Алаш арыстарының жәдидшілдік реформасы IV

3561
Adyrna.kz Telegram

ҚҰРАНДЫ ЖЕТКІЛІКСІЗ КӨРЕТІНДЕР

Ілгеріде, Құранға деген жетерліктей сенімдері жоқ, пәленше мазхаптың ұстанушылары, түгенше тариқаттың шәкірттері бұл пікірлерге қарсы шығатын болады. Тағыда хадисшілер хадис кітаптары білінбей, факихшылар фикх кітаптары оқылмай, тәфсіршілер хадис жиынтығынан құралған тәфсір кітаптары зерттелмей Ислам дінін түсіну мүмкін емес, қарапайым халық дінді түсінбейді деген сандырақтарын жалғастыра береді. Дін бүкіл адамдар түсінсін деп жіберілген бе әлде дін үш төрт адамның қарамағында ма? Пайғамбарымыздың мазхабы болған ба? Төрт халифтың мазхабы болған ба? Құранда Ханафилік, Шафиилік, Шиалық, Уәһһабилік мазхаптары бар ма? Құран діннің нұсқауы деп өзін танытама, әлде Бухари, Муслим, Муватта, ілімхалдар және он екі имамның шығармаларына сілтеме жасайма? Міне осы маңызды сұрақтардың жауабын Құран аяттарынан тауып, зерттеп, Құранның, діннің жалғыз қайнары болып -болмағанын анықтайық.

Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және Мұсылмандар үшін тура жол, игілік әм қуаныш түрінде Құранды түсірдік

Нахл сүресі 89

Жоғарыда берілген аятта көргеніміздей, Құран әр нәрсені айқындап бізді ақиқатқа жеткізеді. Егер Құран әр нәрсені анықтаса онда Бухари, Муслим сынды кітаптардың не қажеті бар? Құранда Алланың Өзі әр нәрсені, әр мәселені ашып баяндадым деп тұрғанда неге біз неге Ханбали, Шафии, Ханафи, Малики, Джафари, Зәйди сияқты мазхаптардан медет сұраймыз? Құранда Алла бізге мұсылман (ислам болған) деген есім беріп тұрғанда өзімізге Сунни, Шиа, Салафи, Суфи, Ханафи, Шафии деген сынды лақап аттар қолданып неге Алланың бізге берген қадірлі есімді жеткіліксіз көреміз?

ДІНДАРЛАР МЕН ДІНСІЗДЕРДІҢ ФАНАТИЗМІ

Құран, оқылатын аян ретінде Жаратушымыздың бізге дін атына жеткізген мәлімдемелердің жинағы болып табылады. Құран заманның ауысуымен туатын жаңа жағдайларға да сай келетін Алланың уахиы. Дүниеде өзгерістер болады, алайда түрлі өзгерістерден туатын сауалдарға жауап беру Құранның керемет қасиеті. Құранның бұл қасиеті Ислам дінінің реформаға мұқтаж болмауын қамтамасыз етеді. Алайда екі топ бар, дінге қарсы дінсіз фанатиктер мен ойдан шығарылған дінге жабысып алған діндар фанатиктер, осы екі топтың әрекет нүктесі-ойдан шығарылған дін. Діндар фанатик ойдан шығарылған дініне қатты жармасып алады, ал дінсіз фанатик, міне дініңіз осы деп, шиеленісті жүйені көрсетіп, адамдарды діннен алыстатуға тырысады. Діндар фанатиктер болса өздерінен басқаларды тозақтық деп жариялап жалған діндеріне оданда қатты жармаса түседі. Көргеніміздей, осы екі топтың капиталы бір, бірақ осы капиталды (ойдан шығарылған дінді) қолданулары өзгеше.Сондықтан дінді алғашқы қалпына келтіруден осы екі топтың мазасы кетеді. Дінсіз фанатиктер, дінге шабуыл жасайтын материалдардың негізсіз екеніне жабырқайды. Ал діндар фанатиктер болса, дінге айналған дәстүрлері адами фактор екенін ашық аргументтермен дәлелденгенде ашуға түсіп, тәкфир жасап, тозақтық деп жанталасады. Дәстүрлі дін атына осы тәкфирлеуді жасайтындардың университеттердегі профессорлар, тариқаттадың, секталардың басшысы болулары, дәстүрлі құрылымның оқымысты делінетін жазушылардың болуы бізді таңғалдырмауы тиіс. Құран бізге қоғамға байланысты бір пікір бергенде ол пікірге алдымен сол қоғамның көрнектілері мен таңдаулылары қарсы шығатындығын баян етеді.Сондықтан жылдар бойы өзінің мінбесінде дәстүрлі дінді уағыздағандар, тариқатын дәстүрлі діннің негізіне құрған шәйхтар, өздерінің абыройларын түсіруден, жылдар бойы атқарған еңбектері мен беделдерінен айырылудан қорыққандар Құран Исламына бірінші шабуыл жасайды. Иса Пайғамбарды өлтіргісі келгендердің дін басшылары болғандарын еске түсірсек, Құран Исламына да қарсы күрескендердің де басында дін басшыларының болуы бізге ғажап емес. Дінге деген зиянның көбі дін қанаушыларынан келеді. Бұны мұсылмандардың көпшілігі Христиан инквизициясынан, күнә шығарулардан жақсы біледі. Алайда сол көз, сол ақыл өкінішке орай өздерінің дін қанаушыларының адамдарды тәкфирлеулеріне, тозақтық деп жариялауларына, Құранға қоспа жаңа дін құрғандарына назар аудармайды. Христиан дінінің басшылары дінді қалай өздерінің дара иеліктеріне алып адамдарды қанаса мұсылмандардың да басшылары солай қанайды. Христиандардың пәленше әулиесінің кереметтері мен абзалдықтары үшін оған бой ұсыну діни парыз ретінде үгіттелсе мұсылмандардың да түгенше әулиесінің, шейхының, имамының кереметтері мен абзалдықтары үшін оларға бағыну керектігі уағыздалады.
Өкінішке орай бүгінгі күнімізде Ислам діні атына ұсынылып жүрген дін, Омейядтардың дәуірінде басталып Аббаситтердің дәуірінде тамамдалған дінді бұрмалау қозғалысынан пайда болған дін. Бұл дүниетаным Құранды діни қайнар ретінде жеткілікті деп есептемейді. Әлемдегі қазіргі саясиланған Ислам Омейядтар мен Аббаситтердің өздерінің жеке билігін сақтап қалу үшін бұрмалаған дін.


