АҚШ-тың президенті Дональд Трамп пен миллиардер Илон Маскқа қарсы ел аумағында наразылық шерулер өтуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, сенбі күні азаматтық құқықтарды қорғау ұйымдары, кәсіподақтар, азшылықтарды қорғау қауымдастықтары, ардагерлер мен сайлау процесіне қатысқан белсенділер сияқты 150-ге жуық ұйым 1200-ден астам шеру өткізуді жоспарлаған.
Наразылық шаралары Вашингтондағы Ұлттық Молл, әр штаттағы Капитолий маңындағы аудандар мен елдің 50 штатының басқа да орындарында өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, АҚШ астанасындағы Вашингтон монументі жанында 20 мыңнан астам адам жиналады деп күтілген.
Ақ үйден бірнеше квартал жерде «Қолыңды тарт!» деген жазуы бар алып баннер ашық аспан астына ілінген. Наразылыққа шыққандардың кейбірі қолдарына «Менің президентім емес!», «Фашизм келді», «Зұлымдықты тоқтатыңдар» деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрған.
AP агенттігінің хабарлауынша, шеруге шыққандар Трамп әкімшілігінің мыңдаған федералды қызметкерді жұмыстан шығару, тұтас агенттіктерді іс жүзінде жабу, иммигранттарды елден шығару, трансгендерлерді қорғауды қысқарту және денсаулық сақтау бағдарламаларын қаржыландыруды азайту секілді әрекеттерін қатаң сынға алған.
5 сәуір күні Балтимор маңындағы АҚШ-тың әлеуметтік қамсыздандыру қызметінің штаб-пәтері алдына бірнеше жүз адам жиналып, егде жастағы азаматтар мен мүгедектерге жәрдемақы төлейтін басқармадағы қысқартуларға наразылық білдірді.
БАҚ мәліметінше, наразылық шаралары Парижде, Римде және Лондонда да өткен. Сонымен қатар Мексика мен Канадада да осындай шерулер өткізу жоспарланған.