiң қаһарынан қаймығып, сол түнi көмекшiлерiмен елiне қашып кеткен деседi…
Қара шал үнсiз ойға шомды. Бұның бәрiне — төбемiзден шақырайған күйi дөңгеленген күн куә, күн астында көз жауын алған көгiлдiр күмбез куә, ал, алғашқы iргетасты қалағанда сұлулыққа ынтыққан бас шебердiң көңiлiндегi сезiмдi ғажайып ғимараттың әрбiр қаланған қыш, айшықталған өрнегiмен жеткiзудi армандаған Хасан ұстаның тастан өрген баспалдағы мың бiрге жетпегенi несi?
Бәлкiм, кесене тұрғызған алғашқы күннен өзi берiлiп тыңдаған «Мың бiр түннiң» әсерлi ырғағын көз алдына әкелiп, жүректi тербеткен толқынды күйдiң жетегiмен ойындағы арманын қолға қондыра алмай кеттi, кiм бiлген?!
Мың баспалдақ — ерекше сырды iшiне бүккендей сазара шаң басқан тас өрiм баспалдақ.
Рахманқұл БЕРДIБАЕВ:
- Түркiстан қазақ халқының байтақ астанасы сипатында 250-300 жылдай өмiр сүрiп тұрғаны ақиқат. Кейде «бiзде бұрын қалалар болмаған, белгiлi бiр орталық болмаған» деген сөздердi оңай айтып келгенiмiз тарихты бiлмеудiң немесе бiлгiсi келмеудiң салдары демеске болмайды… Ұзақ та бай тарихымыз бар, бiрақ сол тарихты түсiнiп бiлуiмiз жоққа тән…
Әбiш КЕКIЛБАЕВ:
- …Қадым замандар шаһарының күн жеп тастаған әр тасы — тарих көзi. Ол ақтарар сол сыр бiздiң бүгiнiмiзге ғана емес, келешегiмiзге де жол сiлтей алады, өткеннен дұрыс қорытынды шығарып, болашаққа дұрыс бағыт сiлтей алады, өткеннен дұрыс қорытынды шығарып, болашаққа дұрыс бағыт ұстануға үндейдi. Талайды бастан кешкен тарлан қаланы тап сондай талайды есiмiзге салатын тарихи тағылымы үшiн ұлықтағанымыз абзал.
Нұрлан ОРАЗАЛИН:
- Ұлы бабаларымыз Түркiстанды көзiнiң қарашығындай көрiп, қалай сақтап келген болса, бүгiнгi бiз бен бiзден кейiнгi әрбiр ұрпақ Түркiстанын солай сүйiп, солай сақтауы лазым. Өйткенi, түркi дүниесiнiң қара шаңырағы саналар Түркiстан — ұлттық ойымыздың жөргекке оранып, ұлттық санамыздың бесiкке бөленген қасиеттi қара Қағбасы. Қағбаға бас ию парыз.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«ДАЛА мен ҚАЛА».