«Қазақ радиосы» сонау 1921 жылдан бастап қазақ даласын ән-жырмен тербеп, соны жаңалықтармен сусындатып келеді. Осы киелі қарашаңырақта 1966 жылдан бері еңбек еткен белгілі диктор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова 80 жасқа толып отыр.
Мерейтой қарсаңында, Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Сахара сандуғашы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Салтанатты жиынды белгілі журналист, айтыскер ақын, «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы жүргізді. Жиын барысында Сауық Жақанованың құрметіне орай «Сауық» есімді 6 адамның бары да айтылды. Диктордың құрметіне орай есімі қойылған Сауық Кеңесқызы есімді тыңдарман да жиынға келіп, сөз сөйлеп, өз кумирін мерейтоймен құттықтады.
Шығармашылығы мен еңбек жолы «Қазақ радиосында» ұштасқан диктор бүгінде шәкірт тәрбиелеп, «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі» атағымен марапатталды. Есімі күллі Түркі әлеміне танылған белгілі диктордың 80 жасқа толу мерейтойына орай жарық көріп отырған «Сахара сандуғашы» атты кітапта Сауық Жақанованың өмір жолы, радиодағы қызметі, ұстаздық жолы баяндалған.
Аталған туынды ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, баспагер Рақымғали Құл-Мұхаммедтің тікелей қолдауымен және қаржылық демеушілігімен «Атамұра» баспасынан жарық көріп отыр. Кітаптың құрастырушылары – ҚР Ақпарат саласының үздігі, көрнекті қаламгер Таңсұлу Алдабергенқызы мен ҚР Журналистер одағының мүшесі, радиожурналисі Жазира Амантайқызы. Ал кітаптың редакторы"Атамұра" баспасының қызметкері Гүлім Сыдықова.
"Бұл кітапты шығару ойымызға 4-5 жыл бұрын келген. Апай туған ауданның қызымын. Бізде диктор, актер, мәдениет, өнер қайраткерлері кітаптар көп қой. Бірақ дикторлар жайлы кітап шықпаған екен. Сондай ой келіп, апайға айтқанмын. "Сіз туралы елдің айтары көп, сіздің дде айтарыңыз көп дедім". Дикторлардың атасы, абызы Әнуарбек Байжанбаевтың өзі "эфирдің Ақбаяны" деп атаған. Сіз туралы бір дүние қалуы керек қой, 80 жылдығыңыз келе жатыр" дегенімізде апай ат-тонын ала қашты. "Әнуарбек ағаларым бар. Ол кісілерден бұрын қалай кітап шығарамын? Кітап оқитын ұрпақ бар ма қазір?" деп апай ойланып қалған. Бірақ менің ойымнан кеткен жоқ. Соны ойланып жүріп, осы 80 жылдыққа ойластырдық. Осыдан 2 жыл бұрын біраз мақалаға тапсырыс бергенбіз. Илья Жақановтың, Асанәлі Әшімовтың жақсы дүниесі бар. Ас ағаң "біздің заманның бойжеткені ғой" деп жақсы сұхбаттар берді. Дулат ағамыз, Әмірхан Меңдеке керемет дүние жазды. Сол үшін оқу керек", - деді кітапты құрастырушылардың бірі Таңсұлу Алдабергенқызы.
Кітапты құрастырған радиожурналист Жазира Амантайқызы кітаптың үлкен еңбекпен жазылғанын ерекше атап өтті.
"Мәліметтерді жинау барысында 80% жазба тақырыпсыз, "Сауық апай, Сауық апай туралы" деп келді. Тақырыпты сөйлеткен, үлес қосқан белгілі публицист, "Тұлғалар" сериясы бойынша кітап шығарып жүрген, Асанәлі Әшімовтың 5 томдығын, Сәбит Орзбаевтың кітабын шығарған Қали Сәрсенбайдың қолтаңбасы да бар. Оны қоса кету керек. Кітапқа мәлімет жинауды 2020 жылдары бастағанбыз. Сауық апаймен қызметтес болған, араласқан ірі тұлғалардан естеліктер алып қалуға тырыстық. Мен өзім арнайы барып, Дулат Исабековпен сұхбаттасып, кітаптағы жазбаны дайындағанмын. Ол кісінің шаңырағында қонақ болып, әңгімелестік.
Өкініштісі, біз үлкен аға буынның қолында барды, санасында барды алып қала алмаймыз. 2020 жылы материал жинап, бастауымыздың нәтижесінде сол кездегі Көпен Әмірбек сынды ірі жазушыларымыздан пікір алып үлгердік. Қазір ол кісілер өмірде жоқ", - деді журналист Жазира Амантайқызы
«ЕСІМІ АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗЫЛАДЫ»
Бүгінгі жиынға жан-жақтан құттықтаулар келіп, алғыс хаттар табысталды. Сауық Жақанованың мерейтойына Ханбибі Есенқарақызы, Нұрлан және Фаузия Оразалиндер, БАҚ саласының майталманы Нұржан Жалауқызы, "Атамұра" корпорациясының президенті, ақын-жазушылар, Сауық Жақанованың туыстары, достары, шәкірттері мен замандастары қатысты. "Енді 100 жылдан астам Қазақ радиосының тарихында алпыс жылға жуық өмірін арнаған, мерейтойын атап өтіп отырған Сауық Мәсіғұтқызы Жақанованың даусы алтын қорда сақталған. Менің ойымша, "Қазақ радиосының" жалнамасында Сауық апайдың есімі алтын әріптермен жазылады. Себебі Сауық Жақанованың даусы бүкіл елімізді, қазақ даласын кеңінен шарлап кеткен дауыс. Әрбір кішкентай баладан, үлкенге дейін бірден танитын, бірден өзіне баурап алатын, сиқырлы әрі сазды дауыстың иесі. Сондықтан да бүгінгі мерейтойда Сауық апамызды шынайы тілекпен құттықтаймын. Даусы, дауысының құдіреті, сөз арқылы мәйегін жеткізе отырып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Егер радио тек құлақпен естілетін дүние дейтін болсақ, сол құлаққа үннің жағымды болуы, үннің әдемі естілуі, сөздің өз жеріне жетуі үлкен еңбектің нәтижесі. Сондықтан да мен ойлаймын радио тыңдарман қауым Сауық апайдың әдемі, сиқырлы даусын ұмытпайды деп"- деп пікір білдірді Нұржан Жалауқызы.
ҮЛКЕН ҚҰРМЕТ
296 беттен тұратын кітап "Атамұра" баспасында 1000 данамен басылып шықты. Бұл кітапты жарыққа шығару идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болғаны бүгінгі жиында сөз болды. "Шынында да осыдан бір жыл бұрын белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбайдың «Жалғыз қарағай» деген кітабын "Атамұра" баспасынан шығардық. Ол өте үлкен, кең көлемде аталып өтті. Себебі халықаралық кітап жәрмеңкесінде шетелдік жазушылар келді, оқырмандар көп жиналды. Мен осындай сахнада сөйлеп тұрып, оқырманның арасынан Сауық апаызды бірден байқап қалдым. Жанында тағы бір апайымыз отыр екен. Сол кезде кетіп бара жатқанымды Сауық апайымыз маған қарай жүгіріп келе жатты. Мен бұрылып барып, "Сәлеметсіз бе Сауық апай" деп амандастым. сауық апайымыз қуанып кетті. Сол кезде "Мен 2025 жылы 11 ақпанда 80 жасқа толамын. Осы мерейтойыма орай шәкірттерім кітап дайындап жатыр. Таңсұлу Алдабергенқызы деген апайымызды білетін шығарсыз. Жазира деген шәкіртіміз бар. Сол кітапты шығарып беруге қалай қарайсың?" деді. Мен бірден "шығарамыз, қандай көлемде болады, қанша фото қосасыз, қанша таралым болады, ешқандай шектеу жоқ. 80 жасыңызда осы кітапты қолыңызға апарып ұстатамын" дедім. Осыдан екі-үш күн бұрын, 11 ақпан күні уәдемде тұрып, кітапты апайдың қолына ұстаттым. Бұл біріншіден, ардагерлерге деген құрмет болса, екіншіден, "Қазақ" радиосына деген құрмет", - деп қорытындылады сөзін Рақымғали Абрарұлы.
КІТАПТАҒЫ ЕСТЕЛІКТЕН
Кітапта Илья Жақановтың, Асанәлі Әшімұлының, Дулат Исабековтың, Дүкенбай Досжанның, Қасымхан Ерсариннің, Көпен Әмірбектің, Намазалы Омашевтің, Назарбек Қанапияұлының, Аманжол Еңсебаев, Бауыржан Омарұлы, Әмірхан Меңдеке сынды зиялы қауымның пікірі жинақталған. Сауық Жақанова туралы Роза Бағланова:
"Сауық Жақанованы жақсы көремін. Маған оның сөзді бұзбай мәніне келтіріп айтатыны, жақсылық немесе жаманшылық болып жатса, оны да адамның көкейіне жетерліктей зердеп, зерделеп әсерлі жеткізетіні ұнайды. Әрі айтып тұрған тақырыбына сай мазмұнын дәл береді. Мен оның талантын жоғары бағалаймын", - деген екен.
Ал кітаптың соңғы беттерінде диктор болғысы келетін жанға арналған кеңестер мен арнайы жаттығулар берілген. Сондай-ақ, кітап соңында екі QR суреттелді. Онда Сауық Жақанованың оқыған өлеңдері ұсынылған.
Қазақ радиосының «Алтын қорында» Сауық Жақанованың оқуында 600-ден астам әдеби-мәдени, деректі, көркем шығармалар мен жүзден астам ертегі сақталған.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы