Қазақстандық кәсіпкер, филантроп, BI-Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ YPO Kazakhstan президенті Айдын Рақымбаев facebook желісіндегі парақшасында қазақтар «сәлеметсіз бе» деп амандаспаған, деп жазды.
"Армысыздар, достарым! Тарихшылармен әңгімелескенде бәрі де біздің бабаларымыз жүздеген жыл бұрын «Армысыз?» , «Аман-есенсіз бе?» деп амандасқанын айтады. Бабаларымыз қандай дана сөздер мен терең мағынаны қолданған", - деді кәсіпкер.
Айтуынша, «сәлем» мен «сәлеметсіз бе» деген қазаққа ежелгі жебірейлердің «шалом алейхим» және арабтың «ассалаумағалейкум» дегенінен келген.
"Біз бұлай амандасуға үйреніп қалдық және ол да дұрыс. Бірақ, оған қоса ежелгі түрікше амандасу да әдемі естіледі ғой. Осы орайда, менде ұсыныс бар: Отбасында, жұмыста, көшеде бір-бірімізбен таза қазақша «Армысыз?» деп амандасайық", - дейді Айдын Рақымбаев.