Өткен 2014 жылдың қаңтар айының 8 күні тарихшы-ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Атабаев Қамбарбек Махамбетұлы жасы 66-қараған шағында өмірден өтті. Қазастанның тарих ғылымындағы Қ.Атабаевтың еңбегінің ерекшелігі – осы ғылымда пайдаланылатын дерек көздерінің өзіне талдаулар жасау арқылы шынайылығы жоғары мәліметтерге жетуді мақсат тұтқан ғылым саласы – Деректанумен айналысқандығы.
Ол соңғы 20 жыл көлемінде осы сала бойынша 2 ғылыми монография, «Қазақстан тарихының деректанулық негіздері» атты оқу құралын, 100 жуық теориялық және проблемалық мақалалар жазып, осы еңбектері арқылы деректанудың ана тіліміздегі ұғымдары мен терминдерін қалыптастыруға, тарихымыздың өзегін құрайтын ұлттық деректерімізді танып білуге, деректану білімінің қалануына зор үлес қосты.
Оқу басталды. Ал үнемі жайраңдап жүретін, сарказмге құрылған сауалдар қойып әзілдеп тұрып, ой салатын ағайымыз жоқ. Қамбар Атабаевтың өмірден озғанына да қырық күн болыпты. Қысқы демалыстан оқуға келген шәкірттері ұстаздарының енді бұл өмірде жоқ екендіктерінен хабарсыз болып шықты. Ол кісі өмірден озбағандай… Ақтық сапарға шығарып салуға (жылы үйінен шығуға ерінген шәкірттерін айтпағанда) ел болып шеру тартпаппыз, жылы сөзімізді қимаппыз… Осыған қарап, қазақ тарихының, қазақ ғылымының, қазақ ғалымдарының мүшкіл ахуалын бажайлауға болатындай…
Қамбар ағаның қалай қайтыс болғанын Берекет Кәрібаевтан сұрап білдік. Көлікте кетіп бара жатып, жүрегі ұстапты. Жанұшырып кордиологиялық орталыққа жетіпті. Ғимаратының алдына жетіп құласа керек. Көмекке де шақырған болуы керек. Ешкім мойын бұрмаған, көмек қолын созбаған. Қысқасы, алаштың атпал ғалымын танымаған. Осылай жантәсілім болыпты. Біз де өстіп қазақтың тарихын, мәдениетін, ғылымын «танымай» қолдан өлтіріп отырған жоқпыз ба?
Қамбар Атабаев ойындағысын еркін айтатын. Ешкімнен қысылып-қымтырылмайтын. Осындай жанайқайларында ұлтқа, қазақ тарихына деген жанашырлық анық көрініс табатын. Сол үшін талай таяқ та жеген азамат. Осындай азаматтығының бір белгісі — «опазиция» деп айдар тағылып, «қара тізімге іліккен» Хасен Қожа-Ахметпен арасындағы байланысы, риясыз достығы дерсіз.
Қазір қазақ тарихшыларының Ресей отары кезіндегі халқымыз ұшыраған саяси қуғын-сүргіндерді зерттеуде сталиндік кезеңнен аса алмай жүргені аян. Қ.Атабаевтың тарих ғылымындағы тағы бір ерекше орны – сол «қауіпті межені» бұза-жарып 1970 жылдардағы, атап айтсақ, 1970-1980 жылдары екі рет саяси сотталған Хасен Қожа-Ахметтің ұлт-азаттығы күресі мақсатында 1970-жылдарда жазған мақалаларына деректанулық зерттеу жасап «Туын жықпай алаштың» атты мақала жазуы, оны аталған оқу құралының үш басылымына енгізуі. Әрине, Қ.Атабаевтың бұл зерттеуін оның кәсіби міндетіне жатқызуға да болар еді. Алайда ол осы зерттеуінде тарихшылықпен шектелмей, бүгінгі күнгі қоғам үшін маңызы бар бірқатар кесек сын, пікірлер айтқанын көреміз. Мысалы:
«Деректану» оқулығына «Саяси қуғын-сүргін құжаттары ХХ ғ. 70-80 жылдарындағы еліміздегі ұлт-азаттық қозғалысы тарихының дерек көзі» ( Хасен Қожа-Ахметтің «Ереуіл атқа ер салмай…» атты кітабы негізінде) деген тақырыппен берілген зерттеуінде Қ.Атабаев: ««Бiр ғана Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына арналып ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Талайлар ғылыми атақ-дәрежеге ие болды… Бiрақ, уақыт шындықты тарихшы “ғалымдардың” емес, Х. Қожа-Ахметтiң жазғандығын толығымен дәлелдеп бердi. Тек Хасен ғылыми емес, “аса қауiптi мемлекеттiк қылмыскер” деген атақ алып түрмеге түстi. Ендi, бүгiнгi күнi кәсiпқой тарихшылардың бәрi дерлiк Қазақстанның Ресейге өз еркiмен қосылмағанын айтып, дәлелдер келтiруде. Тек, сол шындықты бұдан 30 жыл бұрын, яғни коммунистiк партияның қылышынан қан тамып тұрған кезiнде Хасеннiң айтқанын естен шығарып жүр.
