– Ол менің Алматыға, оның ішінде, Құрманғазы консерваториясына арман арқалап келген кезім еді. Оған дейін Гурьевтің (қазіргі Атырау) музыка училищесін бітіргенмін. Әлі есімде, бір топ албырт жас консерваторияның ауласында әзіл-қалжың айтып отырғанбыз. Кенет анадай жерден құдды Буденныйдың мұртындай мұрты бар, подполковник шеніндегі әскери форма киген бір адам қалың жұртты қақ жарып келе жатты. Жанында талдырмаш келген, бұрымы тобығына төгілген өте көрікті де сұлу қызы бар. Сөйтсем, бұл – әскери шенді кісінің Жамбыл облысынан қызын консерваторияға оқуға алып келген сәті екен. Сұлу да келбетті, бұрымы тобығына төгілген әлгі қызды алыстан көріп-ақ, ғашық болғаным-ай… Айтып жеткізу қиын. Алла тағала аузыма салды ма қайдам, сол сәт қасымда болған, консерваторияның студенті, біздің елдің тіс қаққан жігітіне: «қара да тұр, мына, қыз бұйыртса, менің әйелім болады!» деп салмасым бар ма?!. Сонымен, ол да, мен де бағымыз жанып, студент атандық. Өрікгүл ә, дегеннен оқу озаты болумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бірде ол өңкей жас қыз-жігіттердің алдында Абай туралы маңызды баяндама жасады. «Ойымды айтайын» деп оқталғаныммен айта алмадым, Тіпті жақынырақ барайын десем, жете алмадым. Сөйтіп, арада екі жылдан кейін мұртын ширата қайырған «Буденныйдың» қасында келе жатқан әлгі қызды Алла тағала менің өмірлік жарыма айналдырды. Маған Буденный боп көрінген Жармұхаммед Қайырбеков ақыры менің қайын атам болып шықты.
– Сонда сіз жеңгемізге алғашқы сөзді неден бастадыңыз?...
– Бұл сұрағыңызға Өрiкгүл жеңгеңіздің өзі жауап бергені жөн болар...
Өрікгүл: – Менің ата-анам ұстаз болған адамдар. Атам Әділбек жыршы-күйші болған адам. Кішкентайымнан атам мен әжемнің қолында өстім. Атам маған «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс батыр» тәрізді жырларды дауыстап оқытатын. Еңбегім үшін тәтті кәмпит беретін. Еңбегімнің бағаланғанына қуанған мен жырды бірінен соң бірін шаршамастан екпіндете оқитынмын. Өнерге деген құштарлық мені консерваторияға алып келді. Әкем, жаңа Шәміл айтқандай, әскери адам еді. Сәл шегініс жасап, еске түсірсем, мен 10 жылдықты бітірер жылы көрнекті мәдениет қайраткері, халық артисі Асқар Тоқпанов бастаған бір топ өнер адамы Таразға келді. Сол жолы олар мектеп-мектепті аралап, жастарды консерваторияға оқуға шақырды. Олардың алдында жатқа білетін өлеңімді оқыдым. Олар «сен Алматыға, консерваторияға кел!» деп қолқа салды. Шәмілдің мені алғаш көргені сол кез болатын.
Содан студент атанып, бір күні жатақхананың коридорымен келе жатқан менің құлағыма айрықша орындалып жатқан «Ақсақ құлан» күйінің күмбірі келді. Құлағымды тосып тыңдаймын, күйдің орындалуы мұңлы, сазды. Әдеттегіден өзгеше күй шертіс. Бірақ студент қыздардан «құлағы қалқиған, өзі күй тартатын Шәміл дейтін студент-жігіт бар, өзі паң, ешкімді менсінбейді» деген пікірлерін арагідік құлағым шалатын. Содан ары өтіп, бері өтіп әлгі күйді тыңдаймын. Енді бір сәт есіктің сыртына жақын барып, «Ақсақ құланды» тыңдадым. Әуелете орындалып жатқан күй кенет тоқтап қалды.
