Айқайқұм

3498

Әншi тау… Шағыл төбенiң беймәлiм үнi. Қалқан тауының қойнауындағы құм төбе ән салады, сенесiз бе, бiрде гүрiлдеп, бiрде айқайлап, бiрде әдемi әуеннiң қайырымын қайталағандай… Әншi тау… Айқайқұм жұмбақ сырын iшке бүге түседi, қызық-ай, шағыл төбе ән салып жатыр…

Қара желден бұтақтары дiрiл қаққан төрт түп сексеуiлдiң жанына жеткенде сәл кiдiрдiм. Ары қарай құм төбенiң етегiн қымтаған қалың қар. Қарауыта түнергендей өңiрдiң кеспiрi ерте көктемде сұрықсыз бояуға енетiнiн дәлелдейтiндей, әйтпесе, өңменiңнен өтетiн қара суықтан әбiгерге түскен жолаушы айналаға қарап қара күз деп те ойлауы мүмкiн-ау, содан Айқайқұмның терiскей етегiндегi үрме қарды көргенде, өкпек желдiң ызғары бойыңызды тiтiркендiредi. Десе де көз алдыңызда жанар қарықтырып көптен iз түспеген сүрi қар емес, беткейi бұйра толқынданған шағыл төбе өзiне ынтықтыра түседi.

Жарықтық Айқайқұм момақан қалпы, суықтан бүрсең қағып бұйығы кейiпке енгендей сазара қалған дерсiң. Қалың қарды омбылай кешiп өтiп, құм төбеге iлiндiк. Беткейi қабыршақтанып қалыпты. Жоғары өрлеу үшiн тек үшкiрленген бұрышымен ғана көтерiлуiмiз керек, ал, беткеймен жүру қиынның қиыны, аяғыңыз тайып, төменнен бiрақ шығасыз. Әудем жер бүкшеңдей жүрiп, артқа бұрылған күйi отыра кеттiм. Тым төменнен биiкке көтерiлген ойдым-ойдым iздерiм сайрап жатыр. Қос қолдап құмнан сусып алдым. Ылғал тартқан шағыл құм жылт-жылт етедi.

Айқайқұм…. Талайды өзiнiң жұмбақ сырымен ынтықтырған шағыл төбе, әншейiнде уiлдеп, беймәлiм әуенiмен тамсандыра, кейде өн бойыңды үрейiмен тiтiркендiрер құм төбе үнсiз, үнсiз, үнсiз, сол жылтылдаған сан түйiршiк алақанымнан сусып төгiледi. Айқайқұмның момақан мiнезiне де таңырқай қарайды екенсiз.

Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып әлдебiр мұңға берiлгендей сыңсып ән салады;

Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып, әлденеге қосыла жарысқандай гүрiлдей айналаны жаңғырықтыра түседi;

Құм, қып-қызыл құм сусиды, сол сусып жатып, әлдекiмге қырыс қабақ танытқандай айқайлап дауыс көтередi…

Ендi сол сыңсыған әндi, сол жаңғырық болып маза кетiрер гүрiлдi, сол жүрек дүрсiлдетер беймәлiм дауысты сағынғандай елегзи iздеп Айқайқұмның басында жападан-жалғыз отырмын.

Айқайқұм… Айқайқұмды бетке алып алғашқы сапарға шыққанымда қалың қар жауып қатты мазасызданып едiм. Наурыздың жылт еткен күнiне сенiп болмайды, Көктем келдi ме дегенде даланы аппақ қар қайта қымтады. Қарлы даладан аңсар аударған Айқайқұмды iздеп тауып көр… Бәрi бекер екен. Алыстан қар жамылған Алтынемелдiң аппақ шыңдары мен мұндалаған сайын, уайымым қыспаққа алып, жанымды қоярға жер таппай, асуға беттеген автобустың iшiнде отырып әбден шыдамым таусылған.

