Баталы ер арымас

3254
Adyrna.kz Telegram

Ұлы жүздің арасыңда Қайдар деген жігітті ел билемекке белгілейді. Сонда көпшіліктің ішінде бұрын жол көргендері айтыпты:

– Сен Арғын Алшағыр биден бата ал, «Баталы ер арымас» деген. Онсыз билікке айтқан сөзіңде пәтуа болмайды, – дейді. Содан кейін Қайдар Алшағырға келіп сәлемдеседі. Алшағыр: «Шырағым, жолың болсын, қандай бұйымтайың бар еді?» – депті. Қайдар «бір-екі ауыз сұрайтын сұрағым бар еді», – дейді.

– Бірінші, тумай жатып әкем өлді, туған соң үш айдан соң шешем өлді. Ержетіп мал таптым, тапқаным құ­ралмайды, ұраға жығылады, ұры алады, өле береді. Жасымда жетім қылып зарлатты, өскен соң кедей қылып қақсатты. Мен Құдайдың несін алдым? Осыған айтар ақылыңыз бар ма? – депті. Алшағыр айтыпты:
– Балам, сен жетім емессің ғой, дүниеде үш жетім бар. Басшысы келіспесе ел жетім, ұқпасқа айтқан сөз жетім, жаңбырсыз жер жетім. Ол жетімдіктерге сен жатпайсың.
Бақ-дәулет келер болса,
Отыңның басы ұйым болар,
Үйің күнде мейман-жиын болар.
Кедейлік келер болса,
Бұта түбі үйің болар.
Кедейлікке қарсы тұр,
Келетұғын көрінбей.
Бір мінсе иығыңнан түспейді,
Қайнатқан кара желімдей.
Қарау болма, ашық бол,
Сараңдыққа берілмей.
Мал тап, алысқа кет,
Жалқаулыққа жеңілмей.
Мал арыстанның аузында,
Түрікменнің төрінде,
Табарсың оны қайраттансаң ерінбей.
Бақ-дәулет келуіне мен кепіл,
Ар-ұятыңды төкпей жүрсең, елірмей,
Атың Қайдар екен, айдарсың,
Топтап малды байларсың.
Тасымай жүр, тасыған төгілер.
Ақылмен жүрсең рулы елді жайларсың, – деп ақылын айтып, батасын беріпті.

 

Пікірлер