Оның еңбектерiне сiлтеме жасауға да бiр күш жiбермейтiндей”, – деп жазып, тарихшы әріптестерін сынап өтеді. Осы пікірін ҚазҰУ-де тарих факультетінде 2013 жылы 3-желтоқсанда Х.Қожа-Ахметтің жаңа «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітабының тұсаукесерінде де қайталаған Қ.Атабаев: «Кімнің тәуелсіз болғанын білмеймін, бірақ қазақ әлі тәуелсіз болған жоқ. Егер қазақ тәуелсіз мемлекет болса, Хасеннің портреті мына төрімізде неге тұрмайды «Ұлт-азаттық күресінің батыры» деп?!» – деген еді. Х.Қожа-Ахметтің бүгін де қоғамдағы жағдайлар туралы сын пікірлерімен әлдекімдерге жақпай жүрген тұлға екенін ескерсек, Қ.Атабаевтың ол жайлы мұндай сөздерін аса батылдық деуге болады.
Қ.Атабаевтың зерттеу еңбектерінде, тіпті, күнделікті айтқан ой-пікірлерінде осындай ірі, көсемсөз дәрежесіндегі сөзсаптаулары баршылық. Мысалы Қания Бейсенбаеваның «Хасекең …деген екен!» жинағында мынадай жолдар бар: «ҚазҰУ-дың деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев «Ереуіл атқа ер салмай» кітабын оқып шыққаннан соң, Хасенге телефон шалып: – А-ай, Хасеке-ай, құрметтелмей жүргендегі бар жазығың – әлі тірі жүргендігіңде екен ғой! – деген екен (39 б.), «Тарихшы Қамбар Атабаев «Азаттық» радиосына берген сұқбатында; –Мен, «Халық қаһарманы» орденін тағып жүргендерге: «Әй, Хасен Қожа-Ахметке берілмеген орденді сендер тағып жүргенге ұялмайсыңдар ма?!» деп айтқым келеді» –депті» (40 б.).
Зерттеу жұмыстарымен шектелмеген Қ.Атабаев университеттегі шәкірттеріне: «Ұлт-азаттық күресі туралы тарихты өз аузынан естіңдер!» – деп, Х.Қожа-Ахметтің қызметіне жіберуі де тарихшы ұстаздарға үлгі боларлық іс емес пе!?
Аталған 3-желтоқсандағы кітап тұсаукесерінде Қам-аға: « Мен бір конференцияда айттым – анау Қабанбай, Бөгенбайлардың қайсысы көкірегіне орден тағып жүріпті? Оларға халық берді «батыр» деген атақты.
халықтың берген атағын балталасаң да жоя алмайсың! Сондықтан «Хасен батыр» деген атақты біз де халық болып берейік» – деп», – деген еді. Ия. «Ерліктің, батырлықтың бағасын, қадірін өзі де ер, батыр мінезді адам ғана зерделей алады» деген халқымыздың дана сөзі бар. Сондықтан өмірден өткенімен артында ғалым ретінде хаты, жақсы жан ретінде аты қалған Қ.Атабаевты да « батыр» десек болады. Бұл Қ.Атабаевтай абзал азаматтан айырылып ойсыраған біздердің көңілге демеу болар еді.
Б.Құдайберген