Алаш арыстарының жәдидшілдік реформасы V

4504
Adyrna.kz Telegram

Ислам мен араб-парсы дәстүршіл «мұсылмандықтың» айырмасы неде?

Исламды саясиланған араб-парсы фольклорымен салыстырсақ, толып жатқан қарама-қайшылық көреміз. Солардың кейбірін ғана мысал етейік.

-        Исламда «тура жолмен» жүрсеңіз – мұсылмансыз (6:151-153).

Ал араб-парсы дәстүрінде мұсылман болу үшін «исламның» 5 парызын мойындап, догмалық-ритуалдық шарттарды орындау міндет.

-        Ислам адамның ақылын жоғары қояды. Шын сенім Алланың еркімен және адам ақылмен терең ойланып, мол білімге жеткенде ғана келеді

 (2:170, 10:100, 17:36).

 Құранды тек ойлы адам түсінеді. Ақиқат көпшіліктің пікіріне тәуелді емес.

Саясиланған араб-парсы фольклоры ақыл мен Құранды жеткіліксіз санайды. Адам «жүрекпен сеніп», топтық ағымға кірсе және көпшіліктің пікірін құп көрсе, сонда ғана мұсылман. Бұл діндер ақыл мен білімді емес, эмоциялық толқуды жоғары қояды. Ата-баба әруағының мысы бар, әруақ қолдайды деп сенеді. 

-         Исламда адам иман келтіре ме жоқ па немесе қай дінге сенеді – оның өз еркі (2:256, 10:99, 18:29, 88:21-22).

Саясиланған араб-парсы дәстүршілдігі діннен айнығандарды өлтіріп, дінді зорлықпен тарату саясатын ұстанады.

-         Исламда құл ұстаудан бас тарту Құдайдан қорқу болып саналады (90:12-13).

 Саясиланған араб-парсы дәстүрінде құлдық – кәдуілгі нәрсе. Тіпті соғыста құлдарды пайдалану дұрыс іс саналады.

-         Исламда нәпсіқұмарлық пен азғындықтың жазасы – жұрт алдында масқара ету (24:2) және бұл тәртіп тек мұсылмандарға жүреді.

Ал саясиланған араб-парсы дәстүрлік діндері ондай іспен қолға түскен адамды таспен ұрып өлтіреді.

-         Ислам қорғаныс мақсатында және әлсіз бен қанауға түскенді арашалау жолында ғана соғысуға рұқсат береді (2:190, 4:75).

Саясиланған араб-парсы фольклоры үшін «имансыз» атаулымен соғыс – қалыпты жағдай. Дінсізді өлтіру имандылықтың дәлелі болып саналады.

-         Исламда халық мәжіліс, сайлау, еркін пікір білдіру, талқы, келісім арқылы басқарылады. Билік тізгіні иманды да білікті адамдарға беріледі.

Саясиланған араб-парсы фольклоры бойынша  билік тұтастай алғанда арабтың құрайш тайпасының немесе жекелей алғанда пайғамбардың Әли мен Фатимадан тараған ұрпақтарының қолында болуы тиіс.

-         Ислам – монотеистік, прогрессивті, әр нәрсені теңгеріп-теңшеп отыратын айқын жүйе. Ол бар мәселені ақылға салуға, адам табиғатын тереңнен зерттеп білуге болады деген сенімде. Ислам қарама-қайшылықтармен санасады, бірақ екіжүзділікті айыптайды. Тарихты, түп-тұқиянды мифке, ақыл жетпейтін тылсымға айналдырумен күреседі. Ислам хаосты, шешілмеген түйіндерді, жікшілдікті жеңеді.