Сыртта біреудің тұрғанын Шәміл байқаған болса керек, бір кезде есік сарт етіп ашылғанда көзімнің оты жарқ етіп, есік маңдайыма сарт ете түсті. Сонда Шәміл «е, сіз келіп тұр екенсіз ғой?» деді маған маңғаздана. «Жоқ, сізге келген жоқпын, күй тыңдап тұрмын» деп салдым. Содан бұрылып жүріп кеттім, ол тапжылмастан орнында қалды. Шәмілдің жүріс-тұрысы өзге студент-жігіттерден өзгеше болатын. Өзі көп ешкімге қосылмайды. Дегенмен Шәмілдің әуеннен туған, өнер үшін жаратылған адам екенін іштей сезетінмін. Содан бір күні біздің бөлменің есігін біреу ерекше бір музыкалық әуенмен қақты. Бәленің бәрін айтпай сезетін бөлмелес қыздар, «әй, мынау әлгі қалқанқұлақ Шәміл болар» деді. Сол-ақ екен, есік ашылып, ар жағынан Шәміл көрінді. Ол маған бірден «киноға барайық» деп қолыма ТЮЗ-дің билетін ұсынды. «Адам деген қолым бос па, жоқ па, сұрамаушы ма еді» деп іштей күйіп-пісіп, бара алмайтынымды айттым. Ол болса «онда былай!» – деді де қолымнан билетті жұлып алып, жыртып-жыртып тастады. Оның бұл қылығын сырттан бағып отырған қыздар маған: – Мынаған жолама! – деп ултиматум қойғандай пікірін білдірді. Бұл оқиғаға жүрегім қатты ауырды. Сөйтіп, бірде Шәмілді күтіп тұрып: – Сіз кешіріңіз, өткен жолы бара алмаған «Анна Каренина» деген кино жүріп жатыр екен, бүгін баруымызға болады, – дедім. Бұл сөзімді естіген Шәміл консерваторияның іргесіндегі ТЮЗ кинотеатрына барып, лезде екі билет алып келді. Оның мұнысына таңданғанымды білдірместен: – Жалғыз бармаймын, қыздардың бәрі-не билет алыңыз! – деп салдым. Сөйтіп, сол жолы шәміл бөлмелес қыздардың бірін қалдырмай киноға апарды. Алайда Шәміл киноны көрді ме, көрмеді ме білмеймін, әйтеуір кино біткенше маған қарағыштаумен болды (сол бір ұмытылмас кезең естеріне түсті-ау-деймін, екеуі біріне бірі қарап, біраз күліп алды – Ж.М.). Сөйтіп, Шәмілдің өте қиын әрі өзгеше музыкант екендігіне, айтқан сөздері баладай, ал атқарып жүрген істері данадай екендігіне алғаш рет айқын көз жеткіздім. Ақыры, екеуміз үлкен өмірге қол ұстасып, бірге аттандық.
Дерек-дәйек:
Шәміл Әбілтай – күйші-композитор. Атырау облысы, Толыбай құмындағы Қарақызыл қыстағында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында Қ.Жантілеуов пен Қ.Мұхитовтың домбыра класын бітірген. 1994 жылдан Құрманғазы атындағы халықаралық қордың президенті. Күйші болып қалыптасуына алдымен, әкесі Әбілтай, одан соң Көшелі, Кәмеш, Серікбай сынды күйшілер ықпал еткен. Ол «Заман-ай», «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек» сынды күйлерімен қоса, «Күй ата», «Ордабасы», «Аңсау», «Өрікгүл» тәрізді көптеген әндерімен жұртшылыққа жақсы таныс.
