«Сазгеннің» сазы халықты 30 жыл бойы әлдилеп келеді

3633
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың көне музыкалық аспаптарын жаңғыртып, дәстүрлі музыкалық мұраларымызды дамытуда «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің алатын орны ерекше. «Сазген» ансамблі профессор Болат Сарыбаев зерттеп тапқан жетіген, шертер, сазсырнай тәрізді көне музыкалық аспаптарды алғашқы насихаттаушы және қазақтың түркі дүниесінен жеткен көне музыка сарындарын дәріптеуші ретінде де халқымызға танымал. Ансамбльдің құрылғанына биыл 30 жыл. Мерейлі мерекеге байланысты «Сазген» ансамблінің алғашқы көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарқын Шәкерімнен алғашқы өнер ұжымын қалай ұйымдастырғаны жайлы айтуды өтініп, әңгімеге тартқан едік.

– Жарқын аға, әңгімемізді ойда жүрген ортақ сауалдан бастасақ деп ем. Осы күндердегі қазақ музыкасының насихатталуы жайлы музыка зерттеуші ретінде қысқаша бағамыңыз қандай?

– Ең өкініштісі – қала мәдениеті мен шалғай ауыл мәдениетінің арасы алшақтап кетті. Бір кездері теледидарда «Ауыл өнер­паз­дары», «Ел іші – өнер кеніші», «Халық – талант қайнары», «Халық театрлары» де­ген халық өнерпаздарын танытатын ха­бар­лар болушы еді. Бұл күндерде осылардың бірде-бірі сақталмай отыр. Ауыл мә­де­ние­тіне көңіл бөлетін арнайы мерзімді бас­пасөздер де жоқ. Болат Сарыбаев зерттеп тапқан бұғышақ, керней, желбуаз тәрізді музыкалық аспаптарды кеңінен пайдалана алмай отырмыз. Әлі күнге дейін теле­ар­на­ларда эстрадалық музыка 90 пайыз на­си­хат­талуда, ал қазақтың өзіне ғана тән, дәс­түрлі ұлттық музыкасы 10 пайыз ғана на­си­хатталу үстінде. Көрші елдерде фо­но­грам­маға сүйеніп ән орындауға тыйым са­лынса, біздің елде фонограммамен ән орын­дау дәуірлеп тұр. Осының бәрі де хал­қымыздың өзіне ғана тән төл музыка мә­дениетіміздің насихатталуындағы проб­ле­малар деп санаймын.

– Енді әңгімеміздің негізгі арқауына кө­шейік. «Сазген» ансамблін ұйым­дас­тырғаныңыз жайлы айтсаңыз.

– «Сазген» фольклорлық-этно­гра­фия­лық ансамблі Республикалық халық музыка аспаптары мұражайы шаңырақ көтергенде, мұ­ражай қызметкерлерінің күшімен ұйым­дасқан болатын. 1980 жылдың 1 тамыз күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мұ­ра­жайды ұйымдастыру жөніндегі № 358 жарлығы шықты. Осыған байланысты Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде ар­найы шешім қабылданып, оның ди­рек­тор­лы­ғына лайықты маман іздегенде, көп іші­нен директор болатын адам мен болып шығыппын. Мені қолымнан жетектегендей министрдің алдына апарып таныстырған министрдің орынбасары Өзбекәлі Жәні­бе­ков пен белгілі музыка маманы, профессор Бо­лат Сарыбаев болды. Көп кешікпей Қазақ КСР мәдениет ми­нистрі, белгілі қоғам қайраткері Жексенбек Еркімбековтің қолымен бекітілген 1980 жылдың 4 қыркүйек күнгі № 556 бұй­ры­ғымен шаңырақ көтерген Республикалық м­у­зыка аспаптары мұражайының тұңғыш директоры болып тағайындалдым. 1980 жылы мұражайды ұйымдастыру ба­рысында Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібеков: «Музыкалық аспаптар босқа ілініп тұр­ма­сын, ескілікті үндерді халыққа естіртіңдер, жет­кізіңдер», – деп мұражай қызмет­кер­ле­рінің күшімен «Сазген» ансамблін ұйым­дастыруға тапсырма беріп, маған мұражай басшылығымен қоса ансамбльдің көр­кемдік жетекшілігін де жүктеді. Мұра­жайды ашу дайындығымыз 1980 жылдың қоңыр күзінен 1981 жылдың көктеміне дейін со­зыл­ды. 1981 жылдың 24 сәуір күні Рес­пуб­ли­калық халық музыка аспаптары мұ­ра­жайы ашылды. Көп кешікпей Сары­баев үл­гісіндегі ансамбльдер Республика көле­мін­де кеңінен қанат жая бастады. Мәселен, «Жетіген», «Айгүл», «Ғасырлар пер­несі» т.б. ансамбльдер Сарыбаев тап­қан музыкалық аспаптарды пайдаланды. 1974 жылы Тор­ғай облыстық партия ко­ми­тетінің хатшысы қызметінде жүрген Өзбекәлі Жәнібеков консерватория бітірген жас маман Қайыр­жан Мақановқа Болат Сарыбаев зерттеген ас­паптарды пайдалана отырып, «Шертер» ансамблін ұйым­дас­ты­ру­ды жүктеді. «Шер­тер» ансамблі де қазақ му­зыкасын айдай әлемге танытқаны бел­гілі.

