Белгілі композитор, музыка зерттеуші Ілия Жақанов ағамыздың бір сұхбат үстінде айтып қалған «Енді ешуақытта қазақтың ұлттық композиторы болмайды, демек, қазақтың классикалық әні де ешқашан тумайды» деген аса қатқыл шыққан пікірі төбе құйқамызды шымырлатып өткен еді. Сырттай өз қарсылығымызды білдірсек те, іштей үнсіз мойындасқанбыз...
Ән дегеннен шығады, бүгінгі эстрадалық әндердің дені ойнақы, той сарынында жазылатын, өңделетін болып жүр. Бірақ, бір таңғаларлығы, қай-қайсысымыз да сол әндерді тоқтай қалып тыңдаймыз. Неге? Өйткені сөзі жеңіл, әуені ойнақы. Тыңдай қалсаңыз, көңіліңіз көтеріліп сала береді. Бүгінде репертуарын «Ақмаржан», «Қызыл өрік» сынды ойнақы әнмен толтырғандар тойдың гүліне айналып үлгерді. Демек, нәпақасын тойдан табатын әншілердің көпшілігі енді жаппай сұранысқа қарай өнім ұсынуға жанталасып, ақ тер, көк тер болуда. Сондықтан да болар, жеңіл-желпі, ойнақы әндер тойды былай қойғанда, эстрада әлемін түгел жайпап келе жатыр. Мұның себебін неден іздейміз? Әрине, түйткілдің әуелгі тетігін талғамға әкеп тіресек, екіншіден, кінәратты сол әндердің өңделуінен де іздеген жөн болар. Қазір қазақ әндерін кім өңдейді? Ә дегенде, «МузАрт» сынды бірді-екілі студиядан өзге ән өңдейтін кәсіби орталықтың аты аузыңызға түсе қоймайды. Ал қаумалаған көп әншінің бірді-екілі студияға қарап, мандытып іс тындыра қоймасы және анық. Себебі үлгермейді. Сондықтан да әндерін өңдетіп, бейнебаяндарын түсіру үшін Ташкентке сабылуға мәжбүр. Әрі арзан, әрі тез. Өнерді кәсіпке айналдырып алған базбіреулерге бұл – таптырмас олжа: ақша аз кетіп, әйтеуір әні жарыққа шықса болды. Ал ол әннің сапасы мен көркемдігіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» екен деп, білгендерін істеуде. Соңында зардап шегетін – тағы да тыңдарман мен өнер.
Cіз не дейсіз?
Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
– Кезінде Әміре, Әсеттерді тудырған әнші халық едік, енді биші болдық. Бір ғана мысал айтып өтейін, өзбектің базарына дейін өзінің ұлттық, таза дәстүрлі дүниелері күні-түні ойнап тұрады. Өзбек жеріне табаныңыз тиісімен-ақ, сайраған әні арқылы қайда келгеніңізді сезінесіз. Бізде бәрі басқаша: белгілі бір дәстүрлі әндер кеші, ресми ән кештері болмаса, ұлттық нақышқа бай қазақы әндерді тыңдау мүмкін емес. Халқымыз: «Не ексең, соны орасың», – дейді.
Қазір арзан музыка көбейіп кетті деп жатсақ, бұл да – өз еккеніміздің жемісі.
Бағлан ОМАР, сазгер, ән әрлеуші:
– Қазақ әндеріндегі жат сарын жайы тілге жиі тиек етілетін болып жүр ғой. Алайда оны тек өзбектік сарын деп қана айтуға болмайды. Өзбектердің өздері саздарының түп төркінін үнді, араб, түрік стильдерінен алады. Мұны жалпы шығыстық үлгі десек, дұрысырақ болады. Сол себепті де мұны «жат» деп, үдере қашуға болмайды. Тек біздің қазақтың эстрадасы емес, жалпы дүниежүзі эстрадасының өзі төл ән, күй мәдениетіне шығыстық стильдегі элементтерді кіргізіп жатыр. Өйткені Еуропаның музыкасы тоқырау кезеңін бастан кешеді. Сондықтан стильді қай жақтан алсақ та, оны өзінің орнымен дұрыс, сауатты пайдалана алсақ, меніңше, оның еш сөкеттігі жоқ.
