Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев православтық христиандарды Пасха мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Құттықтау мәтінін бүгін Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
"Қымбатты отандастар! Еліміздегі барлық христиан қауымын Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл нұрлы мейрам – рухани жаңғыру мен тазарудың белгісі, ол сенуші жандардың жүрегіне үміт пен қуаныш ұялатады. Биыл православтар, католиктер мен протестанттар Пасханы бір күнде атап өтіп жатқаны ерекше символдық мәнге ие", – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, христиан діні де басқа діндер сияқты қоғамымыздың өмірінде маңызды рөл атқарады. Жоғары гуманистік идеалдарды насихаттай отырып, Пасха дәстүрлері ежелден-ақ отбасылық құндылықтарды сақтауға, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға ықпал етіп келеді. Олар адамдарды жақсылық пен келісімге шақырады.
Тоқаев Қазақстанның орнықты дамуының берік негізі – елдегі этностар мен конфессия өкілдерінің арасындағы жалпыұлттық бірлік, өзара түсіністік пен үйлесім екенін атап өтті.
"Пасха мейрамы үйлеріңізге махаббат пен шаттық сыйласын! Барша азаматтарға зор денсаулық, амандық және шығармашылық табыстар тілеймін!", – деді Мемлекет басшысы.