«ЖИ әулие емес». Онымен қазақша сауатты сөйлесудің маңызы айтылды

1544
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі заман өміріне еніп келе жатқан жасанды интеллект туралы қазақ оқырманына арналған кітаптың маңызы неде? Оны шығарушылар не дейді?

Алматы қаласында жасанды интеллект туралы қазақ тілінде жазылған алғашқы кітап – «Жасанды интеллект әліппесі» оқырман қауымға таныстырылды. Іс-шараға IT мамандары, журналистер, ғалымдар, ЖОО ұстаздары мен жасанды интеллектке қызығушылық танытқан азаматтар жиналды.

Арнайы өткен рәсімде медиаменеджер Нұржан Жалауқызы, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, кітаптың редакторы Қайнар Олжай, белгілі журналист Серік Абас Шах пен ақын Ұлықбек Есдәулет кітаптың тұсауын  кесті. Олар өз сөздерінде бұл еңбектің қазақ тіліндегі жасанды интеллект саласына қосқан маңызды үлесін атап өтті.

КІТАПТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

«Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы – Мейіржан Әуелханұлы. Ол соңғы жылдары кәсіпкерлерге, журналистерге, мұғалімдерге жасанды интеллект – ЖИ туралы дәрістер оқып, тренингтер жүргізіп келеді. Осы тәжірибесінің негізінде ол жасанды интеллектті түсіндіретін толыққанды нұсқаулық құрастыру қажет деген шешімге келген.

 - ЖИ туралы бір күнде түсіндіру мүмкін емес. Жалпы сол қажеттілік туындай берді. Ең соңында ЖИ туралы толық ақпарат беретін нұсқаулық керек деген шешімге келіп, соңғы жарты жылда осы кітапты өзім құрастырып, жаздым. Бұл жерде ЖИ ұғымы, қалай жұмыс істейтіні туралы айтылған. Кітаптың 200 беті түгелімен 27 түрлі саланы қамтыған. Осы салаларда ЖИ-ді қалай жұмыс істетіп, қолдануға болатынын, сұрақ қоюдың үлгісі берілген. Сол нұсқаулықты қолданған адам ЖИ толық мүмкіндігін пайдалана алады. Кітап дизайнындағы роботтың формасы ЖИ ұсынысы. Соның ұсынысын алып, дизайнерлер құрастырып шықты, - деді автор өз сөзінде.

Кітаптың редакторы Қайнар Олжай оның әзірленуі, баспаға қалай дайындалғанын атап өтті. 

 - Қарасам, кітап екі бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлімінде ЖИ-ге түсініктеме беріледі. Екінші бөлімінде ЖИ-ді қалай пайдалану керектігі айтылған. Осы екінші бөлімін редакциялау керек екенін түсіндім. Кітапың өзі сауатты жазылған. Бірақ, ЖИ-ге тапсырманы қазақ тілінде неғұрлым сауатты берсек, ол да соғұрлым сенімен бірге тілді меңгереді. Халыққа, көпшілікке түсінікті болу үшін және ЖИ қазақ тілін жақсы меңгеруі үшін сөйлемдерді дұрыстап шықтық. Журналистерге ЖИ – таптырмас құрал, жұмысты жеңілдетеді. ЖИ материалын редакциялау керек болады. ЖИ мақаласын редакцияламаса, қазақ тілінде айтылуы мен жазылуы бірдей, мағынасы әртүрлі сөздерді айыра алмайды. Ол басқа мағынаны беруі мүмкін. Қадыр Мырза Әлінің өлеңі бар. Сол өлеңде "қорғасын" сөзі екі рет келеді. Сонда сол сөз бірдей жазылса да, мағынасы әртүрлі . ЖИ соны ажырата алмай қалады. Бұл журналистерге бір жағынан көмекші, екінші жағынан оны пайдаланғанда өте абай болуы керек. Мақала шыққаннан кейін толық редакциялау керек, - деп пікір білдірді Қайнар Олжай. 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Жиында медиаменеджер Нұржан Жалауқызы ЖИ-ді қазіргі күннің  шындығы ретінде бағалады.  

  - Бүгін шынымен де тарихи оқиға, Қазақстан қоғамы үшін, сандық жүйеде алғашқы қадам. Сондықтан, Мейіржан, сізді құттықтаймын! Жалпы жасанды интеллект деген өмірімізге етене ене бастады ғой. Алпыстан жаңа асқандар кейде жасанды интеллектіден гөрі, табиғи интеллектіге жүгінеміз. Ал үйдегі кішкентай балалар қазір ешқашан теледидарды қолмен қоспайды, жарықты қолмен өшірмейді. Осы кітапта жазылғандай, бәрін дыбыстық жасанды интеллектімен атқарады. Бұл бүгінгі күннің шындығы деуге болады. Сондықтан бәріміз осыған дайын болайық. Қадамдарыңыз құтты болсын! - деп медиаменеджер Нұржан Жалауқызы өз құттықтауын жеткізді.

Тұсаукесер барысында IT, киберқауіпсіздік, биотехнологиялар және жасанды интеллекттің болашағы туралы сұрақ-жауап болды. Жиынға келгендер пікір алмасып, кітаптың болашағы туралы талқылады.

Авторға «ЖИ ақын-жазушы, қарапайым шығармашылық адамның орнын баспай ма?» деген сұрақ қойылды. 

 - ЖИ саласы бүкіл әлемдегі шығармашылық адамдарын алаңдатып отыр. Яғни, ЖИ бір автордың жазу стилін меңгеріп алады. Сосын басқа бір адам тура сол автор стилімен материал дайындап беруі мүмкін. Біздің тірелген жеріміз осы. Алдағы уақытта біздің авторларымыздың, суретшілеріміздің стиліне ұқсастырып, материалды генерацияласа оның авторы кім болмақ деген сұрақ бәрін алаңдатып отыр. Осы сауалға түрлі пікір айтылуда. Бұл жерде ЖИ ешқандай әулие емес. Мұны тек құрал деп қабылдауымыз керек. Оның өзіндік идеясы, ойы азаматтарға таптырмас көмекші құрал бола алады, - деп жауап берді ол. 

«Жасанды интеллект әліппесі» атты кітап қазір 1000 данамен басылып шыққан. Алдағы уақытта автор таралым санын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл оқулықтың ішінде оқырманға арналған қазақ тілді сабақтар жинақталған арнайы сайт туралы да айтылған.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец на выпускном взорвал сеть: смотреть без детей
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Женатым лучше не смотреть: танец роскошной Татьяны (видео)
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У мужчин челюсти отвалились, когда они увидели ее страстный танец
Пікірлер