Бізге қандай айтыс қажет?

2905
Adyrna.kz Telegram

1984 жылдан бері айтысқа 150-ден астам машина тігіліпті.  Көлік мінбеген кейінгі шыққан Фархат Маратұлы, Қайнар Алакөзов сынды жас ақындар болмаса, айтыскерлердің алды кемінде он бес-жиырма машинадан мінді. 17 жасында сахнаға шығып, 12 жыл айтыста ойқастаған, жақында ғана айтысты қойғанын мәлімдеген  Ринат Зайытов он машина алыпты.  Жиырма бір жасар Жандарбек Бұлғақовтың  да жүлдесі онға таяпты. Айтыс сахнасына 11-сынып оқып жүргенінде қадам басқан Рүстем Қайыртайұлы алты көліктің кілтін ұстапты. Бауыржан Қалиолла үш темір тұлпарды тізгіндеген. Әріптесі Бегарыс Шойбеков «малтабар қыз» деп мақтайтын Айнұр Тұрсынбаеваның алған тұлпарының көптігі сонша, санамалаудан жаңылдық. Айтыстан 22 жылдық «стажбен» зейнетке кеткен  Аманжол Әлтаевтың да машинасын санаудан шатасасыз.  Ақындардың  жүлдесін қызғанып отырған жоқпыз. Айтқымыз келгені – айтыс атты бабадан  қалған қасиетті өнердің қадірі кете бастағандай.  Айтыскерлерді сөз сайыстыруға емес, машина үшін «таластыруға» үйретіп алған жоқпыз ба? Әрі айтыстың төңірегінде дау-дамай  да жиілеп кетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін таратып айтайық…

Жақында Алматыда жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен өткен «Қонаевтай ер қайда?» атты айтыста төрт бірдей темір тұлпар жүлдеге тігілді. Онан бұрын Астанада Мәдениет министрлігі ұйымдастырған Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған айтыста бас жүлде 20000 доллар болды. 2 мамырда Алматыда өткен «Төртеу түгел болса» атты айтыста бас жүлдеге 2 миллион теңге берілді. Былтырғы жылғы «Тәуелсіздік тағылымы» айтысында бірден төрт автокөлік жүлдеге қойылды. Соңғы кезде айтыстың жүлде қоржыны қомақты, сыйлықтары сүбелі бола бастады. Бір айтыстың өзінде көліктің кілтін төрт бірдей ақын қалтаға басып кете барады. Жеңілгендері ынталандыру сыйлығы салынған конвертті місе тұтады. Оның өзі бір аттың құны. Халықтың мұңын мұңдап, жағдайын жырлағанымен, әр жолы ақындарымыз айтыстың демеушілерінің ыңғайына қарай «кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтасыңға» басады. «Кімнің тарысы піссе, соның тауығының» кері ме дейсің.  Қонаевтың айтысында ақындар аталған айтысқа бір тиын бөлмеген Үкіметке қара қазан өкпесін айтып, билікке сынды жаудырды-ай келіп. Одан бұрынғы тәуелсіздік айтысында керісінше, тәуелсіздікке тәубе етіп,  билікке мақтау айтты. Ал мамырдағы «Төртеу түгел болса» атты айтыста демеушілік жасап, бір топ ақынды қажылыққа апарып келген Қайрат Сатыбалдыны мадақтады. Қарап отырсаңыз, қазіргі айтыстар алған ақшасына, демеушісіне тәуелді.