 Болат САРЫБАЕВ

 Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ

 Республикалық халық музыка аспаптары мұражайы

– «Сазген» ансамблін халық қалай қабылдады?

– Негізінен, концерттерімізді мұра­жай­ды қызықтауға келген, алыс-жақын шетел­дік қонақтарға арнап жүрдік. Үлкен сах­на­лар­да да арнайы концерттер берген кез­деріміз болды. «Сазген» ансамблі шын мәнінде алғашқы қадамынан-ақ, осылай­ша, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Сол кездегі жа­­рыққа шыққан мақалалар бұл ойымды дәлелдейді.

– «Сазгеннің» алғашқы мүшелері жайлы атай кетсеңіз.

– Мен жұмысқа қабылдаған қыз­мет­кер­лер ішінде Ерлан Қуандықовтан басқа кон­серваториялық жоғары білімі бар музыка маманы жоқ еді. Сондықтан да ансам­бльді ұйымдастыру барысында күй­лерді орындаудың қарапайым түрі, уни­сондық үлгісін таңдап алдық. Осы үн­дестікте көне музыкалық аспаптар үні кө­рермендерге тәп-тәуір ерекше әсер етті. Оның үстіне ат жалын тартып мінген, жа­лын­даған жас, сирек кездесетін талант иесі, күйші Таласбек Әсемқұловты Шұбар­тау­дан Өзбекәлі Жәнібековке айтып жүріп арнайы шақырған болатынмын.

Сонымен күйші Таласбек Әсемқұлов, қо­бызда әрі сазгенде орындаушы Ерлан Қуан­дықов, әнші Майра Ысқақова, сыр­най­шы Зәбирә Жәкішева, жетіген мен тұяқ­таста орын­дайтын Сәуле Боранбаева, биші Ботагөз Құс­панова, дабыл мен сы­быз­ғыда орын­дау­шы һәм музыкалық ас­пап­тар жа­сау­дың ше­бері Оразғазы Бей­сен­баев, же­тіген мен сыл­дырмақта орын­дау­шы Күләндә Аи­това, әнші Қо­жахмет Мұсабеков, шаң­қобызда орын­дайтын Зүл­фия Мол­да­ға­ри­нова, ансам­бльдің ал­ғаш­қы жүргізушісі Роза Кан тәрізді талантты қыз-жігіттерді мұ­ра­жайдың тұңғыш ди­рек­торы ретінде өз қо­лыммен бұйрық беріп, жұмысқа қа­был­да­дым.

Мұражайдың уы­ғын көтеріскен ал­ғашқы қарлығаштары жә­не «Сазген» ан­сам­б­лінің ең алғашқы мү­шелері, міне, осы аталғандар сана­ла­ды.

– Ансамбльдің шығармашылық бағ­дарламасы мен концерттік киімдері жайлы да тілге тиек ете кетсеңіз.

– Концерт бағдарламасы мен орын­дау­шылардың киім үлгілерін Өзағаң өзі тікелей қадағалап, қол ұшын беріп отырды. Өзағаңның дәлелдемелері бойынша мен 1980 жылдың 21 қазан күнгі КазТО өн­ді­ріс­тік комбинатының директоры Н.А.Не­хаен­ко мырзаның атына хат жол­да­дым. Көп кешікпей киім үлгілері де тігілді. «Саз­ген» фольклорлық-этнографиялық ан­сам­блі осылайша шаңырақ көтерді.

– «Сазген» ансамблінің бүгінгі жал­ғас­тырушылары жайлы айтар ойыңыз бар ма?

– Бұл орайда ойға екі пікір оралады. Әуелгісі – 1980 жылы шаңырақ кө­тер­ген Республикалық халық музыка ас­пап­та­ры мұражайына, 1990 жылы Қазақ КСР үкіметінің 11 наурыздағы №104 жар­лы­ғы­мен халық композиторы Ықылас Дүкен­ұлының есімі беріліп, ендігі жерде Ықылыс атын­дағы Халық музыка аспаптары мұра­жайы аталды. Екіншісі – 1981 жылы мұражай ша­ңы­ра­ғында ұйымдасқан «Сазген» ансамблі 2003 жылдан бастап «Сазген сазы» аталды. Соны­мен мұражайдың  да «Сазгеннің» де атаулары өзгерді. Ал ХХ ғасырда қазақ ас­паптану ғы­лы­мының негізін салған Ахмет Жұбановтың жо­лын жалғастырушы Болат Сарыбаевты, мұ­ражайларды, ансам­бль­дер­ді ұйым­дас­тыруға ұйытқы болған Өз­бек­әлі Жәнібековті, «Шертер» ансам­б­лі­нің алғашқы көркемдік жетекшісі Қайыр­жан Мақановты, осы сұх­бат­қа қатысушы менің де «Сазген» ансам­б­лі­нің тұңғыш көркемдік жетекшісі, мұ­ра­жай­дың тұңғыш директоры болғанымды жазу бү­гінгі жас ұрпақтың еншісінде деп ойлай­мын.

– Жарқын аға, әңгімеңізге рақмет!


Ағанас ТОРАЙҒЫРҰЛЫ

Пікірлер