"Тұлпар мініп, ту алған"

5828
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы, Алатау ауданы №180 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Абсатар жайлы естуіңіз бар ма? Күні кеше ғана «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының қалалық кезеңіне қатысып, жыршы-саңлақтардың ішінен суырыла алға шығып, екінші орынды иеленді. Жобаға Алматы қаласынан 1300-ге жуық оқушы қатысып, аудандық кезеңде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар іріктелініп, қалалық кезеңге әр ауданнан 3 оқушы жолдама алды.  Оза шапқан кіл жүйріктердің ішінде Аружанның жетісітігіне жеке тоқталып, оқырмандармен бөлісу үшін, алдымен, өзімен тілдестім:

–Аружан, жүлделі орының құтты болсын! Сайыс қалай өтті? «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына өткен жылы да қатысып, топ жарған едің. Осы жылы байқау қиын болды ма? Мықты қатысушылар көп болған шығар?

–Иә, көп-көп рақмет! Былтыр да байқауға қатысып, жеңімпаз атанып едім. Осы жылы да сайыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым да жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Бәсегеге толы, тартысты әрі күрделі болды. Былтырғы жарысқа қарағанда бұл жолы жарыс аздап өзгеше өтті, мысалы, өткен жылғы жарыста біз эссе жазып, қазақ  әдебиеті пәні бойынша сұрақтарға жауап берген болсақ, ал осы жолы тек қана көнерген сөздердің мән-мағынасын ашып, жырды мүдірмей айтып шықтық. Жарыс былтырғыдан қарағанда өте күрделі болды, жырды жаттап алып оны нақышына келтіріп айтудың өзі де оңай дүние емес. Қалалық кезеңде жарыс үш турдан тұрды: бірінші кезеңде жырды тоқтамай, қателеспей айттып шығуымыз қажет болды, яғни әділ-қазылар алқасы жырдың кез-келген бетінен сұрақ қояды, ал біз жырды жалғастырып кетуіміз қажет. Ал екінші кезеңде  жеребе тарту арқылы билеттен сұрақтарға жауап бердік. Үшінші кезеңде жыр ішіндегі көнерген сөздердің мағынасын дұрыс аша біліп, жырды қайтадан орындап шықтық. 

Байқаудың ең басты талабы бойынша 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын жаттау қажет болды. Осыншама көп ақпаратты жаттауда қиналдың ба? Есте сақтау қабілетіңді жақсарту үшін арнайы жаттығу жасап, не болмаса жақсы тамақтануға көңіл бөлдің бе?   

–Есте сақтау қабілетімді жақсарту үшін өзіме аса ерекше қараған жоқпын, шоколад, грек жаңғағын т.б. тағмдарды да тұтынған емеспін. Менің еске сақтау қабілетімнің дамуына олардың әсері жоқ, бұл бойыма берілген дарындылық деп санаймын, менің арғы атам жыршы, айтыскер болған. Бәлкім сол кісіден берілген қасиет. 

–Байқауға қатысудағы мақсатың қандай еді? Оқушылардың талайы бәйгеге тігілген қомақты қаржыға қызыққаны рас. Байқауға ұзақ уақыт дайындалған екенсің. Дайындық барысыңда нені ескерген жөн? Жырды мүдірмей жаттау үшін қатысушы қандай болуы қажет?

Әрине, байқауға қомақты ақша тігілді. Бірақ, бұл жердегі мақсатым ақша емес, жастарға  да айтарым, егер жарысқа ақша үшін қатысқалы жатсаңдар, жеңістен мүлдем үміттенбей-ақ қойыңдар. Дайындық барысыңда нені есекру қажет? Біріншіден, жырды толығымен жаттау керек, қайта-қайта қайталап отырмаса, тез ұмытылады. Ескерерлік жайт, жырды жаттау кезінде «Қай жерден қателесіп кеттім, қай жерде мүдірдім?» деп өзіңді бақылап отыру мыңызды, жырдың әрбір сөзіне мән беріп, дұрыс жаттауды қалт жібермеу керек. Кейбір қатысушылар жырдағы жолдар мен сөздердің орындарын  ауыстырып қолданып жатты, бір жолын айтып келе жатып, мүлде басқа бетке ауысып жатты. Егер бәріне мұқият қарасақ, мұндай кемшіліктерге жол бермейміз.

Бұл сайыс жайлы естігенімде, сайысқа қатысуға бірден қарсы болдым. Себебі, өткен жылы да қатыстым, қайтадан қатысқым келмеді. Бірақ, ата-анам мен тәлімгерім тағы да бақ сынап, қатысып көруімді сұрады, оның үстіне байқаудың республикалық кезеңі болатынын айтып, ауқымы кеңейгенін ескертті. Сондықтан байқауға қатысып, республикалық кезеңге өтуді мақсат еттім. Жыр жаттауға қатты қызығушылығым оянып, құштарлана түстім, республикаға өтем деген мақсатыма жету үшін  жатсам-тұрсам жырды қайталадым. 

–Күніне қанша бет жаттай аласың? Дайындық кезінде қалай жаттадың? Жырдағы тарихи сөздер мен көнерген сөздерді есте сақтау қиын болмады ма?