Шәміл: Сөйтіп, 1969 жылы сәуірдің 30-да Алматыдағы «Алтын алма» мейрамханасында комсомолдық той жасадық. Бұл менің күйші ретінде консерватория, тіпті қала аумағында көріне бастаған кезім. Біздің тойымызға консерваторияның ректорынан бастап барлық ұстаздарымыз келді. Тойға көрнекті театр актері, айрықша өнер иесі Құрманбек аға Жандарбеков Бекежанның, ал Ғарифолла аға Құрманғалиев Шегенің арияларын кезекпен айтып кірді. Тума талант иесі Асқар Тоқпанов үйлену тойымызда сөз сөйлеп, салтанатты жағдайда ашты. Ұстазым, күйші Қали Жантілеуов тебірене күй тартты. Тойды өкіл әкем саналатын алаштың ардақты азаматы, марқұм Ишанбай аға Қарақұлов пен ақын Хамит Ерғалиев және өзіміз «данышпан» деп атап кеткен лениндік стипендиат, кейіннен Орталық комитетте қызмет жасаған, халық қалаулысы болған Тілеутай Ыбыраев есімді азаматтар ұйымдастырды. Көрнекті ақын марқұм Дүйсенбек Қанатбаев тойымызға арнап, жар-жар жазды. Содан бері міне, құдайға шүкір, жұбымызды жазбай 44 жыл отбасылық ғұмыр кешіп келеміз. Ол кезде мен 21 жастамын, ал Өрікгүл 20-да еді. Отбасымызда Азамат, Айнаш және Ақсұңқар есімді ұл-қыздарымыз өсіп, ержетті. Аңсұңқарымыз біздің шығармашылық жолымызды жалғасырады-ау деген үмітіміз бар. Өзі ән айтады, бірнеше тілді меңгерген. «Нұр Отанның» Жастар қанаты атынан Елбасына арнаған толғауы бар. Таяуда алғаш рет орындады. Қазір екеуміз де зейнеткерміз, бірақ өнер адамында демалыс жоқ.
– Шәміл аға қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа өзінің әнін арнаса, сіз ұлт Көшбасшысы, қазақ елінің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Ұлытау» деген әнді өмірге әкелді деп естідік. Сол ән өмірге қалай келді?..
Дерек-дәйек:
Өрікгүл Әділбекова – Жамбыл облысының тумасы. Құрманғазы атындағы консерваторияда Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова сынды халық әртістерінен дәріс алып, актерлік мамандықты игерген. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында 16 жыл бойы актер болған. Бейімбет Майлиннің «Неке қияр», қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», Мольердің «Сараң», Әкім Таразидің «Асау бөкен», өзбек драмтургі Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» және Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажал» тәрізді көптеген пьесаларында басты рөлдерді сомдап, өнерсүйер қауымның құрметіне бөленген.
Өрікгүл: Біз Елбасымен мақтануымыз керек. Себебі Назарбаевтай ұлы қайраткер, сұңғыла, данышпан, болашақты болжай білетін әлемдік деңгейдегі тұлғаны халқымызға Алла тағала бере салғаны үшін біздер өте бақыттымыз! Қазақ елі әлемнің өркениетті, экономикасы мен әл-ауқаты анағұрлым жоғары сатыға көтерілген көптеген елдермен алыс-беріс орнатты. «Қазақстан» деп аталатын кең-байтақ Отанымыз бар екендігін тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдерге сапары арқылы айқын таныды. Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ғасырдың ең әсем қаласы – Астананы салып, өте үлкен батыл-дық көрсетті. Міне, осыны жан-жақты пайымдаған менің ойыма бір сәт әсем әуен қайта-қайта орала берді. Сол әуенді ыңылдап жүріп, көмекейіме әннің сөздері де оралды. Ақыры, әуезді ән өмірге келіп, әннің атын «Ұлытау» деп қойдым. Бұл әнді елінің ертеңін, жастардың болашағын ойлаған ұлт Көшбасшысына өз тарапымнан айтқан аналық ақ тілегім деп қабылдауға болады. «Ұлытау» әні Елбасына шынайы сезімнен туған, жүрек лүпілі екені анық! 2007 жылы Астанаға барып, қаланы көргенімде құдды басқа мемлекеттің бір қаласында жүргендей ерекше күй кештім. Астанадан зор әсер алып келген мен үйге келе сала «Астана» деп аталатын кесте тоқыдым. Кестеде Қазақ елінің жаңа елордасы – Астана қаласының бейнесін ұлттық өрнекпен беруге тырыстым.