Айтыстың айналасында дау-дамай белең алып, Ринат Зайытовтың айтыстан кеткені де абың-күбіңді көбейтіп жіберді. Ринатты айтыстан шеттеткенін Жүрсін Ағамыз: «Жалған айтып сұхбат берді, «жұлдыз» ауруына шалдықты», – деді. Жақында Ринат ақын оқырмандармен онлайн-конференция өткізді. «Жүрсін Ерманның мені «жұлдыз ауруына ұшырады» деуіне бірден-бір себеп – «Халық сөзі» газетіне берген сұхбатым. Әкемнен үлкен адамдармен салғыласып, бірдеңе дәлелдегім келмейді. Жұлдыз ауруымен ауыратын уақытым да жоқ және жас кезімде одан  өтіп кеткенмін. Мені айтыстағы ырың-жырың жалықтырып жіберді.  Жүрсін Ерманмен арамызда оған дейін ешқандай жамандық байқалған жоқ. Тіпті одан кейін де менде болмаған еді. Телеарналардан: «жұлдыздықпен ауырды», «суырып сап айтыса алмайды», – деп жүрген тағы өзі. Менікі тек айтыс тазарсын деген ой болатын», – дейді оқырмандарға айтқан жауабында. Екеуінің арасында нендей даудың болғанын білуші бір Алла, әрине. Әйтсе де,  «наказание» жасап, шеттетіп тастайтын, өзіне ұнаған айтыскерді ғана шығарып, ұнамағанын қатыстырмайтындай, айтыс – Жүрсін Ерманның жекеменшігі емес. Рас, ағамыз айтыстың ұйымдастырушысы, талай жылдан бері көшін алға сүйреп жүрген қара нары. Десе де, сол ұйымдастырып жүрген айтысы халыққа ортақ, қазақтың төл өнері. Ол ешқандай да жаңадан ойлап табылған дүние емес.

Айтыстың айналасындағы әңгіме бір Ринаттың дауынан басталды деу де қисынға келмейді. Бәйге алған ақынның жүлдеге лайықты-лайықсыздығы, қазылардың қаншалықты әділетті екені осыған дейін де аз талқыланған жоқ. Мәдениет министрлігі қамқорлыққа алғалы бері айтыс мемлекеттің «бір баласы» болғаны дұрыс па, әлде бұрынғыдай жеке адамдардың демеушілігімен өткені дұрыс па деген мәселе де әлі күнге ала-құла пікір тудырады. Бұл туралы айтыскерлердің өздері де мынадай уәж айтады:

«Мінімді айтып бір датта, бір мақта» деген айтыстың бағзыдан  келе жатқан қағидасына неге билік  қол сұғуы керек? Осы тұрғыдан біздің өкпеміз бар. Айтыс ежелден оппозициялық бағытта болған. Егер мемлекет өз қамқорлығына алып, ақындардың  жұмыссызына жұмыс тауып беріп,  мемлекеттік деңгейде қараса дұрыс. Қамқорлыққа  алды деп қойып, ақындарға ешбір жағдай жасалмаса, онда айтыстың жеке демеушілердің қолына өткені жөн. Өйткені, осы уақытқа дейін демеушілердің жүлдесімен күн көріп келеміз» – дейді  Айтақын Бұлғақов. Ал Рүстем Қайыртайұлы болса: «Елдің мұңын айтамыз, халық үшін жаралдық десек те, біз де адамбыз. Біздің де асқазанымыз бар.

 

Мемлекет тілімізді байлап, аузымызды майлап тастағысы келеді. Бірақ тілімізді байлағанымен, аузымызды майлаған жері жоқ. Сондықтан жеке кәсіпкерлердің демеушілік еткені дұрыс»,  – деген пікірде. Рас, нанталап жасауға әркімнің де құқы бар. Бірақ күні ертең жүлдесіз айтыс жасасақ, құр аяққа бата жүрмейтіні тәрізді, ақындарымыз айтыспайтын түрі бар ма, қалай? Емші-балгерлердің «қолымның ақысын бер» дегеніндей мүләйімсу емес пе бұл?Анығында нағыз ақын  қанша шідер қойылса да, (егер құлқыны жүлдені көксемей тұрса) шындықты айтып, халықтың сөзін сөйлеуі қажет. Айтыскерлердің басқалардың жыртысын жыртқаны емес, халықтың сөзін айтқаны керек бізге. 