Біздің бүкіл трагедиямыз – бүгінде қазақтың танымдық, философиялық, музыкалық деңгейі төмен. Мұнымен қоса, ұлт санының аздығы да оның рухына әсер етіп, еңсесін көтертпей отыр.
Кезінде әлеуетіміз күшті, тегеурініміз мықты еді, қазір, өкінішке қарай, одан айырылудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Себебі ұлттық музыкамызға әртүрлі әуендерді қасақана таңды, жолдан тайдырып, ішкі дүниемізді өзгеріске түсіргісі келді. Ал енді аранжировка мәселесіне келсек, өңдеу жасайтын адамдардың дені жас жігіттер де, олардың көбісінің музыкалық сауаты жоқ. Қанша талантты болса да, ар жағында фундаменті болмағаннан кейін, бәрібір қателікке ұрынады. Сондықтан бізде өңдеу жасайтын адамның мәртебесін көтеру керек. Бізде өңдеушілікке арнайы штат та бөлінбеген. Өңдеуші жұмысына әншілер қауымының барлығы зәру. Солай бола тұрса да, олар өз деңгейінде ешбір марапат көрмейді. Ән әрлеушілердің мәртебесін көтерген жағдайда өнерге үлкен жауапкершілікпен қарайтын кәсіби өңдеушілер келеді, әннің де сапасы артады.
Заттыбек КӨПБОСЫНҰЛЫ, эстрада әншісі:
– «Әндер биге лайықталып жазылмауы керек» деген қандай заң бар? Мәселен, менің әндерімнің қатарында өзбек, шығыс стилінде әрленгені жетерлік. Репертуарымыз шығыстық стильде байытылды екен деп, еңбегімізді жоққа шығаруға болмайды. Әннің барлығы салмақты, патриоттық, лирикалық тақырыпта жазылып кетсе, халықтың бәрібір өзге ұлттың өнімін тұтынуына, ойнақы әндердің әуенінде билеуіне тура келеді. Қазақ бар жерде той бар. Сол себепті де біз әндерімізді осы бағытқа қарай лайықтап, биге ыңғайлы болу үшін солай жаздырып жатқан да жайымыз бар. Егер барлығының жөнін тауып жымдастырса, әрине, қазақ әндерін де биге лайықтап өңдеуге болады. Біз сол үшін еңбектеніп жүрміз.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
– Музыка дегеннің өзі ағын су секілді ғой, қалай бұрсаң, сол арнасымен жылжып кете береді. Бүгінгі қойыртпақ әуенмен ержетіп келе жатқан жастар танымынан соны аңғаруға болады. Қазір әнді әрлейтін мамандардың дені Өзбекстаннан тартылады. Өйткені Өзбекстанда жасалған жұмысқа төленетін ақшаның Қазақстанға келгенде тиынға татитын құны қалмай қалады. Сондықтан бізге келіп, нәпақасын табу әлдеқайда тиімді. Оларға оңтайлы болғанымен, опық жеп жатқан – біз.
Бүгінгі әндерді тыңдай қалсаңыз, өңдеу жасаған ұлт өкілінің қолтаңбасын жазбай танисыз. Әсіресе, өзбектік сарын аса айқын байқалады. Яғни біз әнімізді өзбектерге өңдету арқылы жат иірімдерді байқатпай, төл өнерімізге сіңіріп жатырмыз.
Қазір радионы ашып қалып, кез келген арнаны тыңдап көріңіз, мынау қазақтың эстрадасы деп айтарлық ән аузыңызға іліге қоймайды. Бәрібір өзгенің қолтаңбасы, сарыны сайрап тұрады. Тіпті әуенді айтпағанда, кейбір жас әншілердің қай тілде ән айтып тұрғанын да кейде ажырата алмай қаламыз. Тілдерінің өзі басқаша. Зейін салып тыңдамасаң, қазақтың әні деп мүлде ойламайсың. Жас баламен қай тілде сөйлессең, тілі солай шығады ғой. Осындай қойыртпақ әндерді тыңдап өсіп жатқан бала ертең «қазақтың әні осы екен» деп ержетеді, санасына солай сіңіреді. Ал бұл – өте қауіпті, ұлттық нақышымыздың біржола жойылып кетуіне де алып келуі әбден мүмкін жайт.
Назерке РЫМБЕКҚЫЗЫ, «Алаш айнасы».