Қалың қарда қайда бара жатырмын. Ыңырана қозғалған көлiк Алтынемелдiң биiк асуындағы бұралаң жарқабақ жолмен әзер дегенде көтерiлдi де бiр сәт тыныс алғандай болып сәл аялдаған соң төменге қарай зырылдады дейсiз. Көңiлдегi бар күдiгiмдi сейiлткен де осы кез. Себебi, сонау еңiсте алақаттанып дала жатты. Жанымдағы бейтаныс жiгiт те күн сәулесiне автобустың пердесiн көлегейлей маған бұрылған.

- Анау «Басши» жылқы зауыты, ауылды «Калинин» деймiз, айтсам таңданасыз, биылдыққа бiр тамшы тамған жоқ. Ондағылар мына Алтынемелдiң аппақ кейпiне тамсана қарап қояды, басқа не iстейдi. Әйтпесе мiне, наурыз келдi, қыс бойы қар жаумай, қара суықтың мазаны алғанын қойыңыз ендi.

Әп-сәтте зулаған автобус Басшидiң шаңдақ көшесiнiң шаңын көтере ауылға кiрдi. Құдды бiр қарашаның қара суығы дерсiз. Сөйтiп, наурызда айналаның бәрiн қалың қар жапқан, жол қиындайтын болды-ау дегенiмнiң бәрi бекер екен. Көшеде шаң бұрқырап жатыр. Әйтсе де Айқайқұмды iздеп шыққан сол жолы әлдебiр себептермен кейiн қайтып едiк…

Айқайқұм… Шағыл төбенiң басына ирелеңдей көтерiлген ойдым-ойдым iздерiм сайрап жатыр. Әншейiнде көсеп ғана бiр уыс құм алсаң болды дегбiрi қаша уiлдеп аласапыран күйге түсетiн әншi тау маңғаз кейiпте, түксиген қалың бұлттың астында ағараңдаған қалыпта, желтоқсанның ортасында қоңырқай тартқан өңiрге оқшаулана өң берiп, өзгешелене түскендей.

Әдемi суреттi сымбатымен қос үйме құм төбе айналадағының бәрiн өзiне ынтықтыра түскендей. Алабөтен мiнезiне таңырқағанда не, қос қолдап көсей алдым да тағы суырдым, нам тартқан шағыл жылт-жылт етiп марғау сусиды. Тосын мiнез танытар деген үмiт алыстай бердi. Алақанымды қақтым да орнымнан тұрып, iлгерi адымдап төбе басына қарай өрлей бердiм.

Айқайқұм… Айқайқұмды iздеп екiншi рет жолға шыққаным есiме оралды. Қай жылы едi… бәлкiм, бұл жолы да тосын мiнезiмен қызықтырған шағыл төбеге жете алмай кейiн қайтармын. өйткенi, қарсы алдымыздан соққан Қалқанның бораны үстi-үстiне үдеп бара жатты. Шiлденiң ыстығы әлi қайтпаған. Жел мен жаңбыр тiлiмдеген шаңдақ қара жолда машина теңселген күйi ақырын қозғалады. Көңiлге ұялаған күдiк ауылдан ұзағанмен сейiлмей тұрып алғаны бар.

Мана әзiрде Басшиға келгенде атойлап мазалаған қалпы, одан қалды көлiк жүргiзушi жiгiт те көпке дейiн үн қата қойған жоқ. Үнсiздiк терең ойға үйiре бередi екен. Ауылға кiре бергенде, қызықты қараңыз, ерте көктемдегi көрiнiс тағы қайталанғаны бар, шаң бұрқырап жатты. Жергiлiктi тұрғындар да бұл жердiң табиғаты қозыкөш ауылдың жайымен салыстырғанда бөлектеу екенiн әнгiмелейдi. Ал кейде қар болсын, жаңбыр болсын, басқа жерге жаумай, осында ел-селiн шығара төгiп кетедi. Биылдыққа нәр тамбаған. Таңданбай көрiңiз. Айқайқұмға жете алсам деп ойлаймын. Менi мазалайтыны да барар нүктеге жету жағдайы.

