Тілеулес Құрманғалиев, әнші: Қазіргі біздің қоғам эстрадамен ғана қоректеніп отыр

4035
Adyrna.kz Telegram

Эстрада саласында сахнаға күні кеше кел­ген әншінің бір жыл өтпей-ақ концерт беруі әбден мүмкін бүгінде. Ал дәстүрлі ән саласында бұл екеуіне қол жеткізу – әнші үшін бір белес, ал тыңдарман үшін – айтарлықтай оқиға.Бұл – ұлттық өнеріміздің мұң-мұқтажын жоқтап жүрген адамдардың бәріне ортақ мәселе. Бұл жерде мәселе – дәстүрлі әнші­лердің кәсіби деңгейінде емес, эстраданың тыңдарманы, техникалық мүмкіндік және қаржылай жағдайының көш ілгерілігінде.

Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, әнші: – Қазіргі біздің қоғам эстрадамен ғана қоректеніп отыр деуге болады. Бұл – мақтанарлық жағдай емес, керісінше, өкі­нішпен ауызға алатындай мәселе. Қоғам­ның сол ахуалын көріп отырған соң, менде жеке әнжинақ шығаратын ой да, қаражат та болған жоқ. Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Ел» продюсерлік ор­талығы шығарған «Қазақтың 1000 әні» жинағын құрастыруға атсалысқаным бар еді. Сол кезде көпшілік жұрт онша біле бермейтін әндерді тауып, жинаққа қосқанымды көрген біршама ағаларымыз: «Сен көп ән біледі екенсің әрі дауыс мүмкіндігіңді де білеміз, неге дискіңді шығармасқа?!» – деген болатын. «Шы­ғарып беретін адамдар болса, қанекей?» – дегенім болмаса, ол әңгіме сол жерде қалған. Арада біршама уақыт өткен соң ол әңгімені қайта қозғап, шындыққа айналдырған Сержан Молда­санұлы деген азамат болды. «Тәке, артыңда өкше басып келе жатқан інілеріңнің өзі жинақ шығарып жатқанда, ендігіде сенікі кеш болып кетеді», – деп, бірден осыған кірісті. Міне – соның нәти­жесі.

Дәстүрлі ән өнеріндегі Арқа мектебінің өкілі, Қайрат Байбосынов және Ержан Қосбармақов сынды ән дүл­дүлдерінің шәкірті Тілеулес Құрманғалиевтің қолына домбыра ұстап, қазақ әнін әуелетуге үлес қосып келе жатқанына да біршама уақыт толды десек болғандай. Егер соның барлығын жинақтар болса, бір таспаға сыймасы анық. Сондықтан бұл жинаққа әнші ел онша біле бермейтін, халық арасында сақталып қалған жаңа әндер енгізген.

Сондай-ақ, бір айта кетерлігі, әу баста өзі Арқа мектебімен ауыздықтанса-дағы, қазақ­тың қай өңірінің әні болсын қазақ баласына жат емес. Соның дәлеліндей, Тілеулес әнші «Ойқарағай» таспасына Жетісу әндерін енгізіп отырса керек. Бұл – бір жағынан, әншінің өзі айт­пақшы, «ал­ды­мыздағы неше буын орындап кеткен әндерді» қайта­ла­ғанша, жаңа әндерді жарыққа шығару мақсатынан да туған ой, яғни дәстүрлі ән өнерінде өз соқпағын салып, соның бір кетігін толты­руға деген талпыныс та.

Қазірдің өзінде радиодан беріліп жатқан әлгі әндерді құлағы шалған тың­дарман әншіге хабар­ласып, алғыстарын айтып жатса керек. Соған қарап, ән жинақ өз тыңдарманын табады әрі өз кезінде дәл шыққан туынды болып қалар деп үміт артатынын әнші жасырмады. Тілеулес Құрманғалиевті ел алдымен дәстүрлі әнші деп таныса, екінші жағынан, ол кезінде «Серпер» атты этнотоптың мүшесі де болды. Марқұм Биғазы Тұтқа­беков деген азамат қайтыс болған соң, әлгі топтың тарағаны жұртшылыққа мәлім. Бүгінде осы этно бағытта көрермен­нің ықыласына бөленіп жүрген «Қоңыр», «Серілер» сынды топтар өз бастауын сол «Серперден» алды десек, еш қателеспесіміз анық. Сазгер әрі шебер әрлеуші, продюсер Бағлан Омаров құрған «Серпер» алғаш эстрадаға ұлттық үн, ұлттық кескін-келбет, тіпті ұлттық мінез де алып келгенін көзі­қарақты оқырман білуге тиіс. Топ мүшесі Биғазы Тұтқабековтің кенеттен келген ажалы тек топтың ғана емес, эстрадада екпіндей озып, елдің рухын оятып келе жатқан әлгіндей бағыттың да тізгінін тартып қойған жайы бар. Содан кейін бір жылға дейін қара жамылған азаматтың бірі осы Тілеулес Құрманғалиев болатын. Әуелі достың аруағын сыйлау, сосын ұлттық жөн-жосыққа деген құрмет соңында әншіге осындай қуаныш, осындай жетістік болып қайтып отыр деуге болады.


 

Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ, «Алаш айнасы».

Пікірлер