Сонда дәрігерлер - қылмыскер болғаны ма? Бұл қалай?

4577

         Аса құрметті, Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев!

Соңғы уақыттарда дәрігерлерді сотқа сүйреу, медицина қызметкерлеріне бар кінәні аудару сынды жағдайлар көбейіп кетті. Дәрігерлер өз ісімен, яғни адам емдеумен айналысудың орнына, әділдік іздеп, сотты жағалауға мәжбүр болуда. Бұл қоғам үшін өте қауіпті тенденция. Өйткені мұндай жағдайлар онсыз да, күн өткен сайын саны азайып бара жатқан дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, өз жұмысынан мәжбүрлі түрде бас тартуына түрткі болып отыр. Осы мәселелерге байланысты, медициналық қауымдастықтың өкілі ретінде Сізге бостандықтың, ар намыстың кепілі ретінде хат жазып отырмын.
Анестезиолог-реаниматолог ретінде жұмыс тәжірибем 32 жылды қамтиды. Медицина ғылымдарының докторымын, денсаулық сақтау саласыныңы үздік маманымын, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегерімін және жоғары санаттағы дәрігермін. Өкінішке қарай, осынша жылдық еңбек тәжірибеме қарамастан, мен және әріптестерім қылмыстық іс бойынша куәгер дәрежесінен күдіктілер дәрежесіне ауыстырылып, қудалауға түстік. 1955 жылғы Аминова Надия Муратовна атты науқастың қайтыс болуына байланысты бзді қазір күдіктілер қатарына енгізді.
Қазіргі кезде Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасында анестезиолог реаниматолог дәрігерімін. 2016 жылғы шілдеден 2019 жылғы наурызға дейін Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханада (ҚКА) анестезиология және реаниматологияның бөлім меңгеруші қызметін атқардым.
21.01.2019 ж. сағат 20:22де Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасына денсаулығы өте ауыр жағдайда Аминова Надия Муратовна жеткізілді. Тыныс алуы қиын, жүрегі қысылуы мен өкпе қантамырларында ұсақ тармақтарында тромбоэмболия белгісі бары айқын көрінді. Қабылдау бөлімінде науқасты мультидисплинарлы жүйе бойынша кезекші терапевт пен реаниматолог қарап тексерді.