- Жүрiңiз, — дедi әлден уақытта барып, — жүрiңiз, осындай кездерге мен тап келемiн, сосын, өтiнiш айтқан кiсiнiң сөзiн далаға тастай алмаймын.

Мана әзiрде қабақ шытқандай болған шофер жiгiт ұзақ үнсiздiктi өзi бұзды. Жоқ, әңгiмешiл екен. Ауылдың жай-күйiн таныстырып жатыр. Шаруашылықтың «1 Мамыр» бөлiмшесiнен Мыңбұлаққа қарай бұрылғанда жел қарсы алдымыздан ысқырына үдей түскен едi. Желдiң ызыңы күшейген тұста әңгiме де үзiлдi. Жаңбыр мен жел айғыздаған қара жолда машина селкiлдеген қалпы теңселiп алға қарай ышқынады.

- Бүгiн күн батқанша Айқайқұмға iлiге алмаймыз, — дедi Александр жолдан көз алмаған күйi, — қорықшының үйiне түнделетiп жетсек те жарады, жол тiлiмденiп кетiптi, жылдамдыққа мүмкiндiк бермейтiн де сол.

- Былтыр жазда ғой Мыңбұлақ жақтағы корданда отырған шопан ауылына бара жатып, Алтынемелдiң бiр жотасында арқаларына жолқапшық асынған бiрнеше кiсiнi кездестiрдiм, латыш ғалымдары екен. Қолдарында карта, жаяулап тартып барады. Жөн сұрасқанда бiлдiм, осы Айқайқұмды iздеп тау асып кететiн шамасы бар. Сосын, мән-жайды айтып Айқайқұмның оң қабатта қалып қойғанын түсiндiрiп едiм, әлгi карталарына шұқшия ұзақ үңiлiп, соңынан жымия бас шұлғып арқамнан қақты.

Ендi, мiне, араға бiраз уақыт салып өзiңмен келе жатырмын, сонда деймiн-ау, Айқайқұмның не қасиетi бар. Жер түбiнен iздейтiндей әлдебiр құпиясы болды ма, шамасы. Мен осы Айқайқұм, Айқайқұм дегеннен басқа ештеңе естiмеппiн. Бiреулер айтады, Айқайқұм құдды адамға ұқсап айқайлайды деп, сонда оның бойындағы нендей сиқыр екен?! — Уiлдеген желге машинаның маңдайын берiп, шоқалақ жолдан әбiгерге түсiп әбден шаршады ма Александр бiр уақытта осы сауалды қойды.

Ал мен әлi көрмеген Айқайқұм жайында не дейiн. Тек бiлетiнiм, санкт-петербургтық ғалым-геолог Б. Русиновтың құм төбенi зерттеу барысында кездескен оқиғаны көз алдыма әкелдiм. Жер мен ауа арасындағы электр потенциалының айырмасын зерттеп жүрген ғалым шағыл ән салғанда қандай өзгерiс пайда болатынын анықтауды мақсат тұтып осында келедi. Келе салысымен жұмысқа кiрiскен зерттеушiлер бiр-екi күн күтедi, әйтсе де құм өзiнiң құпия мiнезiн бiлдiрмей, жұмбақ күйiнде жал-жал қалпы жата бередi.

Әншi құм дегенiмен әлденеше күн бойы өзгерiссiз, дауыс көтерiп не болмаса гүрiлдемейтiнiне таңданып, бiр жағы тағатсыздана отырып, ақыры мынау төбенiң басына шығып көрейiк деп шағылды жiтi қимылмен бетке алады. Ешқандай өзгерiс жоқ, үн қатпайды. Болмаған соң Русинов шағыл төбенiң беткейiндегi құмды қолмен көсей сусытып көредi. Сусыта бастағаны сол, құм төбеде соны күткендей екен. Шағылдың бетiндегi түйiршiктер төмен қарай сусып, гүрiлдей жөнелгенде тәжiрибе жасауды асыға күтiп жүрген мамандар абдырап, не iстерiн бiлмей сасқалақтайды.

