Сарапшы: Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайындағы сенімді бағыт – Ақтау порты

954
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында Ақтау халықаралық теңіз портына арнайы баруы – еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.

Ақтау порты бүгінде еліміздің транзиттік инфрақұрылымының негізгі тораптарының бірі. Ол Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша тәулік бойы жүк тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізіп, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі нүктесіне айналған. Мәселен, 2023 жылы осы дәліз арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 62%-ға жоғары көрсеткіш.

Бүгінде Ақтауда контейнерлік хаб салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба іске қосылған соң, порттың жылдық жүк өткізу қабілеті 140 мыңнан 240 мың ЖФЭ-ге дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, құны 1,9 трлн теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Бұл – өңірдің ғана емес, бүкіл елдің сауда-экономикалық дамуына мультипликативті әсер ететін ірі бастама.

Сапар аясында Президент Кендірлі курорттық аймағында салынып жатқан жаңа халықаралық әуежай құрылысын жеделдетуді тапсырды. Бұл нысан тәулігіне 150 жолаушыны қабылдауға қауқарлы болмақ. Жуырда Алматы және Астана қалаларына тұрақты әуе рейстері ашылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, Орталық – Батыс және Бейнеу – Сексеуіл бағытындағы автожол жобалары нәтижесінде Астана – Ақтау арасындағы қашықтық 800 шақырымға, ал Қорғас – Ақтау бағыты 900 шақырымға қысқармақ. Мұның өзі еліміздің ішкі және сыртқы сауда ағындарына едәуір серпін береді.

Мемлекет басшысы Маңғыстаудың көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөліне ерекше тоқталып, өңірдің географиялық артықшылықтарын тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Осы орайда аталған бастамалардың экономикалық тиімділігі, экспорттық әлеуетке әсері және аймақтық даму тұрғысындағы орны, сондай-ақ Ақтау портының әлемдегі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде Қазақстан үшін стратегиялық маңызы туралы экономист Сапарбай Жобаевтың пікірін білген едік.

–Сапарбай мырза, Мемлекет басшысының Ақтау халықаралық теңіз портына жасаған сапары логистика саласына назар аударудың маңызын көрсетіп отыр. Осы орайда Ақтаудың қазіргі рөлін қалай бағалар едіңіз?

– Қазақстанның транспорттық-логистикалық жолында Ақтаудың рөлі расында да өте үлкен. Каспий теңізінің оңтүстігінде Иран орналасқан. Ол ел соңғы 10–20 жыл бойы атом энергетикасына байланысты халықаралық санкциялар астында. Солтүстік жақта – Ресей. Қазіргі таңда жүк тасымалының басым бөлігі сол жақ арқылы өтеді. Алайда Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты Ресей де санкцияға ұшырады. Осыған байланысты Еуропаға Ресей арқылы шығатын дәстүрлі жолдар бүгінде тиімсіз, тіпті қауіпсіз емес.

Ал теңіз арқылы тасымалдау да оңай емес. Мысалы, Хуситтердің теңіз сауда жолдарын бұғаттауы халықаралық саудаға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан қазіргі жағдайда Еуропа мен Қытайды байланыстыратын ең қауіпсіз әрі тиімді бағыт – Қазақстан арқылы өтетін жол. Осы бағыттың түйіні – Ақтау порты.

– Яғни, Ақтау тек Қазақстан үшін емес, бүкіл аймақ үшін маңызды ма?

– Дәл солай. Ақтау – Каспий теңізі арқылы Орталық Азия мен Кавказды, одан әрі Еуропаға шығатын маңызды қақпа. Кеңес кезеңінде Түрікменстандағы Қызылқұм (бұрынғы Красноводск) порты ірі нысан болатын. Бірақ бүгінде Түрікменстан бейтарап ел ретінде визалық жүйелер енгізіп отыр. Бұл жүк айналымына қиындық келтіреді. Ал, Қазақстан осы кезеңде Ақтау портына қомақты инвестиция құйып, оны дамытып жатыр.

– Ақтау тек Батыс бағытта емес, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын маңызды торабы ретінде де аталады. Осыған қатысты не айтасыз?

– Иә, бұл жолдың екінші бір маңызды тұсы – Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыру қабілетінде. Бұл бағыт Ресей, Иран, Пәкістан, Үндістанға шығатын сауда үшін аса қажет. Қытайдың осы бағытты «Орталық дәліз» деп атауы да – оның геосаяси және экономикалық маңызын айқындайды.

– Қытай бұл бағытқа не үшін қызығушылық танытып отыр?

