Мьянмада болған жойқын жер сілкінісі салдарынан Мандалай қаласындағы мешіт құлап, кемінде 10 адам көз жұмды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жергілікті Khit Thit басылымының мәліметінше, мешіт үйінділерінің астынан бірнеше адамның денесі табылған. 7,9 балдық алғашқы зілзаладан кейін 12 минуттан соң 6,4 балдық тағы бір жер сілкінісі болды.
Зілзала көрші елдерде де айтарлықтай сезілді. Таиландтың Бангкок қаласында билік көпқабатты үйлерден тұрғындарды эвакуациялап, метро қозғалысын уақытша тоқтатты. Сонымен қатар, жер асты дүмпулері Бангладеш, Үндістан, Лаос, Қытайда да байқалған.
Қазіргі таңда Мьянмада құтқару жұмыстары жүргізілуде. Билік қираған ғимараттар астында адамдар қалуы мүмкін екенін айтып, зардап шеккендер санын нақтылау үстінде.
Табиғи апатқа байланысты елдің бірнеше аймағында төтенше жағдай жарияланды.