Тосын құбылыс олар үшiн де үрей ұшырардай едi. Аңтарылып қайда қашарын бiлмеген, жан-жағын бажайлай алмай, тым-тырақай жүгiре жөнеледi. Құм гүрiлдеген сәт төбе басында шағылды қолмен сусытып жатқан геолог айналада не болғанын аңғармай қалады. Дүние астан-кестен, айнала алапат гүрiлге көмiлдi. Құлағы шыңылдағандай ма деген, төс сүйегi мен асқазанының ұштасқан тұсы шымылдай ауырып, шыдатпай бара жатады. Осы оқиғадан кейiн лаборанттардың бiрi «тұла бойымның не болғанын бiлмей қалдым», — деп таңданған.

Сауал тастағанымен жауабын күтпеген Александрға жол бойы осы әңгiменi баяандағанымда ойланып қалды. Айқайқұмды көз жұмып табамын деп келе жатқан жолсерiгiм баранканы үнсiз қысымдай ұстаған күйi маған жаңа көргендей ауық-ауық қарап қойды. Қас қарайып келе жатыр. Манадан жеткiзбей қойған Қалқан тауы алыстан қарауытты. Алдымыздағы жол ағараңдап қалыпты, Александр жарықты жақты.

Қалқанның бораны уiлдеп тұр, жол жеткiзер емес. Құлаққа әншi таудың дауысы ызыңдап жеткендей. Бәлкiм, желдiң ызыңы ма, жоқ әлде мынадай айқұш-ұйқыш жолда теңселiп келе жатқан машинаның гүрiлi ме — ажырата алмадым.

Айқайқұм — әншi таудың үнiндей болып бiр әуен құлақ түбiнде тұрды. Жұмыр жерде өз жұмбағымен құпияланып өн бойына сыр бүккен әйтсе де сол сырды ашуға шақырғандай үн қатқан әншi таулар, шағыл төбелер, құмды қолаттар көп. Әрқайсысы жайлы әрқалай әңгiме тыңдаушысын жалықтырмайды, айтылар аңыздар желiсi де сан-саққа жүгiртiледi. Құмтөбеге көтерiлгендей аяғыңның астындағы шағыл сусып, ысқырады, гүрiлдейдi… әйтеуiр түрлi дыбыс шығарады.

Кабул маңындағы дiрiлдек тау Рег-Реванның қасиетi қызық, сусыма құмдарға табаның тисе болды, әлдекiм барабан соққандай айнала жаңғырыға жөнеледi. Аяқ астындағы құм сусыған сайын Рег-Реван дiрiлдегендей. Дiрiлдеп тұрғандай әсердi жаңғырық байыта түседi. Жергiлiктi тұрғындардың дiрiлдек тау деп атауы да сондықтан болар. Ал, Чили жерiндегi Коппано аңғарында ұлығандай дыбыс шығаратын шоқы Эль-Брамодор деп аталады. Қызыл теңiз жағалауындағы Синай түбегiнде Джебель-Накуг жотасы бар.

Оның дыбыс шығару өзгешелiгiне қарай жұртшылық Қоңыраулы тау деп атаған. Жотаға көтерiлгенде бөлтiрiктiң ұлығанындай бiр үн естiледi. Оған төбе басынан қоңыраудың сылдыры қосылады. Сөйтiп Джебель-Накуг — Қоңыраулы тау сыңғырлата қоңырау шалып тұрады. Оны арабтар астында ертеден қалған көне ғибадатхана жасырып жатыр деп түсiндiредi.

Жота басынан естiлген беймәлiм үн сол ғибадатхананың адамдар төбеге аяқ басқан сәттен тербелiп дыбыс шығаратын қоңырауларының жаңғырығы екенiн айтып, дәлелдей түседi. Бұл әнгiмеден кейiн төбе басына шығып көр. Аталмыш шағыл төбелердiң құпияларының сырын ғалымдар әзiрге тек сан алуан жорамалдармен ұқтырған болады.

