Күйші Тынысбек Танашұлы Дүйсебеков Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұрады. Ұзақ жылдар Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығында бас есепші, бас экономист болып табан аудармай еңбек еткен. Бүгінде жетпіс жастың өріне шыққан ағамыздың есімі әйгілі Әлшекей күйлерінің бірден-бір шебер орындаушысы әрі насихаттаушысы ретінде елге белгілі. Жақында «Айқын» газетінің редакциясында қонақта болған күйшімен әңгімеміз де осы атақты Әлшекей мұрасы төңірегінде өрбіді.
- Сыр бойының дүлдүл күйшісі Әлшекейдің мұрасын тікелей кімнен үйрендіңіз?
- Он бір жасыма дейін нағашымның қолында болдым. Шешемнің туған ағасы — Әбдірейімұлы Құрмашбек суырыпсалма ақын, шертпе күйдің шебері-тін. Осы кісіге ұқсағым келіп, алты жасымнан домбыра, мандолин ұстадым. Жасымнан бір қағары бар үлкен кісілердің артынан ердім. Соның бәрі өнерге жақындығым, құймақұлақтығымның арқасы. Есіркепұлы Нұрман деген екінші әкем елге белгілі суырыпсалма ақын болды. Шешем Разия да әнді тәп-тәуір салушы еді. Осындай өнерлі ортада өскен мен де мектеп жасынан жыр-терме айтып, беташар аштым.
1960-жылдары Қоңқабайұлы Есіркеп деген ауылымыздың белгілі ақынына күнде бір қария кісі келіп әңгімелесіп жүрді. Қанша дегенмен сөз баққан, өнер баққан адам емеспін бе, сырттарынан бақылап-бағып жүрдім. «Сен домбыраға шеберсің ғой, мына қария сұмдық күйші адам. Ертеде Әлшекей деген күйші өткен, бұл кісі соның 40-тай күйін біледі. Аты-жөні — Өткелбаев Ибадулла (жұрт Ибаш деп кеткен). Күй үйренемін десең, қырсығып тартпай қояды. Сөйлескен болып, байқатпай күйлерін үйреніп ал» деді менің күйді бір тартқаннан қағып алатынымды білетін Есіркеп ақын.
Содан 15 күндей Ибадулла ақсақалдың қасында әңгімелесе жүріп, ара-арасында Әлшекейдің күйлерін тартқызамын. Ол кісі күй үстінде бар дүниені ұмытып, киіз үйдің төрінен есігіне дейін құйрығымен жылжып барып қалғанын байқамай қалады. Кезінде Әлшекейдің соңынан ергендердің бірі екен. Осы Өткелбаев Ибадулла ақсақалдан Әлшекейдің 16 күйін үйреніп алдым.
- Сол 16 күйдің бәрін қазір де тарта аласыз ба?
- Жетеуін ғана тартамын. Қалғанының бәрін ұмытып қалдым. Ол кезде Әлшекей күйшінің даңқы көмескіленіп, ұмытыла бастаған. Қай ортада да өнерпаздар Қазанғапты, Тәттімбетті, Құрманғазыны, Динаны, Тоқаны тартады, жұрттың да менен сұрайтыны аталған күйшілер. Әлшекейді ешқайсысы білмейді. Мен де сосын аты мен атағы дүркіреп тұрған күйшілердің мұрасына қарай ыңғайландым. Ол кезде күйді радиодан тыңдап үйренеміз. Өзімнің музыкалық сауатым жоқ, нота білмеймін. Сөйтіп жүріп, Ибаш ақсақалдан үйренген 16 күйімнің тек 7 күйін ғана сақтап қала алдым.
Өзімнің екінші әкем Есіркепұлы Нұрман да — Әлшекейдің қасында қырық жыл бірге жүріп, жыр айтқан кісі. Бұл кісі әрі жырау, әрі жыршы болған. 1973 жылы 101 жасында қайтыс болды. Мамандығым мен атқарған қызметім есепші болды да, әкемнің аузынан қиссаларын жаттап алуға уақытым да, құлқым да болмады. Осы екінші әкем айтып отыратын: «Бір күні Әлшекей Шиелінің базарында аттың үстінде малдас құрып отырып, ет пісірімдей уақыт күй тартты. Жиналған қалың жұрт жан-жақтан қыса бастағанда, арқаланып кетіп, аяғындағы мәсісін шешіп тастап, домбыраны башпайымен тартқанын өз көзіммен көрдім. Адамның үстіне адам шығып кетті, өтірік болса көзім шықсын. Біз де адамның үстіне шығып, тымақпен ақша жинадық» деп. Ол кезде бес сомға бір түйе келеді екен. Бұл сол 1909 жылдар-ау деймін. Әлшекейдің деген шырқау шегінде жүрген кезі болса керек.
1960-жылдары Алматыдан Ғылым академиясынан екі кісі әкемді іздеп үйге келді. Мақсаттары — Әлшекей жайлы көрген-білгенін сұрастыру, дерек жинау. Әкем: «Мен Әлшекейдің қырық жыл қасына еріп жүріп жыр айттым» деді. «Онда сол кісінің бір-екі күйін тартып беріңіз» деді Алматыдан келген ғалымдар. «Мен жыр айтқаным болмаса, күйден мақұрыммын, күйді мынау менің сары балам тартады, мұның қайдан үйреніп жүргенін білмеймін, бірақ Әлшекейдің күйлері екені ақиқат, өйткені менің құлағымда сарыны, қағысы қалған» деді әкем.