– Әсілінде, өмір атты ұлы көштің данышпан Абай айтқандай, «соқтықпалы соқпақсыз жолдан» өрілетін сәттері де болатыны анық. Сіздердің қиындықпен кездесіп, жеңген сәттеріңіз болды ма?
Өрікгүл: – Рас, өмір болған соң әсте қиындықсыз болмайды. Бұл – жазылмаған заңдылық. Мысалы, сол бір жылдары біз қайдағы бір алаяқтардың кесірінен Алматыдағы пәтерімізден айырылып қалдық. Амалдың жоғынан қаланың төрт бұрышында пәтер жалдап тұрмаған үйіміз қалмады. Содан ақыры Шәміл намазға жығылып, Жаратқаннан жақсылық сұрады. Сонда мен алғаш рет Шәмілге алып жүруге де ыңғайлы етіп, киелі қағбаның кескінін салып, шағын кестелі жайнамаз тоқып бердім. Ал Шәміл болса, әлгі жайнамазды бірнеше рет пайдаланғаннан соң, «жусаң бүлініп кетеді» деп оны ерекше қамқорлықпен арнайы рамаға салып, жатын бөлменің қабырғасына іліп қойды. Қосағым Шәміл менің еңбегімді соншалықты бағалағаннан кейін мен кесте тоқуға шындап кірістім. Әйтпесе, өмірі кесте тоқып көрген емес едім. Одан кейін тоқыған «Кенесары», «Ақан сері» тәрізді кестелерім әлі күнге үйде сақтаулы. Әсілінде, өнер адамы өнерді кие тұтып, оған қиянат жасамауы керек. Сонда ғана өнер мәңгілік қасиетін жоймайды. Оны мен Шәмілден байқаймын. Егер 25 жастағы күйшілермен салыстыра қарасам, Шәміл қазір бабында! Ол ешқашан күйге қиянат жасаған емес.
– Өрікгүл жеңеше, Шәміл аға сізді қандай қасиетімен баурады?
– Өз басым Шәмілдің күй тарту шеберлігіне ессіз ғашық болдым. Шын мәнінде, ол – «төгіліп тұрған» өнер адамы. Шәмілді Құрманғазының, Тәттімбеттің, Адайдың шынайы ізбасары дер едім. Шәміл күй ойнағанда оның бойынан күйші аталарымыздың қадiр-қасиетін көргендей күй кешемін. Мысалы, соқыр болса да, Бетховен керемет дара тұлғалы өнер адамы болды. Қайталанбас шығармаларды өмірге әкелді. Алайда ол кісі жоқтықтан, кедейліктен далада қаңғып өлді. Жанға бататыны, Бетховеннің жанында оны демеп отыратын адамы болған жоқ. Құрманғазы бабамыз өмірде түрмеге түсті, талай қиындықтарды бастан кешірді. Өкініштісі сол бір кезеңде Құрманғазыдай дүлдүл күйшінi демеп, жебейтін адам болмады. Меніңше, Шәміл күйші әрі композитор ретінде әлі толық ашылған жоқ. Алдағы уақытта талай тамаша туындыны өмірге әкелетіні ақиқат. Өйткені оған сенемін. Өйткені Шәмілге қол ұшын беретін адамдар баршылық. Өз басым соған ризамын.
– Сіз үшін Шәміл ағаның композиторлығы бір төбе. Ал азаматтығын қалай бағалайсыз?