- Мыңбұлаққа таяу жердегi қорықшының үйiне тастаймын, ертең сол қорықшы Әншi тауға өзi алып барар, — деген Александр.

Мен бас шұлғыдым. Әйткенмен қорықшы үйiнде болмай шықты.

Екiншi рет Әншi тауға жете алмай жолдан қайтамын ба?! Осы сауал маза бермедi. Айдалаға тастап кетуге Александр тағы қимады. Машинаны қайта от алдырды.

- Мейлi, Айқайқұмды мен де сенiмен бiрге көрейiн, отыр, кеттiк…

Айқайқұм… Ай астында ағараңдап жатқан қос төбе өздерiн күзеткендей түнере мүлгiген Қалқан тауынан түнде де айрықшаланып жататынын қараңыз. Машинаның моторын өшiргенде желдiң ызыңымен қабаттаса әлдебiр дыбыс жеттi. Тау iшiнде әуездi әуен жаңғырықты. Кейде оны беймәлiм гүрiл көмiп кетiп отырды.

Әлден уақытта Александр әңгiме бастаған.

- Бiздiң ауылдың шалдары баяғыда бiздiң бала кезiмiзде айтып отырушы едi. Айқайқұмға баруға болмайды, онда шайтан бар десетiн. Шайтан кiмге ұнаған, сол шайтанның мiнезi ұнамай, ақыры құдай осында айдап әкелiп құммен көмiп тастаған екен. Әншi таудан естiлетiн дауыс шайтанның үнi көрiнедi дейтiн. Бала кезiмiзде аузымыздан сiлекейiмiз аға отырып тыңдаған соң әңгiмеге бас шұлғи отырып сендiк. Сенбеске тағы болмайды, өйткенi жата қалып ертегi оқитын бiздер қиял-ғажайып оқиғаның бiр тармағы осы Әншi тауда жатқандай көрiндi.

Ал, қазiргi балаларды ештеңеге сендiру қиын, ертегi де оқымайды, — темекiсiн құшырлана сорған Александр үнсiз қалды. Әншi тау құбыладан соққан желмен дауысын сан өзгертiп бiзге сыр айтқандай. Әуезденiп, құбылып тұрып алды да, сәлден соң гүрiлдей жөнелгенде денең тiтiркенiп, айналаға секемдене қарайсың. Бiр уақытта желдiң, Қалқанның желiнiң ызыңынан басқа ештеңе естiлмейдi. Аңтарылып тұрғанда желдiң ызыңы жаңғырыға жеткендей күмбiрлеп әлгiндегi гүрiл қайта көмедi.

Айқайқұмның ғажайыбы сол, оның жұмбақ сыры үлкен жазушымыз Ғабиден Мұстафинды да қызықтырған, бұл жайында профессор Досмұхан Кiшiбеков былай баяндайды:

«Бұл 1957 жылдың шiлдесi болатын. Алматы облысы, Шелек ауданына жататын Iле өзенi жағасындағы «Аяқ қалқан» деген жерде терi, буын ауруларына емдiк қасиетi мол жылы су табылып, соған емделуге ел барып жататын. Бiз де сол жерде болып, азды-көптi ем қабылдап жатқанбыз. Бiр күнi кешкi салқынмен дем алып, әңгiмелесiп отырғанымызда Мәжiкен (М. Бутин) деген кiсi: «Осы жерден онша алыс емес сонау «Орта қалқан» маңында екi құм бар. Ыстық, ашық күнде басына шықсаң болғаны шулайды. Өзiнше ән салып жатқандай.

Сондықтан да орысша оны «Поющая Гора» дейдi. Бұл бiр табиғат ғажайыбы ғой», — дегендi айтты. «Бүгiн де солай ма?» — дегенiмiзде, «әрине, бүгiн де солай», — дедi. Содан бiздер жатып қолқа салдық. «Сол тауға ертiп барып, бiзге көрсет», — деп жалындық. Ақырында әлгi кiсi көндi. Сонымен күнара моторлы қайықпен келiп, бiздерге балық сататын қайықшымен де келiстiк, баратын кiсiлер де iрiктеледi. Сөйтiп, Ғабиден Мұстафин, Әбдiлда Тәжiбаев, Мәделхан Дәрiшев, мен және жол бастаушымыз Мәжiкен Бутин жолға шығатын болдық.