Сол 1968 жылдан бастап мені Әлшекей күйлерін орындаушы, насихаттаушы ретінде аудан мен облысқа, радиоға, теледидарға сүйрелей бастады. 1976 жылы 25- съезд өтіп, сол дүбірлі тойдың арасында Әбдіқадыр Әбдіхалықов Әлшекейдің төрт күйін, мен төрт күйін тарттым. Манап Көкенов жырдан шашу шашты. 1980 жылы 2-республикалық ақындар айтысына 9 домбырашының біреуі болып қатыстым. Сол кезде Қазақ радиосының Алтын қорына, күйтабаққа күйлерімізді жазып алды. 1985 жылы «Алатау» телеарнасына Әлшекейдің жеті күйін, өзімнің екі күйімді жаздырдым. Бұрын Әлшекей күйлерін Әбдіқадыр Әбдіхалықов екеуміз насихаттаушы едік, ол кісі марқұм болып кетті. Сөйтіп, Әлшекей күйлерін насихаттаушылардан бүгінде бір өзім қалдым. Әлшекейдің мен білетін күйлері: «Толқын», «Егес», «Шерлі», «Жаяу кербез», «Отарба», «Аққу кеткен», «Айшаменен 6 тартыс», «Бөпеменен 5 тартыс».
Әлшекейдің Жидебай деген туған немересі (Дәнебектің баласы) жеті-сегіз жылдай болды, өмірден өтіп кетті. Жидебайдың әкесі Дәнебек әкесінің 90-дай күйін тартқан. Өкінішке қарай, одан кезінде ешкімнің жазып алу ойына келмепті.
- Әлшекейдің домбырасы сақталған ба?
- Сақталмаған себебін айтайын. Бұл өзі қызық жағдай. Әлшекейдің күйін тәуір тартатын біраз ағайындары болған. Солардың ең соңғысы — Әлшекейдің бел баласы Дәнебек елуінші жылдары қайтыс болған. Дәнебектен кейінгі ұрпағы Әлшекейдің күйлерін тарта алмайды. Тарта алмайтын себебі, Әлшекей десе туысқандарының аза бойы қаза тұрады. Дәнебек әкесінің домбырасын ағайындарының біріне аманат етіп қалдырған екен. Көп ұзамай аманатқа алған кісінің отбасынан бірнеше адам өледі. Бір үйден үш адам кеткен. Ол домбыраны басқа адамға берсе, ол үйден де адам өледі. Одан кейін де домбыраны алған үйлерде адам өлімі жиілеп кетеді. Қазақ өте ырымшыл халық қой, ақыры қорыққаннан Әлшекейдің домбырасын отқа жағады. Сонымен, ол домбыра жоқ. Күйлерінің де толық сақталмауына жаңағыдай жағдай әсер еткен.
- Енді Әлшекей күйшінің өмірі жөнінде толығырақ айтып берсеңіз…
- Әлшекейдің түп-тегі Қоңырат тайпасы ішіндегі Құрбан атадан тарайды. Құрбанның ең үлкен баласы Киікшіден Бекбауыр, Бекбауырдан Қожаберген, одан Әлшекейдің аталары тарайды. Қаратау өңіріндегі «Бектібай сазы» деген жерде 1847 жылы дүниеге келген Әлшекей 1929 жылға дейін сол маңды жайлаған. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген отызыншы жылдың ойранында Сыр бойындағы елдің тәуір кісілері Ауғанстанға қарай ауады. Ауып бара жатқан елден қалмайын деп Әлшекей де дүрмекке ереді. Елден ауарда Сырдариямен қоштасып, дарияның ағысы да адамның өмірі іспетті ғой деп толқып, «Толқын» деген толғау күйін шығарады. Ауғанстанға өте алмай, Тәжікстанның Қорғантөбе ауданында шекарашылардың қолына түсіп, сол жерде үш жылдай өмір сүреді. 1932 жылы 85 жасында қайтыс болады. Сүйегі сол Тәжікстанның Қорғантөбесіндегі «Жуан» деген қыстақтың шетіндегі қазақ бейітіне жерленеді.
Сыр бойында Бөпе деген әрі жырау әрі сұмдық күйші болған. Бір үлкен жиында Әлшекей екеуі күй сайысына түседі. Сонда Бөпе: «Әлшекейдің башпайымен тартқанын қайталасам екі дүниеде арманым болмас еді» деп отыра қалып жылаған екен. Әлшекей шабандоз болған, аттың бауырында кетіп бара жатып күй тартады екен. Сал-сері болып, қасына жыршылар мен күйшілер, мейрампаздар еріп жүрген. Өзі 116 күй шығарған екен. Жастайынан өнерге баулыған нағашысы Рүстем атақты қобызшы әрі сыбызғышы болған деседі.
- Өз күйлеріңіз жөнінде де айта отырыңыз?
- Екі күйім бар дедім. Біреуінің аты — «Өрлеу», 1974 жылы балам дүниеге келгенде қуаныштан туып еді. Екіншісінің аты — «Жайлауда», 1979 жылынағашым болып келетін бір қойшының өтінішімен ойда жоқта туды.
Биыл Әлшекейдің туғанына 165 жыл толып отыр. Сырдың сырбаз күйшісін елеусіз қалдырмауымыз керек. Жаңақорған мен Талап ауылындағы музыкалық мектептер Әлшекейдің атында, күйші есімін алған көше де бар. Десек те күйші есімін, күйлерін халық арасында насихаттау жағы әлі де кемшін. Оның шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізіп кету — менің қасиетті парызым.
- Әңгімеңізге рахмет!
Төреғали ТӘШЕНОВ, «Айқын».