– Егер «кілтін» тапсаңыз, баладай. Егер «кілтін» таппасаңыз, қиын адам. «Менің мінезімді немесе сырымды түсінші» деп адамға жағыну Шәмілге жат.Әдетте, өнер адамдары қияли болады. Олар жүрекпен жеткізілмесе, жүрекпен қабылдай алмайды. Мысалы, бұдан ширек ғасыр бұрын оны сынаған адамдар болды. Міне, сол кезде жүрегім қатты ауырды. Шәміл болса не істерін білмей, аласұрды. Мұндай кездеол көбінесе Алматыдан «қашып», ел-жұртты аралап кететін. Сонда оның жер дүниеге сыймай жүргенін көріп, қатты қиналдым. Мұндай кездерде оған «былай жаса, былай істе» деп айтудың өзі қиын. Бірақ Шәмілді туған халқының, өнерсүйер қауымның түбінде түсінетінін іштей сезетінмін. Мұндайда атамыз қазақ «ат айналып қазығын табады» демеуші ме еді. Онер адамының әйелі болған соң оның ыстығына да, суығына да көнуге, күйінсе бірге күйінуге тура келеді. Әйтпегенде, отбасының шырқы бұзылуы мүмкін. Сонықтан әйел адамның бәріне көнуіне тура келеді. Менің өмірден түйгенім, әйел отағасын сыйлай білуі керек. Сонда ғана бақытты жар бола алады. Осы жағынан келгенде, Шәміл де мені қадірлеп, аялап келеді. Қандайда бір шығарма жазсам оның газет-журналдарда жариялануын ойлап, зыр жүгіреді. Мұны мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ. Кейінгі жастар «тағылым алсын» деп ойлаймын. Менің ойымша, махаббат бейне бір күн сәулесі тәрізді, оны уысыңда ұстай білуің керек. Ұстай алмасаң ұтыласың. Сондықтан әйел баласына ұстамдылық, төзімділік керек. Шәміл тумысынан сезімге берілгіш. Кейде сезімге қатты берілсе, апталап, айлап домбыра ұстамай кететін кездері болады. Мысалы, «кезекті концертке қатысасыз» деп тұрып, тізімнен алып тастаған кездер де болды. Ондай кездерде Шәміл баз кешіп, өзін киелі домбырадан әлдеқайда алыс ұстағанды жөн көреді. Сондай баз кешіп жүрген күндердің бірінде ол «әуен келді, бір әуен келді» деп қуана үйге келді. Сөйтіп, қаламын қолына алып әуеннің нотасын түсірді. Ресейдің көрнекті қоғам қайраткері, Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев туралы ән-толғау осылай өмірге келді. Ән туған соң мен Шәмілге: – «Бәлкім, осы шығармаңды Кемеровоға барып, Аман Төлеевпен кездесіп, орындап берерсің» деген ойымды білдірдім. Бұл ой Шәмілдің көңілінен шықты. Сөйтіп, Шәміл Сібірге жол тарттты. Сол жолы ұлтжанды қазақ азаматы Аман Төлеев Шәмілді туған ағасындай қарсы алып, ат мінгізіп, шапан жапты. Осы сапардан ерекше көңіл күймен оралған Шәміл «мен бұдан былай пендешілікті қойдым. Қара домбырам аман болсын, бәрімізді осы домбырам мұратқа жеткізеді» деп, ерекше қуанышқа бөленіп, қолына домбырасын алып, шығармашылығына шабыт бітірді. Күйзелістен қиялшыл болып кете ме деп ойлаған мен сол жолы Шәміл үшін қатты қуандым. Меніңше, бұл – Шәмілдің үлкен өнер жолындағы екінші рет түлеуі еді. (Шәміл аға ерекше толқыды ма белгісіз, көзіне жас алды. – Ж.М.)
– Шәміл аға, мен көзіңізден жас тамшыларын байқадым. Неге көңіліңіз босады?