–«Алпамыс» батыр жырын күніне үш беттен, «Қобыланды батыр» жырын күніне төрт беттен жаттап, екі жырды  да бір айдың көлемінде бітірдім. Бір жырды толығымен жаттаған оқушы өзге ұсақ-түйектер оған түк емес, еш қиналмадым.

Былтыр «Алпамыс батыр» жырын толық жаттадың, тіпті орындауың да, дикцияң да, мимикаң мен орындау шеберлігің барлғы да өзіңе жарасымды, тыңдаушыны өзіңе баурап алатын ерекше қасиетің бар. Дәл қазір Алпамыс батыр жырының кез-келген жерінен сұрасам, жауап бере аласың ба?

Өкінішке орай, дәл қазір айта алмаймын, себебі «Қобыланды батыр» жырын жаттау кезінде «Алпамыс батыр» жырын есімнен шығарып, осы жылғы сайысқа көп көңіл бөлдім. Келешекте екі жырды да жоғары деңгейде орындауға тырысатын боламын, қаншама дайындықтан соң ұмытып кетсем уақытым зая кетпей ме? Осы деңгейімнен төмендемей, ары-қарай да жаттыға беремін. 

–Жарысқа дайындалу сенің сабақ оқуыңа кедергі келтірмеді ме? Бәріне де қалай үлгердің?

–Екі жыр жаттау сайысына да қатыстым, екеуіне де үлгере алдым. Тіпті сабақ үстінде де жырды оқып қайталап отырдым, сабақтан қатыспай, мектепке келмей қалу деген менің жаныма жат нәрсе, егер де адам баласы шынайы ниеттенсе, барлығына да үлгеруге болады.

–Білуімше, жыр жаттау сайыстарынан  өзге де байқауларға қатысқан екенсің...

– Мен өлең оқуды балалық шағымнан бері ұнататынмын, ал нағыз додаларға қатысуды бесінші сыныптан бастадым. Ең алғаш «Абай» оқуларына отыз екі өлеңмен қатыстым, ол уақытта менің өлең жаттау дейгейім өте төмен еді, тіпті 20-30 шақты өлеңді жаттау мен үшін ауыр болды, мен жоғары жетістікке жету үшін еңбектеніп, бірнеше сатыдан өттім. Алтыншы сыныпта 102 өлеңге жеткізіп, екінші орын иелендім, жетінші сыныпта 164 өлең мен 5 қара сөз, Абайдың екі поэмасын, Шәкәрімнің 70 өлеңін жаттадым, аудандық, қалалық жарыстардан I-орын алып, республикалық кезеңге жолдама алдым, сегізінші сыныпта оқыған сәтімде дайындығымды арттыра түсіп, 250 өлең, 2 поэма, 20 қара сөз жаттадым. Осы күнге дейін көптеген олимпиадалар мен байқауларға үзбей қатысып тұрдым. «Абай-Шәкәрім» оқуларының аудандық, қалалық байқауларының бас жүлде иегерімін, Семейде өткен 18-ші республикалық «Абай-Шәкәрім» оқуларының жүлдегерімін.  «Шәкәрім» оқуларының аудандық, қалалық байқауларының бас жүлде иегерімін, Қ.Бітібаева атындағы қалалық қазақ тілі мен әдебиеті олипиадасының II-орын, республикалық кезеңінде III-орын иелендім. Сонымен қатар, «Ілияс» оқуларыңа, «Мұқағали» оқуларыңа да қатысқанмын. Әр сайыста менің тәжірибием артып, еске сақтау қабілетімді дамытып отырдым.

–Бірнеше ай бұрын қойылым қоюға дайындалып жатырмын, уақытым болмай кетті деп едің. Актерлық шеберлігіңнің барын білдік, қашаннан бастап драматургияға қызуғышылығың артты?

«Алпамыс батыр» жырын жатқа оқу сайысынан жүлде алғаннан кейін менің мектебіме қойылым қою жөнінде ұсыныс түсті. «Алпамыс батыр» жырын сахнаға алып шығу осылайша ойымызға келді, мен жырдағы «Алпамыс батырдың» жары «Гүлбаршын» кейпін сомдадым. Маған әйел адамның, ананың рөлін ойнаған қатты ұнайды, «Bala Art» командасы құрылған сәтте, бірнеше рөлдерді алып шықтым. «Желтоқсаншылар» қойылымында Қайрат Рысқұлбековтың анасының рөлін, «Найман-ана» қойылымында соқыр ананың рөлін сомдап,  көпшіліктің ықыласына бөлендім. 

–Өтінішімді қабыл алып, менімен тілдескеніңе алғысым шексіз. Келешекте  тек жеңіс тұғырынан көрініп, жетістіктерге жетуіңе тілектеспін. Еліміздің мақтанышына айналып, асқар шыңдарды бағындыра бер, артымыздан ерген жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, өрге жүзе бер! Рақмет!

Сұхбаттасқан Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы

 

«Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының қалалық кезеңі, 2019 жыл.

«Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының қалалық кезеңі, 2018 жыл.

Пікірлер