-         Ислам ақыл-білімді және Құдай туралы, Оның жаратушылығы жайлы, өмірдің мәні хақында ойлана білу қабілетін жоғары қояды. Ислам – діни және гендерлік үстемдікке, эмоционалдық фанатизмге, жалған нанымға, мифтерге, ырымшылыққа, сыбыстарға, адам санасын билеп, жаншуға, агрессияға, зорлық-зомбылыққа қарсы. Және ең бастысы Бір Алладан басқа пұттар мен «құдайларды» мойындауға негізделген дәстүрлі және дәстүрлі емес табынушылыққа қарсы жүйе.

-         Ислам – қараңғы тобырды айтқанға көндіріп, айдағанға жүргізу мақсатында, «ислам осы» деп пайғамбарлар, сахабалар, әулиелер, ғалымдар, шейхтар, имам- молдалардан пұт жасап, құлдық ұруға қарсы демократиялық жүйе.

Бір ғана Жаратушы бар!

Саясиланған араб-парсы дәстүршілдігін ұстанушыларға айтарымыз -келіңіздер, ақылымызды іске қосып, шын жүрегімізбен Бір Аллаға қайта оралайық. Бір Алладан басқа күштерге, өзіміз жасап алған пұттарға бағынудан,ортағасырлық халифат жүйесін аңсайтындарға бас июден тыйылайық. Қысқасын айтқанда, көпқұдайшылықтан үзілді-кесілді бас тартайық. Құдайдың Кітабын жалғыз жолбасшым деп таниық. Елшінің шын сүннеті - Ұлы Құран. Ендеше Құран көрсеткен жолмен жүрейік. Қатені мойындап, дұрыс жолға қайта түсудің ешқашан кештігі болмаған. Мұны Жаратқан иеміз Қасиетті кітапта айтады:

39:53 ,39:54 ,39:55 

Өкініштісі сол, көңілінің күйі мен әдеті бойынша жүретіндер көп, ал Құдай сөзінің растығын тексеруді, Оның Кітабын өзінше оқып ақылға салуды ойлайтындар өте аз. Мына аяттардың мағынасына зейін салайықшы:

18:54,18:55 ,18:56 ,18:57 

 

Әр шешімін таразыға салып, көзқарасының дұрыстығын, салдарын ойлануға кез келген адамның хақы бар. Ал иман, дін мәселесінде мұндай толғаныстың маңызы екі есе артық. Сол себепті де барша жұрт Құранды зерттеу ісіне мұқият және сын тұрғысынан қарағаны дұрыс.

Құранда көрсетілгендей Бір ғана Алла жолын ұстау әр адамды, әр ұлтты, тіпті бүкіл адамзатты бақытқа жеткізеді.

        Ислам жеңіске жеткізеді (30:47, 22:38-39,7:96).

        -         Ислам табысқа, молшылыққа жеткізеді (7:96, 41:30-31).

       -         Ислам нағыз еркіндік, бостандық және таңдау хұқын береді. Оның ішінде дін-сенім бостандығы, ойды еркін айту бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, сауда-саттықтағы бостандық (2:256, 10:99, 88:21-22).

      -         Ислам нәсіліне, жынысы, ұстанған діні, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, саяси көзқарасы қандай екеніне қарамастан, кез келген адамның хұқықтарын сақтауға кепіл болады (5:8, 49:13).

-         Ислам мәжіліс пен еркін пікірге негізделген демократиялық саяси жүйе құруға кепілдік береді  (42:38).

-         Ислам биік моральдық стандарттарға сүйенетін қоғам орнатуға кепілдік береді (25:63-76, 16:90, 3:110).

-         Ислам адам өмірін және меншікті барынша қорғауға кепілдік береді

  (2:188, 4:58, 5:32).

-         Ислам адамдар арасындағы, халықтар арасындағы татулық пен сыйластықты жоғары қоюға кепілдік береді (3:110, 60:8-9).

-         Ислам экологиялық тепе-теңдікті сақтап, қоршаған ортаны қорғауға кепілдік береді (30:41).13:11. 

Жалғасы бар...

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚҚ төрағасы

Пікірлер