Әңгімені кімнің қанша машина алғанынан бастадық қой. Бізге машина таластыратын айтыстың қажеті шамалы деп кесіп айта салып,  болмаса  Мырзатай Жолдасбеков ағамызша: «Ақындар дүниеге құнығып кетті. Айтыс халықтың өнері емес, ақындардың мал табатын, жүлде алатын кәсібіне айналды», – дей салғымыз жоқ.

Заманның ыңғайына орай айтыс та шоу-бизнестің кейбір элементтерін алды. Жүргізушісінен бастап, төрелік еткен қазыларға да қаламақы төленеді. Жеңілген ақынның да қалтасына ақша салынады. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі (мейлі мемлекеттің, мейлі жеке демеушілер бөлген болсын) қыруар қаржы. Ал айтыстан түскен ақша қайда түсіп, қайда жұмсалып жатыр, ол жағы айтылған емес. Оны анықтап жатқан тірі пенде жоқ. Бұрындары айтыс жеке адамдардың демеушілігімен өткенде есептелінбеді, жарайды. Ал қазір мемлекеттен бөлінген қаржының есебі болуға тиіс қой. Әйтпесе Бауыржан Қалиолла сынды ақындар «80 миллион қайда кетті?» деп босқа ақша санайды дейсіз бе? Ақынның басылым бетіндегі жанайқайына айтыстың ұйымдастырушысы Мырзатай Жолдасбеков газетте жауап жазған да жоқ. Кейін бір арнадан Мырзатай ағамыздың: «Бауыржан Қалиолла деген бала: «80 миллион ақша бөлінді. 20 миллионы жұмсалды, қалғаны қайда кетті, – депті. Атасының басы. Қайдан біледі ол қанша бөлінгенін? Айтысқа 20 миллион теңгені алақанымды жайып жүріп сұрап алдым», – деп айтып отырғанын естімегенде, не ойларымызды білмей жүруші едік. Тізе берсек, айтыстың төңірегінде әңгіме көп. Бірақ айтпағымыз ол емес. Айтқымыз келгені, кешегі Манап Көкеновтер бастаған, Қонысбайлар мен Шынбергендер жалғастырған әдемі айтыс (ол уақыт айтыстың машинаға, миллиондаған ақшаға «бүлінбеген» саф таза, халықтық сипаттағы кезі деседі) бүгінгі күні бала-шағаның дырылдасқаны сияқты арзан дүниеге айналып кетпесе болғаны. Заманның ыңғайына қарай, айтыс та шоуға айналады  деп жүр біреулер.  Анығында біздің айтысқа ұлттық өнер ретінде қарап, әрі дамытарлықтай шын жанашырлық, қамқорлық қажет. Жүрсін Ермандай бір жүргізушіге байланған айтыстың қаншалықты ұзаққа баратынын да болжау қиын. Атадан қалған ақсүйек өнердің абыройын сақтап, қадірін кетірмеу үшін қазіргі айтыстағы «ақындардың кезекке тұрып, кезекпен жүлде алуы», «қазылардың жеңімпазды анықтау жүйесі», «қазылармен жүлде бөліс», «жер-жерге, ру-руға бұра тартып, бөлініп айтысу» сынды құлақ естіп, көз көріп ұстап алмаса да, бар екені айтылып жүрген «көлеңкелі» тұстармен күрес керек. Айтысқа жаңа формат қажет, қысқасын айтқанда. Бізге ә десе отыра қалып, кемшілік теретін немесе артынан дорба-дорба әңгіме ертіп,  дау-дамайын талқылап жүретін айтыстың қажеті шамалы. Халықтың сөзін жоғары жаққа жеткізетін,  халық пен билікті, елді біріктіретін айтыс керек! Ұлттың мүддесін көздейтін, мерейін асыратын айтыс қажет! Халықтың рухын көтеретін, айтыстырып, дауластыратын емес, ұлтты ұйыстыратын айтыс қажет. Айтыс туралы біраз әңгімені қайта қозғап, шетін шығарғандағы, біздің айтқымыз келгені, ойымыздың шашылып түскені осы еді.


Қ.МАТНИЯЗТЕГІ, «Халық сөзі».
Пікірлер