…Баратын жерiмiзге әрең жеттiк. Сөйтсек, әлгi тау деп келгенiмiз тiп-тiк, бетiнде бiр тал шөп шықпаған, қызыл-сұрғылт қатар тiгiлген екi киiз үйдей құм екен. Құмды бiреу әдейi шошайтып, үйiп қойғандай. Байқасақ, әлгi «Аяқ қалқан» мен «Орта қалқан» тауының дәл ортасы екен. Ол екi тау бiрiмен бiрi қосылып, тұтас жатқан жоқ. Арасы пышақпен кескендей бөлек. Құмға жеткенде үш ағамыз: «Бiз шаршадық мына сексеуiл көлеңкесiнде дастарқан жайып, отыра тұрайық, сiздер жассыздар ғой, құмға шығатын шығарсыздар», — дедi…

Содан құмның бiрiне қайықшы, екiншiсiне бiз — Мәделхан екеумiз шығатын болдық. Бұл күндiзгi екi шамасы едi. Құм тiп-тiк, шығу қандай қиын, төбеден құйылған құм қойын-қонышымызға кiрiп, күйдiрiп жатыр. Бiз де тырбаңдап жылжып барамыз. Анда-санда тыңдап, байқаймыз. Ешбiр шу жоқ, тек аңызақ желдiң ызыңы ғана құлағымызға естiледi. «Дыбыс бар ма?» — деп жердегiлерден сұраймыз, олар «жоқ», — деп жауап қатады.

Сөйтiп, бiз жартысынан жоғары көтерiлдiк. Күн шыжып тұр, оның үстiне таудың күнгей бетiнен шықтық, өйтпесе де болмайды, көлеңке жақтан шықсаң құм қызбайды, шуламайды деген. Ендi бiр шама ұмтылсақ төбе басына жетуге жақын қалдық. Күн өтiп, қалжырай бастадық. Бiрақ ұят күштi. Мақсат қайтсек те төбеге шығу. Осы кезде төменде отырған ағалар:

- Жарайды, жiгiттер, түсiңдер, шай iшейiк, — деп шақырды. Соны естуiмiз мұң екен, құмға өрмелеп бара жатқан мен дереу тез қимыл жасап, орнымнан тұрмақ болып едiм, бiр нәрсе дүр ете қалды. Менiң жасағанымды Мәделхан қайталап едi, одан да дүрiл шықты. Бiз сырғып, төмен түспек болдық. Дүрiлге дүрiл қосылып, үлкен бiр шуға айналды…

Бiз дастарқан басына келiп, шөлiмiздi қандырдық, жүрегiмiздi бастық. Сонда да құм шулап жатты. Содан Ғабең, бұл жағдайды жазамын, — дедi»… Ғабекеңдi тамсандарған табиғаттың тосын құбылысы — Әншi тау жайындағы бiр оқиғаны, естен кетпейтiн сол бiр күндi профессор Досмұхан ағамыз осылай әңгiмелейдi.

Бiз машинадан түстiк. Жел әлi басылған жоқ. Қайта желдiң екпiнiн Әншi таудың гүрiлi үдете түскендей. Гүрiл ме әйтеуiр, жаңғырық па әйтеуiр, әуен бе әйтеуiр — алма-кезек сырнай сазындай болып құбылады. Оған Қалқанның желi қосылып алып елiккендей, елiккендей, елiккендей екiлене соғады. Сондай мынау бiрде гуiлдеп, бiрде гүрiлдеп, бiрде әуезденiп ән салып жатқан шағыл төбенiң құпиясы неде деген сауал бүйiрден түртедi.