Шәміл: – Шынында, қуаныштан көзіме жас алып отырмын. Өйткені өмірде өнердегі ерлі-зайыптылардың өмірі ерекше болады. Бұлай дейтінім, өмірін өнерге арнаған ерлі-зайыпталардың өмірі кәдуілгі шыны тәрізді, аздаған сәтсіздіктен сынып кетуі мүмкін. Сондықтан да олар бірін-бірі барынша жүрекпен түсініп, сыйлай білуі қажет. Біз бірімізге-біріміз сын айтсақ та, әзілмен, сезіммен жеткізуге тырысамыз. Біздің өнердегі үндестігімізде міне, осында! Егер біздің өмірдегі жұптасқан ғұмырымыз кімде-кімге ой салса, біз бақыттымыз. Көзіме жас алғаным, Өріккүл маған бұрын-соңды айтпаған пікірін айтып отыр. Оның пікірі менің жүрегімді тербетті. Тоғыз жасымда әкемнен айырылып, жетім қалған адаммын. Тағдыр маған Өрікгүлді кездестіріп, бақытты етті. Ең бастысы, жұптасып өмір сүрген қырық төрт жылдан бері екі жұрттың – менің ағайындарымның да, төркін-төсінің де тілін таба білді. Әулетім байдың әулеті емес, бірақ тұқымымызда мәрттік бар еді. «Жарты құртты жарып жеу» тәрізді мәрттік біздің әулетке тән. Қалайша толқымайын? Есіме түсіп отырғаны, осыдан тура қырық төрт жыл бұрын әке орнына әке болған Нұтфолда ағам мені Өрікгүлге аманаттаған еді. Қуанатыным, Өрікгүл қайнағасының аманатын ақ-адал орындап келеді. Өрікгүл өз туындыларымен Ел Анасына айналып барады. Сондықтанда оны ана ретінде сыйлап, басымды иемін. Өрікгүл – өмірім менің!
– Шәміл аға, өнерсүйер қауымның сіздің қандай отбасында өмірге келгеніңізді біле жүргені де жөн болар?..
– Мен ата-анамның кенже перзентімін. Әкем Әбілтайдың Бейсенғалиы өз ортасына сыйлы адам болған. 1904 жылы туған. Қазіргі Атырау облысындағы Бақсай қаракөл қой совхозын алғашқы құрушылардың бірі болды. Өзі ауыл шаруашылығы маманы еді. Бір ерекшелігі, әлгі совхоз сол жылдарда тікелей Мәскеуге бағынған. Біздің совхоз сол жылдарда кеңес армиясының генералдарына бапақа тігуге арнап, қаракөл қойларын өсірген. Сондықтан совхозды отын-сумен, азық-түлікпен, барлық керек-жарақпен тікелей Мәскеу қамтамасыз еткен. Әкем Бақсай совхозының екінші бөлімшесінде қой шаруашылығының меңгерушісі болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. Бір ерекшелігі, сол жылдары әлгі бөлімшенің қой шаруашылығының меңгерушісін облыстық партия комиеті басшысының өзі тағайындап, бекітіп отырған. Әкем елімізде алғаш рет Бүкілодақтық көрменің күміс медалінің иегері атанды. Әкем халқымыздың ауыз әдебиетін, жыр-қысса, дастандарды терең меңгеріп, олардың көбін жатқа айтқан. Өнерге бір-табан жақын болған адам. Бұған қоса, малдың алуан түрлі ауруларын емдеп жаза білген тамаша мал дәрігері де болыпты.
Әкем марқұм ауа райын да болжай білген. Соның нәтижесінде ферманың малын жылдың қай мезгілінде қайда және қалай жайып-бағу қажеттігі туралы малшыларға ақыл-кеңес айтып, шаруашылықтың малын қырғын-сүргіннен үнемі алып қалуға қол жеткізіп отырған екен.
Тағы бір қасиеті, ол кісі ағаштан түйін түйетін шебер болды. Мысалы, төрт жасымда әкем «осы балам күйші, домбырашы болады» деп үміттеніп, ағаштан домбыра жасап бергенін әлі ұмытқан жоқпын. Ұста-зергер, атшана, ер-тұрман, соқа және басқа да қажетті бұйымдарды еш қиналмастан өзі жасап алатын. Кейде көрші-қолаңдардың да тапсырысын орындап, ауыл арасында бесаспап Бейсенғали атанған кісі еді. Менің бала кезімде әкем үйдегі бар күмісті жинап, анама тамаша сырға, сақина соғып берген-ді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысы басталғанда әкем майданға аттанды. Содан 1944 жылы бір ауыр шайқаста жараланып, соғыс бітпей, елге оралды. 1948 жылы дүниеге келдім. Менің есімімді, Байнияздың Хасаны деген сыйлы адам азан шақырып, жазушы Расул Ғамзатовтың Шәміл батыр дастанындағы батырдың құрметіне «Шәміл» деп қойыпты.
Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, «Айқын».