Кітабымыздың басында баяндағанымыздай мақсатымыз Ислам дініне реформа жасау емес, керісінше дінді Омейядтар мен Аббаситтердің жасаған реформаларынан тазартып, Құранның саф мәлімдемесін күн жүзіне шығарту. Омейядтар мен Аббаситтердің дінге жасаған қиянатының нәтижесі дінді қыйындату, қаралау, адамның жаратылысына қарсы қою және әйелдерді қоғамдық өмірден ысырып тастау ретінде болған. Бұндай қосымшаларды жасаған адамдар өкінішке орай дінді қорғап жатқандарын айтқан және діни қайнар делінетін жүздеген хадистер мен фикх кітаптары арқылы дінді бұрмалап, бұзған. Дінді бұзған осы тарихи үдерістің басында Омейядтар мен Аббасидтер әулеті тұр. Сондықтан Омейядтардың кім екендігіні жақсылап зерттесек, дін атына ойдан шығарылған мазхаптар мен хадистерге неліктен сенімнің болмағандығын жақсы түсінесіздер.
Омейядтар мен Аббаситтер сәлде, шапан, сақал, жерде отырып қолмен тамақ жеу және әйелдердің құқықтарыны шектейтін шаралар сынды Құранда жоқ көптеген мәселені пайғамбардың сүндеті атыменен халықтың қолына білдірмей ұстата салған. Бұл алдаушылықтың ең басты себептерінің бірі ол араптардың әдет-ғұрыптары мен әйелдерге деген ұстанымдарына діни статус беріп арап емес мұсылмандарды,яғни мәуәли- ажамдарды арапқа айналдыру еді. Егер де сол әдет-ғұрыптарға діни статус берілмегенде ешкім араптардың әдет-ғұрыптарын қабылдамайтын еді. Алайда сол әдет-ғұрыптар қалың бұқараға араптың жәй әдет-ғұрыбы ретінде емес, керісінше пайғамбардың сүндеті,яғни шариғат - сауап алудың жолы және Исламның шарты деп ұсынылғасын басқа халықтардың арабизациясына әкеліп соқтырған. Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген діни жамағаттардың тіпті кейбір ұлтшыл топтардың сол әдет-ғұрыптарды араптардан да қатты қорғаулары арап ұлтшылдығының сонау әдісінің нәтижелі болғанын көрсетеді.
Біздің борышымыз ол араби Омейя және Аббас әулеттерінің салт дәстүрлері мен субъективтік көзқарастарын дінге еңгізілуімен басталған бұзылуды Құран арқылы тоқтатуымыз. Осылайша адам мен дін арасындағы келіспеушіліктер жоғалып, толық жарасым орналады. Мақсат реформамен емес, Құранды өмірде ұстанумен, бүткіл жалған ұлыларды жоққа шығарумен жүзеге асады. Бұл қозғалыс мәзхаптарды біріктіру үшін құрылған қозғалыс емес. Онсызда, жалғандарды біріктіруден жақсы нәтиже тумайды. Дін тек біреу ғана, дінге еңгізілген қоспалар құртылады. Түрлі секталардан ада, жалғанға сүйенбейтін Құран, діннің жалғыз негізі болуы тиіс. Араби дәстүрдегі Омейя және Аббас әулеттері Алланың дініне реформа жасап, тек Ислам аталатын дінге әртүрлі ағымның аттарына ауыстырып, Алладан келген ізгі хабарларды адамдардың ойдан шығарғанымен араластырып тастады. Реформаны Алланың дініне емес ,бұзылып кеткен дінге жасау керек. Негізінде бұл реформадан бұрын Алла жіберген діннің қайнарына қайта оралу болып табылады.

Жалғасы бар...

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚҚ төрағасы

 

Пікірлер