Әншi тау көп зерттелдi, жұмбақ жайттың сырын ашуға ықыластана кiрiскен ғылымдар түрлi жорамалмен өз шешiмдерiмен түйiндедi. «Құм түйiршiктерi бiрiмен бiрi үйкелiп, соның нәтижесiнде үн шығады», — дейдi ғылымдар. «Сол құм түйiршiктерiнiң аралығындағы ауаға байланысты, құм төмен сырғығанда әлгi ұсақ түйiршiктер арасындағы саңылау кейде азайып, кейде көбейiп отырады. Ауа осы саңылауға бiрде кiрiп, бiрде шығып жатады. Дыбыстың дiрiлдеп шығу себебi сонда болса керек», — дейдi екiншi бiр ғалымдар. Жазушы Владимир Мезенцев Айқайқұмды зерттеген ғалымдардың болжамын осылай екiге бөледi.

Бұндай болжамдарға барғысы келмеген Я. Рыжко өзен жағасынан құм алып эксперимент жасауға кiрiседi. Құмды кептiрiп, шаң-тозаңнан жақсылап тазартқаннан кейiн электрофор мшинасы арқылы құмға тоқ жiбередi. Сонда құмнан үн естiледi. Дегенмен, елiктiре түскен табиғаттың тосын құбылысы бар жұмбағын алдымызға жайып салды ма?! Сауал қойып таңданатынымыздай бар екен. Себебi, Айқайқұмнан әкелiнген құм әлгiндей тәжiрибенi мойынсынбады ма, үн қатқан жоқ.

Үн қатқан жоқ, жұмбақ жайттың бiр ұшы ендi табылды-ау деп ынта қоя суырғанда түрлi ыдыстағы үйме құм үн қатқан жоқ. Желдiң ызыңына қосылғандай гуiлдеп кеп бергенде, ән салғандай болып әуездi қайырымды қайталап кеп бергенде, ұшақтың ұшар алдындағы дауысына салып гүрiлдеп кеп бергенде — шағыл төбенiң жылдар бойғы жасырып келген құпия сыры ашылды деп қол шапалақтап қуанар едi. Шағыл төбенiң шөкiм құмы ғылыми зертханада да тырс етiп сыр ашпады. Ғалымдар бас шайқаған күйi ойға кеттi.

Бiр уыс құмды көсей алып, сығымдап көрдiм. Құм, кәдiмгi құмнан еш айырмасы жоқ бiр уыс шағыл алақанымнан алақаныма сусиды. Суырып жатқанда жартысын жел ұшырып әкеттi, қалған құмды уысыма қыса мыжғылап қоямын. Оған жаны ашығандай Әншi тау гүрiлдеп тағы да дауыс көтердi.

Әншi тауды зерттеген алматылық ғалым, профессор Павел Мариковский суретте әдемi бейнеленген құмтөбеге қадала қарап әңгiме бастады:

- Құмның жоғары қабаты сусып жатыр. Сол сусыған құм төменгi қабаттағы дымқыл құмды екпiнмен бетiне алып шығады. Шағыл төбенiң бұйра-бұйра толқындануы содан. Сөйтiп дымқыл құмға соқтығар құрғақ шағыл сусып үн шығарады. Әр жерден сусып естiлген үн бiрiне-бiрi қосыла төбе гүрiлдегендей, кейде дауыстап ән салғандай болады…

Ғалым айтқан болжамға сенуге де болар. Дегенмен, шағыл төбеден әкелiнген құмның зертханада үн қатпауы тағы да сауал тастайды. Әншi таудың таңғажайыптығы да сонда шығар.

Айқайқұм… Шағыл төбенiң басында тұрмын. өзiнiң өзгеше мiнезiмен ынтықтырған әншi тау қытымыр суыққа мойынсынғандай үнсiз жатыр. Табиғаттың ғажайып құбылысы ретiнде талайдың таңдайын қақтырған қос үйме құм. Тау мен даланың төсiнде өзгеше сұлулықты сездiргендей әдемi әсерде қалдырар қызық бiр көрiнiс.


Сапарбай Парманқұлов,

«ДАЛА мен ҚАЛА»

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket