Сүгірдің көзін көргендер санаулы

2722
Adyrna.kz Telegram

Биыл халық композиторы, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлының туғанына 130 жыл толады. Біз осы мерейлі датаға орай Сүгір мұраларының жанашыры, өнер зерттеуші, зейнеткер журналист Жаулыбай Иманәлиевпен сұхбаттасқан едік.

- Жәуке, сіз атақты Сүгірді өз көзіңізбен көре алдыңыз ба?
- Мен 1954-55 жылдары Созақ елді мекенінде Сүгірдің қызы — Ұлбаламен бір сыныпта оқыған жайым бар. Ол кезде ағам — Төлебай Тасболатов аудандық пар­тия комитетінде аймақтық хатшы (зона­льный секретарь) болып қызмет ететін.
Ағаларымыз Сүгірдің кім екенін, әри­не, білген болар. Ал біз бала болдық, шала болдық, Сүгірдің ол кезде қадірін біліп үл­гермеген едік. Кейін Төлебай ағам қыз­метіне байланысты аудан орталығы — Шолаққорғанға көшіп келді.
1958 жылы оныншы сыныпта оқып жүрген кезім. Қыркүйек айының аяғына таман, мектеп оқушыларын автобуспен мақта теріміне алып кетті. Ол кезде мақта терімінің науқанына үлкен-кіші азамат­тардың бәрі түгел қатысатын. Мені аудан­дық мәдениет үйінің басшылары арнайы өтініш жасап, бұл жұмыстан босатып алып қалды. Ондағы себеп — менің дом­быра тартатын өнерім еді. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен әнші-күйші, биші, жыршыларды жинап, екі ай ауданның барлық шаруашылықтарын ара­лап жүріп, концерт қойғанымыз есім­нен кетпейді.
Менің тартатыным — домбыра, сосын мондолин. Әншілерді мондолинмен сүйе­мелдеймін. Құрманғазының «Балбы­рауын» күйін, сонан соң Дәулеткерейдің «Құдашасын» домбырада жеке орындай­тыным бар.
Қазан айының ортасында Созақ сов­хо­зына бардық. Созақтың шетінде Кали­нин атындағы бөлімшенің шағын мәде­ниет үйінде концерт қоятын болдық. Да­лада, мәдениет үйінің алдында өңкей өнерпаздар шүйіркелесіп, әңгімелесіп тұрғанбыз.
Басында ақ қалпағы бар бір кішкентай шал келіп бізбен амандасты.
- Иә, балаларым, ауылға келіп қа­лыпсыңдар ғой, — деп бәрімізбен аман­дасты да, жөніне кетті. Көркемдік жетек­шіміз — Аманбай Әміреев деген ағамыз: «Жаңағы қарияны танисыңдар ма?» деді. Біз әрине, танымаймыз. «Бұл Алматыдағы атақты қылқобызшы — Жаппас Қалам­баев­тың жақын ағасы әрі ұстазы» демесі барма. «Аты-жөні кім?» дейміз. «Сүгір деген күйші шал. Бұл қарияның білмейтін күйі жоқ» деді.
Басқаны қайдам, менің ішім қылп ете қалды.
- Әй солақай інім, сен енді саспай, орындайтын күйлеріңде ширақтау болуға тырыс, — деді Аманбай ағамыз, маған қарап.
Бір кезде көзтаныс — Сәуірбек Қар­ба­зов деген осы Созақтың жігіті келіп, бізбен амандаса берді. Өзі бізден үш-төрт сынып жоғары оқитын, домбырашы атанып жүрген осы ауылдың белгілі жігіті. Серейіп өсіп, ұзын сарының өзі болған.
- Жаңағы келіп, амандасып кеткен шал — Сүгір деген атақты күйші. Ол да сен сияқты солақай. Бас-аяғын түгел, дұрыс білетін күйлеріңнен тарт, — деді.
Ішімнен: — Қап, бәле болды-ау, — деп тұрмын.
Менің сенетінім мондолин. Бәтима деген әнші қызымызды сүйемелдеп саханаға қайта-қайта шығатыным бар. Ол жақсы әнші. Мондолинді бұлбұлдай сай­рататын кезім.
Концертіміз басталды. Кезегім келіп, домбырамды ұстап, саханаға шықтым.
- О — о, солақай шықты, — деп көп­ші­лік «гу-у» етіп барып басылды. Ең ал­дыңғы қатарда Сүгір қария, оның қасында екі езуі екі құлағына жетіп Сәуірбек отыр.
Алдымен Дәулеткерейдің «Құдаша» күйін орындадым. Күйді аман-есен сүрін­бей аяғына жеткізген сияқтымын. Жұрт гуілдетіп қол соғып, біразға дейін басыл­май тұрды.
Екінші кезекте Құрманғазының «Бал­бырауын» күйін орындадым. Күй аяқтал­ған сәтте, шағын мәдениет үйінің төбесін төңкеріп жібере жаздап, қол соқпасы бар ма. Концертіміз аяқталып, сыртқа шық­тық. Сәуірбек келіп, менің арқамнан қағып: — Өй інім, жарайсың, жақсы орын­дайтын болыпсың ғой. Сүгір қарияның не айтқанын айтайын ба? — деді.
Жігіттер мен қыздар: — Иә, айт-айт, — деп қалды.
«Басқаларын қайдам, ана солақайдан қорқам. Содан түбінде бірдеме шығады» деді ғой деп, менің арқамнан қайта-қайта қағып қояды.
Кім біледі? Сүгір ақсақалдың да ау­зына Құдай салды ма екен. Кейін уни­верситет бітіріп келіп, облыстық газетте қызмет етіп жүріп, сол қарияның артында қалған күйлерін жинадым. Күні бүгінге дейін Сүгір күйінің орындаушыларын насихаттап келемін.
- Сүгірдің жалғыз дана суреті сақтал­ған. Оны да бірінші тауып жариялаған сіз кө­ріне­сіз…
- Сүгір Созақ ауылында 1961 жылы ақпан айында сексеннен асып қайтыс болған. Бұрын бірде-бір суреті сақталмаған деп келдік. Сөйтсек, жалғыз данасы сақ­талған екен. Оны мен 1971 жылы Сүгірдің үлкен қызы Ұлбаланың үйінен таптым. Ол үйге мені Өмірзақтың екі баласы Са­быр мен Әбіл ертіп барды. Суретті табуыма сол екеуі қол ұшын берді. Оны кім түсіргені белгісіз. Сүкең әдетте суретке түсуді қаламайтын кісі екен. Діндарлығы да себеп болуы мүмкін. Суретші, сірә, Сүкеңе білдіртпей, күй тартып отырғанда түсірген-ау. Осыдан басқа Сүкеңнің еш­қандай суреті қалмаған. Бұл сурет сол кез­де өзім қызмет істейтін «Оңтүстік Қа­зақ­стан» газетіне «Сүгірдің суреті табылды» деп 1971 жылы 30 желтоқсан күні жария­ланды.
- 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Қаратау шертпелері» деген күйлер жина­ғын шығарыпсыз. Журналист мамандығын алмағанда, күйші болар ма едіңіз?
- Менің екі өкінішім бар. Біріншісі — Сүгірдің орындаушылығын өз көзіммен көріп, тыңдай алмағаным. Екіншісі — Құр­манғазы атындағы Алматы консер­ваториясында оқымағаным. Әке жолын қуып, журналист мамандығын алдым. Түз­де жүрсем — журналистпін, үйге кел­сем күйшімін. Есіл-дертім күйшілер мен жыраулар.
- Қанша дегенмен көнекөз күйшілерді көп көрдіңіз, қазіргі күй орындаушыларға көңіліңіз тола ма?
- Осы жетпіске келген шағымда, аң­ғар­ғаным; қазіргі жас орындаушыларда салиқалы мінез жоқ. Бәрі зуылдақ, сыл­дыр. Бірін-бірі айнытпай қайталайды. Осыған қарағанда «нотамен сауаттанудың пайдасы мен зияны бірдей ме, қалай өзі?» деп қаламын кейде.
Оу, кешегі Дина Нұрпейісованың, Әбі­кен Қасеновтің орындаушылық мі­нез­дері, үлгілері сияқты неге бола алмай-ақ жүр? Тіпті төрт-ақ класс білімі бар — Тө­леген Момбековтің орындаушылығына жете алмай қор болып жүрміз.
Сүгір мен Мафрузаның күй сайысын­дай өнерлер қайда қалған. Теледидардан көрсетіліп жүрген даңғаза, жалған, күй сайысын жасап, елді жас бала сияқты алдаймыз келіп, алдаймыз. Ең соңында, «Адай» күйімен немесе «Сарыарқаны» қо­сылып тартып, күй сайысын бітіреді.
Шынайы айтыс, шынайы сайысты бір көре алсақ, шіркін! Кімді-кім қанша рет сүріндіреді. Қандай өрнегімен, қандай бояуымен? Сөйтіп, біріне жеңіліс, біріне шынайы жеңіс беріп, марапаттауға болмас па?!
Өтірік, жаттанды, дайындалған сайыс­пен күйшілердің беделі артпайды, қайта әбүйірден жұрдай болып шығады. Өйткені олар өтірік тартысып отыр. Не сүрінбейді, не жаңылмайды. Бәрін біліп отырған автомат әшейін. Артық айтсам, күйші бауырларымнан кешірім сұраймын.
- Қазір Сүгірдің көзін көрген күйші­лер қалды ма?
- Жоқтың қасы. Тек Кентау қаласында тұратын, жасы сексеннен асқан күйші — Самар Сүйіндікұлы бар. Ол Сүгірді көр­ген, күйлерін тыңдаған. Өзі жан-жақты күйші. Кезінде Самардың әкесімен Сүгір жақсы араласып, сыйласып өткен өмір­ден. Сүйіндік те күйші екен, жасы Сүгір­ден үлкен болыпты.
Жаңаарқада тұратын жасы жетпістің бесеуіне келіп қалған күйші — Фазыл Тұт­қабеков бар. Ол Әбікеннің «Қоңырын», Тәттімбеттің «Көкейкесті», «Сарыжай­лау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ» күй­ле­рін, Сүгірдің «Кертолғауын» тамаша орын­дайды.
Сүгірдің көзін көрген, орындаушы­лы­ғын әбден тыңдап өскен тағы бір күйші, манағы мен айтқан — Сәуірбек Карбозов бар. Ол Түркістан қаласының қасында бір кішкентай елді мекенде тұрады. Оның жасы да жетпістің бесеуіне келді. Жас кезінде жақсы күйші болатын. Сүгір күйлерін біледі. Сол жігітке менің бір қолым жетпей-ақ қойды. Әне-міне деп жүргенімде өліп қалмаса болғаны.
- 2007 жылы Астанада өткен Сүгірдің 125 жылдығына қатысып, күй тарттыңыз ғой деймін. Қалай өтті, көңіліңізден шықты ма?
- Күләш Байсейітова атындағы опера-балет театрында тойлағанбыз. Мен Сүгірдің «Аққу» күйін тарттым. Сонда сахнаға шыққан жиырмадан астам күйші өнер көрсетті. Солардың төрт-бесеуі ғана Сүгірдің шығармаларын орындады. Бас­қалары өздерінің бұрыннан орындап жүрген күйлерін тартып, жөніне кетті.
Оу, арнайы Сүгірдің тойына шақырыл­ған соң, ең болмаса кейіпкердің бір күйін орындау керек қой.
- Енді биыл мұндай кемшіліктерді қай­таламаған жөн дейсіз ғой?
- Сүгірдің бейнесі бар кеудеге тағатын значоктар ма, әлде медаль ма, сондай-ақ Сүгірдің бейнесі бар грамоталар дайындау керек сияқты. Жас «судырахмет» күйші­лерді қоя тұрып, жасы үлкен, Сүгірдің көзін көрген орындаушыларды алдымен сахнаға шығару керек. Солардың орын­даушылығын жазып алып қалу керек сияқ­ты. Енді бес-он жылдан кейін, кім бар, кім жоқ?!
Қазір Сүгірдің шығармаларын Құр­ман­ғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің, Нұрғиса Тілендиев атындағы этнографиялық, «Отырыр сазы» фольклорлы оркестрінің бағдарлама­ла­рында орындалып жүр. Астана мен Ал­маты консерваториясының оқу бағдарла­маларында Сүгір күйлері егжей-тегжейлі зерттеліп, оқытылуда. Симфониялық ор­кестрмен «Аққуды», «Бозінгенді», «Тел­қоңырды», «Ыңғайтөкті» орындап жүр­генін арагідік құлағымыз естіп қалатыны бар. Жалпы, Сүгір шығармалары Қазақ мәдениетінің әрбір саласында жиі қолда­нып жүр. Теледидарда, Радиода, «Қазақ­фильм» туындыларында пайдаланы­ла­ды.
Сүгірдің атағы мен шығармалары құн­дылығы жағынан, Құрманғазы мен Тәт­тімбет, Қазанғап пен Динаның деңгейіне көтерілді десем, артық болмас.
Егеменді ел болдық. Кешегі Кеңес өкі­метінің кезінде қудалауға ұшыраған Сүгір сияқты дарынды, өнерлі тұлғалар­дың той­ын лайықты қарсы ала алмасақ, бізге жас ұрпақтың алдында сын емес пе?!
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Төреғали ТӘШЕНОВ

Пікірлер