– Бұрын Қытай жүк тасымалын Транссібір теміржолы арқылы жүргізетін. Ол үшін Қытай өз шығыс жағалауынан Ресей арқылы 7–8 мың шақырым жол жүріп, үлкен транспорттық төлемдер төлейтін. Ал қазір олар Қытайдың ішкі бөлігінен 3–4 мың шақырым жүріп, Қазақстан арқылы тағы 3 мың шақырым жолмен Бакуге, одан Түркия немесе Қара теңіз арқылы Еуропаға тікелей шығуға мүмкіндік алып отыр. Бұл әлдеқайда арзан әрі қауіпсіз.Бұл – Қытай үшін әлдеқайда тиімді.

– Бірақ бұл жолда да кедергілер бар шығар?

– Иә, техникалық қиындықтар бар. Қытайда темір жол ені – 1 435 мм, бізде – 1 520 мм. Осы себепті Қытай–Қазақстан шекарасында жүктерді қайта тиеу қажет. Сонымен қатар, Ақтауда паромға, Бакуде қайтадан темір жолға ауыстырылады. Бұл логистика құнын сәл арттырады. Бірақ бұл процестерді оңтайландыру үшін Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан бірігіп, Қытайдың ұсынысымен транзитті цифрландыруға кірістік.

– Жүк тасымалын ұлғайту үшін қандай ірі жобалар жоспарланып отыр?

– Қытайдың Циань қаласында арнайы Қазақстан бағытындағы жүк терминалы бар. Қазіргі таңда бұл бағытпен жылына шамамен 4–5 миллион тонна жүк тасымалданып жатыр. Мұны 10 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін Ақтау мен Бакудегі өткізу қабілетін ұлғайтуымыз қажет.

Сонымен қатар, Аягөз – Мойынты арасына қос темір жол салынса, Жезқазған – Сексеуіл бағытындағы желілер жаңартылса, біз «Жібек жолының» орталық бағытын толық дамыта аламыз.

– Орталық Азия елдері де осы бағытты дамытуға ниетті ме?

– Әрине. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан бірігіп, Ферғана аңғары бағытымен жаңа темір жол жобасын қолға алды. Бұл жолдың құрылыс жұмыстары биыл жазда басталады деп күтілуде. Таулы өңір болғандықтан, онда көпірлер мен өткелдер салу қажет, шамамен 3–4 жыл уақыт қажет болады. Аталған жол толық пайдалануға берілгенше, Орталық Азия мен Қытай арасындағы негізгі жүк тасымалы Қазақстан арқылы жүзеге асады. Еуропадан келетін жүктер де Бакуге, одан Түркия арқылы Ақтауға жеткізіледі. Бұл тұрғыда Ақтаудың рөлі айрықша. Яғни, Ақтау порты – Орталық Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын қамтамасыз етуде басты тірек.

– Ақтау портына қатысты шешілмеген мәселе бар ма?

–Маңызды мәселе – порттың саязданып бара жатуы. Оны шешу үшін түбін тереңдетіп, тазалау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сонымен бірге, Ақтаудан Махачкала мен Астрахань бағытында тікелей тасымал жолдарын дамыту қажет. Бұл – порттың экспорттық әлеуетін арттырады. Негізгі мәселелер осы. Бұл бағыттар Қазақстан экономикасын, логистикасын және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндіктерін дамытуға үлкен үлес қосады.

Ақтау порты әлемдегі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде қандай стратегиялық маңызға ие деп ойлайсыз?

–Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай – Ресей мен Украина арасындағы соғыс, мұнай экспортындағы қиындықтар, сондай-ақ АҚШ Президенті Трамптың кедендік және баж салығына қатысты «соғыс» жариялауы – бүкіл әлемдегі экономиканың аса күрделі дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. Мұндай жағдайда біздің алдымызда экспорттық әлеуетті күшейту, дайын өнім өндірісін арттыру және оны сыртқы нарыққа шығаруға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Қорыта айтқанда, бұл геосаяси кезең бізге үлкен сын да, үлкен мүмкіндік те ұсынып отыр. Ақтау порты – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның жаһандық сауда жүйесіне енуіндегі негізгі қақпалардың бірі. Біз осы инфрақұрылымдық артықшылықты дұрыс пайдалана алсақ, еліміздің транзиттік табысы артып, экономикалық дербестігі де нығая түседі. Сондықтан Ақтау портының әлеуетін арттыру – тек өңірлік даму емес, еліміздің геоэкономикалық болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндет.

–Сұқбатыңызға рақмет!

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Суставы болят не от старости! Найден злейший враг боли в суставах
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Онколог: "Папилломы на шее и в подмышках означают раннюю стадию…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец на выпускном взорвал сеть: смотреть без детей
Пікірлер