Оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шұғыл түрде ота жасалды. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ведомствоның мәліметінше, операция кезінде қан кету тоқтатылып, жарақат салдарынан келген зақым қалпына келтірілген. Қазір шенеуніктің өміріне қауіп жоқ.
«Пациенттің жағдайы – тұрақты ауыр. Науқас дәрігерлердің жіті бақылауында. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, оқ ату оқиғасы 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында әкімдік ғимаратының маңында болған. Полицияның хабарлауынша, Берденов «Сайга-12» маркалы қарудан үш рет оқ жарақатын алған – жамбас пен иығына тиген. Оқ атқан күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Күдіктінің кім екені туралы да ақпараттар тарауда.