«ИБС. Стенокардия напряжения. 3ФК. Нарушение ритма сердца по типу фибрилляции предсердий, тахиформа. ХОБЛ категория Д тяжелой степени тяжести, фаза обострения. ДН 3 ст. осложненная ТЭЛА. Артериальная гипертензия 3 ст. ФР4» диагнозы қойылды. Шұғыл жағдайда науқас жан сақтау бөліміне жатқызылды. Туыстарының айтуы бойынша анамнез жинақталды. Науқастың көп жылдан бері жүрегі ауырады екен. АГ,ИБС,ХОБЛ бойынша Д тіркеуінде тұрады. Алдын алу, емдеу шараларын қолданбаған, 40 жылдан бері шылым шегеді. Үлкен қызы мен күйеуі соңғы үш жылда науқастың ингалятор (беродуал) қолданғанын және эуфиллин дәрісін ішіп келгенін айтты. Пульмонологтың бақылауында болған. Науқастың амбулаториялық картасында « УЗИ сердца от 2013 г: фракция выброса была 36 %. Периодические отеки на ногах, на руках» деп көрсетілген.
Жағдайының ауырлығына байланысты науқас анестезиология және жан сақтау бөліміне жатқызылып, ИВЛге ауыстырылды. Сонымен қатар науқасқа анестезиология және жансақтау кафедрасының профессорларынан арнайы кеңес берілді. Науқас қабылдайтын барлық ем шаралар медициналық нұсқаулықтар бойынша және ұжымдық тәртіпте (пульмонолог, штаттан тыс невропатолог, нейрореабилитолог, кардиолог, аритмолог т.б. кеңесу барысында) жасалды. 28.01.19ж. сағат 13:00де науқастың тынысының тарылуы салдарынан ісініп кетудің алдын алу үшін арнайы трахеостомикалық түтік қойылды. Соның нәтижесінде тынысының тарылуы қалыпқа келіп, клиникалық және зертханалық сараптамалары дұрысталды. Тоқтаусыз жасалған емдеу жұмыстарына қарамастан, науқастың аыр жағдайы түзелмеді. Өйткені осыған дейін бұзылған денсаулықтың салдарынан ағзасындағы маңызды органдарға нұқсан келген. 30.01.19ж. сағат 23:57 науқастың жүрек қағысы тоқтады. Шұғыл жасалған реанимациялық іс шаралардан кейін науқастың жүрек соғысы 28 минуттан кейін қайта қалпына келтірілді.
Реаниматолог дәрігерлер мен кезекші медбикелер науқастың жанында тәулік бойы болып, жоғары деңгейдегі дәрігерлік көмектерін көрсетті. Алайда реанимациялық көмектің күшейтілген көмегі берілгеніне қарамастан, өкінішке қарай, 18.02.19 ж. сағат таңғы 05:10да, яғни ауруханаға түскен күннен 28 күн өткенде науқастың жүрек соғысы тағы тоқтады. 18.02.19 ж. сағат 05:40та науқас қайтыс болды. Науқас Н.М.Аминованың өлімі ауыр соматикалық аурудың өршіп кетуінен орын алды. Туыстарының діни ұстанымына сай өтініші бойынша Аминованың денесі кесілмеген күйі жақындарына тапсырылды.
Арада бірнеше күн өткен соң, науқастың күйеуі құзырлы органдарға мені кінәлап шағым түсіріпті. Аминованың күйеуі өз шағымында әйелінің өліміне трахеостомикалық түтікті қою себеп болғанын алға тартады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің тексеру жұмыстарының нәтижесінде менің іс әрекеттеріме қатысты ешбір ескерту жазылмаған. Өйткені трахеостомикалық түтік өмірді сақтау үшін дер кезінде, дұрыс қойылып, науқастың соңғы деміне дейін тыныс алуына жәрдем еткен. Сонымен қатар Аминова сол түтік арқылы 20 күн өмір сүрді.
Жақын адамыңды жоғалтудың өте ауыр екенін білемін, түсінемін. Н.М.Аминованың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпын. Өкінішке қарай, Н.М.Аминованың жақындарының шағымы бойынша қазір мен №317 баптың 3 пункті бойынша тергеуге алындым. Соның салдарынан отбасым мен өзімнің көңіл күйіме кері әсері тиюде. Сонымен қатар өзімнің дәрігерлік жұмысымды да жоғары деңгейде атқаруыма кесірін тигізуде. Н.М.Аминованың өліміне тікелей қатысым болмағанына қарамастан, 48 сағат бойы тергеу абақтысында отыруыма тура келді. Еш қайда кетпеу туралы қолхатпен үйге шығарылдым. Алайда тергеу әлі де жалғасуда. Сонда біз, дәрігерлер қылмыскер болғанымыз ба? Қоғам бізді, ақ халатты дәрігерлерді қауіпті адамдар санайтын болғаны ма, бұл қалай?
Менің тарапымнан науқасқа жоғары кәсіби деңгейдегі медициналық көмек толық берілді деп сенімді айта аламын. Науқастың өлімі медициналық көмектің сапасыздығынан орын алған жоқ. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келген жәрдемді түгел жасадық.
Қасымжомарт Кемелұлы, осы жағдайға байланысты, менің ар намысымды қорғауыңызды сұраймын. ҚР ҚК 317 бап, 3 пункті бойынша жүргізіліп жатқан осы істің тоқтатылуына пәрмен беруіңізді өтініп,сұраймын. Мен тергеу абақтысында күдікті ретінде тергелуді емес, өзімнің сүйікті дәрігерлік жұмысымды істеп, адам өмірін сақтау жолында тер төккім келеді.

Сізге деген құрметпен, дәрігер, анестезиолог-реаниматолог,
Сулейменов Бекболат Кинаятович.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket